Ғибратты əңгіме

Бұл қауым көшіп-қонып жүріп өмір сүруді əдетке айналдырған еді. Араларында өте қартаң анасы бар бір жігіт болды. Анасы жасының үлкендігі себебінен ара-тұра алжып, есін жоғалтып, перзентіне қатты жабысып алатын да, одан айырылғысы келмейтін. Оның бұл қылықтары ұлын шаршатып, жүйкесін тоздырып, қауымы арасында тап бір осы себеппен абыройы төгіліп жүргендей сезіндірді.
Күндердің бір күнінде олар тағы да əдетіне орай басқа жайлауға көшпекші болды. Ол əйеліне:
— Ей, қатын, ертең көшетініміз мəлім. Анамды білесің — ауру. Оны сыртта қалдыр. Біреу көріп қалса, рақымы келіп алып кетер. Жасы да кексейіп қалды. Жол жүруге де жарамайды. Əбден мезі етті. Оған біраз жейтін тамақ пен ішетін су қалдыр. Біреу-міреу көрсе өзімен алып кетер яки ажалы жетсе — өлер — деді.
Əйелі:
— Дегеніңіз болсын қожайын. Алаң болмаңыз. Айтқаныңызды артығымен орындаймын! — деп жауап берді.
Ертеңгі күн де келді. Барлығы дүние-мүлкін жинады. Əйел де күйеуі айтқандай қайын енесіне талғажау ететін азық пен ішуге суын қалдырды. Сонымен көшпелі қауым керуенімен жаңа жайлауға қарай бет алып кете барды.
Олар күннің жарымында тынығу үшін тоқтады. Анасын ескі қоныста қалдырған жігіт əйелін шақырып ұлын жанына əкелуін сұрады. Оның жалғыз ғана бір жасар ұлы бар еді. Ол ұлын өте қатты жақсы көретін, жиі еркелетіп, құшағына алып, маңдайынан иіскейтін.
Əйелі оның сұрағына үндемеді.
— Ұлымды алып кел дедім ғой саған! — деп зекіді.
Əйелі:
— Оны анаңызбен қалдырдым. Бізге оның қажеті жоқ, — деді саспай.
Мұны естіген күйеуі үстіне біреу мұздай суды құя салғандай əсер алып, айқайлап жіберді:
— Не үшін?
Əйелі:
— Өйткені ол да бір күні есейеді. Анаңызды елсіз ескі қонысқа қалдырғаныңыз тəрізді, ұлыңыз да сізді тастап кетеді, сіздің істеген ісіңізді қайталайды, мұндай перзенттің бізге керегі жоқ, — деді жайбарақат.
Əйелінің бұл жауабы оған найзағай түскендей əсер етті. Атын жүгендеп ескі қонысқа қарай шаба жөнелді. Көшкен қоныстарына қас қарайған шақта келіп жетті. Əдетте дүйім жұрт көшсе, олардан қалған-құтқан нəрселердің арасынан тамақ іздеп, жабайы жыртқыш аңдар келетін. Жан-жағына қарағаны сол, бір шетте анасы оның ұлын бауырына қатты қысып алған, екеуінің айналасын шабуылға дайын тұрған бір топ аш бөрілер қоршап тұр екен.
Қарт ана:
— Жоғалыңдар, бұл менің ұлымның жалғызы. Тиіспеңдер! Көздеріңді құртыңдар! — деп, оларға тас лақтырып отырған-ды.
Мұны көрген жігіттің жүрегі өрекпіп, қолына мылтығын алды да, бөрілердің бірін атып, сұлатып түсірді. Қалғандары мылтықтың дауысынан қаша жөнелді. Ол лезде атынан түсіп анасын құшағына алды.
Бет-жүзін көздерінен аққан жасы жуып, ащы өксікпен:
— Анашым, мені кешіріңізші! — деп, сан рет қайталады.
Оларды атына мінгестіріп, жаңа қоныстарына қайтты.
Содан кейін бұл жігіт анасына ерекше мейірімді болды. Алла Тағала оған дана əйел нəсіп еткеніне қуанды. Енді ол басқа жаққа көшетін болса ең əуелі анасын түйеге мінгізіп, өмірінің соңына дейін оған қызмет қылуға бел байлады.

Зарина Райсова парақшасынан