ХАЛЫҚ СЕНГЕН ДЕПУТАТТАР РУХСЫЗ, НАМЫССЫЗ БОЛСА ҚАСІРЕТ!

Мәжіліс пен мәслихат сайлауы да мәреге жетті алқынып. Сын да айтылды, сыр да айтылды. Біреу мақтады, біреу даттады. Шалғайда жатып алып «шабынғандар» да болды, бұрын үкіметті сынап жүргендер бір-ақ сәтте өзгеріп, қасынан табылған» жағдайлар да орын алды.   Әйтеуір қарбаласқа толы сайлау науқаны көзді ашып-жұмғанша өте шықты. 

«Аузы күйген үрлеп ішеді» демекші, тәуелсіздік тарихында, сайлау кезеңінде халықтың аузы қанша мәрте «күйгенін» кім білсін, алайда «аюдай ақырған, маңайын жапырған» дөкей депутаттардың көпшілігі жылы креслода керіліп, мемлекттік тілден жерініп, халықтан бөлініп «тіршілік кешкенін» көзіміз көрді.  Оларға сөз де өтпеген, сын да жетпеген!

Саралап отырсақ, 30 жылда отыз ауыз сөз үйренбей, сонысы үшін өзінен жерінбей, бертінге дейін «ерінбей» депутат болып келген дөкейлердің бірталайынан бұл сайлауда халық «құтылды». Бұл да бір шешім болғандай ұтымды. Әйтпесе ол мырзалар, талай миллионды «жымқырды».

 

Парламенттің жасаруы мен жаңаруы

Биылғы сайлау несімен ерекше дегенге келсек,  Мәжіліске де, Маслихатқа да жастар легінің көптеп өтуі десек жарасар. Әйтсе де Мағжан ақын айтқан «Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты,

Қырандай күштi қанатты,

Мен жастарға сенемiн!

Көздерiнде от ойнар,

Сөздерiнде жалын бар,

Жаннан қымбат оларға ар,

“Мен жастарға сенемiн!” деп айтуға әлі ерте секілді. Өйткені жастарға тән албырттық пен қызбалықтан олар бір күнде арыла қоймасы тағы белгілі.  Оңы-солын білмейтін кей «балалардың» бір-ақ күнде ғарыштан түскендей Парламентке «топ ете» қалуы олар үшін тосын жағдай. Жүре берсең, көре бересің деген осы-ау! Елбасының алдында жыр оқыған қыздың бағы жанып, Елбасыға ескерткіш тұрғызуды ұсынған жігіт өзгелерден дараланып шыға келді. Бұл не кездейсоқтық па, әлде шынайы ұйымдасқан шешімді нәтиже ме?

 

 

Қалай десек те,  билік «Nur Otan»-ның қолында болғандықтан сайлаудың нәтижесі де соларға тәуелді. Сондықтан халықтың 70 пайыздан астам дауысын алған Мәжілістегі «Nur Otan» партиясы Фракциясының құрамы 70 пайызға  жаңарыпты. Орташа жасы – 49, яғни 4 жылға «жасарған». Қорытындысында партиялық тізім теңдестірілген. Яғни, тізімдегі 36 кандидат – праймериз жеңімпаздары, 40 кандидат Саяси кеңес Бюросының квотасы бойынша бекітілген. Бұл аймақтық өкілдікті сайлаушылар санына сәйкес пропорционалды түрде қамтамасыз етуге мүмкіндік беріпті. Партия Төрағасының Парламент Мәжілісіндегі жастар мен әйелдердің үлесін арттыру жөніндегі тапсырмасы нақты іске асырылыпты. Яғни, «Nur Otan» Фракциясының жаңа құрамының 40  пайызы әйелдер мен 35 жасқа дейінгі жастардан тұрады. Негізінен Мәжілістегі «Nur Otan» депутаттық корпусына білім беру, денсаулық сақтау, ҮЕҰ, БАҚ, сарапшылар қауымдастығы, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және т.б. салалардың өкілдері енген. Бұл әрине қуанарлық жаңалық.

