ГРУЗИЯ АСПАННЫҢ САЗҒА БӨЛЕГЕН ҚАЗАҚ КВАРТЕТІ
Виолончель, бірінші скрипка, екінші скрипка және альттан тамылжыған классикалық музыка концертке жиналған жұртшылықты бірден баурап алып, ерекше күй сыйлағаны әрбір тыңдаушының жүзінен байқалып тұрды. Елімізге танымал, талантты музыканттардың шебер орындауындағы қазақстандық және әлемдік композиторлардың шығармалары әрбір тыңдарманның жүрегіне жол тауып, ерекше қошеметке ие болды. Грузияның белгілі композиторы Сулхан Цинцадзенің туындыларының өзіндік стильде орындалуын халық ыстық ықыласпен қабылдады. Жыл сайын ондаған классикалық концерттерден сусындайтын, кірпияз, талғампаз грузиндік тыңдармандар Қазақстанның музыкалық өнерінің жоғары деңгейі мен отандық әртістердің шеберлігіне тәнті болды. Осы ерекше өнерді Грузияның ресми тұлғалары, мәдениет қайраткерлері, қоғамдық және іскер топтардың, Тбилисиде аккредиттелген дипломатиялық корпустың, халықаралық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ қазақстандық азаматтар тамашалап, орасан зор бағаларын берді. Шығармашылық ұжымның негізін қалаушы оның көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ернар Мыңтаев (виолончель), республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаттары Айдар Тоқталиев (1-скрипка), Алексей Лебедев (2-скрипка), Бекзат Сайлаубайұлы (альт) биске орындаған Құрманғазының «Адай» күйі қазақтың кең даладай жомарт көңілін, батырлық рухын, ұлы далада шауып бара жатқан арғымақты елестетеді деп тыңдармандар ойларымен бөлісіп, біздің музыканттарды ұзақ уақыт сахнадан жібермей, қошеметтерін көрсетті.
Қазақстан Республикасының Грузиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мәлік Мырзалин өз сөзінде еліміздегі камералық музыканың көшбасшысы ішекті аспаптар Қазақ квартетінің Тбилисидегі концерті айтулы оқиға деп, бұл іс-шараның екі ел арасындағы мәдени байланыстарды одан әрі дамытуға өзіндік үлес қосқанын ерекше мақтанышпен атап өтті. Ғазиза Жұбанова атындағы Мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті сонымен қатар Грузияның Аджария Автономиялық Республикасының астанасы Батуми қаласында да өнер көрсетеді. Биыл 11-рет өткізіліп отырған «Батуми Қара теңіз музыка және өнер» халықаралық фестиваліне, оның негізін қалаушысы, Грузия парламентінің Мәдениет комитетінің төрайымы, ЮНЕСКО-ның бейбітшілік әртісі, атақты пианист Элисо Болквадзенің арнайы шақыруымен қатысады.
Бес күнге созылатын бұл халықаралық фестивальде әлемдік деңгейдегі классикалық музыканың жұлдыздары концерттер, шеберлік сабақтарын өткізеді. Айтулы бұл іс-шара елдер арасындағы мәдени, шығармашылық байланыстарды нығайтып, өнер адамдарының жеке қарым-қатынас орнатуына, жас музыканттардың тәжірибе алуына ықпал етеді. Іс-шараның жалғасын газетіміздің келер нөмірінен оқи аласыздар.