Халықтың әл-ауқатын жақсарту жолында жүйелі жұмыс жүреді
2024 жылғы 2 қыркүйекте Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, қоғамдық оптимизм” атты Жолдауын ел халқына жариялады.
Бұл Жолдауда өзекті мәселелер қамтылды және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жүйелі экономикалық реформалар басты назарға қойылып, алда атқарылар міндеттер легі белгіленді.
Мемлекет басшысы еліміздің бас құжатында: “Ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту керек”,-деп денсаулық сақтау саласындағы да өзекті мәселелерге тоқталып, медицина сапасын арттыру бойынша нақты міндеттерге тоқталды:
— Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушылар арасында міндеттердің дұрыс бөлінбеуі бұрмаланған ақпараттың көбеюіне әкеп соқтырды. Науқастарға мемлекет кепілдік берген қызметтерді ақылы негізде алуды немесе бірнеше ай бойы кезек күтуді ұсыну жайттары аз емес. Бұған жол беруге болмайды. Бюджеттің мүмкіндігі мен міндеттемесін ескере отырып, мемлекет кепілдік беретін медициналық көмектің бірыңғай базалық топтамасын жасау қажет. Ал одан асып кеткен шығынның бәрі сақтандыру жүйесі арқылы төленуге тиіс. Цифрландыру болмаса, мұндай ауқымды өзгерістерді сәтті жүзеге асыру мүмкін емес. Бір-біріне байланысы жоқ ондаған бағдарлама мен ақпараттар базасының орнына бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпарат жүйесін жасау керек.
Әрине, денсаулық сақтау саласын дамыту үшін жасалынған әрбір жүйелі жұмысты қолдаймыз және оны одан әрі жетілдіру жолында аянбай еңбек етеміз.
Сонымен қатар ел Президенті Жолдауда білікті кадр тапшылығы – әлі де өзекті мәселелердің бірі екендігін айтты:
— Білікті медицина мамандарының тапшылығы – әлі де өзекті мәселе.
Бұл мәселені шешу үшін, ең алдымен, медицина саласындағы білім сапасын барынша арттырған жөн. Соның ішінде грант құнын білім беру үдерістерінің деңгейіне қарай саралау арқылы белгілеп, тиімді тарату қажет.
Денсаулық сақтау саласын таңдаған әрбір маман бұл мамандықты таңдағанда үлкен жауапкершілікті сезінуі керек. Сонда ғана, ол адамнан тәжірибелі, білікті де білімді маман иесі шығып, халықтың әл-ауқатын жақсарту жолында жүйелі жұмыс жүреді.
Президентіміздің алдымызға қойған міндеттерін үнемі назарда ұстау және көтерген мәселелері мен тапсырмаларын бірлесе орындау — біздің басты міндетіміз! Әрі Жолдаудағы тапсырмаларды орындау — басты жұмысымыз!
Динара САРСЕНОВА, Тараз қалалық №5 емханасының бас дәрігері