ДЕПУТАТТЫҚҚА КАНДИДАТТАРДЫҢ 7-УІ ҒАНА БҰРЫНҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕР, ЯҒНИ ФРАКЦИЯ ҚҰРАМЫНДА ОЛАРДЫҢ САНЫ 10 ПАЙЫЗДАН АСПАЙДЫ ДЕГЕН СӨЗ. ЖАҢАРЫП, ЖАСАРУ ДЕГЕН ОСЫ БОЛАР. КӘРІЛЕРДІ «ТАҚТАН» ДОМАЛАТЫП ТҮСІРГЕН ЖАСТАРДЫҢ ӘЛЕУЕТІ МЕН ӘРЕКЕТІН АЛДАҒЫ УАҚЫТТА КӨРЕТІН БОЛАМЫЗ. АЛДЫҢҒЫ «ТОЛҚЫН» АТАЛАРЫ МЕН АҒАЛАРЫНАН АСЫП ТҮССЕ ЖАРАДЫ, АСА АЛМАЙ «ЖАРДЫ СОҚСА» ҚАЙТАР МА ЕКЕН ТАУАНЫ?

Елдің күткені үкімет пен парламенттің жаңаруы мен жасаруы еді, оған да қол жеткізген секілдіміз. Ендігі үміт – «жасарған» биліктің жасампаз  жастарының  қолында: елді өрге бастай ма, әлде жалтақтап жерге тастай ма!  Өрге бастаса елдің алғысын, жерге қаратса қарғысын арқаламақ. Осыншама жауапкершілікті олар сезіне алар ма?

Арман Әубәкір деген журналист, «бұрын депутат деген «қолжетпес тұлғалар» болатын. Мүйізі қарағайдай, ресми атақтарынан ат үркетін. Доктор, профессор, академик. Құдай-ау, қашан оқып-тоқып, оны қорғап үлгерген? Сол «қолжетпес тұлғаларға» үніміз естілмейді, хат жазсақ, жауап келмейді, келсе де жалтарған жалпақ сөз немесе өздері ғана түсінер аударма үлгісіндегі ресми қойыртпақ бір нәрсе.

 

 

Депутаттар кілең кәрілер дедік. Енді жасарып келеді. Жастар легінің қалыптасуы жақсылықтың нышаны емес пе? Ең жасы – 25 жас. Көпшілігі қолжетімді. Фейсбукта, инстаграмда отырады» деп жазыпты. Біздің бұған қосарымыз, жастардың біразы тәжірибесіз, рухсыз! Жалындап тұрғанымен жылуы жоқ. Шырқырап тұрғанымен шыбын құрлы әрекет ете алмай ма деп қорқамыз. Сондықтан біздің тілек – қалай да жастарға бас болар аға буын өкілдері Парламентте болуы керек. Олардың ақылы мен кеңесіне бүгінгі жастар тым зәру. Мұны да естен шығармаған абзал.

 

Жастық жігер елге тіреу бола ала ма?

Иә, сайлау деген айқай-шусыз қашан өтіпті? Жеңімпаз партия қиянатқа жол берсе – болашақ айқындар, желсөз обал жасаса – оны көрерміз.  Өйткені әр күніміз тарих, әр күніміз сынаққа толы.  Сондықтан сайлауда   «Еститін үкімет» халықтың жанайқайына қаншалықты  мән берді, ол жағы бізге беймәлім. Белгілісі өзгеру керек деп өзеурегендердің біразы депутаттық мандатқа ие болып,  өзгеріс күткен халық та бір жақсылықтың боларына күмәнсіз сенгені ғана.   Бірақ көңілде күдік үдеп барады. «Қайда барсақ та Қорқыттың көрі» болғаны ма?

Неге дейсіз бе, үкілеп бәйгеге қосқан «тұлпарларымыз» мәреге жетіп алғасын, жүрістерінен жаңыла бастағандай кепке түсті. Депутат деген мәртебелі атақтарына дақ түсірді. Мемлекеттің алдындағы жауапкершілік пен халықтың алдындағы адалдықтың  белгісі – Ант қабылдау еді, оның өзін «күлкіге» айналдырды. Кешіріңіздер, күлкіге айналдырған жоқ, өздері дүйім жұрттың алдында күлкіге қалды. Бұдан асқан сорақылық, бұдан асқан бассыздық бұған дейін болған емес. Жердің тірегі – халық болса,  елдің тірегі – қасиетті тіл емес пе еді? Қазақтың тілін дәріптеуге, қазақтың тілін көтеруге мемлекет қазынасынан 30 жылда шашылған ақшаның өтеуі қайда? Төрт-ақ ауыз антты қазақша айта алмай тұрған депутат қазақ тілін келешекте көгертеді дегенге қалай сенеміз?

