ХАЛЫҚТЫҢ ДАТЫ МЕН ХАТЫ,

ҚР Президенті Қасым – Жомарт Тоқаевтың назарына

Түсінгенге –  Халық құдайдың бір АТЫ!

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Сіздің президент болып халқыңызға қызмет жасап жатқаныңызға 4 айдың жүзі болды. Осы бір қас –қағым уақытта Сізден, елеулі өзгеріс, толық қанды бетбұрыс, тың бастамадағы жетістік пен толағай табыс кілтін талап ету ертерек болар. Оның да уақыты келер. Әйтсе де, өзіңізден батыл қадам, жаңалық, жаңаша серпін, қуатты пәрмен күтуге қалың жұртыңыздың хақысы бар. Даналықтың шыңы саналған, өзіңіз өлеңін эстафета қылып таратқан Абай атаңыз:   «Істің қандай екендігі аяқталуынан емес, басталуынан байқалады» дегені осындайда айтылса керек.

Біз БАҚ өкілдері үнемі халықтың арасында жүреміз. Сан түрлі мінездегі адамдармен жолығамыз! Ел болғасын ортасында тентегі де, еркегі де, телпегі де, еркесі де  жүреді. Қалың елдің ішінде шашын ой ағартқан қария да, шашын күн жеген шал-шауқан да аз емес. Бірі қырқадан шалар аңғарымпаз, енді бір күні үшін жүрген құр жағымпаз!
«Қайран елім қазағым, қайран жұртым, ұстарасыз аузыңа түсті мұртың… Абай»   дегізетін, айқайға сүрен қосқан қатын-қалаш та, байламды сөзге тоқтаған, пәтуәлі ой айтар Зере мен Айғанымдай ақ жаулықты аналар да жетіп артылады.

Қалай десекте, «Ел іші-өнер кеніші» ғой, шіркін! Жалындаған жастар қаулап өсіп келеді. Ыбырай Алтынсарин атамыз айтпақшы, «Айшылық алыс жерлерден, жылдам хабар алғызған» ақпарат дегеніңіз – көл-көсір. Қалың еліңіз бәрін біліп, көріп отыр. Заманның талабына орай жаңа технология жетістіктері айдай әлемді алақанға салып қойды. Қазір елден жасырын іс қылам деу бекершілік. Өйткені халықтың көзі ашық, көкірегі ояу. Саясатқа да жүйрік. Ойлары да өткір! Өздері батыл! Алыс – жақын елдердегі қым-қуыт оқиғалар да көз алдарынан өтіп жатыр. Қазба байлығы жоқ, бірақ халқы тоқ мемлекеттерге қызыға қарайды. «Сананы тұрмыс билеген» ғасырға да кінә артуға болмас. Жақсылық пен жамандық итжығысқа  түскен тірліктің, күнгейі мен көлеңкесіне де көздері әбден үйренді. Тәуелсіздіктің 30 жылындағы қарбаластар мен жанталастар да, жетістіктер мен кемшіліктер де,  тоқмейіл сәттер мен әттеген – айлар да уақыт –диірменінің ішінде ұнтақталып жатыр… Кезі келгенде кемерінен асып төгілер…

«Ақылды патшаны халқы жақтайды»

 

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Сіз, тәуелсіздіктің ширек ғасырында билікті қолға алған арда қазақтың екінші ұланысыз. Дипломатсыз. Саясаткерсіз! Қайраткерсіз! Бар ғұмырыңыз дамыған елдерде қызмет бабымен өтті. Көргеніңіз де, көкірекке түйгеніңізде орасан. Демократия, сөз бостандығы сізге жат емес. Оны төрт айдың ішінде сөзбен де, іспен де көрсете алдыңыз! Демек, ашықтыққа, тура сөзге, айтар уәжға құлықты адамсыз. Олай болса, «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» принципі де жаныңызға жақын боларына кәміл сенеміз.

«Ақылды патшаны – халқы жақтайды.  Ақымақ патшаны – жағымпаздары мақтайды» депті дана халқымыз. Бұл Сізге де қатысты. Иә, «31 арнада» көрсетілген «Президент 2.0» деректі фильмінде жағымпаздар туралы ұтқыр ой айттыңыз. Ресейлік журналисттің құрған шырмауынан шатаспай шыға білгеніңіз тапқырлық. «Білесіз бе… Маған ешкім жағымпазданбайды. Бәлкім, мен ондайды ұнатпайтын болғандықтан шығар. Ұнатпау былай тұрсын, ашығын айтсам ондайды жақтырмаймын. Қазірдің өзінде жағынуға тырысып жатқандар бар. Мәселен, Өзбекстанға сапарлап барып қайтқаннан кейін «Тамаша!», «Мұндай еш уақытта болмаған», «Кескін-келбетіміз керемет болды!» деген сияқты сөздер айтылды», – мұндай жағымпаздықпен айтылған сөздерді елемеуге тырысамын, оған жауап бермеймін. Естімеген адамдай өте шығамын. Өйткені, бұл мақтау сөздердің көк тиындық құны жоқ. Ең басты сыншы – өзім. Қай жерде жарқырай алмағанымды білемін. Тіпті қатал сыншымын деуге болады», – дегеніңіз, шынайы бейнеңізді көрсетіп тұр. (Бұл сұхбат туралы  төменде әлі сөз болады).

