ХАЛҚЫМДЫ ГЕНОЦИДТЕН АМАН САҚТАП ҚАЛУ – МҰРАТЫМ

«Менің еш бүкпесіз, жалаң тілмен жеткізілген оқиғам – терроризммен күресудегі басты құралым, оны лаңкестер сот алдында жауапқа тартылмайынша қолдана бермекпін». Бұл – жуықта Бейбітшілік саласы бойынша Нобель сыйлығын алған езид белсендісі Надя Мурадтың автобиографиясынан үзінді. Расында, оның басынан өткізген жантүршігерлік оқиғасы бүкіл әлем халқына ой тастағаны анық. Надя Мурад 2014 жылы Иракта мыңдаған езидпен «Ислам мемлекеті» (ДАИШ) террорлық тобының тұтқынына түсіп, құлдықта болған. Үш айдан кейін тұтқыннан құтылып, мыңдаған босқынмен Германияға қашып кеткен. Қазір Германияда тұрып жатыр. 2016 жылы БҰҰ-ның құлдыққа сатылғандардың құқығын қорғау бойынша елшісі болып тағайындалды. Ол – ДАИШ тобының Ирак әйелдеріне жасап жатқан зорлығы мен қысымымен күресіп келе жатқан батыл қыздардың бірі. Тағдыр сынына мойымаған қайсар қыз алғаш рет БҰҰ-ға келіп, өз оқиғасын ашып айтып, зорлық пен адам саудасымен күресуге бел буған еді. Мурад 2017 жылы «Соңғы бойжеткен: менің тұтқындағы оқиғам мен ДАИШ-пен күресім» атты мемуарын жариялап, жүрекжарды сырын әлем жұртшылығымен бөлісті. Оның оқиға желісімен қан майдан мен геноцид жайында түсірілген америкалық режиссер Александрия Бомбахтың «Оның мойнында» (On Her Shoulders) деректі фильмі қоғамда үлкен резонанс тудырған еді. Вацлав Гавел атындағы сый­лықтың, Андрей Сахаровтың «Ой еркіндігі» сыйлығының ие­гері атанған ол Нобель сыйлығы та­рихында Ирактан алғаш шық­қанын айта кету керек. Осынау ай­тулы сыйлыққа ие болған Надя The Washington Post басы­лы­мының әйелдерге арналған www.thelily.com порталына бер­ген сұхбатында бірқатар кө­кей­кесті мәселелерді көтерді. На­зар­ларыңызға сол сұхбатты ұсы­нып отырмыз. – ДАИШ-қа дейін өміріңіз қан­дай болды? – Біз – бақытты едік. Өйт­ке­ні отбасымыз, ағайын-бауы­ры­мыз аман болатын. Езидтер – өз күндерін өздері көріп жүрген кіші халықтар. Ауылымызда көп қыз­мет түрі, жаңа дүниелер жоқ бол­са да, бақытты өмір сүрдік. Ең­­бектеніп, тіршілігімізді жа­сай­­тынбыз. – Сіздің үндеуіңізді әлем хал­қы ести алды ма? – Меніңше, әлем жұртшы­лы­ғы біздің жолдауымыз бен езид­тердің қайғы-қасіретін тү­сін­ді. Қаншама елдер біздің қай­ғы­мызға ортақтасты. Өкінішке қа­рай, езидтерді құтқаруға еш­қандай әрекет жасалмады. Езид­тердің 80 пайызға жуығы әскери ла­герьлерде күнін көріп, жүз­деген әйелдер әлі де тұтқында. Жүз­ден астам бала да тұтқында отыр. Қаншама азамат­тары­мыз­дың зираты ашық аспан ас­тын­да қалды. Оны іздейтін де, артынан зерттейтін де ешкім жоқ. – Оқиғаңызбен бөлісуден қан­дай нәтиже күтесіз? – Әуелі, езид халқын гено­цид­тен аман қалуға көмектесе ала­мын деп үміттендім. Тұт­қын­дағы халқымды елге қайтарып, тер­риториямызды қалпына кел­тірсем, езидтер болашақта қор­ғау­да болса деймін. Әлемдегі еш­қандай әйел заты менің көр­генімді көрмесе екен деген тіле­гім бар. – Бұл мақсаттарға жету үшін та­ғы не істелуі керек? – Туған жерімнің жартысына жуы­ғы миналанған. Аудандары­мыз жойылды, ал езидтер әлі де тұт­қында. Бәрін қалпына кел­ті­ріп, бастысы тұтқында отыр­ған­дарды аман сақтап қала аламыз деп сенемін. – Езидтердің өз құқығын қай­таруы мүмкін бе? – Біздің қауымдастыққа қар­сы қылмыс істегендер жаза­ла­нып, әділеттік орнауы керек. Ирак Үкіметі қанды оқиғаның құр­бандарына қол ұшын беріп, өз үйін, отбасын жоғалтқан аза­мат­тарға өтемақы төлеуі қажет деп ойлаймын. – Кез келген қанды майданда әйел­дер мен балалар бәрінен де көп жапа шегіп жатады. Оларды қа­лай қорғап қаламыз? – Халықаралық қоғамдастық езид халқының әйелдері мен балалары басынан не өткізгенін мұ­қият зерделегендері жөн. Өкі­нішке қарай, жағдай