ХАЛЫҚ ӨТІНІШІНЕ ҚҰЛАҚ АССАҚ…
Қаракемерліктер ауылға жаңа мектеп салуды сұрап отыр
Халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетінің бас директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Сәуле Мешітбайқызының Жамбыл облысындағы сапары Қордай ауданының Қаракемер ауылында жалғасты.
Уақыттың дегені мен жол жағдайына байланысты Қырғызбен шекаралас, еліміздің оңтүстік түкпіріндегі ауылға түнделетіп жеттік. Жолбасшымыз — аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбаева.
Мақсатымыз — жергілікті тұрғындардың ауылға жаңа мектеп салу жөніндегі өтініш-тілегін тыңдау.
Жуырда қаракемерліктер бізге өтінішпен шығып, Мемлекет басшысына, облыс және аудан әкіміне жазған хаттың көшірмесін жолдаған-ды.
Онда 1969 жылы пайдалануға берілген орта мектеп ғимаратының бүгінгі білім беру стандарттарына мүлдем сай келмейтіні айтылған.
Яғни кітапханасы, оның оқу залы, асханасы, акт залы, мерекелік сахнасы, технология пәніне арналған шеберханаларының жоқтығы, ал спорт залының әжептәуір тарлығы айтылған.
Сондай-ақ тұрғындар хатта 2011 жылы қосымша корпус қосылып (оның да сылағы түсейін деп тұр), 2019 жылы тек ескі корпусы күрделі жөндеуден өткенін де атап көрсеткен. Десе де ескі корпуста әлі күнге дейін санитарлық торап пен су құбыры жоқ.
Қазіргі жобалық қуаты 600 орынға арналған мектепте бүгінде 800-дей оқушы оқиды екен.
Қысқасы қаракемерліктер өз балаларының заманауи, стандарттарға сай білім ордасынан тәлім алғанын қалап отыр.
Кештеу болса да мектептің бір сынып мөлмесінде ауылдың бірқатар тұрғынымен кездестік. Жиынға аудан әкімі Дамира Сүгірбаева, мектеп директоры Гүлмира Самақова да қатысты.
Жиында Б.Төреев, С.Өтелбаев (мектеп мұғалімдері), мектеп қамқоршылық кеңесінің төрағасы Қ.Абдраимов, ауыл тұрғындары М.Тыныбаев, М.Қибеков сөз сөйледі.
Ал Ел анасы Сәуле Мешітбайқызы тұрғындарды мұқият тыңдап, өз сөзінде бұл мәселені тереңірек зерттеп, тиісті мекемелерге, аудан, облыс басшыларына, жеткізетінін айтты.
Сонымен қатар бұл жиында алдағы референдум жайы да сөз болып, С.Мешітбайқызы тұрғындарға біраз ақпарат беріп өтті.
— Ел тарихында 27 жылдан кейін өткелі отырған референдум Қазақстанның жарқын болашағына жасалған жарқын қадам. Иә, қарапайым халықтың пікірімен санасу ұлы өзгерістер алдында тұрған еліміздің жарқын болашағына кепіл боларына ешқандай дау жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІ сессиясында елдегі саяси реформалардың халық пікірі негізінде жасалу керектігін қадап айтып, Конституцияға өзгерістер енгізуді ұсынды. Ата Заң қуатты мемлекеттің негізі, кешегі тарихтың таразысы, алдағы алыс күндердің арман-аңсары. Ата Заң — қарапайым халықтың қорғаныш-қалқаны. Сондықтан да өзгерістің Конституциядан басталуы заңдылық. Жасыратыны жоқ, осы уақытқа дейін (1995 жылғы референдумнан кейін) өзгерістер жабық кабинеттерде жасақталып, Парламент палаталарында «бір ауыздан» мақұлданумен жасалып келген-ді. Бұл үрдіс билікті халықтан алшақтатып, елді демократияландыру процесін тежеп келгенін уақыт таразысы мен талабы дәлелдеп отыр. Осы жолғы референдумның тарихи мәні мен маңызының ерекше болатын жөні бар. Өйткені халық үнін еститін жүйе қалыптаса бастады, — деді С.Мешітбайқызы.
Жасұлан Сейілхан,
Жамбыл облысы