«Жаңа Парламент те  тіл мәселесін шешпейді!» депті Арман Қани деген бауырым әлеуметтік желідегі жазбасында. Оны толық құптауға тура келіп тұр. Сонымен Парламенттегі кешегі ұятты жағдай үмітті көзбен  Нұр-Сұлтанға телміріп отырған жұртшылықты жерге қаратты.  Үш партияның үкілеп мәжіліске өткізген депутаттарының көпшілігі мемлекеттік тілдегі ант мәтінін сауатты айтып беруге тілі келмеді!

Мұндай «халық қалаулылары» Тіл туралы Заңның әлеуетін күшейтетін, қазақ тілінің қолданыс аясын мүмкіндігінше  кеңейтетін, республиканың барлық азаматын мемлекеттік тілді білуге міндеттейтін заң актілерін қабылдайды деймісіз?..

 

 

 

 

Бұл парламент те  халықты алдаусырататын ескі әдісті  қолданады. Бекболат Тілеухан, Геннадий Шиповских сияқты депутаттарға қазақ тілі туралы сөйлеуіне мұрсат беріледі. Солардың сөздерін тележәшіктен тыңдаған  тіл жанашырлары екі санын шапалақтап қуанған бес жасар бала секілденіп,  кәдімгідей мәз болады… Қарабайыр құйтырқы әдістің тиімділігі соншалық зор!..

Қазақстанның заң шығару билігiн жүзеге асыратын   ең жоғары өкiлдi органында заңдық тұрғыдан шешімін  таппаған тіл, ономастика  салаларындағы проблемалар   мемлекетшіл, ұлтшыл азаматтардың емі жоқ бас ауруына айналғаны қашан. Көрнекті философ ғалым, қоғам қайраткері Амангелді Айталы мемлекеттік тілдің мүшкіл жағдайын айта-айта әбден шаршаған сияқты, кейінгі кезде үні естілмейді. Есесіне көшеде жүрген шала сауатты шолақ белсенділер  тіл  проблемаларын қара  басын жарнамалаудың көрнекі құралы ретінде әккілікпен пайдалануда! Әрине, ондайлардың  Мәжіліс депутаттарына қандайда бір ұсыныс білдіруге я  сын айтуға  білімі мен  біліктілігі жетпейді. Осы себепті және пілге үрген канден иттің кейпіне енгісі келмегендіктен, әкімдіктердегі шенеуніктерді сынап-мінеумен шектеледі. Додада әркімнің тақымына түсіп, түте-түтесі шыққан көкпар сияқты болған  қазақ тілі мәселесін енді  шынайы ұлт  жанашырлары қолға алуға  ұялатын шығар.

 

 

Ал парламент депутаттарының тіл мәселесінде осы ұстанымынан таймауының себебін жұртшылыққа  түсіндіріп бере алатын  бірде бір саясаткер болмай тұрғаны-ай!

Бүгінде не көп, тіл жанашыры көп. Бірақ бірінің аузының дуасы жоқ. Ащы да болса айтайын, бүгінде тіл абырой көтерудің, бедел жинаудың бір түріне айналды. Тілім деп еңірегеннің бәрі «билік маңдайынан сипаса болды» шалқасынан түсіп, беріле кетуге дайын.

Ойхой, дәурен дегізетін Шерхан Мұртазадай ұлдар қайда жүр? Гегель: «Білімділіктің ең басты факторы туған тіліңде сөйлеу мен оны сыйлаудан басталады» депті. Елбасы Н.Назарбаев: «Әр қазақ қазақпен ана тілінде сөйлессін» деп ескерту жасады. Бірақ оны жалпы халық түгілі, атынан ат үркетін Парламент депутаттары орындамай жүргені жаныңа қалай батпайды?

 

 

Шерхан Мұртаза: «Тілі жоқ халық – балық! Екі тіл жыланда ғана болады!» дегелі де қаншама жыл өтті. «Ананың тілі – қуатым менің» дейміз-ау! Сол қуатымызды сүзгілеп жүр ғой кей «бұзау» демеске шара жоқ… Бүгінгі жастарға үлгі болсын, бүгінгі парламенттегі отаншыл, намысшыл депутаттарға сабақ болсын деп жазып жатырмыз. Шерағаң елдік проблемаларды, ұлттық мәселелерді парламентте көтерді, Президенттің алдында айтты, үкіметтің алдына мәселе етіп қойды.  Шерағаңның парламенттегі аңыз болған сөздері әлі күнге ел жадында жүр. «Айыр тіл жыланда ғана болады, ал адамда тіл біреу», «Жерді сату – анаңды сатумен тең» деген сөздері шежіреге айналды.

