ГОЛОЩЕКИН ГЕНОЦИДІ немесе Қарсақбайдағы қызыл террор
31 мамыр – саяси қуғын- сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні
Тарихтан мәлім, 1925 жылдың желтоқсанында Қызылорда қаласында V өлкелік партия конференциясы өтті. Өлкелік комитетінің есепті баяндамасын РКП(б) Орталық Комитеті Қазақстанға арнайы жіберген Голощекин жасады. Ол өз сөзінде ауылда шынайы Кеңес өкіметі жоқ, тек байдың үстемдігі мен ру билігі бар дегенді алға тарта отырып өзінің “Кіші Октябрь” идеясын қазақ сахарасына тезірек жүзеге асыру жоспарын жасады. Және онысын «сәтті» жүзеге асыра алды да. Өзіне бар билік пен ерік берілгеннен кейін Голощекин ұжымдастыру саясатын халықты қорқытып, үркітумен жүргізе бастады.
Голощекин қазақ сахарасында “Кіші Октябрьді” жүзеге асыру ниетімен 700-ге жуық байдың бар малын тартып алды. Қалың ел көшіп келе жатқан жолындағы қонған жеріне күштеп қоныстандырылды. Не суы, не нуы, не баспанасы жоқ шөлде мал түгілі адамдар қырыла бастады. Қазақ сахарасында алба-жұлба, аш-жалаңаш босқындар көбейіп кетті. Бұл, өзегі талған халық кейін мәтелге айналдырған, Голощекиннің “Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын” деген ұранының пәрмені жүріп тұрған кезі еді.
«Бала-шағаларымды аштық апатынан аман алып қаламын ба? деген үмітпен арып-ашқан қазақтар, олардың панасыз қалған балалары лек-легімен шұбырып, өнеркәсіп орындарының, поселкелердің, көптеген қалалардың (Алматы, Әулиеата, Шымкент, Ақтөбе, Қызылорда, Семей, Қарсақбай, Қарағанды, Балқаш, Ақмола, Петропавл, т.б.) теміржол стансаларының төңірегінде сеңдей соғылып, сандалып жүрді. Бұл қалалар мен поселкелерден ересектер мен балалардың мәйітін күн сайын қала сыртына алып кетіп жатты», деп жазады тарихшылар сол бір сұрқай күндерді күңірене отырып.
Байларды, кулактарды және ұлтшылдарды құртуға бағытталған күштеу саясаты және Голощекиннің басшылығымен қазақ даласында жүргізілген ірі көлемде мал өнімдерін дайындау, шамадан тыс салық салу шын мәнінде қазақ шаруаларының қалың бұқарасына күйрете соққы берді. Ел ішінде ашу-ыза тудырды. Соның салдарынан, Қазақстанда 1929-1930 жылдары 372 көтеріліс болып, оларға 80 мыңға жуық адам қатысты.
Бас көтерген халыққа аяусыз жазалау шарасы жүргізілді, 1929-1931 жылдары ірі көтерілістер мен толқуларға қатысқаны үшін НКВД органдары 5551 адамды соттап, оның 883-ін атып жіберді. Жалпы алғанда, күштеп ұжымдастыру кезінде 10 мыңнан астам адам жазаланды.
Қызыл террордың сондай бір қырғыны Қарсақбай даласын да шарпып өтті. 1931 жылдың мамыр-маусым айларында Қарсақбай ауданындағы қазақ шаруалары да қарулы көтеріліс ұйымдастырды. Көтеріліске үкіметтің меншіктегі малдарды күштеп тартып алып, шамадан тыс салық салуы шаралары себеп болды. Іс жүзінде аш-жалаңаш қалған 11-ші ауылдың жұртшылығы қарулы көтеріліс ұйымдастырды. Оған Әлмағамбет Досымағамбетов пен Тілеуқабыл Жалмағамбетов деген кісілер ұйытқы болды. Ал, мұндай қадамға барудағы басты мақсат өздерінің ақ адал малдарын қайтарып алу еді.
Көтеріліс күштеп тартып алынған малды дайындау пунктінен айдап әкететін күнге белгіленді. 1931 жылдың 25 мамыры күні 11-ші ауылдың Қыртайлақ деген жайылымына жақын орналасқан дайындау пунктінен Байқоңырдың көміршілеріне деген желеумен жиналған 300 бас қой айдалды. Сол күні Әлмағамбет Досмағамбетов өз жасағымен келіп аудандық атқару кеңесінің уәкілі Әбілдин мен Құсайынов деген кісілерді тұтқындап, олардың винтовкасы мен браунингін тартып алады. Бұдан кейін көтерілісшілер мал дайындау жөнендегі уәкіл Рахметов, ауылдық кеңестің төрағасы Ткенов және комсомол белсендісі Сұлтан Бәйдешов пен партияда жоқ белсенді Байгенжин деген кісілерді де тұтқындады.
Басшыларын тұтқындаған соң көтерілішілер малды қайтарып алуға кіріседі. Оспан Досмағамбетов бастаған қарулы топ мал дайындау пунктіне кетеді де, Балахмет Әлмағамбетов деген кісі 10-шы ауылдың байы Бекіш Беркімбаевқа көмек сұрай кетеді. Бекіш бай көтерілісшілерге көмек беруге уәде береді. Осындай хабаршылар 8-ші, 12-ші және 13-ші ауылдарға да жіберіледі. Бірақ, аштық пен қыспақтан титықтаған халық ойлағандай ұйымшылдық көрсете алмайды. Үкімет «Алынған мал қайтарылады. Бәрі ымырашылдықпен шешіледі», деп көтерілісшілерді алдап, орталықтан қарулы отряд келуін күтіп уақыт созады.
Маусым айының басында ОГПУ-дың аудандық бөлімінің бастығы Зайков «Досмағамбетовтың бандасын» құрту жөнінде тиісті шаралар қабылдауға нұсқау береді. Галкин бастаған 25 адамнан тұратын қарулы отряд 8 маусым күні 11-ауылды қоршап алады. Нәтижесінде екі арада атыс болып, пулеметпен қаруланған ОГПУ отряды алты көтерілісшіні жер жастандырады. Отрядтан бір адам оққа ұшады. Мұздай қаруланған отряд тірі қалған 17 көтерілісшіні қолға түсіреді.
Қызылдардың бұл қырғынына қарсылық білдірген ауыл тұрғындары тұтқындарды босатып алуға әрекет жасап көреді. Бірақ, ол да сәтсіз аяқталады. Қақтығыс кезінде бостандық аңсаған Тілеуқабыл Жалмағамбетов, Жөкебай Жандосов, Омар Жандосов және Сана Бекмағамбетов деген азаматтар оққа ұшып, мерт болады.
Көтерілісшілер қолға түскеннен кейін «Қарсақбай ауданының 11-ші және 10-шы ауылдарының Досмағамбетов және басқа да азаматтардың бастауындағы қарулы бандитизм» деректері бойынша ОГПУ-дің Қарсақбай аудандық бөлімінің уәкілі Каржавин тергеу ісін жүргізеді. Іс бойынша 43 адам қылмыскер деп танылды. Оның 10-ы қарулы қақтығыстар кезінде қаза тапқандар. Ал қалғандары жауапқа тартылып, олар РСФСР Қылмыстық Кодексінің 58/2 бабы бойынша кінәлі деп табылып, Қазақстандағы ОГПУ ПП жанындағы үштіктің қарауына жіберіледі.
Қолдағы деректерге қарағанда көтеріліске қатысушы 43 адамның 24-і бұрынғы байлар мен олардың балалары, 18-і кедей және 1-еуі орта шаруа. Осының өзі-ақ, қызыл терроризмнің қыспағына, солақай саясатына қарсы бірігіп көтеріліс жасаудағы мақсат – елдің тәуелсіздікті аңсағандықтарын аңғартады. Байлар да, кедейлер де бар болғаны өздерінің ата-бабалары сияқты еркін өмір сүру құқығын қорғады.
Дерек пен дәйек
Тарихшылар дерегіне жүгінер болсақ 1929-1953 жылдары Кеңес Одағында 40 миллионнан астам адам саяси қуғын сүргін құрбаны болған екен.
Ал, Қазақстанға келер болсақ, 1921-1954-ші жылдары өтірік тағылған саяси кінәмен 100 мыңнан астам адам сотталып, оның 30 мыңдайы кейін атылып кеткен.
Тек қана, 1931-1933 жылдары әдейі, қолдан ұйымдастырылған ашаршылық салдарынан 2 миллионға жуық қазақ құрбан болды.
Ал, осы 1930-1932 жылдардағы киянатқа төзбеген 1,5 миллион қазақ өздерінің байырғы атамекенін тастап, босып кетуге мәжбүр болды.
Ерер, 1930 жылы республикада 5 миллион 873 мың адам тұрған болса, 1933 жылы халықтың саны 2 миллион 493 мың ғана болып қалды. Мұндай өте қысқа мерзімде осыншалықты қырғынға ұшыраған халық оған дейін де, одан кейін де адамзат тарихында болған емес.
Ізтай Белгібайұлы.
Материал «Қарсақбайдағы қызыл террор құрбандары» кітабының негізінде әзірленді.