ҒИБРАТТЫ ХИКАЯ

Бір кедей бала болды. Ол аш еді. Қатты ашыққан күйде жүріп, бір әдемі қыздың есігін қақты. Бірақ ол сұрайын деген тамақтың орнына, есік ашқан жас әрі сұлу қыздан ұялып, тек су сұрады.
Қыз оның жүдеу кейпін көріп, оның шын мәнінде аш екенін түсінді. Сосын оған бір стақан сүт әкеліп берді. Ол сүтті асықпай ішті. Сол сәттегі дәм оның есінде мәңгіге сақталып қалды – өйткені ол сүт қапас аштықты басып, жүрегін жылытқан еді.
Ішіп болған соң, бала:
– Сізге қанша қарызбын? – деп сұрады.
Қыз жымиып:
– Сен ештеңе де қарыз емессің. Бізге анамыз жақсылықты саудаға салмауды үйреткен, – деп жауап берді.
Бала жүрегі толқып:
– Онда шын жүректен алғысымды айтамын, – деді.
Ол үйден шыққанда, тек қарны тойған емес, өмірге деген сенімі, Аллаға деген үміті қайта оралды. Себебі ол бір сәтке болса да мейірімді жанды кездестірді.
Жылдар өтті… Сол жас қыз ауыр сырқатқа ұшырады. Ауыл дәрігерлері не істерін білмей, оны қаладағы үлкен ауруханаға жіберді. Сирек кездесетін дертті тек арнайы маман ғана емдей алатын еді. Сол үшін әйгілі доктор Говард Келли шақырылды.
Қаладан келген әйелдің туған қаласының атын естіген сәтте, доктордың көзі жайнап кетті. Ол бірден науқастың палатасына асықты. Есіктен кіріп, оны көре сала танып қойды — бұл сол сүт берген қыз еді.
Доктор Келли өзінің ең жоғарғы білімін, тәжірибесін, күшін салып, оның өмірі үшін күресті. Ақыры, күрделі ем сәтті аяқталды.
Бірнеше күн өткен соң, қызға аурухананың шоты жіберілді. Ол қатты қорқып, оны ашуға батылы жетпеді. Себебі мұндай емге өмір бойы жұмыс істесе де ақы төлей алмайтынын білді.
Ақыры, батылданып, конвертті ашты. Құжаттың шетінде жазылған екі жол көзіне түсті:
«Бір стақан сүт үшін толықтай төленді.
Қол қойған: Д-р Говард Келли»
Қыздың көзінен қуаныш жасы төгіліп, жүрегі жарыла жаздады. Жылап тұрып, сыбырлады:
– Саған шүкір, Аллам! Шексіз мейірімің мен махаббатың үшін алғысым шексіз!
Ғибрат:
Шынайы жақсылық – мәңгі жоғалмайды. Бір күні өзіңе жақсылық болып оралады. Сүйіспеншілік пен адалдықты үйреніңдер. Өйткені шын жүректен жасалған жақсылық – шын бақытқа жеткізеді.