Гималай асқан қазақтың хикаясы (1)
«Өлмеген құл алтын аяқтан ас ішеді» депті атам қазақ. Сол айтқандай қытай қазақтарының қытайлармен қырылыса отырып, Үндістан арқылы Гималай асқан көштің ауыр тауқыметі, қиянкескі шайқасын алдаңғы уақттарда жариялап келген болатынбыз.
Мен батырдың ұрпағымын
(Құланбай қажы Зарқыұлы Нәзірмен әңгіме)
Батыр бабам Шақабай жоңғар заманында Абылаймен тізе қосып шәйқасқан батырлардың бірі. Аталарымыз Сыр бойына дейін босып барып, жоңғарлар жеңілгеннен кейін Алтай өңіріне қайта оралған.
Қазақстанға алғаш келген 1990 жылы Аягөз жеріне арнайы ат басын бұрып, батыр бабамыздың мазарын іздеп тауып, басына құран оқыдым.
Төртінші атам – Жарқынбай Халықбайұлы (Шақабай немересі) XIX ғасырдың орта шенінде жасаған көрнекті батыр және би болған. Ол Абақ керей руларының Өр Алтайдағы атамекеніне қайта оралып, ата қонысын қайтарып алу жолында көрсеткен ерен еңбегі арқылы ел аузында сақталған көрнекті тұлға.
Өзім Ертіс өзенінің басы ұлы Алтай тауының ең жоғарғы сілемі Шіңгіл жерінің Сартоғайында 1923 жылы туғанмын. 1933-1934 жылғы әр түрлі қанды оқиғалар мен «Байқадам шабылған» секілді қырғыннан кейін біздің ауылдар Алтайдан Баркөлге ауды.
Баркөлдегі жағдай
Біз Баркөлге келердің алдында Әліп үкірдайдың ауылын жау шауып, бала-шағасын қырып кетіпті. Ұлы Елісхан әкесінің кегін алам деп, 400 ханзуды (қытайды) қырып тастап, Баркөлдің Шошан құмы деген жерде әкесіне арнап ас берген екен. Баркөл елі Шыңшысай зұлымдығынан екіге жарылып, бір бөлімі Гансу, Чинхайға көшкелі жатыпты.
Соның ішінде Шыңшысайдың сойылын соққан Абай секілді бұзақылар ел ішін екіге жарып, одан әрі бүлдіре бастады. Сол жылдары Үрімжі түрмесінен қашып шығып Баркөл жерін паналап, Құдабайға келіп достасып жүрген Қасым деген батыр болған. Сол Қасым батырды Абай түрмеге салды.
Қасым батыр түрмені бұзып шығып, Зайып тәйжіге барып қосылды. Бұл кез Адубай, Елісхан бастаған ел серкелері бір бөлім халықты бастап Гансу жеріне қарай көшіп кеткен болатын. Қалған халық үкіметке сенеміз деп жүріп, өздеріне қысым түскенін кеш аңғарды.
Ендігі жерде біздің ауылдар Бәйтіктен Қаптыққа шықтық. Алдымыздан Халқа жағының моңғолдары оқ шығарып, артымыздан ханзу (қытай) жағы қуып, қыспақта қалдық. Ел үрке көшкенде бізді тоқтатуға келген Әнуар сияқты үкімет адамдарының біразын кісендеп тастаған едік.
Әнуарлар: «Бағынсаңдар үкімет сендерге тиіспейді, бағынбасаңдар бала-шағаларың қырылады» деп үгіт айтты. Сөйтіп, біз құрал тапсырып ақыры бағынуға мәжбүр болдық. Ертеңінде түнде Құлыншаріге келгенде ел басшыларынан Сақаба үкірдай, Құдабайдың баласы Қақан бастаған 18 кісіні ұстады.
Нұрғали үкірдайдың үйіне жиналған ел басыларына Абай Ауғанбай деген жігітті жіберіп оларды да тұтқындамақшы болады. Сөйтіп, Ауғанбайдың астыртын берілген мәліметі бойынша ел басылары қашып шығып, Шыңшысай армиясымен соғысты.
Осылайша ендігі жерде бүкіл Баркөл елі бүлінді. Ел топ-топ, ауыл-ауыл болып үрке бастады.
