Global Oil&Gas Atyrau-2018 17-ші Солтүстік Каспий өңірлік көрмесі өтуде
Көрменің ашылу салтанатына ҚР Энергетика вице-министрі Болат Ақшолақов пен өңір басшысы Нұрлан Ноғаев қатысты.
Іс-шараны ұйымдастырушы Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің, Атырау облысы әкімдігінің, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның, KAZENERGY қауымдастығының, “KazService” Қазақстанның Сервистік компаниялар одағының ресми қолдауымен Iteca Қазақстандық көрме компаниясы болып табылады. Бірнеше жылдан бері Global Oil&Gas Atyrau бизнес-кездесулер мен маңызды іс-шаралар өткізетін алаңға айналды.
Көрменің ашылу салтанатына ҚР Энергетика вице-министрі Болат Ақшолақов пен өңір басшысы Нұрлан Ноғаев, Ресей Федерациясының ҚР-дағы сауда өкілі Александр Яковлев және Iteca ЖШС директоры Юрий Бородихин қатысты.
— Атырау өңірі жоспарлы әрі серпінді дамуда. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен облыста облыс экономикасын әртараптандыру тұрғысында жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Көрмеге қатысушыларға өз ризашылығымды білдіргім келеді, өйткені олар да экономиканың дамуына, кенорындарын дамытуға және әріптестердің арасындағы қатынастарды дамытуға өз үлестерін қосуда. Мұндай алаң барлық қатысушыларға олардың жұмыс бағыттарына қарамастан өз бизнесінің ауқымы мен шекарасын кеңейтуге мүмкіндік береді. Бүгінгі күні облыста мыңнан аса шетелдік және бірлескен кәсіпорындар жұмыс жасайды. Облыс әлемнің 50 елімен ынтымақтастықта, — деп атап өтті алғы сөзінде Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев.
— Мұндай іс-шараның мұнай-газ өндіру тарихы дәл осы жерде басталған Атырау облысының аумағында өтіп отырғаны қуантады. Мұнай-газ саласы Қазақстан экономикасы дамуының қозғаушы күші болып қалады, сондықтан біз бәріміз оның серпінді және қарышты дамуына қызығушылық танытамыз. Көрмеге жүз елдің өкілдері қатысуда және барлығы өздерінің жаңашыл шешімдерімен бөлісе алады және жаңа іскерлік байланыстар орната алады, -деп атап көрсетті ҚР Энергетика вице-министрі Болат Ақшолақов.
Өнеркәсіптік жабдықтар мен мұнай-газ саласына барлық қажетті құралдар бар өз павильондарын Ұлыбританияның, Белоруссияның, Ресейдің, Түркияның, Әзірбайжанның жүзден аса компаниясы көрсетті. Экспозициялардың саны өткен жылмен салыстырғанда 8%-ға ұлғайды.
Global Oil&Gas Atyrau көрмесімен бірге көрме кешенінде AtyrauBuild-2018 құрылыс және интерьер көрмесі орналасқан, оған қатысушылар құрылыс, интерьер, жол құрылысы саласындағы жаңалықтарды таныстыруда. Көрменің барлық қатысушыларына өз өнімі туралы айтуға, жаңа келісімшарттар жасауға мүмкіндіктер берілді.
Мұнан басқа іс-шара бағдарламасына Қазақстанның мұнай-газ саласындағы КТК (Каспий Құбыр консорциумы), NCOC, Ембімұнайгаз сияқты ірі қатысушылардың семинарлары мен тұсаукесерлері енгізілген.
Көрменің алтын әріптестері «Ембімұнайгаз» АҚ, NCOC, «Каспий Құбыр консорциумы» АҚ болды. Көрменің бас әріптесі –биыл өзінің 25 жылдығын атап өтетін «Теңізшевройл» ЖШС.
Көрме үш күн бойы, 10 сәуірден 12 сәуірге дейін өтеді.
Атырау облысы өңірлік коммуникациялар қызметі