Соның бірін бүгінгі депутат Дархан Мыңбай былайша есімізге салады: «Жас кезімізде парламентте ілеспе аударма жасайтынбыз. Бір күні Ресей Атом және энергетика министрлігінің өкілдері келді. Басшысы министрдің орынбасары, қасындағылары да осал емес, кілең генералдар. «Соңғы сынақ жасауға рұқсат беріңіздер. Абыралыда жарылыс жасайтын шұқырларын қазып қойып едік», – дейді. Осы мәселемен Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа шықса, ол кісі «Парламент шешсін» деп жол сілтеп жіберіпті. Сонда Шерағаң Парламентте: «Қолтырауын деген бір хайуан бар. Жемтігін жұтардың алдында көз жасын сығып-сығып алады екен де қылғытып жібереді екен. Сендердің үйіп-төгіп береміз деген өтемақыларыңа әр отбасына 15 бөлкеден ғана келеді. Ол қаншама жылдан бері ядролық сынақтан зардап шегіп келе жатқан халықтың қай жеріне жұқ болады?!» – деді. Сөйтіп соңғы сынақ сол күйі жасалмай қалды». Ұлттық мүдені айту деген осы! Ал біздің парламентте ант берудің өзі үлкен шаруаға айналыпты. Әттең тонның келтесі-ай… «Мәжіліске жастар келді» деп шаттанған қазақтың ант беру кезіндегі шатып-бұтқан депутаттардан түңілгенін шыққыр көзіміз көрді. Президент алдында берген анттарын көріп, жылағымыз келді…

«Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі мен тұтастығын нығайтуға, оның Конституциясы мен Заңдарына қатаң бағынуға, депутаттың өзіме жүктелген мәртебелі міндеттерін адал атқаруға ант етемін!». Бар болғаны осы 4-5-ақ сөйлемнен тұратын кішігірім мәтінді бүгін елдің елеулісі, халықтың қалаулысы деген депутаттарымыз айта алмады.

Өз елінде, өз жерінде, өз ұлтына қор болған қайран қазақ тілі! Жарайды, орыс тілді кісілер болсын, 70 жылдық саясаттың салдары дейік, ол жағы өтірік емес қой енді. Қазақтың қаншама білімді, сауатты азаматтары орысшаға бейім тұрады. Тілдері орысша шыққан, көбінің. Орысша ойлайды. Оған заман кінәлі, қоғам кінәлі дейік. Жарайды, мемлекеттік тілді білмейді дейік. Ол бізде жаңалық емес қой. Бірақ Жандарбек Бұлғақов баламыз айтпақшы, кешегі көрініс жауапкершіліктен жұрдай адамдардың бейнесін айқындап берген жоқ па?

Қайтейік енді, «Қарғайын десем жалғызым, қарғамайын десем жалмауызым» деген осы шығар, тілді білмесе де, айналдырған үш-төрт сөйлемді жаттап алуға не кедергі болды екен? 4-5 сөзді жаттамақ тұрмақ, оқуға сауаты жетпегендер қалай заң қабылдайды?.. Мұның бәрі  биліктің беделін түсірер харекеттер ғой түсінгенге. Қалай олар 4-5 жыл бойы мемлекеттік маңызы бар  тірлікпен айналыспақ?

Қымбат қонақүйлерде қыруар ақша шашып, арақ ішіп, тойлағаннан гөрі, маңызды іс-шараның алдында сәл де болса жауапкершілікті сезініп,  дайындалғандары абзал емес пе еді?.. Кейбір мемлекеттік қызметкерлер мен Парламент депутаттары  бір ғана сөйлемнен тұратын антты  мемлекеттің атауын иемденген тілде бере алмауы  ақылға симайтын дүние ғой тіпті. Мемлекетке қызмет етем деген адамның  отыз жылда қазақ тілінде бір сөйлем үйренбеуінен артық сорақылық жоқ шығар. Біз қайда барамыз ағайын? Біз қайда барамыз билік басындағы, оу, сенім артқан азаматтар? Айтарға сөз де қалмады.. Басқа елдер барлық жағынан дамып жатса, біз керісінше деградацияға ұшырап бара жатырмыз ба, қалай?

 

Шенеуніктер мемлекеттік тілден емтихан тапсырсын!

Мынадай көріністен кейін депутаттарға халық тағдырын сеніп тапсыра ала ма? Әлде әліппені қайтадан өту керек пе оларға. Ант беру рәсімінде антын бұзғандарға, халыққа адал қызмет етемін деп, сол халықтың тілінде сөйлей алмай жатқандарға суайт демеске шарамыз жоқ. Бұл тірліктері үшін халық емес депутаттар ұялуы керек еді. Әзірге халықтан кешірім сұраған бір депутат көре алмадық.  Осының өзі-ақ қадіріміз бен қасиетіміздің қаша бастағанына жарқын дәлел.

