Google компаниясының ресми серіктесі «Павлодар» арнайы экономикалық аймағына халықаралық деңгейде жарнама жасайды

Google Partners компаниясының ресми өкілдері «Павлодар» арнайы экономикалық аймағының халықаралық аренада танылуына жәрдемдеседі. Экономикалық аймақтың басшылығы Google компаниясының сертификатталған серіктесі Kvadra компаниясымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Kvadra компаниясымен әріптестік жасау арқылы Google AdWords платформасының негізінде шетелдік инвесторларды ақпараттандыруға және таргетингтеуге, яғни, қажетті компанияларды белгілі бір критерийлер бойынша қызықтыратын мәліметті орналастыруға болады. Google Partners өкілдері «Павлодар» арнайы экономикалық аймағының басқару компаниясы үшін жеке PR-стратегия құрастыруды бастады. Стратегияға сәйкес, осы жылдың өзінде арнайы аймақ экономиканың түрлі салалары бойынша ірі халықаралық инвесторлармен қоян-қолтық жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болады.

— Біз қолданып отырған құралдардың өзектілігін анықтайтын әлемдік тенденцияларды түсіне білу керек, — дейді «Павлодар» АЭА басқармасының төрағасы Айбек Тұрсынғалиев. – Заманауи технологиялар мен интернет ақпаратпен таныстыру және жарнама берудің жаһандық деңгейдегі негізгі құралдарына айналды. Қазіргі кезде жарнамалық өнім пакетін құрастырып, тиісті аудиторияны жинап, тінтуірді басып қана, барлық ақпаратты тиісті мекенжайларға жіберу арқылы өзімізге қажетті инвесторлармен жұмыс істеуге болады. Бүкіл әлем осылай жұмыс жасайды. Бізді іздейтін компаниялар баршылық. Тек оларды таба білу керек. Google AdWords пен Google Partner осы мәселемен тікелей айналысады. Қарапайым сөзбен айтар болсақ, әлемнің бір түкпірінде қаржысы мен бизнес идеясы бар компания интернет арқылы өзінің кәсібін бастауға жарамды орын іздеп жүр. Google AdWords оған әлемдік нарықтағы ең тиімді ұсыныстарды, оның ішінде біздің аранйы аймақты да көрсетеді, ал, Google Partner кәсіби оператор ретінде ақпаратты дұрыс жеткізе алады.

Тараптар қол қойған құжатқа сәйкес, келесі жылы АЭА үшін құрастырылған жаңа интернет-алаң пайда болады. Оның көмегімен қазіргі кезде арнайы аймақта жұмыс жасап жатқан компаниялар өз кәсібін жүргізудің тиімді құралдарымен танысып, өзге елдердің компанияларымен тікелей жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болады.

 

   Әлихан Рахметоллаұлы