Халқым, саған айтам, билік, сен тыңда!
немесе Жерімізді «әркім» иеленсе, онда біздің кім болғанымыз?
Бұл — менің ғана емес, сырттағы, іштегі «әрбір қазақ — жалғызым» деп ұғынатын миллиондаған бауырларымыздың үні. «Құдай бетін әрмен қылсын!» — деп жақсылыққа жорығанмен, бұл ақиқат. Менің қолыма қалам алғызған мәселе осы болып тұр. Анамын ғой, елімнің ертеңі үшін алаңдаймын. Біраз күннен бері ақпарат беттері сайттарда, әсіресе әлеуметтік желілерде бүкіл қазақ үлкен-кіші, алыс-жақын шетелдердегі исі қазақ қатты қобалжу үстінде. Өткен апта Елбасының Үндеуінен басталды. Одан мәлімдемемен жалғасып, халыққа Елбасының Жолдауы түсіндірілді. Бұл да егемендігіміздің арқасы, Елбасының сындарлы саясаты. Ең бастысы, ол құжаттарды елдің жан-жақты талқылауында. Бұл қуантады. Халық еш нәрсеге немқұрайлы қарамайды, жақсы пікірлер айтып, жеткізіп жатыр. Мен де өз пікірімді айттым, жаздым. Аллаға сансыз шүкіршілік етемін. Бақыттымын, кемеңгер көшбасшымның саясатын шамам келгенше насихаттап, елмен араласып, билік пен халықтың ортасында алтын көпір болғаныма да сансыз шүкіршілік етемін. Еңбегім бағаланып, Елбасымның жарлығымен 68 жасымда ҚР еңбек сіңірген қайраткері атандым. Ол маған күш-қайрат, жігер берді. Қазір 71 жастамын. Еліңе адал еңбек етсең, жастың еш кедергі болмайтынының бір айғағы бұл. Бір Алла қолдаушым, бағдаршамым — Елбасым, тілекшім халқым… Президентіміз демалысты білмей, бүкіл әлемді аралап, елімді қайтсем бақытқа жеткізем деп тынбай жүр. Мен де ел ішін жиі аралаймын. Елбасының саясатын қалың елге жеткізуге, ал ел жақсылықтарын билікке жеткізуге асығамын.
Алладан жалғыз тілегім бар. Ол — елімнің, бала-шағамның амандығы, бірлігі, ынтымағы, ел тұтастығы, егеменді еліміздің тұрақтылығы. Дат жазуыма себепкер болған нәрсе — Ата Заңымызға жасалайын деп отырған өзгертулердің кейбірінің менің халқымның осы үлкен арманына нұқсан келе ме деген қауіп. Осы 26-баптағы «әркім» деген сөз қазақтың тынышын алып отыр. Халқым берген елана атым бар. Үндемей қалғаным аналық атыма сын. Қазақ ешкімді кеудесінен итермеген. Бүкіл ұлтты бауырына басқан қазағым «өзбекті өз-ағам, қырғызды «басымда менің ақ қалпақ, айырмам қайсы қырғыздан, менің де бетім жап-жалпақ» деп, орысты тамырым, ұйғырды бауырым…» дейді. Қазақстанды Отаным деген ағайындардың пікірін, білдірмегендері де көңілге қаяу түсіреді. Зиялы қауымымыз, ғалымдар, мамандар, қарапайым бұқара халқымыз, алыс-жақындағы қандастарымыз, қарттарымыз, аналарымыз «аштыққа да, суыққа да, басқаға да шыдармыз, ал жерімізді, меншігімізді әркім иеленсе, біздің кім болғанымыз» дейді шырқырап. Кеше ғана шекараны Елбасы бекітті, бабаларымыз найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаған қасиетті жеріміз үшін мың өліп, мың тірілген қазақ енді Тәуелсіздігіміз жігіт жасы 25-тен асқанда меншігімді әркімге беріп қоямыз ба? Жерімізге, жер байлықтарымызға, ел бірлігіне әлемде көз тігіп отырған қаншама халық бар. Мен бұл заң Елбасының алдына бекітілуге барғанда қабылданбайтынына кәміл сенімдімін. Нұрсұлтан Әбішұлы — тарихта аты алтын әріппен жазылған қазақтың тұңғыш президенті. Халық қамын, жер тағдырын Елбасынан артық ойлайтын біреу бар десек, қателесеміз. «Патша біреу, халқы оған тіреу» дегендей, біз әрқашанда ол кісінің қасындамыз. Замана ыңғайына қарай келетін өзгерістерге түсіністікпен қарау да байыптылық. Елдіктің, азаматтықтың Ата Заңы бұл. Ұлттықтың, Тәуелсіздіктің, болашақ ұрпақтың тегіне залалы тиеді-ау дейтін тұстарда парасаттылықпен, асықпай ақылдасқанымыз абзал. Шынында да Ұлттық жасампаздыққа бастайтын, ұлыстық бірлікке үндейтін өзгерістерді өзегімізбен қабылдай білсек, қанеки.
