ҒАЛЫМ МҰРАСЫНЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ

Дулати университетінде шығыстанушы, дінтанушы, жазушы, ғалым, филология ғылымдарының докторы Әбсаттар қажы Дербісәлінің «Араб, парсы деректеріндегі Тараз және таразилер» кітабының тұсаукесері өтті.
Көзі тірісінде ғалым еңбегін жинақтап, баспаға дайындағанмен оны шығарып үлгермей өмірден озған. Жұбайы әрі «Академик, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі» жеке қорының құрылтайшысы Рафия Дербісалиеваның тиянықты жұмысының нәтижесінде кітап жарық көрді.
Осыған орай ұйымдастырылған дөңгелек үстелге қажы Әбсаттар Дербісәлінің шәкірттері, шығыстанушы, дінтанушы ғалымдар мен студенттер қатысты.
Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор Аслан Тұрлыбек Әбсаттар Дербісәлінің Орта Азия еліне, қазақ халқына, жалпы мұсылман елдеріне сіңірген еңбегі зор екеніне тоқталды. Қазақ рухниятына еңбек еткен дара тұлға оқу ордасының тарихында да маңызды орынға ие екенін атап айтты.
Әл-Фараби атындағы ҚазМУ «Тұран-Иран» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Ислам Жеменей ғалымның шәкірті ретінде сөз алды.
– 1995 жылы ағамыз «Қазақ даласының жұлдыздары» зерттеу еңбегін жарыққа шығарды. Қазақ даласынан шыққан ғұлама ғалымдар туралы жазды. Ұлттық мүддеміз үшін, тереңде жатқан тарихымызға бойлау үшін шығыстану ғылымы қажет екенін сонау тәуелсіздігімізді алмаған тұста қозғаған болатын. Шығыстану факультетін, араб тілі бөлімін ашу арқылы осы салаға дем беріп, мықты мамандардың шығуына бірден бір себепші болды. Сол арқылы парсы, араб тілдерінде жазылған тарихымызды оқып, мол мұраға қол жеткіздік,- деді Ислам Жеменей.
Дінтанушы, phd доктор Қайрат Жолдыбай дін мен ғылымды ұштастырған тұлғаның соңында қалған еңбек кейінгі ұрпақ үшін мол мұра екенін айтты. «Бір өзі бір институтқа татитын ғалым еді. Әбсәттар Дербісәлі зерттеуші ғалым ғана емес ол әрі дипломат. Ел, жер аралап халқымызға қажетті, пайдалы дүниелерді жинады. Үнемі ізденіс үстінде жүрді. Дулати бабамыздың еңбектерін қазақ тілінде сөйлетті. Біз сол кісі арқылы бабаларымыздың еңбегімен қауыштық» деді. Ғылыми мұраларын насихаттау баршамызға ортақ міндет екенін айтып сөзін түйіндеді.
Келелі кездесуде маңызды ойлар, ұтымды ұсыныстар жасалды. Ғылым мен дін саласының өкілдері Әбсаттар қажы Дербісәлі атына көше берілсе, ғалымның құрметіне арнайы дәрісхана ашса, «Ә.Дербісәлі зерттеуіндегі Дулати» тақырыбында конференция ұйымдастырылса және ғалымның барлық еңбектерін жинақтап электронды сандық форматта сақтауды қолға алсақ деген ұсыныстар айтылды.