Халық педагогикасы дегеніміз не?
Халық педагогикасы – қазақ халқының сан ғасырдан бері атадан балаға мирас, өмірлік мұра боп келе жатқан тәрбиеге байланысты баланы бағып-қағып өсіріп, өнегелі азамат етіп шығару жөніндегі жинақталған тәжірибесі.
Қазақ қоғамында халық педагогикасы — халқымыздың ұлттық салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, мақал-мәтелдерін, ырымдар мен тыйым сөздерін және өнерін негізге алып, баланы жастай тәрбиелеуде үлкен рөл атқарған. Бүгінгі таңда осылардың бәрін білмей тұрып, өскелең ұрпаққа ұлттық тәрбие беру мүмкін емес. Қай заманда болмасын, ұлттық өрлеудің ең негізгі шарты тәрбие мен білім болған. Сондықтан жас ұрпақтың бойына халқымыздың төл мәдениетін, өнерін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, халықтық қағидалар өсиеттерін сіңіру үшін ұстаздар қауымы, ата-аналар және бүкіл қоғам болып қолға алатын мезгіл жетті. Ғасырлар бойы өмір сүріп, қазақ халқының рухани азығы болып келе жатқан халықтық педагогика өнегелерін қазіргі заманға бейімдеп, шығармашылық бағытта бір жүйеге келтіріп Білім және ғылым министрлігі мектеп бағдарламасына енгізсе, жас ұрпаққа ұлттық тәрбие беруде үлкен жетістік болар еді. Халықтың айтқандарын жаңа өмірге пайдалану жөнінде ақын М. Мақатаев:
«Ақынмын деп мен қалай айта аламын,
Халқымның өз айтқанын қайталадым.
Күпі киген қазақтың қара өлеңін,
Шекпен жауып өзіне қайтарамын», — деп жырлаған.
Халықтың тілі, ділі, діні, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы болмаса ұлт сақталмайды, ал мектеп ұлттың да, ұлттық мәдениеттің де өмір сүруі мен дамуының негізі болып табылады. Әрине, халық педагогикасын оқу-тәрбие жұмысында пайдалану – Білім және ғылым министрлігі бекіткен оқу бағдарламасына сәйкес жүргізілуі қажет. Өкінішке орай, бұл бағдарламада халық педагогикасы туралы бір ауыз сөз айтылмайды. Оқу бағдарламасын жасау – өте жауапты әрі ғылыми-практикалық жағынан аса күрделі жұмыс екенін білеміз. Қазіргі білім беру процесіне қаншама жаңалықтар енгізіліп жатса да, ежелден қалыптасқан баланы тәрбиелеудегі халықтың тәжірибесін пайдалану — өз нәтижесін берері анық. Өйткені, қазақ халқының бала тәрбиесі жөнінде ерте заманнан бері жиып-терген мол тәжірибесі бар. Оны халқымыз ең жақсы деген қасиеттермен байытып, ұл-қыздарының бойына сіңіртіп отырған. Халық педагогикасы ғасырдан ғасырға сараланып, жұртшылықтың ой-арманымен, тіршілік тынысымен, шаруашылық кәсібімен, отбасылық, қоғамдық, ұлттық тәлім-тәрбие дәстүрімен тығыз байланысты туып, өсіп-өркендеп, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып жеткен тарихи және мәдени мұра.
Халықтық қағида астарында не жатыр?
Қазақ халқы ұрпақ тәрбиелегенде екі нәрсені әсте естен шығармаған. Ұрпақтың жалпы тәрбиесіне баланың ержеткенге дейінгі бағым-күтімі, киінуі, жүріс-тұрысы – бәрі-бәрі енген. Екіншіден, қазақтар ұлы мен қызының тәрбиесін екі бөліп жүргізуге тырысқан. Мұнда негізінен ұл тәрбиесі – әкеге, қыз тәрбиесі – шешеге байланысты жүргізіледі. Сондықтан болар «Әке көрген – оқ жонар, шеше көрген – тон пішер» дейді халқымыз. Тіпті қыз бала анасына тартады деп қорытынды жасаған халықта ақылды әжелері, инабатты аналары бар ауылдың бойжеткенін көрмей-ақ құда түсу салтқа айналған. «Анасын көріп қызын ал, аяғын көріп асын іш» деген сөз де бекер айтылмаса керек. Бір көңіл бөлетін нәрсе, қазақта қыз тәрбиесінің салмағы тек ана мен жеңгеге түскен. «Қызға –қырық үйден тыю» деген мақал бар. Әсіресе, қыздардың бойжете бастаған кездегі тәрбиесіне ерекшн назар аударылған. Олардың әдепті, тындырымды, төзімді, іс-әрекеті тиянақты болуын қадағалаған. Келген қонақты күту, ыдыс-аяқ ұстау, үй жинау, кесте тігу, киіз басып, ши тоқу, бие сауу сияқты алуан жұмыстарды атқару дәрежесіне қарай бағалап, ақыл-кеңес беріп отырған. Ал ұл балаға қойылатын талап басқаша болды. Мысалы:
— Құр ерге мінбе! Тоқымды төсенбе! – дейді.
