«ҒИБРАТТЫ КЕРУЕН» «ҚҰРАЛАЙ СҰЛУ» КЕСЕНЕСІНДЕ.

Үлкенге құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан салтымыз. «Қариясы бар үйдің-қазынасы бар» дегендей, ардагерлеріміздің  өмірлік тәжірибелері мен ақыл-кеңестерінің біз үшін орны бөлек. Себебі, әрқайсы ұрпақ тәрбиесіне қосар үлестері мен үйретер тағлымдары мол. Осыған байланысты бүгін Ұланбел, Құмөзек ауылдарына облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев пен облыстың алқа биі  Оңласын Есіркепов «Ғибратты керуен» бастамасымен  келіп ауылдардағы ардагерлермен кездесу өткізді. Кездесу барысында ауыл қарияларының ұрпақ тәрбиесінде алар орыны,жастардың ажырасуы, билер кеңесінің жұмыстары жайлы айтылып осы мәселелерді ауылдық деңгейде қолдау, жастармен түсінік жұмыстарын жүргізіп отыруды сұрады.

 

Кездесуден кейін облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы бастаған топ 18-19 ғасырдан қалған «Құралай сұлу» мазарында  болып, тарихымен танысып, құран бағыштады. Аталмыш шараға Тараз гуманитарлық университетінің ректоры Саурықов Ерболат және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жамбыл Қалыбаев, қоғамдық кеңес төрағасы Болат Сатыбалдиевтер қатысты.