 

 

Иә, жаңа депутаттардың ішінде мемлекеттік тілде, қазақ тілінде ант бергендер болды. Олардың арасында Әбілпаз Хамедов, Вакиль Набиев, Наталья Деменьтева, Ильяс Буларов секілді өзге ұлт өкілдері де қазақшаға тілдерін бұрады. Тәубешіл қазақ бұған да тәубе айтты. Ал кейбіреулері (әсіресе Ассамблеядан келгендер) Қазақстанның ең басты Заң шығарушы органының мінберінен өзге елдің мемлекеттік тілінде дәлірек айтсақ, орыс тілінде Қазақстан халқына ант берді. Бұл әрекеттері «Қасқырды қанша асырасаң да орманға қарап ұлиды» деген орыс мақалын еске салып тұр. Елді біріктіруші, ұлттар достығының темірқазығы Ассамблеяның өзін асқақтатқан, аспандатқан парламенттен ойып тұрып тоғыз орын берген  қазаққа көрсеткен «құрметі», айтқан «алғысы» осы болса, жетіскен екенбіз!.

Біздегі жалқы сұрақ – орысша ант бергендер Қазақстан халқына, қазақ халқына адал қызмет ете ала ма? Тілді білмеу Конституцияны сыйламау, түсінген адамға мемлекетті мойындамау деген сөз. Ендеше ойланыңыздар, билік пен депутат мырзалар!

Тілімізге түкірген, ділімізге «секірген» жаңа депутаттардың Қазақ ұлтының атынан Парламент секілді  құзырлы мінберден моралдық тұрғыдан сөйлеуге хақы жоқ. Халықты осынша басынуға жол бермеуіміз керек. Әр қазақ  кіжіне бермей, мүжіле бермей өз құқымызды талап етуіміз керек биліктен. 30 жыл бойы тілімізді сыйламағандар, енді келіп заң шығарушы органда шіреніп отырса күніміз не болмақ! Енжарлығымыздың ақыры қайда апарып соққанын көріп отырмыз!

Тілдің мәртебесі дегенде еске түсетіні, ел басқаруға тиіс Президент қазақ тілінен емтихан тапсырады, депутаттар неге ол сынақтан босатылады? Олар  сонша әулие ме? Тек қана депутаттардан емес, қазақ мемлекетін басқаруға тиіс әр шенеуніктен қазақ тілін білуді талап ететін уақыт  келіп жетті. Тез арада Президент жарлығымен жаңа парламент таратылып, әр партия өз мүшелерін тілдік сынақ арқылы қайта ұсынса ғажап жаңалық болар еді-ау… Шығын өтелер, тілің мәртебеңді көтерер! Ұлтжанды болса билік тілегімізді ескерер!

Үкіметің «шүлдірлесе»,  парламентің «күбірлесе», шенеунігің тіліңді қақпаса, басқалар қабағыңды бақпаса жерден кие, елден бірлік шынымен қашқаны ғой. Ойланайық, ағайын!

«Qazaqstan dauiri» газетінің алдыңғы номерінде «ЖАҢА ДЕПУТАТТАР ҰЛТ МҮДДЕСІН ҚОРҒАЙ АЛА МА?» атты мақала жарық  көрді. https://qazdauiri.kz/archives/24577. Ол мақалада сайлау жайлы бүге-шүгесіне дейін жазылғандықтан, қайталап жатуды жөн көрмедік. Бірақ  аты дардай сайлау дүркіреп өтсе де Үкімет басшысының  «жылы орнынан» жылжымауы, Мәжілістің спикері қайта сайланып,  сенаттың спикері  «міз бақпауы», додаға түскен бес партияның ішінен «Nur Otan»  қара үзіп шығып «Ақ жол» мен «Компартия» құйрық тістесіп келуі – жаңашылдық аңсаған жұрттың екпінін басып, рухын жаншып тастағандай болды. «Өзгерген түк жоқ, сонда сайлау не үшін өтті?» деген көпшіліктің сауалына жауап берер кім бар екен?

