Гендерлік саясат ұшпаққа шығармайды

QbI2snDXfasГендерлік саясат туралы қоғамда сан түрлі пікірлер бар. Біреу мақтап, біреу даттап жатады. Екі тараптыңда сөзіне құлақ түрсең, айтылған ойлары қамшының өріміндей бірі мен бірі үйлесім тауып жарасымды жұп құрап, алды артыңды матап тастайды. Дегенмен батысқа қарап көш түзеуге қарсымын. Жаһандану деп жарияға жар салып жүргендергеде айтарым бар. Гендерлік саясат сөз болғалы ұлттық менталитет, әдет-ғұрып қыр астында қалды. Оны қолдайтындар осы жайлы тіс жармайды. Сондықтан дауға басымды шатпас бұрын шариғатқа жүгінбекпін. Себебі, қазақтың имандылығы исламнан бастау алады. Шариғат бойынша отбасының тізгіні еркекке жауапкершілік ретінде тапсырылған. Еркектер әйелдерге пана, қамқор, басқарушы.

Енді ата-баба ұстанған салт-дәстүрге үңіліп көрелік. Мұнда да әйелдерге деген ұстаным шариғаттан алшақ жатқан жоқ. Кемсітушілік, қорлау, мүсіркеуден ада. Қызын еркелетіп, әлпештеп өсірген халық, Айғаным, Зере Ұлпан секілді аналарын да көкке көтерген. Билігіне бағынып, бітіміне көнген. Бірақ осы аналарымыз тайраңдап төске өрлемеген. Ер азаматтарды бағалап, қадіріне жете білген. Өкінішке қарай, біз тамырымыздан ажырап барамыз.

Мен өзім де анамын. Сан жылдық педогогикалық тәжірибем де жетерлік. Гендерлік саясаттың жақсы жақтары бар екенін жоққа шығармаймын. Не нәрсеге де бір жақты қарауға болмайды. Алайда, ұлтымыздың менталитетіне қайшы келетін тұстарының көп екенін айтпай кету арға сын. Сондықтан қолыма қалам алып отырмын.

«Қыз өссе елдің көркі» деп бабаларымыз айтып кеткендей, аялап өсірген қыз баланың бірінші міндеті теңін тауып отау құру. Кім бұған дау айтады. Екінші, шаңырақтың ұйтқысы болу. Дүниеге сәби әкеліп, демографиялық өсімге үлес қосу. Ерінің қас-қабағына қарап, ас-мәзірін дайындап, балаларының күлкісіне шомылып отыру. Бұл да болса әйел затына — табиғаттың берген ерекше сыйы, тартуы. Шындығына келгенде әйел затына бұдан асқан бақыттың керегі бар ма? Әрине жоқ.

x23885d20141223011737Гендерлік саясатқа басқа қырынан қарасақ елімізде әйел адамдардың бәрінің бірдей өз құқығын біліп, қорғай білмейтіні рас. Зорлық-зомбылықтың құрбаны болып жатқандар да мол дейтін мамандар пікірімен келіспеуге болмас. Алайда, «бір қолымен әлемді тербетсе, екінші қолымен бесікті тербететін» нәзік жандылар гендерлік жолмен «ұшпаққа» шығады деу орынсыз. Кейде маған осы гендерлік саясатты дамыту айналып келгенде әйелдерді «еркектерден қай жерің кем» деп еліртуге бастайтындай көрінеді. Себебі, биліктің дәмін татып қалған әйел затының, отбасы ошақ қасында үстемдік етпесіне кім кепілдік береді. Ер азаматты төрге шығаратын да, көрге сүйрейтін де — әйел. Билік баспалдағына көтерілген төмен етектілердің бәрі болмаса да көбінің күйеулерімен «тең» дәрежеде сөйлесетінін көріп жүрміз. Тіпті ұятты жағдайға барып жүргендері де бар.

Гендерлік саясаттың біздің ұлтымызға тағы бір бергені, қырыққа келгенше кареьера қуып «кемпір» болғанын білмей қалған қыздар көбейді. Марқұм демограф-ғалым Мақаш Тәтімовтің бұдан бірнеше жыл бұрынғы мәліметіне жүгінсек, елімізде 300 мыңнан аса кәрі қыз бар екен. Келешекте олардың саны өседі деп күтілуде. Кейбір сенімді дерек көздері  еліміздегі кәріқыздар саны 1.5 миллионға жетеді, деп отыр. Сенбеске шара жоқ.  Себебі, бүгінгі саясат соларға жұмыс жасап жатыр. Бүгінгі кәрі қыздардың көбі қызметтің «құлына» айналғандар. Осыдан келіп ұлттың демографиясы құлдырауда. Қазақтың өсуіне қауіп төніп тұр. Мына дерекке көз салыңыз. Тәуелсіздік алғалы туу көрсеткіші 1989 жылғы деңгейге жетпеген. Мұны қалай түсінуге болады. «Гендерлік саясат стратегиясынан отбасындағы тепе-теңдік пен үйлесімділік, яғни гармония жоғалмайды. Ал, үйлесім таппағандар тек өзіне өкпелеуге тиіс» дейтіндер қара көрсетіп жүр. Оларға айтарым, еркек түздің адамы. Онымен қосылып әйелі шапқыласа не болғаны. Үйдегі бала тәрбиесіне зардабы тигенімен қоймай, «байтал шауып бәйге алмайтынын» ескеруі керек қой. Мен негізінен, гендерлік саясатқа, ол демографиялық құндылықтармен қатар жүрсе ғана қарсы емеспін. Тек он әйелдің министр, жиырма әйелдің депутат болғаны үшін ғана аталған саясатты қолдауға болмайды ғой. Теңдік деп жүрген, бизнеспен айналысып жүрген қыздарымыздың көбінің, жасыратыны жоқ, толыққанды отбасылары жоқ. Әрқайсысында бір-бір ғана баладан, кейбіреуінде бір бала да жоқ. Бұл саясат өркендеп, өсе беретін болса, еліміздің демографиясына үлкен қауіп туғызуы мүмкін.

