ҒЫЛЫМЫ ДАМЫҒАН ЕЛДІҢ КЕЛЕШЕГІ ЖАРҚЫН

Жас ғалымдар мен зерттеушілерді мемлекет тапынан қолдау жақсы үрдіске айналды. Мемлекеттік грандтарды еншілеп шетелдерге шығып, тарихымызды түгендеп, жаңашылдыққа талпынған жас ғалымдар қатары жылдан жылға өсе түсуде.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 31 мамырда ғалымдармен өткізген үлкен жиында ғылымға бөлінетін қаражат жылдан жылға тұрақты түрде ұлғайып жатқанын, сонымен бірге, білікті маман дайындау бағытында бөлінетін грант саны да соңғы жылдары 1,5 есе өскенін мәлімдеген болатын. Соның ізімен 2025-2026 жылдары жас ғалымдар жүргізетін зерттеу еңбектеріне қарастырылған гранттар да арта түспек. Әсіресе жас ғалымдарды қолдау бағытындағы шараларға ерекше тоқталған болатын. Мәселен, 2023 жылы 284 жас ғалым пәтер иесі атанса, 2024 жылы мемлекет басшысының тапсырмасымен тағы да 200 пәтер үлестірілетін болды. Осындай шаралар арқылы еліміздегі ғылым мен жалпы ғалымдар қауымы әрі қарай да мемлекет тарапынан қолдау таба беретіні сөзсіз.

Қазір жас ғалымдарды мемлекеттік қолдау шаралары жылдан-жылға көбейіп жатыр. Атап айтқанда, жас ғалымдарды қолдау мақсатында әр жыл сайын 35 жасқа дейінгі талантты жас ғалымдар үшін 50 мемлекеттік степендия беріледі, «Жас ғалым» жобасы аясында жас ғалымдарды жоғары оқу орындары мен ұйымдарға кеңінен тарту мақсатында подстдокторанттар үшін 1000 грантқа қаржы бөлінеді. Осы шаралармен ғана шектелмей, әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында қазақстандық ғалымдардың біліктілігін арттыру мақсатында «500 ғалым» бағдарламасы да бекітілген. 2023 жылдан бастап жас ғалымдарды баспанамен қамтамасыз етудің жаңа бағдарламасы іске қосылды. Президент тарапынан 200 жас ғалымға баспана берілу шарасы іске асырылып жатыр. Жас ғалымдар кеңесі құрылды. Бұл осыдан 5-6 жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда үлкен өзгеріс бар екендігін көрсетеді. Әрине, мұндай шаралар жастардың ғылыммен еркін айналысып, ғылымның еркін дамуына көмегін тигізеді.

Нақтырақ айтқанда, білікті кадрлар әзірлеуге арналған грант саны соңғы жылдары бір жарым есе көбейді. Қазақстанда әлемнің беделді 12 жоғары оқу орнының филиалы жұмыс істеп тұр. Осы ретте айта кеткен жөн, жас ғалымдарға мемлекет тарапынан көптеген жеңілдіктер мен қамқорлықтар көрсетілуде. Қазақстандық журналистер Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Ғалымжан Жанқуатовқа берген сауалдарының бірінде жас ғалымдардың әлеуметтік мәселелері туралы сауал тастаған болатын.

— Ғалымжан Жандосұлы, ғалымдарға грант, шәкіртақы және зерттеу жүргізуге мүмкіндік бойынша қандай өзгерістер мен жаңалықтар бар?

— Ғалымдарға грант, зерттеу жүргізуге келесі өзгерістер мен жаңалықтар жоспарланып отыр: «Ғылым және технологиялық саясат» заң жобасында қарастырылған Технологияның дайындық деңгейін енгізу ғылыми нәтижелерді енгізуге және коммерцияландыруға дейін жылжытудың барлық кезеңінде қолдау көрсетеді. Бұл жүйе жобалар мен бағдарламаларды іріктеуге және қаржыландыруға неғұрлым жүйелі көзқарас қалыптастырады. Бұған қоса, зерттеулердің жай-күйі мен нарық пен өндіріске дайындық дәрежесін жүйелі түрде түсіну, перспективалық зерттеулердің мақсаттары мен міндеттерін тиімдірек анықтауды қамтамасыз етеді.

Міне, өздеріңіз көріп отырғандай игі істер жас ғалымдарға ерекше серпін беруде.

«Ғылым және технологиялық заң» жобасы жас ғалымдарға үлкен мүмкіндік береді. Осы заң жобасында жас ғалымдардың тұрғын үй сатып алу немесе тұрғын үй жағдайын жақсарту құқығы қарастырылған. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жас ғалымдарды қолдау күшейтілді. Жас ғалымдардың зерттеулерін гранттық қаржыландыруға арналған конкурстардың нәтижесінде 727 жоба іске асырылып отыр. 2024-2026 жылдарға жас ғалымдардың зерттеулерін гранттық қаржыландыруға 18 млрд теңге қарастырылған. Сондай-ақ, Ғылым және жоғары білім министрлігі қаржыландыратын әрбір жобада жас ғалымдардың үлесі кемінде 30%-ды құрайды. Яғни, аталған заңда жас ғалымдарды әлеуметтік қолдау пакетін кеңейту жоспарланған деуге толық негіз бар.

Нағашыбай Қабылбек