ХАЛЫҚ – АЛЛАНЫҢ БІР АТЫ, ТІЛ – ҰЛТТЫҢ КИЕСІ. КЕШІРІМ СҰРА!
30 жыл ішінде қазақ тілінің мәселесі шешілмегеніне халық наразы
Жер де, тіл де тәуелсіздігіміздің тұғыры екенін ұмытпайық!
Дәурен Абаевтың бір ауыз сөзі желіде осынша талқыланардай не болып қалды? Жау шапты ма? Ел аман, жұрт тыныш еді ғой. Бәле шақырып атой салатындай не болып қалды? Егер солтүстік жақтағы көр- шілер арасынан біреу тарихымызды тәрк етсе, тілімізді масқараласа шу ете қаламыз, бар екенімізді білдіріп. Әзірге ол жақ тыныш жатқан секілді еді ғой. Ойбай, не болып қалды?
Біздің билік те әбден қуланып алған: ақырын саға дан ақысын аңдып отыруға шебер. «Бірің өл де, бірің қал» деп. Бұл өзі 30 жыл бойы қойылып келе жатқан қойылым. Сценарийі бір өзгермейді. «Жүйкеге тию, на- мысты таптау. Қазақты қорлау!».
Сөйтсек «жау» сырттан емес, іштен шыққан тәрізді. Оған қаһарына мінген әлеуметтік желі қолданушы қауымның ызғарлы сөздері куә!
Ел дүрліккесін, Дәурен мырза не бүлдіріп қойды екен деп мен де сөзін тыңдадым. Тыңдадым да таң қалдым. Таң қалғаным: Сөзінің бәрі екі ұшты! Ойының бәрі жалпылама! Нақытылық жоқ. Қайсарлық – нөл. Баяғыдан естіп келе жатқан «көнерген сөздің» редакцияланған жаңа бейнесі ғана. Халықтың неге өре түрегелгенін сонда ғана барып түсіндім. Халыққа керегі: «Біз тәуелсіз елміз. Енді бізге қазақ тілін тұғырға көтеріп, ұлықтау ғана қалды» деген сөзді есту екен. Бірақ ол сөзді айта- тын тұлға қазақ билігіне әлі келе қоймаған екен-ау деген ойға келдім.
Қанша дегенмен бойында ыстық қаны бар, алаулаған жаны бар ақын Маралтай Райымбекұлы шыдай алмай үш сұрақ қойған екен. Ақынның «эмоциясыз, ешкімнің жеке басына тиіспей, сындарлы әрі жүйелі сұрақтарына» Абаев та жедел жауап бере қойыпты. Жауабының бәрі тағы айтайын: ел ести-ести құлағы жауыр болған жаттанды сөз!
Әлеуметтік желідегі ашынған жұрттың сөзі зілмауыр. Ішінде елге танымал тұлғалар көп. Өз ойларын ашық жазып жатыр. Оқып отырып елдің жоғарыдан әбден көңілі қалғанын сезінбеу мүмкін емес.
«Дәурен Абаев тек қана қазақ ұлтының емес, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың, Президентіміз Қ.Тоқаевтың да жауы екенін дәлелдеді. Ол, Елбасының да, Президенттің де жанында жүрмеуі керек. Өйткені, олардың саясатына қарсы жұмыс жасап жүрген адам деген ой қылаң береді. Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2020 жылы қазақстан- дықтардың 95 пайызы мемлекеттік тілде, қазақ тілінде сөйлейді деп халық алдында уәде берген. Ал, Абаев болса халықтың 90 пайызы орысша сөйлейді деп соқты. Екіншіден Президент Тоқаев.» «Қазақ тілі – қазақтың жаны!» (Егемен Қазақстан, 02 сәуір 2019), «Мемлекеттік тіл – халықаралық қатынас тіліне айналады», «Мемлекеттік тіл-қауіпсіздігіміздің кепілі деген. Қазақ тілі тікелей Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ықпалымен Ата Заңда мемлекеттік тіл деп жазылғанын Д.Абаев білмейді-ау деймін. Демек, Д.Абаев мемлекет басшыларының жүргізіп отырған саясатын қолдаушылардың санатынан емес екендігі күмән тудырмайды. Сондықтан, Елбасы және Президент Абаевты халықтың алдында тізе бүк- тіреді деген үміттеміз» деген пікірлесіне не айтарымды білмей отырмын. Шынымен де егер, Д.Абаев айтқандай Қазақстан халқының 90 пайызы орысша сөйлесе, ол ұлттың басына төнген үлкен нәубет, зобалаң. Мұндай жағдайда,Президент, Үкімет, Парламент депутаттары дабыл қағу керек шығар.