 

 

Иә, шақырылымның алғашқы отырысында Мәжілістің құрамындағы 7 комитеттің төрағалары сайланды. Олардың екеуі ғана «Ақ жол» және Қазақстан халық партиясынан болса, қалған 5 комитеттің төрағалары – «Nur Otan» фракциясының мүшелері… Алғашқы жиында «Қазақстан халық» партиясы мен «Ақжолдықтар» «Nur Otan» партиясының үміткері А.Маминге  қарсы шығып демократиялық ойынды бастап жібергендей көрінген, бірақ «эксперимент» сәтсіздеу шықты. Шынайылық пен шындық сезілмей тұрды. Бұрынғы «көменөст» Қоңыров жазып келгенін оқып беріп құтылды, соған қарағанда парламенттегі демократия сызылған шеңберден аспайтын секілді.  Осыдан-ақ барлығы «Баяғы жартас – бір жартас» болып қала ма деген қауіп бар бізде.

 

ТҮЙІН

Қайран Әбіш ғұламаның сөзі-ай сай-сүйекті сықырлатқан!

Әттең, дүние-ай, еврейлер 2 мың жыл бұрын құрып кеткен тілін әп-сәтте мемлекеттік тілге айналдырып үлгерді.  Біз болсақ шұрайлы тіліміздің қадірін қашырып, кім көрінген басынып жүрсе де моп-момақан кейіптеміз.  Кешегі арыстандай ақырған айбатымыз, жолбарыстай қайратымыз қайда кеткен?

Осындай да ұлы Абайдың: «Ел бұзылса, құрады шайтан өрмек,

Періште төменшіктеп, қайғы жемек…» дегені ойға оралады. Данышпан атам-ай, бүгінгі қазақтың басындағы проблеманы қалай дөп басып айтқансың!

Мұхамеджан Тазабеков балам әлеуметтік желіге жазғандай, депутаттардың сөз саптауына бәріміз ренжідік, күлдік, кіжіндік. Дұрыс-ақ…

Бірақ мінсіз сөйлейтіндердің өзі қасиетті тіліміздің қадіріне жетіп жүр ме..?

«Ютубтағы» «қарапайым Қайраттан» бастап, пост астында коменттерге дейін көз салсаң, жағың түседі, жаның ауырады…

Ата-бабадан қалған аяулы тілімізді ғылым-білім, ізгілік тарату, жақсылыққа шақырып, араздасқандарды жарастырудан гөрі, көбінде өсек- аяң мен ғайбатқа, пайдасы жоқ мылжың мен боратып тұрып боқтыққа жұмсайтынымыз өкінішті… Шынымен-ақ кімге күлгендейміз…

 

 

Бір жылдары арда азамат  Әбіш Кекілбаев парламентті басқарғаны белгілі. Ол кездегі Парламент от еді ғой, от еді. Әбекең өмірінің көп жылдарын елімізде парламентаризм институтын қалыптастыруға жұмсады. Ол бұрынғы Жоғарғы Кеңестің төрағасы, Комитет Төрағасы, жаңа Парламентте Комитет төрағасы, депутат лауазымдарының қай қайсысында да аса жоғары  мемлекеттік жауапкершілікпен, әрине  терең әрі жан-жақты білімдарлықпен, жанашырлықпен қызмет етіп,  мемлекеттік қызметкер қандай   болу керектігінің үлгісін, моделін қалыптастырумен бірге заң шығарушы билік тармағының беделін көтеріп,  мол мұра қалдырды.

Сол Әбекең абыз комитет төрағасы болып жүргенде парламент таратылады. Кейін Маңғыстауға барғанда ел ақсақалдары: – Әй, Әбіш, сендер отырған парламент айбарлы да, айдарлы еді, кесіп айтар қанжар еді, ойлы-милы жігіттер жұмыс жасап жатыр еді, не үшін таратты сендерді?» деп сұрапты. Сонда ғұлама ағамыз: – Біздің бар жазығымыз мынада ғана. Елімізге шетелдерден көп мөлшерде инвестиция құйылмақ еді. Соны естіген біз «ақшаның қайда жұмсалатыны туралы парламентке есеп берілуі керек» деп үкіметке талап қойдық,  Олай болмаған күнде қыруар  қаржы жемқорлардың жемтігіне айналады деп ескерттік. Осы біздің бар жазығымыз. Біздің табанды талабымыз ұнамаса керек, бізді таратып жіберді» деп күйінген екен.

Оның қасында антқа адалдық көрсете алмағандарды таратып жіберу жоғарыға түк емес. Тек саяси ойындардың жағымды немесе жағымсыз тұстарына дөп келсе жетіп жатыр.

Сәуле Мешітбайқызы,

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері