Ғасырдан үлкен қария
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев пен Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Күләш Әбдікешова бастаған топ екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Мұсахан Бердібаевты 101 жасқа толған туған күнімен құттықтап, сый-сияпат табыс етті.
– Кейінгі ұрпаққа қариялардан алар үлгі көп. Үлкеннің кішіге көрсеткен қамқорлығынан ізет туындайды. Қариясы бар елдің қазынасы бар. Ерлік пен қайсарлықтың өнегесі болған майдангерлер – ақылдың кені болған дарияларымыз ұзақ жасай берсін, – деп тілек білдірді Еркінбек Солтыбаев.
Бір ғасырдан аса жасаған қарт майдангер сұрапыл жылдары Сталинград және Курск шайқастарына қатысып, отты жылдары Отан үшін от кешті. Қарт жауынгер өзінің туған күніне орай жайылған ақ дастарқан басында, балаларының ортасында бақытты ғұмыр кешіп отыр. Сөзі терең, қимылы ширақ ардагер – өнегелі өмірі, соғыс жылдары турасында әңгіме айтып, ақ батасын берді.
– Кейінгі ұрпақ біз көрген қантөгісті көрмесін. Жастар бейбіт заманның қадірін біліп, маңдай терімен адал еңбек етсе, үлкендердің арманының орындалғаны. Майданда қасымыздағы жігітке оқ тиіп қайтыс болды. Сонда орыс жігіті қайтыс болған жауынгердің қаражатын өз қалтасына салып алды. Сәлден соң әлгі орыс жігіттің басына бомба түсіп, шашылып, денесін де таппай қалдық. Сол үшін аманатқа қиянат жасамай, адал ғұмыр кешу керек. Адамдар бір-біріне тек ғибратты істі үлгі етіп, жамандыққа жоламай ғұмыр кешсе, бақытты әрі ұзақ өмір сүреді, – дейді қарт майдангер.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ, aqjolgazet.kz