Гансу-Чиңхайға көш
1939 жылы қыркүйек шамасы, біздің ауылдар Гансуге қарай бет алды. Уақ Айембет батыр шақабай Қошут, ителі Сұлтаншәріп тәйжі, Сәдуақас секілді ел басылары бастап көшті. Бомторай деген жерде көкте ұшақ, жерде атты әскер қуып келіп, қатты соғыс болды. Көп қырғын болып, малдың көбі жаудың қолында қалды. Соғыса қашып Қарамажын деген жерге шығып кеттік. Одан әрі қарай дүңгеннің жеріне өтіп Долан ауданына бардық. Елісхандар бізден де әрі кетіпті. Әркім өз бағытымен көшіп, қалаған жерлеріне барып жатты. Елісхан, Зайып бастаған ел басылары Мабуфаңға барып елдің жағдайын айтып, көмек көрсетуін сұрапты. Мабуфаң алғашында аз жәрдем бергенімен, көп өтпей мал қуып адам өлтіретін бұзақылары көбейіп кетті. Оларды тектеген ешкім болмады.
Долан ауданында ұзақ отыра алмай, Сүр деген жерге келдік. Жағдайымыз нашар болған соң құлан атып күн көрдік.
Гансу-Чинхайға келгеннен кейін, ел басылары Мабуфаңға кезек-кезек жүгіріп, мәнсап дәметкендері де болды. Мабуфаң қазақты қазаққа салып қана қоймай, жергілікті халықтарды бізге өшестіріп, тибет, моңғол, дүңген секілді өзге ұлттар бізбен жауласа бастады. Әсіресе, тибеттер малымызды қуып алып оны арашаламақшы болған адамдарымызды атып, қақтығысты ұлғайта түсті. Елісхан батыр ғана емес, елі үшін қанын төгуге дайын тұратын ержүрек, адал көсем ойлы азамат еді. Долан ауданында Мабуфаң адамдарымен арнайы келісім жасап, жер дауы мен өлген адамдардың құн дауын шешпекші болды. Бірін-бірі паралаған ұлықтар мен жергілікті тибет, моңғолдар қазақтарды қатты басынды. Өздерінікін жөн санап, қазақтарды тұқыржылатуды ойлайды. Оған қарсы шыққан Елісхан Долан ауданынан іргесін аулаққа салып, Алтыншөкеге қарай көшті.
Фу лүйжаң оқиғасы
Мабуфаң Елісханның көшуінен қатты алаңдап Фу лүйжаң (Лүйжаң әскери мансап аты. Полк командиры. Ред.) бастаған қалың әскерін оны ұстап әкелуге жұмсайды. Оның әскеріне моңғолдар мен тибеттер қосылады. Елісханның қайын атасы Атшыбай және Мұқаділ, Ескендір бастаған көп адамды жол бастауға алады.
Алтыншөкеге барып орныққан Елісхан тибеттер қуып кеткен малын қайтып алу үшін, Қызылқолық аталатын таңғұттар жерінен мал қууға кеткенде ауылды Фу лүйжаң бастаған қалың әскер басып қалады.
Елісхан тобы бағынғысы келмесе де қазақтарды елші қылып, «Құдай, Құран» дескен дүңгендер жағы оларды шырғалай бастайды. Антқа алданған қазақтар жағы қаруын тапсырып, кері көшуге мақұл болады.
Елді кері көшіріп Сәдім деген жерге таяғанда дүңгендер антын бұзып, Елісхан, Қойшы батыр сияқты адамдардың аяқ-қолын кісендейді. Қарсыласқан бірнеше адамды атып тастайды. Көштен шашау шыққандарды қамшының астына алып қуады. Өңі түзу қыз-келіншекке қырындап: «Қойынымызға қыз-қатын салыңдар» деп әлек салды.
Дүңгендердің қорлығына шыдамаған Елісхан мен Қожақын астыртын тіл біріктіріп оларға қарсы шығып, ар-намысын таптатқанша күресіп өлуді ойлады.
Қожақынның бастауындағы қазақ қолы мойындарына ақтық байлап, жаназаларын оқытып, түн ішінде жауға аттанды. Фу лүйжаңның шатырына басып кіріп балта, тесе, сойыл секілді құралдармен жаудың мылжа-мылжасын шығарды.
Нәтижесінде қазақ көші қаша соғысып тауға ілініп кетті. Бір бөлім адамдар оққа ұшып, апалас-төпелесте көп сәбидің бесігімен қалып қойғаны мәлім болды. Жаулар бесіктегі сәбилерді найзаның ұшына шаншып өлтіріпті. Жау жақтан да көп адам қырылды.
Сөйтіп, Қожақын, Елісхан бастаған ерлер жаумен соғыса жүріп, өз елін құтқарып, Гималай тауына қарай көше жөнелді. Олардың бағыты – тибет жерін басып өтіп, Үндістанға өту болатын.
Бұл хабарды естіген біз Бұқақол деген жерден Елісханның соңынан көше жөнелдік. Алтыншөкенің басынан Гималай тауына беталдық. Елге оттегі жетпей ыс тиіп, кейбір адамдарымыз қан құсып өле бастады. Сол көшкеннен мол көшіп Көкөзен деген жерге бардық. Көкөзеннен екі көшкеннен кейін дүңгеннің әскері қуып келді. Екі жақ соғысып, бір бөлім адамдарымыз жау қолында қалды. Бірәз адамдарымыз қырғынға ұшырап, көп бөліміміз аман-есен құтылып кеттік.
Тибеттің сары жонында бір ай көштік.
Үндістанға өту
Біз алдыңғы көшкен Елісхан, Зайып ауылдарын Үндістан шекарасында қуып жеттік. Көштің алдындағы қарауылында жүрген жігіттер шекараға келгенін білмей, жаудың әскері екен деп Үндістандық шекара қорғаушыларымен қақтығысып қалыпты.
Ағам Мәміш секілді сегіз адам сонда оққа ұшты. Үндістан жағы жіберген ұйғыр аудармашылар бізге келіп: «Үндістанға келдіңдер, мұсылман екендіктеріңді оққа ұшқан адамдарыңның қойынындағы тұмарынан таныдық. Бізбен келісемін десеңдер, арнайы елшілеріңді жіберіп, қаруларыңды тапсырып, шарт жасаймыз» десіпті. Жас қарақас жігіт тұмар тағып жүреді екен. Соғыста оқ тигеннің бірі сол болып шықты. Елісхан секілді ел басыларының ұйғарымымен біздің жақтан Мардан үкірдай бастаған бірқанша елшілер барды.
Ақыры екі жақтың адамдары келісімге келіп, 1941жылы Үндістан жеріне өттік. Қару-жарағымызды тапсырып алып, өзімізді түгелдей тізімдеп алды.
Мұзафарабадтағы жағдай
Шекарадан өткеннен кейін бізді елдің ішіне кіргізбей, сыртпен айдады. Биік қарлы шыңы бар, жолдары қиын Зұлжала асуынан асатын қия жол бар екен. Елдің алды аман өтсе де, артын қарлы көшкін басып қалып, көп адам мен мал қырғынға ұшырады. Алды-артымызды әзер түгендеп, Мұзафарат қаласының шетіне келдік. Бір жағы үлкен өзен, бір жағы биік тау екен.
Бізді өзеннің қала жағына өткізбей, тау жағына қамап ұстады. Адамдардың көбі ісіп-кеуіп, аузы-басы шіріп өле бастады. Біреулер сары ауру, біреулер «көлера» деген ауру дейді. Дәрігерлер келіп қолдан келген ем-домын жасады. Бірақ шипасы болмады. Әкем мен жеңгелерім де сонда өлді.
Елісхан күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айрылып жүріп елді олардың қамауынан босатуды ойлайды. Сол жердегі мешіттегі бір мұсылман басшымен астыртын сөйлесіп жасырын түрде түнделетіп Исламхан дегенге барады. Өзі сонда қалып ертесі Сәдей, Мұқай бастаған бір топ адамды жіберді. Сөйтіп, бір аптадан кейін Исламхан бізді өз жеріне қарай тасыды.
Аурудан қырылып, ес-ақылынан адасқан қалың елді Елісхан батыр осылайша тағы бір рет құтқарды.
Жалғасы бар
Дайындаған: Ұларбек Дәлейұлы