ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ КОНФЕРЕНЦИЯҒА КЕЛГЕН ҒАЛЫМДАР МЕН ОҚО ӘКІМІ КЕЗДЕСТІ

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев мемлекет және қоғам қайраткері Нәзір Төреқұловтың 125 жылдық мерейтойына арналған «Алаштың асыл перзенті» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясына келген ғалымдармен кездесті.

«Бүгін міне рухани астанамыз – Түркістан қаласында мемлекет және қоғам қайраткері  Нәзір Төреқұловтың 125 жылдық мерейтойына арналған «Алаштың асыл перзенті» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткізгелі отырмыз. Қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби, білікті дипломат, елшіміздің есімі  көзі тірісінде-ақ  халықаралық деңгейде танылып, жоғары бағаланғанын білеміз. Алдағы уақытта қайраткердің дипломатиялық мұрасын ғылыми тұрғыдан зерттеуге ерекше мән беруіміз қажет», — деді Жансейіт Қансейітұлы.

Қонақтардың қатарында ҚР Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Жалғас Әбілдаев,  Сауд Арабиясы елінен келген араб-орыс ақпарат орталығының директоры, профессор Маджид ибн Абдуль Азаз ат -Турки,  ҚР ҰҒА-ның Құрметті академигі, халықаралық Н.Төреқұлов атындағы қайырымдылық қорының президенті Әждіжаппар Сапарбаев, тарих ғылымдарының докторы, профессор Кахрамон Раджабов, Тәжікстан Республикасы кәсіпкерлік және сервис институтының профессоры Хотамов Намоз сынды Түркі әлеміне танымал ғалымдар бар.

Нәзір Төреқұлов 1928-1936 жылдары сол кездегі ең жоғары дипломатиялық атақ – КСРО Бас консулы, Төтенше және өкілетті өкіл деген лауазыммен Кеңес Одағының Сауд Арабиясындағы елшісі қызметін атқарған.   Сегіз тілді жетік меңгерген ол Джиддада тіркелген Батыс Европа елдері дипломаттарымен қоян-қолтық жұмыс істеп, сол кезеңде туындаған күрделі мәселелерді оңтайлы шешіп отырған.

Кездесу барысында ҚР Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Жалғас Әбілдаев сөз алып, облыс әкімінің кеудесіне Нәзір Төреқұлов атындағы төсбелгіні тақты. Мұнан соң мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Айтаханов, халықаралық Н.Төреқұлов атындағы қайырымдылық қорының президенті Әждіжаппар Сапарбаевтар сөз алып, бүгінгі шараның маңыздылығына тоқталды.

Кездесу соңында облыс әкімі 60 жасқа толып отырған филология ғылымдарының кандидаты, жазушы, драматург Жолтай Әлмашұлын құттықтап, сый-құрмет көрсетті.

Б. Сабыржан