Ата Заңда астар болмайды! Тек қана шындық жазылатын жалғыз мәтін — Ата Заң. Бұл — Қазақстанымыздың, қазағымыздың тағдыры алтын әріппен жазылатын ұлы құжат.
Қадірлі Елбасы, сіздің қашанда халық пікірімен санасатыныңыз белгілі. Қандай да бір қиын, ауыр шақтардан еліңізді хас шеберлікпен алып келе жатқан ұлы тұлғасыз. Қазақтың ұлы көшбасшысы бар, ол — Елбасы. Нұрсұлтан Әбішұлының бұл жолы да дұрыс та айқын жолды данышпандықпен таңдайтынына кәміл сенімдімін. Қазақстан Республикасының азаматы ретінде Конституциямызға өзгертулер мен толықтыруларға байланысты 26-баптың өзгеруіне түбегейлі қарсымын, осындай талаптар мыңдап, он мыңдап кездеседі.
Барлығының алаңдайтыны – ертеңгі ұрпаққа не қалдырамыз, ұл-қызы жат қолына кетіп, қасиетті қазақ топырағын «әркім» таптамай ма деген күдік мазалайды. Обалы кімге?!..
«Әркім» туралы Ата Заңды ашып саралап көрелік: Қазірде 26-бап туралы әркім айта бастапты және «сендер түсінбейсіңдер, заңнан сауатсызсыңдар!» деп сөгушілер пайда болды. Бәрінің пікіріне құрметпен қарай отырып, Конституциямызды бір шолып шығалық. Ең әуелі меншік жайында 6-бап:
1. Қазақстан Республикасында мемлекеттік меншік пен жеке меншік танылады және бірдей қорғалады.
2. Меншік міндет жүктейді, оны пайдалану, сонымен қатар қоғам игілігіне де қызмет етуге тиіс. Меншік субъектілері мен объектілері, меншік иелерінің өз құқықтарын жүзеге асыру көлемі мен шектері, оларды қорғау кепілдіктері заңмен белгіленеді.
3. Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар мемлекет меншігінде болады. Жер, сондай-ақ, заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жекеменшікте де болуы мүмкін.
3-тармақты қысқарта айтсақ, «Жер жекеменшікте бола алады» деп тұр. Ал 26-бап осы меншік кімге берілетінін айқындайды:
1. Қазақстан Республикасының азаматтары заңды түрде алған қандай да болсын мүлкін жекеменшігінде ұстай алады.
2. Меншік, оның ішінде мұрагерлік құқығына заңмен кепілдік беріледі.
3. Соттың шешімінсіз ешкімді де өз мүлкінен айыруға болмайды. Заңмен көзделген ерекше жағдайларда мемлекет мұқтажы үшін мүліктен күштеп айыру оның құны тең бағамен өтелген кезде жүргізілуі мүмкін.
4. Әркімнің кәсіпкерлік қызмет еркіндігіне, өз мүлкін кез келген заңды кәсіпкерлік қызмет үшін еркін пайдалануға құқығы бар. Монополистік қызмет заңмен реттеледі әрі шектеледі. Жосықсыз бәсекеге тыйым салынады.
Бары осы. Ауыз көпіртіп сағаттап түсіндірер түк те жоқ, меніңше. Конституция — мемлекет іргетасы, ең қуатты заң. Елдегі барлық заңдар мен нормативтік актілер осы Конституцияны негізге ала отырып жазылады, түсініксіз тұс болса, осы Заңға жүгінеді. Білуімше, біздің Конституцияны Салық Зиманов бастаған білікті ғалымдар әзірледі. Олардың дәл 26-бапқа «Қазақстан Республикасының азаматтары» дегенді нығарлап жазуы бекер емес. Мұндай нақтылық Конституцияға міндетті түрде керек. Мәселен, 33-бапта: «Республика азаматтарының мемлекеттік қызметке кіруге тең құқығы бар», — делініп тұр. Оны «әркімнің құқығы бар» деуге болмайды. Ал «әркім» сөзі ортақ тұрғыда көп қолданылады: Әркімнің құқық субъектісі ретінде танылуына құқығы бар және өзінің құқықтары мен бостандықтарын, қажетті қорғанысты қоса алғанда, заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғауға хақылы. (13-бап. 1) Әркім өзінің жеке басының бостандығына құқығы бар. (16-бап) Еңбек құқығын талдайтын 24-бапта да «әркім» деген сөз баршылық. Рас, біз зайырлы ел ретінде әркімнің (отандасымыз, шетелдік) құқығын сақтауға, баршаға тең білім алуға мұрсат беруге, еңбек етуіне рұқсат… Тағы біреуі былай түсіндіреді: «Әркім» шетелден келген инвесторларға арналған, олар ақшасын құяды. Онда «инвестиция құятын шетелдіктерге» деп неге ашып бір пункт жазбайды? Əркімді жазбай-ақ, ауыстырмай-ақ…
Бұл Құран емес қой, адамның игілігіне жазылып, оған қызмет етпей ме? Оны жазатын да адам емес пе дейді.
Ресей мемлекеті өз Конституциясында «Әркім меншік құқығына ие бола алады» деп көрсеткен. Біздің енгізбекші болып отырған нұсқамыз әдеттегідей Ресейдің Конституциясынан алынғалы отыр. Алайда Ресей мен Қазақстанды салыстыруға мүлдем келмейді. Ресей, шын мәнінде, көпұлтты, федеративтік құрылымдағы мемлекет. Ал Қазақстан — унитарлы мемлекет. Ресей — дүниежүзіндегі кез келген елге қарсылық көрсете алатын, әскери қуатты, империялық амбициясы бар ел.
Сенат спикері Қ.Тоқаев мырза:«Конституцияға енгізілген өзгертулерде Қазақстанды өркениетті ел қылатын шетелдіктер үшін маңызды жаңалықтар бар», — дейді. Бұрынғы сенат депутаты, «Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының» президенті Зәуреш Батталова ханым конституциялық өзгерістер жобасында 26-баптағы «Қазақстан Республикасы азаматтары» тіркесін «әркім» деп өзгерту — «шетелдіктерге Қазақстан жерін жекеменшікке өткізудің жолы» десе, қазіргі сенатор Серік Ақылбай мырза, оның көлігі, киімі, компьютері бар. Мұның бәрі сол адамның мүлкі болып саналады. Одан басқа, шетелдік азаматтар мұнда инвестиция әкеледі, ол да мүлік. Келген инвестиция қорғалуы керек, оның Конституциямен сақтандырылуын қамтамасыз ету керек»,— дейді Ақылбай мырза.Сенатордың пікірінше, Жер туралы мәселе — басқа мәртебеге ие және мүлде басқа ережемен реттеледі«Біз бұл жерде Конституцияның 6-бабына жүгінуіміз керек, онда жер заңда көрсетілген жағдайларда ғана жеке меншікке берілетіні жазылған. Яғни, мұнда Жер туралы және Азаматтық кодекстерге сілтеме жасалған, ал ол заңдарда шетелдіктердің ауыл шаруашылығына арналған жерлерді сатып алуы туралы бірде-бір сөз жоқ», – дейді ол.
Белгігі қоғам қайраткері Дос Көшім мырза :«Егер ҚР Конституциясын халықтық референдум арқылы қабылдасақ, Конституцияға енетін барлық өзгерістер мен толықтырулар да референдум арқылы қабылдануы тиіс» депті Көшім Abai.kz сайтында жарияланған пікірінде.Айтуынша, бүгінге дейін Конституция баптарының, кем дегенде, үштен бірі өзгеріске түсті, бірақ билік бір де бір бапты халықтың талқысына салмаған.«Өткен жылғы жер мәселесінің екі сұрағы шешімін таппай тұрғанда, Конституциядағы меншікке қатысты бапты өзгерту – халықты көшеге шығару үшін жасалған арнайы жоспар сияқты», дейді ол бұл ретте. Билік халықты алдай алмайды. … Айтуынша, жерін, өзен-көлін, ауасын жекеменшікке жатқызуды қазақ қоғамы қабылдамайды. Әрине, сан түрлі айла-шарғылармен кез келген заңды қабылдауға (қабылдатуға) болатын шығар, бірақ оның түбі үлкен жарылысқа алып келетіні анық.Сонымен қатар, ол «жер – мемлекеттің меншігі» деген тұжырыммен келіспейтінін айтыпты.«Жер – соны сақтап қалған, өз қанымен қорғаған халықтікі, қазақ ұлтының меншігі.Қазақ жері халықтың емес, мемлекеттің меншігі болғанда – ұлт өзінің жерінен айрыла бастайды екен: Кеңес одағына кірген Қазақ мемлекетінің басшылары «экономикалық қажеттілік» деген сылтаумен «өздерінің меншігіндегі жерді» Ресейге де, Өзбекстанға да таратты… Билікке беруге болмайтын екі нәрсе бар; біреуі – адамдардың құқығы мен еркіндігі (мемлекет тек сол құқықтың сақталуының кепілі ғана), екіншісі – жер (мемлекет жерді тиімді пайдалануды реттеуші ғана), – дейді, Дос Көшім мырза.