Құр ерге міну – аты өлгендіктің белгісі. Тоқым төсену де сол мағынада.
— Жыңғылмен ат қамшылама!
Себебі, жыңғыл тобылғы сияқты сырты тегіс, жұмсақ қабықты емес, тікенектілеу қатты ағаш. Онымен қамшыланса, малдың үстіне жарақат түсуі мүмкін.
— Үйде ысқырма!
«Үйде ысқырса, үйге жылан келеді» дейтін ұғым бар. Жалпы қазақ ұғымында жылан – дұшпан.
— Құмырсқаның илеуін бұзба!
Көзін шел басқан адамдар құмырсқаның илеуі бар жерді іздеп тауып оларға жем беріп, басына түнейтін болған. Кейде содан көздегі жұқа шел «көшіпті» деседі. Қазіргі химия ғылымында «құмырсқа қышқылы» деген термин бар. Жаңағы көздегі шелді сол қышқыл «жеуі» мүмкін деген ғылыми жорамалды да естиміз. Демек, халықтың қарапайым ұғымының шамалы болса да негізі бар.
Біз ұл тәрбиесіне байланысты 3-4 қағиданы ғана айтып өттік. Бұдан басқа қазақ халқының ауыз әдебиетінде бірнеше кітапқа жүк болатындай халықтық қағидалар жетерлік.
«Бала – артта қалған із, бақыт – ұзатылған қыз». Бала деген өмір гүлі. Ұрпаққа қазақ халқы қашан да үлкен мән берген. Біздің халқымыз – балажанды халықтардың бірі. Ұрпақты ұрпаққа жалғастырушы – дәнекер-бала. «Балалы үйдің еңсесі биік». Өйткені, бала – болашақ, бала – қуаныш, бала – шаттық, бала – мақтаныш, бала – сүйеу-тірек.
Ана тілі – адамның ғұмыр бойғы серігі, рухани қуаты. Ата-ана болу – асқан жауапкершілік. «Тәрбие – тілден басталады» деудің мәнісі осында жатыр. «Жастықта жиған білімің – қарттықта жұмсар мүлігің». Бұл мақал жастарды білім алуға шақырады. Білімді өмірде пайдалануға үйретеді.
«Өнер алды – қызыл тіл». Қазақ халқы сөзге, қызыл тілге, өнерге үлкен мән берген. Бұл баға бүкіл дүниежүзі данышпандарының көркем сөзге берген бағасымен бірдей.
Бағының жануы да, дарынының танылуы да – бәрі де адамның өзіне байланысты. «Құсты самғататын — қанаты, адамды самғататын – таланты». Талапсыз – тау басына көтеріле алмайсың деген ойды халқымыз қашан да ақылды сөздерінде аңдатып отырады. Халық педагогикасы көңіл қалдырмай, көрегенділікпен тәрбиелеуді ұсынады. Әділ айтқан, ақиқатын ашық айтқан, ақылды жол нұсқағандар тағылымы ізгі, жемісті. Айтқан ақылға, берген кеңеске құлақ аса білу де – талант.
Қазақ халқында мақал-мәтелдер өте көп. Тек бір ғана автор өз жинағына үш мыңдай мақал-мәтелдер енгізген. (М. Аққозин. Қазақ мақал-мәтелдері, Алматы, 1990, 288 бет, қазақ және орыс тілдерінде). Олар мазмұнына қарай Отан, халық, ағайын-туыс, бірлік, сыйластық, еңбек, білім, тәрбие, үлгі-өнеге, салт-дәстүр, әдет-ғұрып т. б. көптеген тақырыптарға топтастырылған. Қазақ халқы – көне халық. Халық қағидаларының өзі-ақ осыған куә. Халық қағидалары – сарқылмайтын теңіз, мәңгі таусылмайтын қазына.
Салт дегеніміз не?
Салт дегеніміз – атадан балаға, анадан қыз-келінге берілген, болашақ ұрпақ саналы түрде өз бойына дарытуға тиіс әдет пен дағдылар жиынтығы. Қазақ салттарының негізгі бағыттарын былай топтауға болады:
- Ата салты. Бұл салт қоғам және әулеттің міндеттері мен құқықтарын реттейді. Мысалы, билік айту, енші беру, үйлендіру, құда шақыру және т. б.
- Ана және ене салты. Келінін, қыздарын бала тәрбиесіне баулу, ақ босағаға дайындау, абысындар арасындағы сыр, қыз бен жеңге арасындағы сыр, шеше мен қыз немесе келін арасындағы сыр, құдағилар арасындағы сыр т. б. ер адамдарға айтылмайтын сыр.
- Әке салты. Мұрагерлік, отбасылық, тәлімгерлік, туысқандық – бұл салттар әкенің қоғам және өз ұрпағы алдындағы моральдық міндеттері мен құқықтарымен тығыз байланыста болады.
- Жігіт салты. Жеке отау тігіп, отбасы аталғанға дейінгі меңгеруге тиіс өнерлердің түрлеріне байланысты: бозбалалық, жігітшілік, сайып-қырандық, сарбаздық, атбегілік, құсбегілік, салсерілік т. б. салттар.