Өткен тарихты қарап отырсақ, мақтанға елітіп халқын ұмытқан, мақтанға семіріп бар байлықты қылғытқан небір хандар мен бектер өтіпті. Солардың артында не қалды? Көрге кірді, бар жиғаны бірге өлді. Керісінше, сынға сыр алдырмай, халқымен байлығын бөліскен, сынға «сынып қалмай»  халқымен қара суды бөле ішкен тұлғалар ұлтымен бірге жасап келеді. «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған. Абай» деген осы емес пе?
Жоғары да халықтың арасында жүретінімізді, көптің қалауы мен сыни –пікірлерін еститінімізді айтқан едік. Бұра тартып бұрмаламай, естіген – көргендерімізді  билік пен халықтың ортасына алтын көпір болып жеткізуді азаматтық парызымыз деп түсіндік.
«Халық айтса, қалып айтпайтынын» білетін боларсыз? Абылайға халқының датын жеткізген Бұхар бабамыздай, бізде ата-баба жолын ұстанып  Сізге  халықтың даты мен хатын ұсынып отырмыз.

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Сонымен негізгі айтар ұстанымға көшейік. Қай дәуірде де патша сарайлары жағымпаздар мен әсемпаздарға  толы болған. Мақтан мен атақ талай патшаның соры болған.  Осыған абай болсаңыз!  Күні үшін жүрген қулардың торына түсіп шырмалып қалу оп – оңай. Маңайыңыздан бірінші сондайларды алыс ұстасаңыз.  «Ақылды патша сарайына ғұламалар мен ғалымдарды жинайды.
Ақымақ патша маңайына ұры мен залымдарды жинайды» деген афоризмді естен шығармасаңыз екен. Сондай –ақ, Ұлы Абайдың «Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап, Әуре етеді ішіне қулық сақтап. Өзіңе сен, өзіңді алып шығар. Еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген пәлсапасында жүрек түкпіріне орналастырсаңыз ғанибет болар еді.

 

КЕЛІП ЖАТСА МҰРШАҢЫЗ, БҰҚАРАҒА МОЙЫН БҰРСАҢЫЗ?

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Сіз ел тізгінін қолға алған күні «Жер шетелдіктерге сатылмайды» – деп, халықтың күпті көңілін көтеріп тастағаныңыз есімізде. Бұл қуанышты хабар әрине. Халық та дән риза. Дегенмен көңілдері жайланғанымен,  күдіктері де жоқ емес. Абайдың әкесі Құнанбай қажы айтпақшы, «халық өседі, жер өспейді» ғой. Сондай-ақ жер мәселесі бір кезде билікті халықпен диалогқа баруға көндірген  түйткілді жайт. Жер–халықты атқа қондырып, арқасын қоздырып жіберетін күшке ие. «Жер шетелдіктерге сатылмайды» дегенде осыны да ескерген боларсыз? Әйтседе осыдан үш жыл бұрын жер комиссиясы құрылғанда, тәуелсіз сарапшы мамандар тарапынан миллиондаған шұрайлы жерлердің олигархтар мен Терещенко, Кулагин тәрізді т.б  бай – мырзалардың еншісінде кеткенін жасырмай жариялағанын назарда ұстағаныңыз дұрыс. Халықтың да құлағы бұған түрік жүр.

«Ауызға келген түкірік, қайта жұтсаң мәкүрік» демекші, ел арасында кейбір қызба азаматтар, «Билікті жақтаушылар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жер шетелдіктерге сатылмайды»,-деген мәлімдемесін қайта-қайта жариялап, Президентті жақсы адам, жерді қорғаушы ретінде көрсетуге әрекет етіп жатыр. Шын мәнінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың  бұл мәлімдемесі шындыққа жанаспайды. Себебі, бүгінгі күнгі қолданыстағы ҚР Жер кодексінің 23- бабының  4- тармағы бойынша шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік заңды тұлғалар жерді жеке меншікке ала алады.  Яғни жер шетелдіктерге сатылады» деген қауесет таратуда. Бұдан да хабарыңыз болсын деп жазып жатырмыз..

Биыл болмаса да келер жылы Парламент таратылады деген әңгіменің шеті шығып жүр, президент мырза! Демократия қағидаттарына салсақ, қазақтың даласын, алаштың баласын қанға бөктірген кеңестік кезең артта қалды. Олай болса, дін мен тілімізді, діл мен дәстүрімізді мансұқтаған коммунистерге Парламенттен орын беру де ақылға сыйымсыз әрекет қой. Мұны да большевиктердің теперішін көп көрген дүйім жұртыңыз айтып жүр. Ойыңызға салу – азаматтық міндетіміз.

