Ғажайып жер асты мешітін көргіңіз келсе, Маңғыстауға келіңіз!
Маңғыстау — 362 әулие орын тапқан киелі мекен. Жолыңыз түсіп, Маңғыстауға келе қалсаңыз, өткен ғасырда әулиелердің салып кеткен түрлі жер асты мешітін көресіз. Ең қызығы, сонау Х-ХV ғасырда салынған жер асты мешіттері күні бүгінге дейін жақсы сақталған. Солардың бірі — Түпқараған ауданы, Таушық ауылынан 25 шақырым қашықтықта орналасқан Шақпақ ата жер асты мешіті. Сәулеті келіскен мешіт Х-ХV ғасырлардың сәулет ескерткіші болып табылады.
Шақпақ ата жер асты мешіті — Маңғыстау облысының басты көрікті жерінің бірі, сонымен қатар, діни сәулеттің бірегей ескерткіші. Археологтардың айтуынша, мешіт шамамен IХ-Х ғғ. салынған. Ол мұнайлы аймақтағы ең көне сәулет ескерткіші болып саналады. Көнекөз қариялардың айтуынша, мешіттің негізін салған адам — Шақпақ ата. Қарияның Шақпақ аталуына шайқастарда оның қаруынан шақпақтан шыққандай от шығуы себеп болған. Шақпақ атаның өмірін зерттеуші ғалымдар ол жайлы әр қилы пікір айтады. Мысалы, академик Медоев Шақпақ атаны IX ғасырда өмір сүрген деп болжайды. Ал, Бартольдтың пайымынша, сопы 1312-1342 жылдары билік еткен Өзбек ханның тұсында өмір сүрген. Шақпақ ата Қожа Ахмет Иасауидің ізбасары болып, Маңғыстау жерінде ислам дінін дәріптеген. Атаның жер асты мешітінің құрылысы күрделі. Оны ғалымдар осы күнге дейін зерттеу үстінде. Мешіттің ішкі бөлмелері орталық зал арқылы айқыш үлгісінде орналасып, солтүстік, оңтүстік, шығыс және батысқа қарай бағытталып салынған. Мешіттің шығыс жағындағы кіреберісі үш бұрышты арка іспетті, арканың сыртқы босағасының екі жағын тастан қашалған қабірханалар алып жатыр. Мешіт ішінде кітап қоятын сөрелер, шырақ орындары мен перде ілетін қуыстар қашалған. Шақпақ ата кешенінің қорғау аймағының ауданы — 42,7 гектар. Жер асты мешіті 1982 жылы республикалық дәрежеде мемлекеттің қорғауына алынды, — дейді Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының қызметкері Жадыра Аманқызы.
— Шақпақ ата — Шопан атаның немересі. «Шақпақ» деген — бұл кісінің лақап аты. Оның от шығару немесе аяғының астынан от шығару қасиетінен оны Шақпақ ата деп атап кеткен. Өзінің бірегей әдемі ескерткішімен ерекшеленеді. Оның ерекшелігі таудан ойып қашалып жасалғанында. Ішіндегі бағандар бір-біріне ұқсамайды. Ерекшелігі жазу мен сурет жазуында. Мұндай жазу мен сурет басқа мешітте жоқ. 20 шақты жер асты мешіттері Маңғыстауда орналасқан. Ең әдемісі — Шақпақ ата мешіті. Мешіттер 5 топқа бөлінеді екен. Оны өлкетанушы Отыншы Көшбайұлы жазған. Олар: тектоникалық, мұз дәуірінен қалған, табиғаттың әсерінен, вулканның әсерінен пайда болған және карсты. Біздің өлкеге аса қызығушылық танытатындар — жапондықтар, — дейді Ж.Аманқызы.
Мешіттің қабырғаларында араб әрпімен адам аттары, құран сүрелері, «Осынау жалған дүниеге алданба, біл, тез-ақ өтер», «Дүние-малға көңіл бөлме, ол да кетер», «Бұл жалғанға қас-қағым уақытқа келдің, бағалай біл» тәрізді сопылық өлең мәтіндері қашалып жазылған. Сонымен қатар, онда адамның қолы, ат, өгіздің сұлбалары бейнеленген. Мешіт бір-біріне қосылған 12 шағын бөлмелерден тұрады. Төрден сай шығып кететін есік бар. Мешіттің батыс жағында Шақпақ атаның атымен аталатын қорым бар. Мұнда адай руынан шыққан белгілі адамдар жерленген. Бүгінде Шақпақ ата жер асты мешітіне жанына шипа іздегендер көптеп келеді. Мешіт киіз үйдің құрылысына ұқсайды, — дейді өлкетанушы Жомарт Айдарбек.
— Қожа Ахмет Иасауидің шәкірті. Бұл кісілер тақуа болған. Алланың жолына бәрін тәрк еткен. Жақсы өмірден бас тартып, тақуа болған. Ол кісі шәкірт тәрбиелеген. Сол кісінің біреуі — Шақпақ ата. Ол әулие болған. Әулие дегеннің өзі Алланың досы дегенді білдіреді. Бір деректерде мешітті Шақпақ атаның өзі сылаған деседі. Негізінде, мешіттің салынуы жайында түрлі аңыз бар. Мешіт кейін жаңғыртылған болса керек. Бір білеріміз — ол жерде бірнеше мешіт бар. Ол жер руханияттың ордасы болған, — дейді Ж.Айдарбек.
Сәулетінің ерекшелігімен талайды таңдандырған Шақпақ ата жер асты мешіті — Маңғыстау даласында орналасқан киелі орын. Бүгінде оған саяхатшылар әлемнің әр түкпірінен келеді. Қадірменді оқырман, егер сіз Шақпақ атаның ғажайып жер асты мешітін көргіңіз келсе, онда Маңғыстауға келіңіз.
Айман Оңғарбайқызы