ХАЛЫҚ ҚАТЫСАТЫН БЮДЖЕТ: АҚТӨБЕДЕ ЖАҢА ОЙЫН, СПОРТ АЛАҢЫ АШЫЛДЫ
Ақтөбе қаласында өткен жылдан бастап «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Бұл бағдарлама Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, шешім қабылдау процесіне халықты кеңінен тарту мақсатында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын орындау аясында іске асырылып отыр.
Жоба мақсаты — елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру, ортақ пайдалану орындарын сквер, демалыс орындарын, балалар ойын алаңдары, спорт алаңдарын орнату, жөндеуден өткізу жұмыстарын жүргізу. Бағдарлама бойынша
тұрғындар қала инфрақұрылымын жақсартуға қатысты өз идеяларын айтып, соны жүзеге асыруға мүмкіндік алады.
Осы жоба аясында 1 маусым — Балаларды қорғау күнінде «Айболит» бау бақша ұжымының тұрғындарына және балалар мен жасөспірімдерге арналған балалар ойын алаңы, спорт алаңы және демалыс орны ашылды. Құны 19 958 311 теңге болатын бұл жоба — аталған бағдарлама аясында жүзеге асырылған ең ауқымды жоба. Мердігер мекеме «Стройкорпорация Медин» ЖШС тапсырылған жұмыстарын уақытынан бұрын аяқтап, мереке қарсаңында балаларға үлкен қуаныш сыйлады. Ақтөбе қаласы «Астана» ауданы бойынша былтыр тұрғындар тарапынан келіп түскен жобалардың жүзеге асырылуына бюджеттен 50 миллион теңге қаржы бөлінді. Қазіргі уақытта тұрғындардың дауыс беруіне қарай ең жоғары дауыс жинаған 10 жоба іске асырылып жатыр. Бағдарлама аясында Жаңақоныс және Құрашасай тұрғындар алабында жаңа 5 балалар ойын алаңы ашылып, 1 кешен жөндеуден өткізілді. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жаяу жүргіші жолынан кедергісіз өту мақсатында ыңғайлы етіп жайластыру бойынша бір жоба, 11 шағын ауданындағы 9 мектепке баратын жолда тротуар салу, Сазды тұрғындар алабындағы балалар ойын алаңын жөндеуден өткізу секілді жобалар да биыл жыл соңына дейін жүзеге асырылатын болады.
Тұрғындар аталған бағдарламаға белсенді қатысып жатыр. 2022 жылы жүзеге асатын жобалар қабылданып сараптамадан өтті. Бүгінгі күні 11 жобаға, құны 146 487,4 мың теңгеге бюджеттік өтінім дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Балаларға арналған ойындар алаңдарын салу, спорт алаңдарын жөндеуден өткізу, скверлерді абаттандыру, оқушылардың мектеп пен балабақшаға кедергісіз баруына арналған жаяу жүргінші жолдарын салу жобаларын іске асыру жоспарланып отыр.
М.Сатаева,
Ақтөбе облысы.