Қайран Мағжан ақын: «Алтын күннен бағасыз бір белгі боп, Нұрлы жұлдыз бабам тілі сен қалдың!» деп жазып едің, Абаевтың сөзіне қарағанда «Нұрлы жұлдызың» ағып түсудің аз алдында тұр-ау шамасы.
Абаев мырза қыза-қыза келе: «Кеше ғана билік жерді шетелдіктерге сатып жібереді деп шулағандар көп болды емес пе? Ал қазір жағдай қалай болды? Билік қандай заң қабылдады? Біз біреуге сүйемдей жер бердік пе? Жоқ. Отанын сүйетін, еліне жаны ашитын патриоттар тек Фейсбукта емес екеніне сендіргім келеді»,– депті. «Жерді шетелдіктерге сатып жібереді деп шулағандар» дегені тым өктем және тұрпайы сөз. 2016 жылы Атырауда басталып, бірнеше қалада жалғасқан митингі болмағанда жердің сатылуы һәм жалға берілуі әбден мүмкін еді. Ондай сөзді Досаев айтып, сол үшін қызметінен кеткенін ұмытқан жоқпыз.
Әншейін шуылдақ болса, Назарбаев жерді сату және жалға беру мәселесіне мораторий жариялай ма, Алтайдан Атырауға дейін сауын айтып жер комиссиясын құра ма? Заңды да көптің талабымен қабылдады емес пе? Шындап келгенде, «оны біз істедік» дегені де өктемдік. Одан гөрі «билік халықтың талабын орындады» десе шындыққа жанасымды болар еді».
«Біздің Тәуелсіздік толыққанды емес, Кремльге тәуелді екенін аңғардық»
Абаев мырза Маралтайға берген жауабында: «Қазақтар 2-3 тіл білсе оның несі айып? Халқымыз «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» демеуші ме еді? Кешегі әл-Фараби 70-ке тарта тіл білсе, ұлы ақынымыз Абай Құнанбайұлы араб, парсы, шағатай, орыс тілдерін білгендіктен де адамзат руханиятының биігіне көтерілді емес пе? Елбасы екі тілде емін-еркін сөйлегесін, халықты ұйыстырып, шекарамызды шегендеп, аумалы-төкпелі уақыттан аман-есен өткен жоқ па еді? Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының БҰҰ ресми алты тілінің төртеуін жетік меңгеруі мейманамызды тасытып, талай келіссөздің ел пайдасына шешілуіне жол ашпай ма? Тіл – адам мен адамды байланыстыратын, өрісімізді кеңейтетін, өремізді арттыратын құрал. Қазір біз жаһандану дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Бүгінгінің басты капиталы – ақпарат. Ақпарат – тіл білетін адамның қолында. Өзгелермен терезесі тең, ешкімге есесін жібермеуі үшін де қазақ баласы көп тіл білгені жөн деп есептеймін.
Алайда орыс немесе ағылшын тілін білу қазақ тілін меңгеруге кедергі болмауға тиіс. Себебі біз «Өнер алды қызыл тіл» деп, мәдениетіміз бен дәстүрімізді ана тілімізге сыйғызған халықпыз. Рухани байлығымыз бен ұлттық кодымыз да тілімізден көрініс табады. Бір сөзбен айтқанда, қазақты тану үшін тілін үйрену керек…» депті. Бұған сөз жоқ қой. Бірақ мәселе өзге тілді білгендердің өз тіліне мұрын шүйіріп, жылы-жұмсақты тоя жеп, биіктен халыққа паңдана қарап отырғанында екенін неге ұмытасыз, Дәурен мырза!
Абаев не айтты? Ол туралы жазылған пікірлерге назар аударсақ:
1. Қазақ Республикасында (Қазақстан емес) қазақ тілінің мемлекеттік дәрежеде еместігін көрсетті!
- Бұған дейінгі әлемді мойындатқан түркі-қазақ мәдениетін «үңгірлік» дәрежеде бағалау билік ішінде антиқазақтық көзқарас барлығын танытты!
- Біздің тәуелсіздік толыққанды емес,Кремльге тәуелді екендігін байқатты!
- Ертең Ресей секілді империялық мемлекет бізге қарсы аттанса- Қолдаушылар Ақорда ішінде екендігін білдірді!
- Абаев секілді жандардың билік ішінде болуға қақы жоқ, орны отставка!» депті. Бұл әрине қатаң шешім болар, бірақ, билік басындағы әр адам «Үй артында кісі бар екенін» бір сәт есінен шығармаса екен! Себебі қазір халық тырсиып үрілген шар секілді. Сәл ғана «артық ауа» тарс етіп жарылуына жарап жатыр.
Амантай Тойшыбайұлы: «Дәурен мырза, Абай атамыз орысша оқу керек деді, бірақ дәл осы сөзді айтқан 25-қара сөзінің жалғасында «зарарынан қашық болу, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек», – деген сөз бар. Қайталап айтайын, зарарынан қашық, пайдасына ортақ болу үшін деді. Ал сен миллиондаған басқа ұлт қарап отырған экран арқылы қазақ ұлты мен қазақ тілінің намысын қорлап сөйледің. Ұлт намысын аяққа таптап сөйледің ғой. Жер туралы айтыпсың, жер туралы заңды қабылдатқан халық бола- тын, сүйемдей жер бергізбеу үшін көшеге атып шығуға дайын болған халықтан қорыққанынан амалсыз сол заң қабылданғанын мойындауың керек. Әйтпесе, дәл сен сияқты … жерді жалға беруге, сатуға да деп заң жобасын жасап даярлап қойған жоқ па еді…» депті. Ауыр айыптау. Бірақ ашынған халықтың жанайқайы!
Менің пайымдауымша, орыс тілінің үстемдігі қазір қатты күшейіп тұр. Оны кез келген минстрліктен, мекемеден көресің. Әлі күнге сең қозғалған жоқ.
Абаевтың сөзін тыңдап, жазғанын саралап отырып есіме тілім деп отқа түсіп жүрген депутат Қазыбек Исаның мына жазбасы түсті. «Елбасы бекіткен «Қазақстан-2050» мемлекеттік стратегиялық бағдарламада және Президент қол қойған Мемлекеттік тілді дамыту бағдарламасы бойынша ел 2020 жылы 90% қазақ тілінде сөйлеуі керек еді! Сонда қазір Тәуелсіздіктің 30 жылында өзінің мемлекеттік тілінде сөйлемейтін билігі бар ел 90% шет тілінде – орысша сөйлесе, онда Тәуелсіздік алғанымыз рас па, жоқ 30 жылымыз босқа кеткен бе?
Тәуелсіздігімізге отыз жыл толса да, солтүстікке қарап сыйынып алмай асын ішпейтін, намазын әлі Кремльге қарап оқитын біздің билік енді неге Ресей Президенті В.Путиннің: «Мен елімнің ең бірінші ұлтшылмын!» дегенін үлгі етпейді?
Қазақ тілін талап еткен Қазақ күрескеріне осындай қисынсыз үкім шығаруды біздің билігіміз қазақ елінің Тәуелсіздігіне қарсы 30 жыл бойы оттап келе жатқан Жириновский, Лимонов, Никонов, Соловьевтерге неге қолданбаған?!. Қайта біздің кейбір мемлекеттік тілін білмейтін медиамагнаттар мен шекесі тар шенеуніктердің Жириновский мен Соловьевтерді арнайы шақырып, алақандарына салып күтіп алып жүргені қандай жиіркенішті қорлық еді!..
Былтыр «Қазақ үні» ұлттық порталында Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдануын талап етіп, Қазақстан Президентіне жазылған Ашық хатқа қол қойған, 125 мыңнан асатын халықтың талабы тез арада орындалмай, әлі де сиырқұйымшықталып созылып келеді. Яғни, мұндай дау өмірі бітпейді. Қайта ушыға береді. Алашқа Алла жар болсын! Билік Қазыбектің бұл сөзіне де селт етпеді ғой? Біз осы қайда барамыз?
Дәуренжанның жазбасын оқып отырып, оның жорғадай тайпалған сұлу сөзіне айызың қанады! Көп жағдайда қазақшадан көрі, орысшаға бейім, айтар ойын (өзгелер түсінбей қалмасын деп) ресми тілде жет- кізуге тырысатын шенеуніктің мұнша жазарман болып шыққанына таң қалып жатқандар көп. «Е-е-е», қу дү- ние деген осы-ау…
Ақын Исрайл Сапарбаев: «Жауапты Дәурен мырза- ның өзі жазбағаны айдан анық көрініп тұр. Тілдің майын тамызып жазған, әрине, жалдамалы біреу, не қол астын- дағы аса пысықай бір қызметкері. Майдан қыл суырғандай-ақ: ұстатпайды әрі «уәжіне» тіс батпайды шіркіннің! Мұндай әккі қулар (Дәуреннің де, әлгі жазғышбайың да) әбден тісқаққандар. Демек, Дәуреніміз «оңай шағыла- тын жаңғақ» емес, дұрысы «сужұқпастың» нағыз өзі. Ал енді ойлан, ағайын!..» депті қынжылып.
Қазақ тілінің мемлекеттік тіл екенінен хабары жоқ па?! Абаевтің қазақша сөйлеуді, яғни мемлекеттік тілді қолдануды талап ету «Үңгір ұлтшылдарының» ісі деп бағалауын қазақ тілін төмендету, менсінбеу деп түсінемін. Сонымен қоса ол: «Қазақстанда 90 пайыз тұрғындар орыс тілінде сөйлейді, жетік біледі. Бұл орыс тіліне сұраныс емес пе?» – деп ақталыпты. Даурен Абаевқа мынадай сұрақ қоямын: «Мемлекеттік тілді қолдану және оны қолдануды ҚР азаматтарынан талап ету «үңгір ұлтшылдарының» ісі болса, Ата заңда мемлекеттік деп танылған қазақ тіліне сұраныс тудырмай, көрші мемлекет Ресейдің мемлекеттік тіліне сұраныс бар деу – Д.Абаевтың қазақ тілін тас үңгірден шығармау әрекеттерінің бірі емес пе? Не себепті мемлекеттік қазақ тілі орыс тілінің көлеңкесінен шықпай, «тас үңгірде» қамалып, оған сұраныс мемлекеттік деңгейде болмай келеді? Не себепті мемлекеттік тілді қолдануды талап ету немесе оны қолдану ұлтшылдық деп бағаланып келеді?
Өз айтары бар журналист Дина Елгезек қызымның да да Абаевтың мәлімдемесіне «күйіп кеткені» көрініп тұр. Сұрақтарды қардай боратыпты. «Кешегі Маралтайға берген жауабыңыз да мардымсыз екен. «Қазақ бірнеше тіл білсе несі айып?» депсіз. Құдай-ау, басқа тіл білмесін деп отырған бір қазақ бар ма? Орыс, ағылшын, қытай тілін меңгерсін, тіпті әл-Фараби секілді 70 тіл білсін. Бірақ осы 70 тіл білуге ұмытылған ел тұрғын дары қазақтың жалғыз-ақ тілін білуге неге құлықсыз? Орыс пен ағылшынша зуылдаған билік неге ұлттың тілінде сайрамайды? Неге алқалы жиындар тек орыс тілінде өтеді? Неге Премьер ұлт тіліне шорқақ? Президенттің докладтары неге қазақша жазылмайды? Неге ұлт заңдары аударылып беріледі? Неге қазақ журналистері аудармашы болуға мәжбүр? Неге біздің қоғам әлі күнге орыс тіліне тәуелді? Мемлекеттік тіл үшін сіз неғып шырылдамайсыз? «Ел тұрғындары өзге тілді біледі деп емес, неге қазақша білмейді» деп мәселе көтеріп отырған жоқ па қазақ? Осы сауалға нақты жауап берудің орнына, айдалаға лағып кетіпсіз!
«Қазақ мектептерінің саны 70 пайыз» депсіз? Елімізде 3726 қазақ мектептері бар. Орыс мектебінің саны 1181 екен. Ал енді 50-ге жуық өзге тіл мектептері мен 2043 аралас мектептерін қайда жібересіз? Таза орыс пен аралас мектептерді қоссаңыз, 3270 мектеп шығады. Енді қазақ мектептерінің үлес салмағы 70 пайыз деген ертегіңізді есептей алмай отырған жайым бар. Аралас мектептер ұрпақты не қазақ, не орыс емес дүбәра ететіні жөнінде ұлттың баспасөзі талай рет дабыл қаға жазған жоқ па?». Шын сөзге кім таласар? Жөн сөзге тоқтайтын билік қашан қалыптасады бізде!
«Шайтанға сенген бақсыны тыңдағанша, Шындыққа сенген жақсыны тыңда» деген екен атам қазақ. Дәл қазір қазақ кімге сенерін білмей дел-сал халде.
Ұлтшылдарды «үңгірдегілер» деп қаралаған Дәурен Абаевтың отставкаға кетуін талап етеміз! Тәуелсіз мемлекеттің мемлекеттік тілін көрші Ресейдің аяғына жығып берген шенеуніктің қазақтың билігінде отыруға хақы жоқ. «Үңгірдегілердің» күшін көрейік!» деп қатал талап қойып жатқандарды да түсінуге тырысқан дұрыс. Себебі халық тіл мәселесінің 30 жыл бойы шешімін таппай келе жатқанына наразы. Соның ішінде мен де бармын!
Абаев мырзаның қазақтың жанды жеріне «тұз сепкені» шындық! Бәлкім әдейі, бәлкім жорта! Әлде, аңдамай сөйледі ме? Мүмкін селт еткізіп «ұйқысынан оятқысы» келді ме?
«Көп тілді, көп ділді, көп дінді мемлекеттердің болашағы жоқ»
Қоғам белсендісі Арман Шораевтың да пікірі өткір де терең екен! «Үңгірдегі ұлтшылдық» шындығында Ресейде өршіп тұр. Ол елде 50-ге тарта ұлттық-фашистік ұйым заңды түрде тіркеліп жұмыс істейді. Кезінде фашизмді жеңген елде қазір ахуал осындай. Ол аз десеңіз, Ресейдің республикаларында орыс тілінен басқа тілді оқытуға тыйым салынған. Ресейде 1 миллионға жуық қазақ тұрса да, осыдан 4 жыл бұрын олар сон- дағы ең соңғы қазақ мектебін жапқан болатын. Ондағы ұсақ ұлттардың бәрінің жағдайы сол. Неліктен татар- лар, башқұрттар мен дағыстандықтар онда негізгі тіл ретінде татар тілін оқи алмайды?», – деген Арман Шо- раевтың заңды сұрағына кім жауап қайтарар екен?!.
Осындайда еске Түркияның тұңғыш Президенті Мұстафа Кемал Ататүрік түседі. Ол билікке отыра сала:
«Түркияда тұратын 78 ұлттың өкілдерін бір тілде сөйлеуге шақырамын. Көп тілді, көп ділді, көп дінді мемлекеттердің өмірі ұзаққа бармайды. Ондай елдердің болашағы жоқ. Сондықтан да біздің Түркия бір-ақ тілде сөйлеуге тиіс!» депті жарықтық. Біздің бірінші түгіл екенші Президент осылай айта алды ма? Олар батыл қадам жасамағаннан кейін, қарамағындағылар бірдеңе өзгерте қояды дегенге сену қиын.
Қайта біздің елдің басшылары орыс тіліне орысша жауап бермегендерді жазалауға дейін барады… Көрген күніміз осы екені өтірік пе? Олай болса Абаевқа өкпе артуымыз қаншалықты дұрыс?
«Оңтүстіктің жұртын солтүстікке көшіру туралы жақсы бастаманың өзі әлі дұрыс жолға қойылмай жатыр. Өзге ұлттар көп шоғырланған аймаққа қандастарды көптеп орналастыру мәселесі айтылды да қалды. Кімге өкпелейміз? Битке өкпелеп тонымызды отқа жағамыз ба енді? «Серпер» бағдарламасы жастарға серпін беріп келе жатыр еді, соңғы уақытта аяғына жем түскен аттай кібіртіктей береді.
Кемшілікті ғана емес, кеңпейілді де айтайықшы, Нұр ағамыз оңтүстік Астананы қиырдағы Ақмолаға көшіргенде игі мақсатқа иек артқан еді. Сол мақсатқа жетті де! Қалың орыс-орман иелік еткен Ақмолаңда қазір қазақтың үні саңқылдап тұр. Жеңіс пе? Әрине жеңіс! Осындай ұлы мақсат қана қазақтың тілінің көсегесін көтереді. Әйтпесе жалаң идеология жарға жығуға тақау».
Бір кезде оппозиция алаңында атой салған, өткір ойларымен, орамды пікірлерімен елдің ықыласына бөленген Айдос Сарым, тіл туралы орағытып әкеліп, Абаевты ақтап алғысы келгендей кейіп танытты. Халық соқыр емес бәрін көріп отыр. Елдің жел соғар жағында болады, тіл үшін отқа түсуге даяр дейтін Айдекеңнің бұл қылығын болашақ кешіре қоярма екен? Ә, қайдам! Депутат болып, демде өзгеріп, баяғы көзқарасының бәрінен сырт айналу ешкімге, әсіресе өзіне абырой әпере қоймас.
Иә, тіл ұлттың намысы! Аңдамай сөйлеген Абаевтың сөзін ұлт пен тілді қорлау деп мәлімдеген «Тіл майданы қозғалысы» мүшелері адвокат Абзал Құспан мен Қуат Ахметов Абаевты сотқа беруді қарастыратындарын жеткізді. Ол үшін елден, қазақ тіліне жанашыр жұрттан өздерін рухани қолдауға шақырды. Бұл жер: келешекте ел болып қаламыз ба, қалмаймыз ба деген сұрақ тұр! Мұны әр қазақ жан-жүйесімен түсінуге тиіс!
ТҮЙІН: Тіл мәселесіне немқұрайлы қарағандарды қазақ деп санамаймын!
Дәуренжанның пайымына риза болғаннан гөрі кіжінгендер, қуанғандардан гөрі күрсінгендер қарасы көп. Осының өзі жоғары жаққа деген халықтың сенімінен гөрі күдігі, құптауынан көрі «қызықтауы» көбірек екенінен хабар береді. Дүниеде адамнан сенім қашпасын, оның орны оңайлықпен толмайды. Сенімсіз жанның жүрген жері сергелдең. Алла бізді сондайдан сақтасын. Қазақ атамыз «Байқамасаң быламыққа да тіс сынады» дегенді бекер айтпапты. Аңдамай сөйлеген ауырмай өлетінін де қалай дөп басқан. Ана тілінен көрі «арда» тілді өмірінің мәні мен сәніне айналдырған шенеуніктер қаншама. Оларға салсаң тірліктің мәні тілде емес, жақсы тұрмыс пен жайлы орынтақта. Қалғанының бәрі өткінші. Тап соның кебі келгендей боп тұр.
Қазір биліктің негізгі жұмысы Д.Абаевты ақтап алу. Кімнен? Халықтан ба?! Бұл күлкілі. Д.Абаевта халықтың бір баласы, жүйенің құрбаны. Оның жолы жүйені өзгерту. Халық – Алланың бір аты! Тіл – ұлттың киесі. Халықтан кешірім сұраса, тағынан түспейді!..
Халықпен санасу, пікірлерін, ұсыныстарын тыңдау парызымыз. Індет бір жағынан, құрғақшылық, әлеуметтік жағдай мынау айналайындар биліктегі азаматтар «аспаннан» түсіп халықпен араласатын, «еститін көретін» санасатын кез келді! Барымыздан ажырап қалмайық, қазаққа қазақтың ғана жаны ашиды айналайындар!..
Қалай десек те, данышпан Абай өмір сүрген дәуірмен бүгінгі заманды салыстыруға келмейді. Ол ғасыр қазақтың әлі бойынан қайнаған күш, рухынан айбар, төзімінен қуат кетпеген, жігері мұқалмаған, мұқалса да байқалмаған, намысы тапталмаған кез еді ғой. Ол кездегі қазақ өзінің ана тілінен безінбеген, өзге тілдің билікке бастар жол екенін әлі терең сезінбеген, болашаққа деген сезімі көз ілмеген жандар еді. Бүгінгі мансап биігіне көтерілген шенді қазақ, бес тіл, бәлкім он тіл білетін шығар, бірақ ана тіліне безбүйрек. Ол тілде сөйлеуге ұялады, кейбіреуі намыстанады. Өкінішке орай, намыссыздар билікке жақын, тілінен мақұрым. Бұдан өткен қасірет, бұдан өткен сорақылық болмас жұмыр жердің бетінде.
Абаевтың сөзін шырылдап сөйлеген президент кеңесшісі Ерлан Қаринге белгілі мәдениеттанушы, этнограф Серік Ерғалидің әлеуметтік желідегі жазбасына алып қосарым жоқ. «Президент аппаратындағы жігіттер! Бәрің де ұлтшыл, ұлтжанды азаматсыңдар! Бірақ ондай ұлтшылдық пен сөзуарлық, саясатты сөзбен ғана атқару бүгінде абырой бермейді. Сұраққа сөзбен емес, іспен жауап беру ғана үміт ұялатады. Халық ондай жауап пен ақталуды енді мойындамайды. Уақыт та бітті… Сол көп сөздің орнына, қолынан келері аз болса да, «картоп жарғандай» тілді орошолақ шаруаға айналдырып жүргендерге дұрыстап жұмыс істетуге болмас па еді? «Үңгірдегі ұлтшылдықты» жөнге салып, сауаттандырып, қолына оңды сайман беріп, жер бетіне шығаратын Ішкі саясат, Тілком және соларды үйлестіретін аппараттағы мырзалар қайда қарап отыр?
Неге Ішкі саясатта мемтілдің дамуына, оның позициясын қолдауға қоғамдық ұйымдарға дұрыстап қаржы бөлінбейді?
Неге елде дені дұрыс тіл саясаты қолға алынбайды?
Неге Тіл комитетінің қолында құзыр жоқ? Неге ол жерге сөзбен ақталушылар жиналып алған?
Неге Қазақстанның ішкі саясатына Ресейдің сыртқы саясаты килігеді? Оның алдын алып, осындай дербес ішкі саясат жасалмайды? Жалпы тіл саясаты нағыз ішкі саясат емес пе?! Мыңдаған саясатшылар не істеп отыр?.. Сұрақ көп, жігіттер!
Дәурен мырзаның жақсы жігіт екендігі қазір өзекті емес, қазақ тілінің, қазақтың өз елінде соңғы сұрыпты болып жатқандығы бұқараны ашындырып бітті! Бұндай жағдайда ешкімнің алдында ешкім де ақтала алмайды. Қандай сөз айтсаң да, қанша сөз жазсаң да – нәтиже болмайды. Нәтиже – істе ғана!
Істей алатын елдің, қоғамның ресурсын қолдана алмай отырсыңдар! Тұйыққа тірелу – осында!» депті. Көптің көкейіндегі маздаған ой осы емес пе еді! Өтпес «кездіктерді» қалай-қалай қайрайды Ерекең!
Айтпақшы, Маралтай ақын жаны ышқынып, астарлап болса да «дат» айтып көріп еді, Абаевқа. Бірақ одан шыққан нәтиже аз болған секілді. Қоғамда пікірталас болар, әлеуметтік желінің «түндігін» желпіген қызу сайыс өтер деген үмітім көкке ұшты. Жайшылықта дау-дамайға жақын, өздерінше асқақ ақын, сөйлесе сөзге шешен, әлеуметтік желіде көсем жандардың көбінің батылдығы жетпеді ме, әлде, тіл мәселесінен де күрделі оқиға іздеді ме, бәлкім бірі қызметін сақтағысы келді ме, үнсіз қалып Абаевтың алдында ақтағысы келді ме, бұл жағы маған беймәлім. Мәлімі: жайшылықта әлеуметтік желінің астын-үстіне шығаратындардың үнсіз қалғаны! Бұл менің жаныма қатты батты. Бірақ көпке топырақ шашпаймын. Тілім деп тіліп айтып жатқандарға басымды иіп, ақ батамды беремін! Дәуренжанды қанша құрметтесем де, тіл мен рух мәселесінде ой қайшылығы бар. Өйткені тіл мәселесін сонау кеңес дәуірінде Шона Смаханұлы мен Мұхтар Шаханов арқылы тілектес болып көтеруге тырысқанбыз. Қазір тәуелсіз ел мен тәуелсіз жер. Сөйте тұра тіл мәселесінде үнсіз қалуға арым шыдамады. Тіл мәселесі – ұлт мәселесі. Оған немқұрайлы қараған қазақты мен қазақ деп санамаймын!
Отқа май құйғаным емес, тек әттеген-ай дейсің, 30 жылда қазақ тілін қасқайып төрге оздыратын бір оғлан, ел қамын жеген бір өр шенеуніктің қарасын көрмей өтетін болдық-ау! Қайран қазақ тілі – мұнша сорың қалың болар ма? Қайтейін, қайтейін!