еш өзгер­ме­ді. Биыл да жүздеген езидтерді құл ретінде саудалауда. Бұл – үл­кен қасірет. – Грециядағы лагерьлерде өмір сүріп жатқан езид босқын­да­ры­ның жағдайы қалай? – Олардың жағдайымен та­ны­су үшін арнайы бардым. Көп­шілігі сол бірнеше жыл бұрын тұ­рып жатқан шатыр астында өмір сүруде. Шатырдың астында өмір есігін ашқан сәбилер ла­герьден басқа өмірді көрмеген. Қын­жылтарлығы сол, қаншама езид ұрпағы білім алмай, сауат­сыз болмақ. Қаншама отбасылар қайыр садақаға күнін көруде. Олар­дың ешқандай табыс көзі жоқ. Лас, антисанитариялық жер­лерде күн кешуде. – Өз өмір тәжірибеңізден әлем жайлы не түйдіңіз? – Әлем халқы біріксе, алын­бай­тын қамал жоқ. Әлсіз, қор­ған­­сыз жандарға көмектесе ала­мыз. Алайда, көп жағдайда шап­шаң әрекет етпей жатамыз. – Қазір езидтерге бәрінен бұ­рын не қажет? – Жерлерімізді мина­сыз­дан­дыру, бәрін қалпына келтіру жә­не қауіпсіздік. – Езид халқы мен олардың ге­но­циді туралы қандай жаңсақ пі­кір­лер айтылып жүр? – Жаңсақ пікірлер көп. Ай­тарым, езидтер – қорқынышсыз өмір сүргісі келетін, бейбіт кіші халықтардың бірі. Елдегі басқа халықтар сияқты олар да өздерін құрметтегенін, кемсітпегенін ар­мандайды. – Адам құқығын қорғау бо­йын­ша қызметіңізді тоқтатасыз ба? – Кітабым жарыққа шығып, бір­неше жыл бойы белсенді қор­ғаушы боламын. Содан кейін бі­­раз үзіліс жасармын. Бірақ езид­­терді сақтап қалу және адам құ­қықтарын қорғау жөніндегі қыз­метімді әрдайым жалғастыра бер­мекпін. – Фильмнен сіздің Кочоға орал­ғаныңызды көрдім. Бұл – сіз үшін ауыр екені айтпаса да тү­сінікті. Қандай сезімде болдыңыз? – Ол жерде қандай қантөгіс бол­ғаны, қандай зорлық жасал­ғаны бәрі – есімде. Алайда мен өзгеше сезімде болдым. – Неге? – Себебі мен сол сәтте бала­лық шағыма саяхат жасап, от­ба­сым­мен өткізген әдемі есте­лік­тер­ді есіме түсірдім. Барлығы – көз алдыма келді. Қаламыздың да тіршілігі бұрынғыша жалға­сып келе жатқандай көрінді. – Фильмде белсенді болудың ауыр міндетінің сізге қаншалықты әсер ететіні көрсетілген. Бұлай бо­лады деп ойладыңыз ба? – Шындығында, алғаш рет БҰҰ-ға 2015 жылы өз оқиғамды айту үшін келген едім. Бұл – үл­кен дүниеге түрткі бола ала­ты­нын ойламаппын. – Фильм арқылы не айтқыңыз келді? – Фильм біздің бейбітшілік үн­­деуімізді қаншама жұрттың кө­кейіне жеткізуге септігін ти­гізе­ді деп сенеміз. – Түсірілім барысында қандай қиын­дықтарға тап болдыңыз? – Бүкіл фильм барысы мен үшін ауыр болды. Себебі, 2014 жы­лы орын алған қантөгісті, ба­лалық шағымды есіме түсіруге түрт­кі болды. Отбасым мен жа­қын­дарыма деген сағынышым-ды оят­ты. – Сізді не шабыттандырады? – Біздің халқымызға жа­сал­ған қысым мен зорлық аспаннан түс­кендей болды. Себебі, біз кі­нәлі емес едік. Біз басқа дінді ұс­танғанымыз үшін құрбан бол­дық. Бұл – дұрыс емес. – Сіздің пікіріңізше, қылмыс­кер­лерді жауапқа тарту мүмкін бе? – Мен бұған кәміл сенемін. Осы мақсатқа жету үшін күнде­лік­ті күрес жүргізіп келеміз. – Тағы қандай үндеу жолда­ғыңыз келеді? –Халқымыз бен басқа да кіші халықтардың үндеуін барша әлем жұртына жеткізу үшін қолымыздан келгенін жасадық. Өкінішке қарай, езидтер ісінде прог­ресс байқалмайды. Қан­ша­ма халық әлі де лагерьлерде, үй­ле­ріміз талқандалған, мыңдаған адам тұтқында және іс-түссіз жо­ғалған. – Адамзатқа қауіп төндіретін дү­ниені тоқтата алсаңыз, ол қан­дай нәрсе болмақ? – Адамдар нәсілі, діні, жы­ны­сы бойынша бір-бірін қорлап, кемсіткенін тоқтатып, бір-бірін құрметтей бастаса екен деп армандаймын. – Біз қалай көмектесе аламыз? – Адамдар осындай кіші ха­лық­тар тағдырын басқаларға ай­ту арқылы Үкіметке және үкі­мет­тік емес ұйымдарға жүгіну ар­қылы көмектесе алады.

 

аударған Ақбота ИСЛӘМБЕК