Кейде Қазақстан расымен гендерлік саясатқа мәжбүр ел ме деп ойлаймын. Қарап отырсам, оған негіз жоқ. Батыстың саясатын басым бағыт етіп алуымызға не себеп? Оныңда өзімше жауабын іздеп көрдім. Нәтижесінде көптеген қызықты жайттарға тап болып, басқасын қайдам, дәл бізде жүзеге асып жатқан гендерлік саясаттың қаншалықты соқыр екендігіне көз жеткіздім. Енді осы мәселені өзімше бағамдап көрейін.

Сөзімді бастамас бұрын көптің көңілін күпті қылып жүрген саясаттың анықтамасымен таныстырайын. Гендерлік саясатты алақайлап қолдайтындар: «Гендерлік саясат дегеніміз — өмір құндылықтарының барлық саласына қатысты ер мен әйел арасында теңдік орнатуға бағытталған мемлекеттік және қоғамдық іс-әрекеттер» — деп ережесін түзіпті. Демек, гендерлік саясат бізге ер мен әйел арасындағы теңдік үшін қажет екендігі көрініп тұр. Сонда елімізде тап сондай қажеттілік туындап отыр ма? Біз ислам дініндегі елміз. Хадисте «жұмақ ананың аяғының астында» деп жазылған. Батыс таңсық көріп көтеріп жатқан мәселені ислам әлемі баяғыда реттеп қойған. Осы жерде қажетіме жарар деп қойын дәптеріме түртіп жүрген қызық оқиғаны баяндай кетейін. Бірде, бір британиялық азамат Ислам ғалымдарының бірінен: «Неге Исламда еркектерге әйелдермен қол алып амандасуға болмайды?», — деп сұрапты. Сонда әлгі шейх: «Сіздер, өздеріңіздің патшайымдарыңыз Елизаветамен дәл солай амандаса аласыздар ма?», — деп қайыра сұрақ қояды. «Әрине, жоқ. Оның қолын алуға тек ең таңдаулылар ғана құқылы», — деген британиялыққа шейх: «Ендеше, біздің әйелдердің барлығы патшайым. Олардың қолын алу мүмкіндігіне, тек таңдаулылар ғана ие болады», — деп жауап берген екен. Осы диологтың өзінде қаншама астар жатыр.

genderЖалпы гендерлік саясаттың шығу төркіні батыс екені белгілі. XIX ғасырға дейін ол жақта әйелді адам құрлы көрмей, «адамзаттың жұмақтан қуылуына себеп болдың» деп кез келген салада құқығын шектеп қойғаны да тарихтан мәлім. Бұндай бассыздыққа шыдамаған батыс әйелдері бас көтеріп, нәтижесінде «гендерлік саясат», «феминизм» деген терминдер пайда болды. Содан бері бұл сөздердің айдарынан жел есіп, аясы кеңейіп сала берді. Мүмкін батысқа бұл саясат керек те шығар. Өйткені батыстың болмысы бөлек, қалыбы бөтен. Ал бізге, тіпті қазақы болмысымызға жат.

Ал енді батыс қажет еткен осындай соқыр саясатқа қазақтың оң қарауы көңілге қаяу түсіреді. Себебі бізде «еркек пен әйел тең болсын» дейтіндей теңсіздікке жол беріле қойған жоқ әлі. Дін мен діл аман тұрғанда ол болмайды да. Одан кейін «әйел теңдігі» деп ұлардай шулап, ұлттық мәселеге айналдырудың да қажеті шамалы. Өйткені біздің елде нәзікжандылар ерлер тарапынан ешқандай қысымшылық көріп жатпағаны баршаға мәлім. Керек десеңіз, бізде министр, депутат, вице-министр сынды лауазымды қызметтердің тізгінін ұстап жүрген әйелдер жетерлік. Және ондай әйелдер бізге гендерлік саясат жетпей тұрып орын алған болатын.

Біз гендерлік саясат келмей тұрып әйелдің орнын айқындап, қамқорлықтың сан қилы стратегиясын жасап қойған халықпыз. Егер қазіргі жүргізіліп жатқан гендерлік саясат ана мен балаға айрықша әлеуметтік жағдай жасау, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу сияқты мәселелерді шешу боп табылса құптарлық.

Әйтпесе баласын Америка, Еуропа секілді құрлықтарға барып туып жүрген әйелдердің «еркелігі» гендерлік саясаттың жемісі һәм жеңісі секілді көрінеді. Осы жерде дана қазақтың «кіндік қаны тамған жер» деген тәмсіліне назар аударған жөн. Сонда Кіндік қаны Шет жерде тамған баланың толыққанды қазақ болып дүниеге келмесі анық. Осыған ұқсас, ұлттық мүддеге қайшы қылықтарды жіпке тізе беруге болады. Ұлтқа пайдасынан зияны көп гендерлік саясат туралы менің түсінігім осындай. Сіз не айтасыз, оқырман?!

Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ,

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері