ГРАНТ АЛЫП ҚОЙ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ҚОЛҒА АЛДЫ

«Президенттің тапсырмасы бойынша, Үкімет көп балалы отбасыларды қолдауға бағытталған бірыңғай шаралар пакетін қабылдады.
Халықтың жағдайын жақсартып, отбасылық табысты арттыруға мемлекет тарапынан әртүрлі бағдарламалар бойынша көмектер көрсетілуде. Соның ішінде кейінгі жылдары жұмысы жоқ, аз қамтылған отбасыларға қайтарымсыз гранттар беріле бастағаны қуантады.
— Қазақта “Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір” деген қанатты сөз бар. Қой шаруашылығымен айналысу қазақтың қанында бар кәсіп ғой. Тәуекелге бел буып бастап кеттік. Осы істі бастауға мемлекеттік қайтарымсыз гранттың пайдасы мол. Яғни, бұл — қармақ. Ары қарай алып кету өзімізге байланысты,-дейді Жамбылдық келіншек Алтынай.
Толығырақ айтсақ аталмыш грантты жеңіп алу үшін арнайы оқудан өтіп, тиісті құжаттар талапқа сай етіп өткізілуі керек. Бұл ретте аудандағы жұмыспен қамту орталығы бірнеше азаматтың қайтарымсыз грант алуларына жағдай жасап келеді. Сондай грантқа қол жеткізгендердің бірі – Үлгілі ауылының тұрғыны Алтынай Қошмағанбетова.
— Мен өткен жылдың желтоқсан айында мемлекеттен 583400 теңге қайтарымсыз қаржы алдым. Аталған қаржыға 10 бас қой сатып алып, өсірудемін. Қойға қажетті қора-қопсымды алдын-ала дайындап қойғанмын. Өткен қыс шаруаға жайлы болды.
Ауыл маңында қойға жайылым жетіспейтін болғандықтан қойларды құмға шығардық. Күзге қарай қайта қолға аламыз. Саулықтар төлдеуде. Қазір қысқа дайындық жасаудымын. Қайтарымсыз қаржы Жуалы ауданынан көшіп келген маған үлкен көмек болды. Сондықтан осындай көмек көрсеткені үшін мемлекетке алғысымды айтамын. Алдағы уақытта өз малымды көбейте беретін боламын, — дейді шаруакор ана Алтынай Қошмағамбетова.
Міне, осылайша «Шағын кәсіп, елге нәсіп» демекші азын-аулақ қаржының өзі шаруаның көзін тапқан кейбір отбасыларға біршама көмек болып отыр. Ең бастысы ерінбей еңбек еткенде ғана табысқа жетуге болады.

Көркем Асқар