ГРАНТ АЛЫП, МАЛ БАСЫН КӨБЕЙТІП ЖАТЫР
«2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті қолдаудың ұлттық жобасы» аясында берілген қайтарымсыз қаржының тұрғындардың шаруашылығын дамытуына үлкен қолдау болып тұр.
Жаңатас қаласының жеке секторларда тұратын тұрғындары да мемлекеттен грант алып, мал басын көбейтіп жатыр.
Мемлекеттік қолдауға ие болып, 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде грант қаражатын алған Жаңатас қаласының тұрғындары, көп балалы аналар Артықова Сандуғаш Асанқызы, Рақымжанова Жансая Дүйсебайқызы, Сүлейменова Аманбала сиыр өсірумен айналысса, көп балалы ана Қобыланова Айгүл қой өсірумен айналысуда.
Ал, жаңатастық Жаңабаев Сабыр Ролланұлы жылқы малын өсіруге ден қойған. Ол да кәсіпкерлік оқу курсынан өтіп, қайтарымсыз грант қаражатына өз жобасын ұсынып, мемлекеттік қолдауға ие болған.
Сондай-ақ, Қамқалы ауылдық округіндегі Қамқалы ауылының тұрғыны Жанпейісов Малдыбай мемлекеттік қолдауға ие болып, 1380000 тенге грант қаражатын алып, сиыр өсірумен айналысып жатыр. Қамқалы ауылдық округі мал өсіруге қолайлы аймақ. Бұл елді мекендердің де тұрғындары қазіргі таңда мал басын көбейтуді қолға алған.
Сонымен қатар, мемлекеттік грант алған саудакенттіктер Сағынтаева Назерке Анарбекқызы жылқы малын өсірумен айналысса, Айдарқұлов Зайыр Жөгібайұлы сиыр малын өсіруде.
Мал шаруашылығымен айналысып жатқан барлық грант иегерлері алдағы уақытта мал басын көбейтіп, ет, сүт өнімдерін өндіріп, сол арқылы табыс табуды жоспарлап отыр.