Жер дегенде Қытай алдымыздан шығатыны да өтірік емес.  Қазақстандағы мұнай өндірісінің 25%-ы қытайлық компаниялар үлесінде екені анық ақпарат. Қытай мұнай компаниялары Қазақстанға осыдан 22 жыл бұрын кірген. Нақты айтқанда, 1997 жылы қыркүйек айында Қытайдың ұлттық мұнай-газ корпорациясы – CNPC (China National Petroleum Corporation) «Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның 60% акциясын сатып алудан бастаған. Қытайдың ұлттық мұнай-газ корпорациясының 100% капиталы мемлекетке тиесілі екенін ескерсек, компания ҚХР-ның меншігі. Қазақстан мұнайын игеруді осылайша бастаған Қытай компаниялары өз позицияларын жыл өткен сайын күшейте түскен. Ол аз десеңіз, Қазақстанда 400 мың этникалық қытай өмір сүріп жатыр. Бәлкім одан да көп…Ел мен жерге жауапты президент ретінде «…Егер шүршіт келмесін, егер шүршіт қаптаса, Алып бір кетер ақтарып, көмулі көрден денеңді» деген бабамыз Бұқар жыраудың толғауын естен шығармағайсыз?…

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Сіз сәуір айында латын әліпбиіне қатысты сөйлеген сөзіңізде, «Көрші мемлекеттердің көпшілігі латын графикасын таңдады. Әлемдегі ақпараттардың 90 пайызы латын графикасында жарық көреді. Ал ақпаратқа кім иелік етсе, ғылым мен технологияға да сол ие болады. Бұл қоғамдық ой мен санаға түпкілікті өзгеріс жасайтын қадам. Латын әліпбиіне көшу кезең-кезеңімен жалғаса береді. Нақты белгіленген кесте бар. Сол жүйеден ауытқымаймыз. Бірақ қоғамдық пікір, әліпбиді қолдану барысындағы артықшылықтар мен олқылықтар ескеріледі» дедіңіз? Бұл ойыңызды да халқыңыз қолдады. Отарлық, ресейлік санадан арылатын мүмкіндік деп бағалады. Сол жолы «Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде. В.Радлов айтқандай, қазақ тілі – ең таза әрі бай тілдің бірі. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады», – деген түйініңізде керемет шықты. Сөзіңіз – сөз – ақ! Алайда Сіз өзіңіз, үкімет жиындарын, түрлі шараларды, шетелдіктермен кездесулерді ресми тілде жүргізіп келесіз? Әлем алдында да орыс тілін – асқақтатуға бейімсіз?  Президентке қарап өзгелер елін таниды десек, Сізге қарап кімді таниды? Халықшыл болудың бір жолы – сол халықтың тілін әспеттету емес пе? Халық та бала секілді –сәл нәрсеге бұртиып қалса, оның көңілінен қайта шығу қиямет – қайым іс. Бұл да ойыңызда жүретін ізгі амалдың бірі болса, қандай жарасымды болар еді…

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! 15 – ші шілде күні Нұр-Сұлтан қаласында алғаш рет Сіз үкіметтің кеңейтілген отырысын өткіздіңіз. Осы күні Сіз шенеуніктерді өткір сыныңызбен, орынды талабыңызбен, қатқыл мінезіңізбен тығырыққа тіреп, дүйім жұрттың көкейіндегі ойларды тап басып айта білдіңіз. «Сырт көз сыншы» демекші, кім біледі сыртта көп  жүргеніңіз де өз әсерін тигізген болар… Әсіресе, Нұр –Сұлтан қаласындағы LRT жобасын сапасыз жоспарлау  проблемасын жақсы көтердіңіз. Сыныңыз да орынды. Халықтың қазынасын әкесінен қалған байлықтай шашатындарға енді бір тоқтам болатыны сөзсіз! Жемқорлықпен де күресіңіз өз жемісін береріне сеніміміз мол.  Айтпақшы, Астана банкіндегі қытайлық несиенің бір бөлігі 100 миллиард теңгенің жоғалғанын Сіздің аузыңыздан естіген халық айран-асыр болды. Себебі «Таяқтың бір ұшы өзіне тиетінін» білетін басшы мұндай  сәтте тәуекелге баруы екіталай нәрсе. Сіз, халықтың алдында былық-шылықтан ада екеніңізді тағы байқатып, шындықтың жүзіне тура қарадыңыз. Мұндай еркіндік президентке өте керек қасиеттің бірі. LRT жобасы демекші, осындай түкке арзымайтын мың жобаға халықтың ақшасын құйып, біреуінен нәтиже шықпай жататыны да назарыңызда болса екен? Астана LRT жобасына кеткен шығынды (1,9 млрд $) ақтау үшін 3 565 жыл керектігін есептеп шыққандар бар. О тәңірім оған дейін кім бар, кім жоқ!