- Қыз-келін салты. Неке салты, төркіндеу салты және т. б.
Дәстүр дегеніміз не?
Дәстүр дегеніміз – кең ұғымды қамтитын, тарихтың талқысынан өткен, ұрпақтан ұрпаққа жеткен бүкіл халықтық шаралар. Қазақ халқының тұрмысына сіңген негізгі дәстүрлерге тоқталайық. Олар: ұлттық мерекелер, той-думандар, сыйласымдық дәстүрлер, өлік жөнелту (жоқтау), жылу жинау, сауын айту, кәсіптік дәстүрлер, моральдық дәстүрлер, құдандалық дәстүрлер, ел билеу дәстүрлері, шешендік жол дәстүрлері, діни дәстүрлер, тұрмыстық дәстүрлер, салтанат дәстүрлері және т. б.
Халқымыздың ежелден қалыптасқан салт-дәстүрлерін жас ұрпақтың санасына сіңіру, түйсік туғызу – мұғалімдердің, ата-аналардың, сондай-ақ әрбір қоғам мүшесінің ең басты міндеті деп білгеніміз жөн.
Халық педагогикасы жайында тек қазақ халқы емес, сонымен бірге басқа ұлт өкілдері де көп жазды. ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырлардағы орыстың және батыстың демократиялық бағыттағы педагог-ғалымдары өздерінің ғылыми еңбектерінде бала тәрбиесіне байланысты ғасырлар бойы қалыптасқан тәрбие үлгілерін кеңінен насихаттады. Мысалы, чехтың ұлы педагогы Ян Амос Коменский бала тәрбиелеуде халықтық салт-дәстүрге сүйене отырып, баланы жастайынан жақсы мінез-құлыққа тәрбиелеу жолдарын белгілеп берді. Швейцарияның педагогы И. Г. Песталоцин адамның ақыл-ойының қалыптасуы, дамуы ұлт тіліндегі оқудың мазмұны мен оқыту әдісін дұрыс ұйымдастыруға байланысты екендігін атап көрсетті. Ал әйгілі орыстың жазушысы К. Д. Ушинский: «…бала тәрбиесі сол халықтың сан ғасырлық тарихымен тығыз байланысты, тәрбиенің негізін халықтың жақсы-жаман дәстүрінен іздестіру керек», — деп қорытынды жасады. (К. Д. Ушинский. Собр. соч., т. 2, М., 1948, стр. 481).
Сол сияқты ХІХ ғасырдағы орыстың және батыстың ғалымдары: И. Н. Березинский, В. Затаевич, В. В. Радлов, А. Эйхгорн, Н. Савичев, С. Рыбаков еңбектерінде қазақ халқының мәдени мұрасы ерекше орын алады. Академик В. В. Радлов өзінің «Из Сибири» деген еңбегінде қазақтардың ауыз әдебиетін, келін түсіру, қыз ұзату, айтыс өнерін және тағы басқа салт-дәстүрлерін тамашалай келе: «өз ойын өлеңмен тапқыр да дәл бере білуіне қарай қазақтарды Батыс Азияның француздары деуге болады» — деп аса жоғары баға берген. (В. В. Радлов. Из Сибири, М., 1989, гл. Ү, стр. 333 ).
Ұзын сөздің түйініне келетін болсақ, тәрбие дегеніміз – сан-салалы шексіз рухани күш. Қазіргі ХХІ ғасырда қазақ халқының рухани жағынан қайта даму кезеңі басталды. Сондықтан да салт-дәстүрді қастерлеп, жас ұрпақты ұлтына, еліне, төл мәдениетіне деген шынайы сүйіспеншілікке тәрбиелеу қажеттігі туындап отыр. Халқымыздың сан ғасырлық өмірінде отбасы, ауыл-аймақ, көпшілік, қоғам болып адамды тәрбиелеу негізгі орын алды. Ас пен той, қуаныш пен реніш, ұлы жиындардың бәрі халық педагогикасын насихаттайтын тәрбие орны болған. Адамзаттың барлық жақсы қасиеттерін өскелең ұрпақтың бойына сіңіруде, олардың қоғамдық көзқарасының дұрыс қалыптасуына халықтық педагогиканың маңызы өте зор. Халық педагогикасы – ғасырлар бойында қалыптасып, үнемі дамып келе жатқан ғылым. Халық педагогикасының қағидалары қай халықтың болсын тұрмыс-тіршілігімен, салт-дәстүрімен тығыз байланысты болып, үнемі өсіп-өркендеп, дамып отырады. Әрбір адамзат қоғамы өзінен бұрынғы өткен қоғамдардың озық ойларын, тәрбиелік тәжірибелерін пайдаланады. Олай болса, халқымыздың бала тәрбиесі жөніндегі өзіндік заңдарын, үлгі-өнегелерін, қағидаларын жаңа заманның талаптарына сай бейімдеп, пайдалануды түсінетін мезгіл жетті.
Т. С. Байқұлов,
Л. Н. Гумилев атындағы Ұлттық университеті «
Еуразия» ғылыми-зерттеу орталығының жетекші ғылыми қызметкері