Ғалым Жайлыбай, ақын: Жер де жылайды
Астана күніне орай өткізілген «Қазақстаным – ғажапстаным» республикалық жыр мүшәйрасының бас жүлдесін «Рух жыры» өлеңдер топтамасымен жеңіп алған Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Ғалым Жайлыбаймен тілдесудің сәті түсті. Туған жер жайлы жазылған жырларының керемет пафостан гөрі, тағдырлы тақырыпқа құрылатынын айтқан ақын Астана жайлы жазылған жырларына да тоқталды.
– Кез келген қаламгер, кез келген суреткер өзінің туған жерін жырлайды. Туған жерін сүйген адам отанын, ұлтын сүйеді. Туған жерге деген махаббат баланың анаға махаббаты сияқты ешуақытта өзгермейді. Туған жер туралы көп жыр жаздым. Онда керемет бір пафостан гөрі, тағдырлы өлеңдер көп. Кезінде ауылыма протон құлап жатқанда жанымыз шығып кетердей болды. Сол кезде:
«Арқам-ай,
арқаға батты,
Ауыл тұр шайқала…
жүдеп.
Құрдасым тартады арақты:
– Уды у қайтарады, – деп…», деген жолдары бар «Сарыарқа. «Протон» құлаған жыл» атты өлеңім туған еді. Жердің де адам секілді трагедиясы, жаны, көз жасы бар. Кішкентай ауылдың үлкен қайғысы болады. Мен көбінесе соны жаздым. Осындай туған жердің тауқыметті тағдыры туралы жазылған «Жетім құлын», «Қара орамал» деген өлеңдерім де бар. Қарағанды лагеріне арналған сол «Қара орамал» бүгінге дейін 14 тілге аударылыпты,-дейді туған жерін тәу еткен ақын.
Бірнеше жыл бұрын «Ақ жол» партиясының өткізген Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Ел мен Ер» атты халықаралық мүшәйрада жеңіп алған бір миллион теңгесін өзіне аудартпастан екі жас ақынның кітабын шығаруға жұмсаған Ғалым Жайлыбай ақшадан гөрі ақынға адамдық ар керек екендігін айтады.
– Мүшәйра деген мінбер. Шын мәнінде мүшәйра мен үшін өтіп кеткен этап. Мәселе өлеңнің бәйге алғанында емес, ақын үшін ақшадан гөрі адамдық ар алда тұруы тиіс. Бүгінгі күнде де сол туған жеріміздің табиғатын, болмысын жүрегіміздің сүзгісінен өткізіп, оны жыр қып қағазға түсірсек үлкен шығармалар дүниеге келеді деп ойлаймын,- дейді жеңімпаз.
Ақынның ойынша, Астана күні сияқты дүбірлі тойдың өтуі Қазақ жұрты үшін қашан да керек. Қаламгер бұл мерекенің азаттығымызды ардақтап, астанамызды ұлықтайтын шуақты күн екенін айтады.
– Кезінде Астанаға арнаған «Ай нұрына шомылған ақ шағала» деген өлеңдер топтамасын жаздым. Астананың кез келген дүниесіне қуану керек. ЭКСПО әлемнің назарын елімізге аударған көрме. Бүгінде ел таныған ұлт, дәстүрі жаңарған жұрт болдық. Кеше мен Астанаға барып ерекше толғанып қалдым. Іргелі мемлекеттің байрағын көтерген елдің ордасы болып отырған қаланы аз ғана жылдың ішінде жасау деген оңай шаруа емес. Менің «МузАрт» тобы орындап жүрген «Есіл ағады» деген өлеңімде:
«Арнаңды көріп толтырған нұрдай,
Жаныңа келіп көсілдім.
Есілдің ерке толқындарындай
Ағып барады есіл күн», деген шумақтар бар. Есімізді жиып, етегімізді жабатын жерлер бар шығар, әрине. Бірақ Астана күні сияқты дүбірлі тойдың өтуі – елдігіміздің белгісі. Осының барлығы Қазақ жұртына керек дүниелер деп ойлаймын, -дейді ол.
Айта кетейік, Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Сәкен Сейфуллин мұражайы биыл жетінші мәрте ұйымдастырған жыр додасына еліміздің әр аймағынан 50-ге тарта ақын қатысып, олардың 12-сі жүлдеге ие болған болатын.
Ендеше, ақын Ғалым Жайлыбайдың аталған жыр мүшәйрасына қатысқан «Қазақстан» атты өлеңін оқырмандардың назарына ұсынамыз.
ҚАЗАҚСТАН
Жырсың ғалам,
ғаламат нұрсың далам,
Етек-жеңін қаусырып
қусырмаған.
…Қазақстан, қарғам-ай,
әнім едің – қанатында аққудың сусылдаған.
Мөлдір тамшы ілінген бүрінде емен,
Көкжиекке көз салсам Күнін көрем.
…Қазақстан!
қастерлі күйім Менің –
Тұяғында дүлдүлдің дүбірлеген.
Ақ таң туса Алашқа арыс күткен,
арнасынан асады ағыс біткен.
Құба далам ойласам
тына қалам
домбыраның ішегіндей қағыс күткен.
Асылдардан аманат…
тапты мені,
ғасырлардан күткенім ақ күн еді.
…Қазақстан – бабамның ақ батасы
Қазақстан – анамның ақ тілегі.
Замананың тербелсе шынар бағы,
Ұлытаудың шуламай ұларлары…
Қазақстан – қызымның қызғалдағы –
Қазақстан – ұлымның ұлы арманы.
Қазақстан!
көнермес көктем елім,
өзіңе аян,
көгеріп көктегенім…
Қазақстан – жалғызым,
жалғызыма –
Жар бола гөр, жаратқан, – деп келемін.
Шомылатын шуаққа шоқ қарағай,
Күннен қуат іздеген,
оттан арай,
…Қазақстан – жүрегім,
Жүрегімнің –
Мәңгілікке дүрсілі тоқтамағай!
Фото astana-akshamy.kz сайтынан алынды.