Астанада ҚР-ның заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар қарастырылған ҚР Үкіметі отырысында қоғамдық резонанс тудырған 26-бап мәселесін көтерді, нақты себептермен ол бапты өзгертудің қажеті жоқ екенін дәлелдермен, Болатхан Тайжан» қорының президенті Мұхтар Тайжан мырзада пікірін білдірді.
Қоғам қайраткері Айдос Сарым: Жер учаскесі, үй, дача, вилла, зауыт, фабрика, кеніш, плантация, егістік, шабындық — жылжымайтын мүлік болып табылады. Жылжымайтын мүлік я жекеменшік, я мемлекеттік болуы мүмкін. Бүгінде жер мен жерасты байлығы мəселесі көбінде əртүрлі мерзімді аренда арқылы шешіліп отыр. Қазір жерге жекеменшік мəселесі бесжылдық мораториймен жылы жабылған. Уақытша.Бүгінгі биліктің ойы жерді жекеменшік етуге қол жеткізу жəне оны кез-келген адамға жекеменшікке сатуға мүмкіндік жасау. Егер жер жекеменшік болса, онда шетелге кетсең де сенікі болып қала береді. Заңдастырылуы мен заңдылығы қамтамасыз етілсе жетіп жатыр. Оны сатып алуға, сатуға, мұра қып қалдыруға болады деген сөз. Оны елдің де, əлемнің соты да қорғап шыға алатын болады.Барша əлем заңында солай. Біздің заңдарымыз да осы əлемдік үрдіске негізделген.
«Бұрын жер мен жерасты байлықтарына қатысты шектеулер болатын. «Əркімдерге» қатысты. Қазір 26-бап өзгертілсе, бұл шектеулер жойылады. Сондықтан да бұның бізге қатысы жоқ, жер қатынастарына еш кеселін тигізбейді, зияны жоқ дегенді айтпаңыздаршы!» — дейді
Қанша адам сонша пікір, дұрыс па, бұрыс па, бағасын беріп, үкімін шығаратын — болашақ! Ел сенім артқан қос палаталы Парламенттің төрінде отырған халық қалаулылары «Қазақстан Республикасының мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасына көп уақыт жібермей, талас-тартыс тудырмай, біздің үнімізге ден қойып, «айдарынан» сипап, Елбасының алдына жіберуінің өзі ашудың түйінін тарқатып, халықты тыныштандырар еді. Енді елді осыншама дүрліктірмей, биліктегілер, халық қалаулылары, заңгерлер осыны халыққа неге түсіндірмейді? Халық қалаулылары ел аралап, Елбасының Үндеуін насихаттап, бұқара халықпен кездесуде, халықтың осы заңдағы өзгерістер мен толықтыруларда ұсыныстарын ескеріп жеткізетініне күмәнім жоқ. Мемлекетіміз күннен-күнге дамып, гүлденіп келеді. Оған сөз жоқ. Бірақ ұлттық мемлекет болып қалу мәселесі әлі де қиын күйінде қалып тұр. Себебі өз бауырларымызды өзіміз кеудесінен итеріп отырмыз. Сырттағы көш тоқырап тұр. Елбасы Н.Назарбаев Конституцияның кепілі, Ұлт көшбасшысы ретінде шетелдегі қазақтардың елге келуіне жағдай жасап, елге миллион қазақты қосты. Конституцияның екінші бөліміндегі 10-бапқа «Республика шегiнен тыс жерлерде тұратын этникалық қазақтар Қазақстан Республикасына кедергізсіз оралады және тұру мерзіміне қарамастан, Қазақстан Республикасының азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен (тіркеу тәртібімен) алады» деген тармақ қосуды сұраймыз. Әлемнің 40-тан астам елінде тарыдай шашып жүрген 5 миллион қазақтың елге оралуы және олардың ҚР азаматы атануы сияқты күрделі процесс Елбасы салып берген жолмен жалғасын табуы қажет. Қолданыстағы көші-қон заңының тұрақсыздығы кесірінен соңғы 7 жылда көші-қон айтарлықтай тұралады. Оралмандардың азаматтық ала алмауы, оларға азаматтық беру тәртібінің жиі өзгеруі шеттен келген қандастарымызды қинағаны жасырын емес. Сондықтан да Ата Заңға өзгертулер ішінде «шетелден оралған қазақтарға азаматтық беру» туралы ұсыныстар да бар. Елбасының осы сара жолы тарихқа қалай алтын әріппен жазылатын болса, әлемдегі қазақты бір қазақ қалғанға дейін елге оралтатындай бап Ата Заңда да жазылуы керек. Әлемдік мамыражай тіршіліктің басты шарты — халықтың билікті түсінуі, биліктің халықпен тіл табыса білуі. Ынтымақ пен бірлік сол кезде ғана нығаяды. Сондықтан біз бір-бірімізді түсініп, бір-бірімізді құрметтеуге тиіспіз. Қазақ деген атымызға лайықты ел болу — баба мұраты! Алладан да, тағдырдан да, уақыттан да жылап алған мүмкіндіктен ажырап қалу қаупі туып отыр. Біз өзі аз ғана халықпыз. Ұлтқа ұлағат болатын ақсақал ардагерлеріміз, зиялыларымыз да көп емес. Олардың да осы бір кезеңде үн-түнсіз қалуы мүмкін емес… Биліктің халық пікірімен санасатыны белгілі, тіпті бір ай уақыт беріп, мекенжайын айтып, халық пікір-ұсынысын жазсын дегеніңіз осының дәлелі.
Мемлекет басшысы бүкілхалықтық талқылауға шығарған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасына қатысты ұсыныстар 2017 жылғы 26 қаңтардан 2017 жылғы 26 ақпанға дейін мына мекенжайда қабылданады: 010000, Астана қаласы, Есіл ауданы Үкімет үйі Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік құқық бөлімі. Электрондық пошта — ap2017@akorda.kz Ұсыныстар ағылып келіп жатқаны сөзсіз, Ассамблеядағы Қазақстанды өз Отаным деп есептейтін ұлттар мен ұлыстардың да бұған қарсы болатыны сөзсіз…
ТҮЙІН: Мұндай мәселелерге халықтың қобалжуы орынды. Халық қой емес, бас салып жүнін қырқа беретін! Халық — қыран, аңға салсаң, аңды алады, болмаса аңшының өзін алады! Халықпен қашанда санасқан дұрыс. Елдің бәрі сауатты маман емес, осыдан түсінбеушілік туады, сенім кетеді… Не нәрсенің де түбіне бір ауыз сөз жететіні белгілі. «Әркім» сөзі ел тағдырын шешетіні де рас. Сөзге тоқтаған сабырлы халықпыз, Аллаға шүкір, Елбасымыздан бастап, Үкіметте халық үшін шырылдап еңбек етіп жүрген азаматтар жоқ дей алмаймыз. Сіз бен біз білетін қиыншылықтар бар, оларды көзіміз көріп, оқып біліп отырмыз, білмейтініміз қаншама…
Не нәрсе де халықты игілігі бірлігі үшін, болашақ үшін жасалуы тиіс. Мынаны есте сақтайық, дауға айналдырмай, бір-біріміз тыңдап, бұл мәселенің шешілетініне сенейік, ұсыныстарымызды берейік. Қазір бұнымен абырой жинап, ел алдында мықты болғысы келетіндер де бар. Сөз соңында айтарым — сабырмен, асықпай ойланып, ойбайға аттан қоспай, жан-жақты ұрандатпай, заңды оқып қараңдар. Ар таразысына салыңдар, биліктегілердің, халық қалаулыларының пікірлеріне де сыйластықпен қарайық, олардың халықтың пікіріне де солай қарайтынына сенейік, ағайын..! Конституцияға енгізілген өзгертулерде Қазақстанды өркениетті ел болатын да уақыт келер ел аман болса… Ата-бабамыз аманат етіп кеткен Жер-Анамызды баршамыз қастерлейік… Ертең кеш болмасын! Бір-бірімізді тыңдап, əліптің артын бағайық, ағайын, Елбасымызға сенейік. Болашаққа бәріміз жауаптымыз!
Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ,
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері