«GOODZHEM» құрама жеммен Жамбылды толық қамтамасыз етуге қауқарлы
Индустриялық-инновациялық дамытудың 2015 — 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында Тараз қаласынан «GOODZHEM» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз жұмысын бастаған болатын. Дәл бүгінде осы серіктестіктің арқасында мал азығын дайындауда Жамбыл облысының экспортқа тәуелділігі жойылды, — деп хабарлайды «Elana» ақпараттық агенттігі.
Құрылыс жұмыстарына 1 миллиард 200 миллион теңге жұмсалған зауыт қазіргі таңда сағатына 20 тонна, тәулігіне 480 тонна құрама жем шығаруда.
— «GOODZHEM» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі-өңірде құнарлығы жоғары мал азығын шығарумен айналысатын ірі кәсіпорын. Бұрын жем дайындайтын шағын зауыттардың облысымыздағы төрт түлікті, өзге де жан-жануарды азықтандыруға мұршасы жетпейтін. Анығы өнім жетпейтін. Ал қазіргі таңда аталған мәселе толықтай шешімін тапты.
Бүгінгі таңда өңірдегі шаруашылықтардан, Солтүстік аймақтардан қажетті өнімімізді алып отырамыз. Арнайы зертханамыз бар. Ең алдымен сатып алатын әр өнімнің сапалылығын мұқият тексеріп, жарамды болса ғана аламыз. Одан әрмен тұтынушының талабына сай соңғы үлгідегі технологияларды пайдалана отырып кез келген масақты дәнді-дақылды араластыру арқылы құрама жем шығарамыз. Сапасы өте жоғары. Сондықтан да болса керек, сұраныс өте жоғары.
Сонымен қатар өндіріс толықтай автоматтандырылған. Адам күшін көп қажет етпейді. Қазіргі таңда үш ауысыммен 25-30 азамат жұмыс жасайды,–дейді «GOODZHEM» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің менеджері Мұхамед Үсенбаев.
Бүгінгі таңда серіктестік өнімі тек ішкі нарыққа емес, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан елдеріне де өткерілуде. Сонымен қатар мұнан өзге де бірқатар ТМД елдерінен де сұраныс түсіп жатқан көрінеді. Серіктестік мамандарының айтуынша, жүгері, соя, бидай, арпа сынды сан алуан дәнді дақылдардан әр мал түріне жекелей дайындалатын құрама жемнің арқасында сиыр сүтінің майлылығы 15-35 пайызға артады. Жұмыртқа өндіру көлемі де шамамен 25 пайызға дейін жоғарылайды. Сондай-ақ, төрт түліктен алынатын өнімнің де, төлдің де көрсеткіштері жақсара түседі