Халифа Алтайдың 100 жылдығы кең көлемде атап өтіледі
Биыл есімі күллі түркі әлеміне кеңінен танымал дінтанушы Халифа Ғақыпұлы Алтайдың 100 жылдық мерейтойы Қазақстанда ғана емес, Түркия, Қытай және Еуропаның бірқатар елдерінде атап өтіледі деп хабарлайды «Егемен Қазақстан».
Мерейтой кезінде «Ғылым Ордасының» кітапханасы «Қазақстан ғалымдарының библиографиясы» сериясы бойынша «Алтай Халифа Ғақыпұлы» атты кітап шығарылады. Бұдан бөлек «Халифа Алтай және қайта оралған тарих» атты конференция және фотосурет көрмесі ұйымдастырылып, Халифа Алтай туралы деректі фильм түсіріледі.
1917 жылы Қытай Халық Республикасында өмірге келіп, 2003 жылы 15 тамызда Қазақстанда қайтыс болған Халифа Алтайды бүгінде жұртшылық сан қырлы өнер иесі ретінде таниды. Қазақ диаспорасының көрнекті қайраткері қасиетті «Құран Кәрім» кітабының қазақ тіліндегі тұңғыш аудармашысы ғана емес, 1989-1990 жылдардағы баспагері, дінтанушы, исламтанушы, жазушы, ақын, антрополог, тарихшы, этнограф, аудармашы, қоғам қайраткері ретінде тарихта қалды. «Алаш» сыйлығының алғашқы лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Ол атажұртқа Елбасының шақыруымен Түркиядан оралған еді. «Құран Кәрім» кітабының қазақ тіліндегі тұңғыш аудармашысы туралы кезінде ҰҒА құрылтайшыларының бірі әл-Машани: «Осы аударма мен оның түсініктерінен басқа еш нәрсе жазбаған күннің өзінде, Халифа Алтай қажыны ірі ғұлама-ғалым қатарында тануға болар еді», деп бағалаған болатын.