«Халық алғысын» алған сақшы
Орал қалалық ішкі істер басқармасының баспасөз қызметі полиция капитаны Берік Қайырғалиевтің «Халық алғысы» мемлекеттік марапатын иеленгенін хабарлады.
2007 жылдан бері ішкі істер саласында абыройлы қызмет етіп жүрген кейіпкеріміздің еңбек жолы Батыс Қазақстан облысы Ішкі істер департаменті кинология қызметі орталығынан басталған екен. Бұдан әрі учаскелік полиция инспекторының көмекшісі, инспектор, аға инспектор лауазымдарына өз еңбегімен жоғарылаған.
Бүгінде Орал қаласындағы №16 учаскелік полиция бекетінің аға инспекторы қызметін атқарып жүрген тәртіп сақшысы еңбекқор, талапшыл, жауапты қасиеттерімен еленіп үлгерген. – Полиция капитаны Берік Молдамұратұлы өзіне бекітілген аймақтағы 3000-нан астам тұрғынның сауалына жауап беріп, жеке қабылдау жүргізеді. Ол 36 көппәтерлі және 4 жеке үй тұрғындарының қауіпсіздігі үшін құқықбұзушылық фактілеріне тосқауыл қойып жүрген сақшы. №16 учаскелік полиция бекеті үш балабақша, бір мектеп, бір кәсіптік-техникалық лицей және екі ірі сауда орталығына қызмет көрсетеді. Осынау ірі нысандарда сақтық пен қауіпсіздік ережелерінің сақталуын аға инспектор үнемі назарда ұстайды, – деді қалалық ішкі істер басқармасының баспасөз қызметкері Гүламан Исмағұлова. Сонымен қатар биыл қазан айында осы аумақта тіркелген екі бірдей қылмыс ашылған.
Полиция қызметкері халықпен етене байланыс жасай отырып, аймақтағы тыныштықтың сақталуын үздіксіз бақылауда ұстайды. Жуырда полиция капитаны Берік Қайырғалиев ел Президентінің Жарлығына сәйкес «Халық алғысы» медаліне лайық деп танылған. Пандемия кезінде халық игілігіне қызмет еткен тәртіп сақшысына бұл марапатты Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев табыстады.
Ләззат ҚАЖЫМОВА
Батыс Қазақстан облысы