Халық саны артып келеді

2016 жылдың 1 маусымындағы мәліметпен салыстырғанда биыл халық саны 239,2 мың адамға немесе 1,3% өсті, деп хабарлайды ҚР Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі.

2017 жылғы қаңтар-мамырдағы Қазақстан Республикасының демографиялық ахуалы туралы  мәліметтер жария етілді. Мәліметтерге сәйкес, 1 маусымда  еліміздегі халық саны 18 014,2 мың адамды құрады, соның ішінде қалалықтар — 10 358,0 мың (57,5%), ауылдықтар — 7 656,2 мың адамды (42,5%).

АХАТ органдары ұсынған азаматтық хал актілері жазбаларындағы мәліметтерді өңдеу нәтижесінде, 2017 жылғы қаңтар-мамырда туғандар саны 155,4 мың адам, бұл 2016 жылғы аталған кезеңге қарағанда 6,2% аз. Туудың жалпы коэффициенті 1 мың адамға шаққанда 20,83 сәбиден келеді.

2017 жылғы қаңтар-мамырда республика халқының табиғи өсімі 2016 жылғы қаңтар-мамырмен салыстырғанда 9,9 мың адамға немесе 9,1% аз. Табиғи өсімнің жалпы коэффициенті 1 мың адамға шаққанда 13,37 адамды құрады. 2016 жылғы қаңтар-мамырмен салыстырғанда 1 жасқа дейінгі шетінеген нәресте саны 16,8% азайды.

Көші-қон қызметі органдары ұсынған мәліметтерді өңдеу нәтижесінде, 2017 жылғы қаңтар-мамырда елімізге тұрғылықты тұруға келгендердің тіркелу саны 2016 жылғы қаңтар-мамырмен салыстырғанда 36,3% көбейіп, 7 204 адамды құрады. Елімізден кеткен көшіп-қонушылардың тіркелу саны 4,0% көбейіп, 10 975 адамды құрады, көші-қонның айырымы -3 771 адам болды.

Еліміздегі негізгі көші-қон алмасуы ТМД мемлекеттерімен болуда. ТМД елдерінен келгендердің үлесі 68,9%; ТМД елдерге кеткендердің үлесі 87,7% құрады. Өңіраралық көшіп-қонушылардың үлесіне еліміздің жалпы ішкі көшіп-қонушылар санының 34,0% кұрады.

Өңіраралық көші-қонның оң айырымы:

Астана қаласы — 20 647 адам;

Алматы қаласы — 9 698 адам;

Ақмола облысы — 1459 адам.