Гидтер тәжірибе шыңдады
Тасын түртсең, тарихы сыр шертетін Әулиеата өңірі адамзатқа ортақ тарихи құндылықтарға өте бай. Ендігі мақсат – сол баға жетпес құндылықтарымызды төрткүл дүниеге таныту, ұрпаққа насихаттау. Бұл ретте тәжірибелі гид мамандарының қызметі ауадай қажет. Жақында облыс орталығында гид мамандарының біліктілігін арттыратын ауқымды іс-шара өтті.
Өңіріміздің өткені мен бүгінгі күнге дейінгі тарихын, аймақ архитектурасын, мәдени- рухани келбетін таныстыру бағыты бойынша халықаралық дәрежедегі мамандарды оқыту мақсатында облыс әкімдігіне қарасты туризм басқармасы «Жамбыл өңірінің – өңірлік гиді» және «Тараз қаласының экскурсоводы» атты курс ұйымдастырды. Аталмыш курсқа облысымыздың әр ауданынан 38 үміткер өтініш білдіріп, оның 30-ы іріктеуден өтті. Барлығы 15 адам қатысып, қазақ және орыс тілдерінде 86 академиялық сағаттық дәрістер жүргізілді.
Шараға ҚР «WFTGA» ұлттық тренері Арина Джамангараева, Қазақстан Республикасы туристік нысандар және гидтер ассоциациясының басшысы Айгүл Қаратаева, ҚР «WFTGA» ұлттық тренері Медет Жамбылханұлы, ҚР ТЖМ апаттар медицинасы орталығының шұғыл медициналық көмек көрсету бөлімі басшысының орынбасары Вадим Пак қатысты.
Теориялық курс – өңірлік өлкетану, «WFTGA» дүниежүзілік гидтер қауымдастығының халықаралық және отандық стандарттары мен туристік маршруттар жүргізу әдістемесі бойынша, ал практикалық курс – халықаралық және ұлттық маршруттарды ұйымдастыру және жүргізу технологиясы бойынша жүргізілсе, тестілеу және сертификаттау бөлімінде қатысушылардың теория мен тәжірибелік білім-біліктілігі сынға түсті. Шара барысында үміткерлер білгенімен бөлісіп, біліктілігін шыңдап, бір-бірлерімен тәжірибе алмасты.
Іс-шара соңында курс қатысушылары ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, арнайы сертификаттармен марапаттады.
Ұлданай БАЙҰЗАҚ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетінің 2-курс студенті.