Ғасырға жуық ғұмыр кешкен Жағда Бабалықұлының денсаулығын күткісі келетіндерге 8 кеңесі

 Жағда Бабалықұлы – қазақтың теңдессіз этнограф ғалымы, тарихшы, шежіреші, қоғам қайраткері. Оның қазақтың салт-дәстүрі, тұрмыс-тіршілігіне қатысты жазған еңбектері ұшан-теңіз. 93 жасқа келіп, өмірден 2010жылы өткен қария ғұмырының соңғы жылдарында да тың қалпынан айныған жоқ. Жағда Бабалықұлы жас кезінен айдау көріп, түрмеге түсіп, небір қуғын-сүргінді бастан кешірсе де қартайған шағында денсаулығы мықты, сергек қалпында дүниеден көшті. Және ол өзінің ұзақ жасауын алдымен Алланың пешенесіне жазған тағдыры екенін, содан кейін барып дұрыс тамақтанумен байланыстырып, сұрағандарға тамақтануға қатысты кеңестерін айтып отырған екен. Қасымхан Бегмановтың “Этнографпен әңгіме” атты кітабында берілген осы кеңестерді өздеріңізге ұсынуды жөн көріп отырмыз.    

         Шамадан тыс әрбір келі адамға үлкен сырқат әкелетінін бұл күнде елдің бәрі жақсы түсінген болар. Мен өзім жазып жүрген тамақтанудың мөлшері жайында айтып берейін. Негізінен, менің кеңесім сегіз бөлікке бөлінеді.

Бірінші кеңес

Тамақты аздап, бірақ жиі-жиі ішу керек. Жатарда тойып тамақтануға болмайды. Тамақтану тәртібін былайша реттедім: Таңертеңгілік сағат 7-8-де, сосын 11-12-де екінші таңғы ас. Екіншісінде алма, кішкентай піскен ет, көкөніс жеген дұрыс. Сағат 13-14-те жақсылап түскі ас ішу керек. Сосын 16-17-дегі түстікке бір кесе шырын, болса итмұрын тұнбасы, болмаса айран ішкен дұрыс. Айран табылады ғой осы күнде. Кешкі асты 19-да ішу керек. Жатар алдында алма, сәбіз, апельсин, бір кесе аса тәтті емес шырын ішу керек. Осы айтқандарды күні бойы бұлжытпай орындаған адам еш қарын ашқанын сезбейді. Дастархан басына отырғанда да аз тамаққа қанағаттанатын боласыз. Бұл бірінші кеңесте орындалуға тиістісі жатар алдында тамақтанбау. Түнгі мезгілде зат алмасу, әсіресе май алмасу өте баяу, аз болады, май аз қышқылданып, оның көп бөлігі тері астына жиналады. Осыдан сақтануымыз керек.

Екінші кеңес

Құнарлылығы жоғары майлы тамақтарды мүлде азайту керек. Тамақпен бірге адам бойына сіңетін энергия мөлшері, қайта жұмсалатын энергия мөлшерінен аспауы керек. Сондықтан тәтті тағамдарды, тоқаштарды, нан өнімдерін, балмұздақты аз жеу керек. Сонымен қатар тәтті шырын суларын іше беруге болмайды. Есіңізде болсын, мынау қазіргі “Фанта”, “Пепси”, “Кола” сияқты сусындардың құрамында 40 грамм қант болады екен. Сонымен қатар, картопты, күріш өнімдерін аз қолданыңыз. Тәтті тоқаштарға жоламаған дұрыс.

Үшінші кеңес

Тамаққа тұзды көп қолданбауды үйрену керек. Дені сау жас адамға дайын тағамдардағы тұзды қосып есептегенде тәулігіне 12-15 грамм пайдалануына болады. Ал арықтағысы келетіндер осы мөлшерді үш есе төмендетулері керек. Шамамен бір тәулікте қолданатын тұздың мөлшері 1 шай қасықтың жартысынан аспауы керек. Егер тұзды тағамды жесеңіз, адам денесі суды да көп мөлшерде талап етеді. Тұз құрамындағы натрий сіздің ішкен суыңызды шығармай, денеге сіңіріп жібереді. Соның салдарынан адам ісінеді.

Төртінші кеңес

Ішімдіктен мүлде бас тартыңыз. 50 грамм арақ мөлшері сіздің жеген диеталық тағамыңыздың калориялылығын 120 ккалға көтеретіндігін ұмытпаған жөн. Оның орнына табиғи қара су ішкен дұрыс.

Бесінші кеңес

Сіздің күнделікті қабылдайтын астарыңыздың ішінде міндетті түрде балық, ет, сүзбе, сүт, жұмыртқа болуы керек. Ет пен балықты тек қайнатып жеуге болады. Өйткені бұл тағамдарда толық адамдарға әсер ететін қатты заттар көп. Оларды пісіргенде қатты заттардың 60 пайызы сорпаға шығып кетеді. Сондықтан олар ет пен балықтың сорпасын ішпегені дұрыс. Күніне міндетті түрде, 100-150 грамм сүзбе жеген дұрыс. Сүзбеде (ақ ірімшік) ештеңемен ауыстыруға болмайтын заттар бар. Олар денедегі май алмасуды ретке келтіреді.

Алтыншы кеңес

Күніне жарты келіден астам көкөніс өнімдерін пайдалану керек және оның жартысы қырыққабат болғаны тиімді. Көкөністер витаминдерге бай әрі ішек-қарынның атқаратын жұмысын реттейді. Бұл да артық салмақ тастаудың бір үлгісі.

Жетінші кеңес

Күнделікті асқа өсімдік майын пайдаланып отырған жақсы. Өсімдік майы да май алмасуды реттеп отырады. Сонымен қатар, қан құрамындағы холестеринді азайтады.

Сегізінші кеңес

Тамақтанғаннан кейін жаттығу ережелерін жасау керек. Ол үшін көбірек жаяу жүруге тырысқан жөн.  

Ислам кз