Ел осындай істерге ашынады. Күйінеді. Халықтың сөзіне құлақ түрсеңіз, олар астана LRT құрылысын тоқтату қажет дейді. Әйтпесе проценті бар 2 млрд доллармен тағы бір қаржылық құлдыққа кіреміз бе деп қорқады. «Жобаны тоқтатып, бетон бағаналарын бұзып, бүгінгі күнге дейінгі кеткен шығынды тіркейік. Бұл шығындарды шешім қабылдаған шенеуніктердің мойнына ілу керек. Кімнің қолы қойылғанын білу үшін құжаттарды тексерейік. Сот шешімі осылай болсын», – деп жатқандар бар. Біз ұнатпайтын Қытайда мұндай шенеуніктерді алаңға шығарып, жұрт алдында атып тастайтыны біздің шенділерге сабақ болса игі.

АБАЙҒА ДА «АБАЙЛАП» БАРУ КЕРЕК…

Құрметі Қасым-Жомарт Кемелұлы! Абайдың ұлылығына кім шүбә келтіреді дейсіз? Бір заманда жазушы Асқар Сүлейменов «Қазаққа ес кіргенде, Абай ескіреді» депті. Астарлап айтылса да, асқақ пайым! Маңайыңыздағы технократтардың ойлап тапқаны ма, жоқ әлде шынымен – ақ қаршадай қыздың тапқырлығы ма, ол жағы маңызды емес негізі.  Халық арасында сол Ләйлім-Шырақ атты қыз баланың Абай өлеңдерінен үзінді оқып, бұл эстафетаны жалғастыруды президент Сізге  жолдауына қатысты бір-екі пікір бар. Өйткені қазір бұл бастама қауға тиген оттай «лапылдап» тұр. Эстафета елге белгілі шенеуніктерді түгелге жуық шарлап шықты. Бәрі дұрыс. Жүрекке түйіп жаттап айтпаса да, экранға қарап «жатқа» айтты.   Алайда толерантты мемлекетте неге Абай өлеңін қазақтар ғана айтуы керек? Неге эстафетаны  айлығы миллион теңгеге жуық депутат  Косарев мырза мен  Каржова секілді  ханымдарға ұсынбасқа өзіңіз бас болып?!

Қазақтың дүниесі керек адамдарға, өнері де  сіңісті болғанын қалайды жұртыңыз!
Ел ішінде жүргенде тәжірибесі мол бір мұғалім әйелдің мына бір сөзі есімде қалды. «Абайды ұлықтаған дұрыс – ау. Әйтседе мектепте Абайды дұрыс оқыта алмай жүрміз ғой. Сөйте тұра аузымызды айға білейміз. Бұл мәселеде Президент Тоқаев мырза Абайды ертерек жарнамалап жіберді-ау. Құртқаның тұлпар туған Буырылдың қырық үш күн кемдігін айтқанындай кеп ол кісінің басына да келіп тұр. Шіркін- ай, Абайды оқыту сабағының мектептерде сағаты өте аз екенін президентке айтар бір жан табылар ма?” – деп мұңын шағып еді. Соны Сізге жеткізу бақыты маған бұйырып тұрған тәрізді.  Бұл негізі ескерілуі тиіс кемшілік. Бұған қосарлап айтарым, білім беру мекемелерінде  Абайтану сабағы болса ұтарымыз тіптін көп болар еді. Мен мұны кеңес кезінен айтып келе жатқан ұстаздардың біріненмін.
«Абай атамды науқандық челленджге айналдырғандарды түсінбей өтетін шығармын. Жарайды онда келесі кезек Махамбеттікі. Махамбет өлеңдерін оқудан эстафета жасаса, әр шенеунік өзіне ұнағанын оқыса, мұнан да қызықтырақ болар еді» деп жатқандарға не дауа? Абай ойдың ақыны болса, Махамбет күрескерлік рухтағы қайсар ақын! Екеуін бөле-жара қарау қалай болар екен?

Иә, ұлы Абай өлеңдеріне  насихат басталып кетті. Аяғы қалай бітер екен? Абайдың бір өлеңін айтқан шенеунік ұлтшыл болып кетпесі тағы белгілі. Шындап келгенде, Абай өлеңдерін барша қазақ, барша мемлекетшіл тұлға жатқа айтса да артық емес. Олай болса, бір мезеттік Абай өлеңінің жарнамасы, көзбояушылықтың жарқын үлгісі болып шықпасына кім кепіл?

Құрметті президент мырза! Сіздің аузыңызға қараған барша шенеунік Абай өлеңдерін оқу эстафетасын іліп әкетіп, көк туымыздай желбіретіп жатыр… Олардың бұл қылығы ұлы Абайдың мысқылмен жазған: «Күштілерім сөз айтса, бас изеймін шыбындап, әлсіздің сөзін салғыртсып, шала ұғамын қырындап» деген ойымен сабақтасып жатқан жоқ па?

Ешқандай құзіреті, айтары жоқ ұлттық кеңес қажет пе?

 

Қоғамдағы түйткілді проблемаларды шешу үшін Қоғамдық сенім кеңесін құруға жарлық шығардыңыз. Ниетіңіз дұрыс. Пейіліңіз де оң болар. Бірақ халық арасында кеңес құрамы туралы ала-құла пікір көп.  Бұл ұйымды заңсыз деп жатқандар бар. Олардың айтар уәжі мынау. «Қазір Халық арасында ащы шындықты шырқыратып шегіне жеткізіп айтатын, халыққа жаны ашитын, көкейтесті де күрделі мәселені көтере алатын мықты жігіттер де қыздар да жетерлік! Бірақ мына кеңесте олар тым аз. «Өкінішке орай, билік түзген тізімде қасқайып тұрғандардың көбі биліктің сойылын соғарлар. Сонымен қатар Ұлттық кеңес туралы ережелерге де өзгеріс кіргізуін талап етеміз! Себебі дәл мына ереже тұрғанда Ұлттық кеңес – Нұр отан, Жас отанның кебін киіп Үкіметтің жырын жырлап кетуі әбден мүмкін! Одан халыққа не пайда? Себебі кеңес мүшелерін Қ.Тоқаев та емес, арадағы жандайшаптар мен  екі жүзді сатқындар да емес, халық өзі таңдап ұсынуы керек!» дейді ашынған халық. Президент мырза, бәлкім Сізге ақпарат дұрыс жетпей жатқан болар. Онда біз айттық. Халықтың бұл пікірімен де санасыңыз. Бұл ұлттық сенім емес, кезекті елді алдарқату сезімі секілді. Өйткені сенім кеңесінің конституциялық статусы жоқ. Демек айтылған уәж, не сын ұнамаса қабылданбайды деген сөз. Ешқандай құзіреті жоқ қоғамдық кеңес кімге керек онда? Ол аз болса, ұлттың сөзін сөйлейтін ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің  41 мүшесінің ішінде бейбіт шеруге шыққан “Байтақ-болашақ” экоальянсының төрағасы Азаматхан Әміртайдан басқа бір адам жоқ. Оның өзін халық, “жауар бұлттай түнеріп келіп, жел қайырса тайқып шыға келеді. Жеке шапқан дара батыр секілді” деп ренішпен еске алып жүр…
Одан бөлек, негізгі мәселені көтерген жастар мен аналар, тәуелсіздік үшін күрескен  желтоқсандықтар кеңеске неге шақырылмаған?

Құрметті президент мырза, тағы айтамыз, митингіні ұйымдастырған және оған ұйытқы болған  және сіздің осы кеңесті құруыңызға түрткі болған белсенділерді біз неге ұлттық кеңестен көре алмай отырмыз?

Иә, білім саласына да жеткілікті көңіл бөліп жатқаныңыз халықтың көңілінен шығуда. Үштілділік жайлы пікіріңіз де жүрекке қонымды. «Бұл – өте күрделі әрі маңызды мәселе. Менің ұстанымым, біріншіден, қазақ тілі болуға тиіс, орыс тілі болуға тиіс. Бұлардың балаларымыз үшін маңызы зор. Тек содан кейін ғана ағылшын тілін оқыту керек», – деп мәселені төтесінен қойдыңыз. Әйтпесе баланың миын атала қылып жіберуге деген талпыныс зиялы қауымның да қарсылығын туғызып еді бір кезде. Тірегі күшті Сағадиев өз дегенін жасап баққанымен, оны жолдан тайдырған да, Сіз едіңіз!   Халық пен Президенттің ойы бір жерден шыққаны жақсылық нышаны әрине. Әсіресе келешекте Ұлттық университеттердің ректорларын президент сайламайтыны жайлы ұстанымыңызды демократияның жемісі деп қабылдады көпшілік. Шынын айту керек, президент мырза,  білім саласына әлі де көп ізденіс керек. Әлі да қадағалайтын, өзгеріс енгізетін тұстар көп. Біле білсеңіз оқу жасындағы балалардың көбінің отбасылық  жағдайы төмен. Ыбырай атаңыздың Асан мен Үсені әлі бар. Осыдан келіп  халық екі тапқа бөлініп жүр. Осыны бір ізділікке түсіру жағын халық қалап отыр.

Болашақ бағдарламасымен оқитындар жайлы айтқан сыныңыз да діттеген жерге дөп тиді. Ел ертеңі жастар екені өзіңізге де аян. Соның ішінде көптеген оқыған  жастар  (болашақтық түлектер де бар) елден кетіп жатыр. Бұл мәселенің түп – тамырына үңілсек, салдары баяғы тамыр – таныстыққа ұласады. Ақырында жемқорлыққа барып бір-ақ тіреледі. Сол болашақтың «жемісі» саналатын экс-вице министр Суханбердиева кеше ғана парамен ұсталып, айыппұл төлеп бостандыққа шықты. «Күштінің құйрығы диірмен тартады» деген осы болды –ау… Суханбердиеваның артында кім тұрғанын анықтау, істің ақ-қарасын саралау Сізге де үлкен жауапкершілік жүктеп тұр.  «Ел құлағы – елу» демекші, Суханбердиева ісінен құлақтанып, туралық күткен халық, «екі жүзді алмастай» жарқ-жұрқ еткен соттың «әділ шешімін» әжуалап әлеуметтік желіні біраз «сілкінтті». Енді қайтсін. Тауық ұрлаған 5 жылға сотталып, қазына тонағандар айыппұлмен босап жатқан заманға куә болса… Егер бұл үрдіс жалғасын таба берсе, әділдікті аттан аударып тастап әділетсіздік «аламанда» топ жарып келсе, биліктің қадірі қала ма? Халықтың билікке деген сеніміне осындай істердің тигізер зияны шаш етектен болып тұр. Президент мырза, осындай келеңсіздіктерді жоймай, шерулеткендердің «шерін» тарқату мүмкін бе өзі?…Әй, қайдам…

 

 

 

 

ЖАҢАШЫЛ БОЛУҒА НЕ КЕДЕРГІ?

яки біздің президенттер неге Ресейшіл?

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Халық арасында әлі күнге қызуы басылмай келе жатқан бір әңгіме бар. Ол – президенттік лауазымға отыра сала Нұрсұлтан  Назарбаевқа астана қаласының атын беруіңіз! Мұны біреулер жалтақтық десе, енді біреулер көңілжықпастық деп бағалап отыр. Ия, Сізді де түсінуге болады. Астана – елбасының төл туындысы. Астананы Ақмолаға көшірудегі стратегиялық мақсатта өз жемісін бергені ақиқат! Астана – Елбасының ерен еңбегінің, қажыр-қайратының өтеуі! Одан кейін Сіз, «Мен Назарбаевтың сара жолын жалғастырамын» дедіңіз.

«Ауыздан шыққан әр сөзің – атылып  кеткен оқпен тең» президент мырза! «Өзіндік ойы жоқ басшыдан не үміт, не қайыр?» деді халқыңыз мұны естігенде әрі-сәрі болып. Себебі тарихта «Есімханның ескі жолы, Қасым ханның қасқа жолы» деген атпен қалған хандар бар. Неге Сізге де өз жолыңызбен, дара болмысыңызбен, біреудің жолын шиырламай тыңнан түрен салып тарихта қалмасқа? Халық сынды «қатесіз сыншының» әр айтылған пайым-пікіріне түсіністікпен қарауды, одан нәтиже шығаруды, маңайыңыздағы шенеуніктерден бастасаңыз және сынды шешуге ат салысу билік басындағы тұлғалардың міндеті екенін есіңізден шығармасаңыз екен.  Тағы айтамыз, Назарбаев өз миссиясын абыроймен атқарған тұлға! Оның еңбегін Тарих – баба өзі береді. Кеткен президенттің артынан ғайбат айту бабалар танымына жат дүние болғандықтан, бұл әңгімені осы жерден доғарамыз.

Сіздің жарлығыңыз күшіне міне сала, Назарбаев есімін тек Астанаға ғана емес, басқа қалалардағы көше аттарына беру ісі де ұраншыл бағытта өрбіді. Әкімдер де қамшы салдырмады. Оларды да түсіну керек. Басшыға бағыну, бұйрықты орындау шариғат талабына да сай келеді. Егер ғайыптан тайып жарлығыңызды орындаудан бас тартып жатса әкімдердің күні не болмақ? Елім деп еңіреп жүрген кей әкімдердің шарасыздығын көріп жүрегім ауырды тіпті….
Басқаны қайдам, солтүстік өңірдегі Павлодар секілді бірнеше қаладағы өліп-талып  қол жеткізген «Тәуелсіздік» көшелері, Сіздің бұйрығыңызды орындауға  асыққан әкімдердің белсенділігі арқасында  бір күнде «тұғырынан» түсіп, Елбасының атымен аталып кете барды. Құдайшылығын айтайық президент  мырза, шынымен – ақ айбарыңыз асып, аруағыңыз аспандап тұрса тәуелсіздік алғалы дүркін-дүркін көтеріліп келе жатқан, бірақ қол жеткізу арман күйінде қалған Повлодар, Петропавл секілді қалаларды Тұңғыш президент атына ауыстыра салмадыңыз ба? Егер ондай ерлікке жол ашқаныңызда, кәрі тарихтың шежірелі бетінде соңғы қазақ қалғанша ардақталар тұлғаға айналып шыға келер едіңіз! Ал Сіз, тәуелсіздікке «соқтығып», тәуелділікке жол аштыңыз!

Осы бір өрескел ісіңізге Павлодарлық ақын Арман Қани «Тәуелсіздік жыры» деп өлең де арнады.  «Павлодарда «Тәуелсіздік» даңғылының атауы қоғамдық тыңдауға ұсынылмай-ақ «Nursultan Nazarbaev» атауына асығыс ауыстырылып жіберілді! Елбасының есім-сойын беруге Астана, Ломов, Лермонтов, І Май көшелері де лайықты екенін облыс әкімі Болат Бақауов пен қала әкімі Әнуар Күмпекеев ескерген жоқ».
«Тәуелсіздік», қасиетті жырсың сен,
Аруақты ердің рухы кешсін – күрсінсем!
Көзге елестеп Малайсары сияқты,
Жасыбайдай түсіме еніп жүрсің сен!..

Қаралы көш Қаратаудан сабылған
Жетті Ертіске сүңгіп өтіп сағымнан…
Жетім үміт жылап қалды құзартта
Кенесары ханның басы шабылған!..

Магаданнан қайтса қаздар тізбегі,
Керекуде өксиді аспан күздегі!..
«Бутыркада» қан-жоса боп
Тарихтың
Бетіне енді Аймауытов іздері!..

Кейде еріксіз үйірлі итпен таластым,
Қасқырша ұлып көкжалмен де жарастым!
Дарда соңғы демі үзілген
Студент
Рысқұлбеков рухы еді ғой Алаштың!..

Жүйкем әлсіз, бәлкім ертең сыр берер,
Біз кетерміз – орнымызға кім келер?..
Шындықты іздеп жүрген жанның алдынан
Шықса егерде автозак пен түрмелер!..

Тұрғанымен темір тәртіп күшінде,
Торға түссең өр еңсеңді түсірме!
Демократия
Дәрігерге жалтақтап
Жүрген жоқ қой жындыхана ішінде!..

Сындарлы шақ жібермейді есесін,
Сұмдық оймен түрлі қиял кешесің!
Тыныштығын түннің дар-дар айырып,
Іздеп келем «Тәуелсіздік» көшесін!..».

Бұдан асырып бірдеңе деу қиын! «Ей, Абылай, Абылай» деп толғаған бүгінгі дәуірдің Бұқар жыраулары әлі бар екен ғой» деді халық бір деммен оқып шығып… басқа қолдан не келеді?

Жасыратын несі бар, Сізге дейін де біздің билік Ресейшіл еді. Сізде сол жолды жаңғыртып келесіз! Рухы өршіл, намысы мықты халқыңыз бұған да өкпелі. Сіз таяуда  ресейлік журналист Алексей Пивоваровқа сұхбат бердіңіз. «Президент 2.0» деп аталған бұл деректі фильм 21 шілдеде 31 арнадан көрсетілді. «Ресей» телеарнасы да өзіңізден көлемді сұхбат алды. Бір қарағанда мұнда тұрған ештеңе жоқ тәрізді. Бірақ өзіміздің қазақ арналарының Қасым-Жомарт Кемелұлымен кең көлемде сұхбат құрғаны есімде жоқ. Неге алдымен өзімізден бастамасқа?! Иә, Сіз уақытша президент бола сала, әбжәлмән көмекшілеріңіздің ұйымдастыруымен «Егемен Қазақстан» және «Айқын» газеттерінің бас редакторларымен сұхбат ұйымдастырдыңыз. Ол сұхбаттың қаншалықты «тірі» сұхбат болғанын ешкім анық білмейді…. Әлде біз Татарстан, Башқұртстан, Шешенстан секілді Ресейге бағынышты өңірміз бе?! Нұрсұлтан Әбішұлының да алдымен ресейлік арналар мен газеттерге сұхбат беретіні қатты қынжылтатын халықты. Енді ол сара жолды Сіз бұлжытпай қайталап отырсыз… Осыдан арылатын күн бола ма қазаққа?
Оппозиция бізде бар ма деген сауал кейде халық арасында талқыға түсетіні бар. Сонда халық  қазіргі «оппозицияны» бірнеше топқа бөлуге тырысады. Билікке оппозиция, Е. Қаринге оппозиция, М. Тайжанға оппозиция, А. Сарымға оппозиция, оппозицияға оппозиция, сол адаммен мүдделестерге оппозиция… жаңылытпаш сияқты болса да шындық осы! Оппозицияның сиқы қашқанына осы сөзіміз дәлел шығар.

НАРЫҚШЫЛ ЕМЕС, ХАЛЫҚШЫЛ БОЛҒАН БАСШЫНЫҢ ҰТАРЫ КӨП…

ТҮЙІН: Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Халық– жердегі құдайдың бір аты деген дана бабаларымыз. «Жақсыдан жаман туса да, жаманнан жақсы туса да, тартпай қоймас негізге» деген жолды ұстанып, халықтың көкейіндегі ащы пікірлерді айтып жатқан жайымыз бар.  «Көш жүре түзеледі» дегендей, Сіздің де көшіңіз, тізгінді Сізге беріп соңыңыздан ерген бұқара халқыңыз. Сіз адассаңыз олар да адасады. Сондықтан адасудан ада болсын деп «Сын шын болсын, шын сын болсын!» деген мақсат еді алға қойғанымыз. «Дос жылатып, дұшпан күлдіріп айтады» демейме қазағым.  Әйтпесе, бір басыңызға жетер жақсылығыңызды қалың еліңіз көрмей отыр деуге ауыз бармайды. Ең үлкен жеңісіңіз, заман талабын ескеріп, өзіңіз әлеуметтік желі арқылы халықпен байланысып,  барша әкім-қараларға да әлеуметтік желі арқылы халықпен араласуды қол жетімді қылғаныңыз. Баяғыда арызыңды жеткізбек түгілі, бір көруді армандаған басшыңмен, әлеуметтік желіде сұхбат құрып отыруда білгенге бір ғанибет емес пе?!

