ГЕРОЛЬД БЕЛЬГЕР (Гер аға)
— Немістер мені қай ұлтқа жатқызарын білмейді. Ал орыстар «бізде Бельгерсіз-ақ жетіп артылады» деп, мені осы күнге дейін қай қатарға қоюды анықтай алмай жүр. «Келешекте мұның бәрі бір қалыпқа түсер, бірінші кезекте менің жазушылығым шығар, ал ұлтым екінші орынға ысырылар» дейді менің жаман ойым. Келер ұрпақ менің қай тілде жазғаныма емес, сөзімнің салмағына назар аударар деп үміттенемін. Маған қазір ең жақыны – қазақ пен неміс. Қазақты бірінші орынға қойғанымды жағымпаздық деп қабылдамаңыз. Қазақ мұндайда «Бала баққандікі ме, әлде тапқандікі ме?» дейді. Мені неміс тапса да, жарқырап көрінуіме себеп болған қазақ қой. Сондықтан мен неміс пен қазақтың төсін қатар еміп өскен арда ұлмын.
Мен екінші сыныптан бастап қазақ тілінде күнделік жаздым. 8-сыныпта оқып жүргенде, қызарып-сұрланып отырып өлең жаздым. Табиғатымнан ақын болып жаратылмағанымды 1-курста оқып жүргенде білдім. Күнделіктерім, қазақша жазған өлеңдерім 35 дәптерді құрайды. Менде ештеңе жоғалмайды. Бұл неміске тән қасиетім.
Германияда екі рет болдым. Он күн бойы жүрдім. Ел басшыларының қабылдауында да болдым. Байқағаным – Германия менің қолым емес екен. Олардың менталитеті мүлдем бөлек. Бүгінгі Германияға керегім жоқ. Сыра ішемін. Пәтерім тәуір болуы, тәтті шұжық жеуім мүмкін. Бірақ керегім шамалы. Зейнетақысы тәуір қатардағы көп зейнеткер болып қала беремін. Ол түгілі мен Ресейде де тұра алмаймын. Маған Мәскеу үлкен жындыхана тәрізді. Жалғыз қызым сонда. «Келіңдер» деп шақырады.
Ал мен Қазақстанды, Алматыны, өзіммен бірге қартайған замандастарымды қимаймын. Министрлер кеңесі ауруханасы дәрігерлері күнара келіп, қан қысымымды тексеріп тұрады. Демек, қазаққа керекпін. Қазақ жерінен басқа барар жерім, басар тауым жоқ. Ертең көзім жұмыла қалса, мұсылман болмасам да, Кеңсайдың бір бұрышынан жер бесіктей орын бұйырса екен деймін. Ондағы бақилық болып кеткен достарыммен бірге екінші өмірімде де Алматыма төбеден қарап жатқым келеді. Менде одан басқа тілек жоқ……………….
Online Qazaqstan