Генералға бергісіз полковник (Сәлім Қайыров хақында сыр)
1988 жыл. Орал облыстық ІІБ бастығының орынбасары Сәлім Қайыров демалыс күні кезекшілікте отырып, екі әйелді тонап кетті, тіпті, біреуінің сырғасын жұлғанда, құлағы жырылып кетті деген суыт хабар алады. Артынша, «екі бойжеткенді тонап, зорлап кетті» деген тағы да ақпарат жетеді. Шолақ мылтықпен қаруланған екі адамның вокзал жаққа беттегені анықталып, подполковник Қайыров қасына екі көмекші ертіп, бекет басына барады. Сол жолы зіңгіттей екі жігітпен баспалдақ үстінде бетпе-бет келген подполковник қарақшыларға қару шығаруға мұрша берместен, жалаң қолмен-ақ лезде ұрып жығады. Сөйтсе, әлгілер Қазақстанның бірнеше қаласында ауыр қылмыстар жасап, енді Орал арқылы Ресей аумағына өтіп кетуге бара жатқандар екен. Қолға түскен біреуі: «Көрешегің бар екен, сәл болмағанда сені өлтіріп тынар едім», — депті.
Сол ержүректігі үшін жерлесіміз небары 42 жасында «КСРО ІІМ еңбек сіңірген қызметкері» құрметті атағына ие болды. Милиция саласында мұндай жоғарғы марапатты алғандар некен-саяқ. Және осы аңызға бергісіз оқиғадан кейін полковник шенін тақты. Атақ пен мансаптан адамгершілікті жоғары қоя білген Сәлім Қажыболұлы бүгінде 70 жаста. 45 жыл отасқан өмірлік серігі, ұлағатты ұстаз Сәбира Бірмағанбетқызы екеуі ұл-қыз өсіріп, немере сүйіп отырған жандар. Біз де мінезі байсалды, көпшіл, өз ортасында сыйлы ағамыздың өмір жолының кейбір сәттерін қағаз бетіне түсіріп отырмыз.
Мәскеу академиясындағы капитан
— Аға, сіздің қызметтік өміріңіз Кеңестік милициядан басталып, тәуелсіздік алғаннан кейін аяқталды. Жеткен жетістігіңіз де аз емес. Қазағы қалың Меңдіқара елінің қара баласы үшін мұндай шым-шытырық жолдан өту оңай болмаған шығар?
— Ауылымызда қазақтармен қатар, орыс ұлтының өкілдері де тұрды. Біздің үй сол орыстілділер жағында болды да, мен екі тілді қатар үйренген жанмын. Негізінде екі жарым жыл әскери борышымды өтеп келген соң ауылшаруашылығы мамандығына оқуға барғым келген. Жақындарымның айтуымен осы салаға келдім. Облыстық Ішкі істер басқармасына келіп, әскерден берілген оң мінездемемді көрсеттім. Онда екі жарым жыл ішінде 16 рет мадақтауға ие болғам. Мұндай сирек кездесетін мінездемеге қараған кадр бөлімінің бастығы: «Біз Рязань қаласындағы милицияның жоғары мектебіне бір үміткерді дайындап отыр едік, ол үйленіп, әйелі жүкті болып қалған екен, барудан бас тартып отыр. Сен барып бағыңды сынап көр, оқу жағынан барлық жағдай жасалады», — деп оқу орнына нұсқаулық жазып жіберді. Мен комиссиядан өттім де, аз күннен кейін Рязаньға аттандым. Бүкіл Кеңес Одағынан келген үміткерлер. Емтихан тапсырдық. Ұлттық мектепті бітіргендер диктант жаздық. Қалған тапсырмаларды орындап шықтым. Орта есеппен «4,8» деген баға алыппын. Сол оқу орнын бітіріп, лейтенант шенімен елге оралдым. Қостанайға келгеннен кейін басшылық Жітіқарадағы еңбекпен түзеу мекемесіне қызметке жіберді. Ол жаққа бара қойғым келген жоқ. «Біз сені мемлекет есебінен оқыттық, енді қай жерге бар дейміз, бұйрықты орындайсың. Үш жыл сол жерде жұмыс істеуің керек», — деді. Сөйтіп 1971 жылдың күзінен жұмысқа кірістім.
— Ол кезде бойдақсыз ғой?
— Жұмысқа орналасқаннан бір жылдан кейін Сәбира апаңмен таныстық, үйлендік. Келер жылында тұңғышымыз Айгүл дүниеге келді. 1974 жылы аяқ астынан облысқа шақырып алып, тағы да оқуға жібереміз деді. Ол жерге 6 адамнан іріктеп, біреуімізді Мәскеуге КСРО Ішкі істер министрлігі жанындағы академияға аттандырмақшы екен. ІІБ бастығы генерал Васильев бастаған комиссия бәрімізді жеке-жеке шақырып, еңбек өтіліміз бен мінездемемізге қарап, түрлі сұрақтар қойды. Не «иә», не «жоқ» деген жоқ, ештеңе айтпастан қоя берді. Бір уақытта қабылдауда күтіп тұрған алтауымыздан мені ғана шақырып алып: «Облыс атынан оқуға сені жіберуді ұйғардық. Ертең түсе алмай қалып, бізді жерге қаратып жүрме», — деді.
Сонымен Мәскеу қайдасың деп тарттым. Барсам, ол жақта да үлкен конкурс. Жан-жақтан жиналған өңкей офицерлер. Екі айға жуық сол академияның элиталық қалашық лагерінде жатып дайындалдық. Тамыздың аяғына қарай 4 пәннен емтихан тапсырдық. Бұл жолы диктант емес, шығарма. Соны «4» деген бағамен тапсырдым. Емтихан комиссиясы кабинетке шақырып, сұрақтарды қойып жатыр. Кешке қарай сынақ нәтижелерін жариялайды. Қаншама дайындалған уақыт, қобалжып отырмыз. Бірақ іштей өтіп кетем деген сенім болды. Ақыры, «Қайыров оқуға қабылданды» деп хабарлады.
Үш жыл академияны оқып бітірдім. Ол жерде де өзімнің бар білімім мен қайрат-жігерімді көрсете білдім. Тіпті, мерекелік шаралар кезінде салтанатты түрде ту көтеріп жүретінмін. 1976 жылы 10 қараша Кеңестік милиция күнін мерекелеу қарсаңында мерзімінен бұрын капитан шенін алдым. Негізі мұндай шенге дейін кем дегенде, әлі бір жарым жыл күтуім керек-тін. Дегенмен ұсынысты факультет бастығы жоғары жаққа тапсырған, ал мерзімінен бұрын шен беруге КСРО Ішкі істер министр Щелоков қол қойған. Мен факультет бастығына: «Генерал жолдас, жақсылығыңызға рақмет!», — десем, «Жоқ, жолдас Қайыров, бұл сенің жемісті еңбегің», — деп қолымды қысты. Міне, бұның өзі адамның мерейін бір асырып тастайды екен. Елге келе салысымен басшылық Жітіқарадағы өзім еңбек етіп жүрген түзету мекемесіне бастықтың орынбасары етіп тағайындап қоя берді.
Министрдің батасын алған жігіт
— Білуімізше, кеңестік жауапты органдарда, мекемелерде, соның ішінде құқық қорғау саласының басшылығына жас мамандарды отырғыза бермейтін. Басшылық құрамға әбден орныққан, тәжірибесі мол азаматтар бекітіліп жататын. Сіз орынбасарлыққа отызға да толмай келіпсіз дегенім ғой.
— Рас, бастықтың төрт орынбасарының ішіндегі жасы ең кіші — менмін. Бірақ екі жоғары білім алған адамға бұл орын әбден лайықты. Оның үстіне бұл жер өзім қызмет бастаған мекемем, тәжірибе бар. Әріптестердің барлығын танимын. Оны айтасың, бір жарым жылдан кейін мекеменің бастығы болып бекітілдім. Тәртіп бойынша бұл лауазымға облыстық ІІБ бастығы емес, тікелей министр тағайындайды.
— Сол тағайындаудың алдында сіз министр М.Есболатовтың жеке қабылдауына барып, бейресми емен-жарқын әңгіме болған деседі.
— Министр деген лауазым иесі ғана емес, көреген психолог. Орынбасары Сұлтанғалиев мені бірінші басшыға алып кірді. «Әдетте әбден пісіп-жетілген, қырықтан асып бара жатқан мамандарды басшылық орынға тағайындаушы едік, мынауың әлі жап-жас қой», — деді Сұлтанғалиевке қарап. «Бірақ генерал Бәкіровтің (облыстық ІІБ бастығы) оң мінездемесі, обкомның қолдауы бар, барлық жағынан қызметке лайық» дегенді айтып отыр. Сосын маған «отыр» деп, еркін әңгімеге көшіп кетті. Менен Қостанайға қашан кететінімді сұрады. Мен болсам, бүгін түнде ұшаққа билет алғанымды айтқам. «Сен Алматыға күнде келе бермейсің. Қызметің өте жауапты, ертең жұмыстан босай алмай қаласың. Сол себепті, қалағаныңша Алматыда демалып, аралап, театрларға бар, тауға шығып қайт. Сен ешкімнен қорықпа. Біреу іздеп жатса, генерал Есболатовтың өзі алып қалды деп айт», — деді. Мен «құп боладымен» министрдің батасын алып шықтым. Сонда әлгі кадр жөніндегі жетекшінің сұрағаны «Сәлім, не істейсің, қалатын болдың ба?». Бүгіннен қалмай кете беретініміді айтып ем, «Ол да дұрыс шығар», — деді.
— Жітіқараның еңбекпен түзеу мекемесі еліміздегі ең үлкен жазасын өтеу орындарының бірі болды. Сіз басшы болып келгендегі жағдайы қалай еді?
— Негізі мені ол жерге алдымен орынбасар, жыл жарымнан кейін бастық қылып тағайындауы да бекер емес. Орынбасарлықта жүргенде, өзімді оң қырымнан таныта алдым. Тәртіп жағынан да, өндіріс жағынан да бірқатар жұмыстарды қолға алдық. Ал жетекшілікті қолға алған соң маған дейінгі басшылық орындап келген 2,5 миллион өндірістік жоспарды 18 миллионға дейін көтердім. Ол кезде мекеме аумағында қосалқы шаруашылық болды. Соның жағдайын жасадық. Ірі қара, жылқы, шошқа өсіріледі. Санын арттырдық.
— Жалпы кеңестік дәуірде қазіргідей елдің ішіндегі сотталушылар ғана емес, одақтық мемлекеттерден келіп жазасын өтеушілер бар ғой. Басқа елден келгендердің мінезі де, табиғаты да, өздерінің ішкі жазылмаған «заңы» да бөлек, аласы да, құласы да бар. Ондайда түрлі жанжал-тәртіпсіздіктердің болатыны анық. Осы жағын қалай бақылауға аласыздар?
— Мен өзімнің алдымдағы басшылықты жамандағандай болмайын, бірақ расын айту керек, іс өте күрделі еді. Тіпті, сотталушылар арасында бірнеше адамның өлімі де болды. Жаңағы айтқандай, одақтық республикалардың түкпір-түкпірінен келетін небір сотқары, баскесері бар. Тәртіпсіздік жасап, ұрынып тұрады. Сол себепті, олардың орындарын жиі ауыстырып отырамыз. Онсыз болмайды. Әйтеуір өзім басшылыққа келгенде, осы жағына көп мән беріп, жағдайды бірқалыпты ұстап отыруға қатты көңіл бөлдім.
— Қылмыс әлемінде «тәжді ұры» («вор в законе»), басқа да «беделді» дейтіндер сол кеңестік кезеңнен келе жатыр. Осындай «ішкі заңы» барлар да отырған шығар?
— Негізі әлгі «беделді» дегендерің өздеріне бағынышты топ құрып, емін-еркін жүргісі келетіндер. Жалпы, «тәжді ұрылар» тәртіпке бағынбайтын, жұмыс істемейтіндер. Бірақ ондайға жол бермейміз. «Серке» болғысы келетіндерді жалпы сотталушылардан оқшаулап ұстаймыз.
Казак пен қазақтың тайталасын шешу
— Сәлім аға, сіз біраз жыл еліміздің батыс өңірінде қызмет етіп келдіңіз. Бұл өзіңіздің таңдауыңыз болды ма?
— Ол жаққа барам деген ойым болған емес. Жітіқарада қызметте жүргенде, бірде сол кездегі Қазақ КСР Ішкі істер министрінің орынбасары генерал-майор Ғазиз Сұлтанов келді. Қасында біздің генерал Бәкіров пен қалалық атқару комитетінің хатшысы. Лауазымды басшыға мекемедегі атқарылған жұмыстарды, соның ішінде өндірістік нысандарды, жаңартылған ғимараттарды, аумақты көрсеттім. Разы болған Сұлтанов облыстық ІІБ бастығына бұрылып «Мына жігітті неге жоғары жаққа қызметке алып кетпей, бір орында отырғызып қойғансыздар? Істеген жұмысының нәтижесі бар екен», — деген кезде, Бәкіров не дерін білмей қалды. «Онда, — деді Сұлтанов, — Мен Қайыровтың оң жұмысы жөнінде министрге өзім хабарлаймын», — деп аттанып кетті.
Арада бір апта өтпей, маған генерал Бәкіров телефон соғып, «тез арада облысқа жет, сені Алматыға шақыртып жатыр», — деді. «Жолдас генерал, құпия болмаса, не жөнінде екен?», — дедім. «Білмедім, бірақ сені бір үлкен қызмет күтіп тұр-ау деймін», — деді генерал.
Қостанайға келіп, іссапар құжаттары мен ұшақ билетін алып, Алматыға бардым. Бұл туралы Сәбираға да айтқам жоқ. Сол жолы министрлік мені Орал (қазіргі Батыс Қазақстан) облыстық ІІБ бастығының орынбасары қызметіне ұсынып отыр екен. Ол қызметті де Мәскеу бекітеді. КСРО астанасына барып, бір апта бойы бұйрықты күтіп жаттым. Күнде сұрақ-жауап, әңгімелесу, әбден титықтап кеттім. Міне, сол 1986 жылдың желтоқсан айында жаңа қызметке бекітіліп, Орал қаласына бардым.
— Ол уақытта Желтоқсан көтерілісінің бұрқ ете қалған кезі ғой?
— Мен сол толқу болған кезде пойызбен батыс облысқа бара жатқам. Жағдайдың анық-қанығын Оралға барғасын естідім. Ол жақта оншалық ештеңе бола қойған жоқ.
— Сонау 1991 жылғы Оралдағы казактардың бас көтеруі кезінде сіз сол тұтана жаздаған оттың ортасында болғаныңызды замандастарыңыз аңыз қылып айтып отырады.
— Ол біздің қызметтік міндетіміз ғой. Рас, ол оқиға өте күрделі мәселеге айналып кете жаздады. Күзде Оралда патша салған шіркеудің 440 жылдығын атап өтеміз деген желеумен Ресейден атаман Мартынов бастаған казактар орталық алаңға жиналды. «Орал орыстың қаласы», «Қазақстанның солтүстік бөлігі Ресейдікі» деген сарында ұрандар көтеріп, тіпті, әлгі көне шіркеудің басына көрші елдің туын да іліп тастады. Мына жақта қазақ, мына жағы казак. Бір-біріне тап бергісі келіп тұр. Сол кезде біздің қызметкерлер жиырма метрге дейін жақындап қалған екі тараптың ортасында қолдарымыздан ұстасқан күйі тұрдық. Басшылық барлығын тынышталдырғысы келеді, көнбей жатыр. Тізбектелген біздің арқамыздан келген қазақ азаматтары шепті бұзып, алдыға шығып кеткісі келеді. Сонда көрдім, елдің жігіттері ауыздарына орамал орап алып, неден болса да тайынбаймыз деп тепсініп тұр. Ал үйлердің балкондарынан қараған орыстың әйелдері «мынау Ресейдің жері» деп айғай көтеріп, жағдайды одан бетер ушықтырды. Мұндай бүлікшілерді емін-еркін жіберіп қойған Ресей тарапы үнсіз.
Ал көрші Ақтөбеге орталықтан бақайшағына дейін қаруланған сарбаздарды қосымша әкеліп қойған. Іс насырға шабатын болса, ұшақпен тез арада жете қояды. Тыныштықты бұзған анау атаманға аты-жөні есімде жоқ, бір үлкен қоғам қайраткері қатқыл сөйлеп тастады. Не керек, бірнеше күнге созылған дүрбелең тынышталды. Жүздей бүлікшіні екі автобусқа бөліп отырғызып, көрші елдің аумағына дейін асырып жібердік.
— Сәлім аға, сіз Кеңестік министрлік болсын, тәуелсіз Қазақстан ведомствосы болсын, милиция саласында жоғарғы лауазымдар мен әжептәуір марапаттар алғансыз да, генерал шенін тақпаған екенсіз.
— Негізі генерал атағын алатын мүмкіндік болды. Ол кезде Қостанай облыстық ІІБ бастығының орынбасарымын. Басшылық тарапынан Талдықорған облысының ІІБ-не жетекші болып бар деген ұсынысынан өзім бас тарттым. Расын айтайын, Оралда жүріп, елді қатты сағынған екенмін, тағы да алыстай қойғанды қаламадым. Былай қарасаң, ондай лауазымдарға қолы жетпей жүргендер қаншама? Қазір оған өкінбеймін де. Ал біз ешкімнен атақ-мансап сұрамадық. Алланың осы күніне, өмірге әкелген ата-ана, қаншама тәлімгер ұстаз, замандас, дос, өмірлік жар мен ұрпақ бергеніне шүкіршілік етемін.
— Бос уақытыңызда нені ермек қыласыз?
— Жас күнімде ішімдік, темекі дегенге жоламадым. Үнемі спортпен шұғылдандым. Ал қазір аңға шығып тұрғанды жақсы көремін. Оның өзін Оралдағы әріптестерім үйретті.
— Әңгімеңізге рақмет!
Қыдырбек Қиысханұлы