Әлеуметтік желі деген біреуге бақ, біреуге дақ болып тұр ғой. Не іздесең бәрі бар. Өсек – аяң мен әлемдік ақпарат та тізіліп тұр. Кім қалай байыды, кімнің қазынасы қайда жасырулы… бәрі ашық. Ең сорақысы зорлық – зомбылық, интимдік қатынастарға бала-шағаның да қолы жетімді. Кейде билік басындағы азаматтарға орынсыз соқтығу, тіл тигізіп қаралауда белең алып жатады. Президент мырза, осы әлеуметтік желі мәселесіне де қатаң шара қолдануды қолға алсаңыз? Заң арқылы тиым салып бұғаттауды жүзеге асырмасақ бәрі кеш бола ма деген күдігім бар.

Іс  – сапармен теріскейде жүргенімде бір қартаң әйелдің былай дегені еске түсіп тұр. «Мынау әлеуметтік желі деген сұмдық екен-ау. Біз білмейтінді, бесіктен белі шықпаған балалар біліп жатыр. Мектепте оқитын немерем, бірде маған: – Әже, Елбасы Назарбаевтың қызы ұры екен ғой. Мемлекеттің ақшасын ұрлап, шетел банкісіне тығып тастапты. Кейін ақшасын алайын десе, аналар, бұл ақшаны бермейміз. Бұл ұрлықпен жиналған қаржы депті. Әлеуметтік желіден оқыдым» деп қарап тұр. Әлеуметтік желі деген өзі жұртты қаралауға таптырмайтын құрал-ау деймін» деп еді. Сол әйелдің сөзінің жаны бар –ау негізі…..

Демократияға жаны жақын адамсыз ғой. Олай деуге факті бар. Президент сайлауы кезінде шеруге шыққан халықты қолдап, «кедейшілік оларды осылай етуге мәжбүрлеп отыр» деп шетелдік журналистке сұхбат бергеніңіз ел есінде. Бұлай айтуға да үлкен жүрек керек. Кейіннен    әлеуметтік аз қамтылған халыққа әр бала үшін  21 мың теңгеден мемлекет қазынасынан қаржы төлеуді жолға қойдыңыз. Бұл да болса үлкен көмек. Бұл қадамыңыз халыққа тиесілі жердің асты мен үстіндегі сатылып жатқан қазынадан девидент төлегенмен бірдей ерлік іс! Келешекте халықтың өсімін қаласаңыз, барша қазақтың жарқын өмір сүруіне жағдай жасағыңыз келсе, қазақстандық әр балаға 21 мың теңгеден төлеп  тарихта қалуға мүмкіндігіңіз зор.

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Сөз соңында бір өтініш! Алаш арысы Ахмет Байтұрсынов айтқандай, «Газет – халықтың көзі һәм құлағы» дейтін болсаңыз, халықтың ойындағыны қозғаған, билікті мақтап, тендерге қолын созбаған,  газет – журналдардағы шыққан сыни мақалаларға ерекше көзқараспен қарап қорытынды шығаруды тапсырыңыз.   Конкурстарда жүлде алатын мақалалар мақтаушыларға емес, орынды сын айтып, кем –кетікті түзеуге ат салысқан БАҚ-на берілуін қадағалаңыз. Сонда ғана шынайы бәсекелестік орнап, ақ пен қараның аражігі ашыла түспек… Газет, журнал жөнінде тағы да бір айтпағым қазір «Жаздыртуға болмайды» деген әбс пікір қалыптасты. Газет, журнал оқымаса халықтың санасы қалай оянады, қалай рухани жаңғыру болмақ? Бұл жағында ескерсеңіз.
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Бұрындары  біраз келеңсіздіктерді көріп –білсеңіз де,  тікелей араласа алмағаныңыз белгілі нәрсе.  Ішіңізде талай сыр да жатқан болар. Енді міне, басыңызға бақ қонып,  еліңізді өрге бастар мүмкіндік туып тұр. Осы жолда әділ болып, халқыңыздың қамын жесеңіз, келер ұрпақтың алдында жүзіңіз жарқын, әр ісіңіз алтынға бағаланар. Ол үшін нарықшыл емес, халықшыл болыңыз, сонда халық қасыңыздан, бақыттың құсы    басыңыздан кетпейді.

Ана ретінде өзіңізге тілер ақ тілегім халқымыз аман болсын. Ынтымақ бірлігі нығайсын әрдайым! Сәттілік, парасаттылық берсін бір Аллам!

Әмин

 

 

 

 

Сәуле Мешітбайқызы

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған