ХАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ МАҢЫЗДЫ БІР САЛАСЫ – ВЕТЕРИНАРИЯ

 Қ.Р. Ауыл шаруашылық министрі Сапархан Кесікбайұлы Омаров мырзаның назарына

 Ветеринария саласы –  халық шаруашылығының ең маңызды салаларының бірі болып табылады. Егер тарихқа үңілетін болсақ, ежелгі заманнан бері адам өміріне қажетті мінсең көлік, жесең азық, кисең киім болған жануарлар дүниесі біздің тұрмыс-тіршілігімізден өз орнын алған болатын. Адам мен жануарлардың ортақ ауруларынан бүкіл адамзатты қорғайтын ветеринария ғылымы бүгінгі таңда да өз маңыздылығын жоғалтқан жоқ. Еліміздің экономикасын көтеру  бойынша жүргізіліп жатқан мемлекеттік бағдарламалардың аясында мал саны жылдан-жылға көбейіп, малдәрігемамандарына сұраныс та, қойылатын талап та артуда.

Ветеринария саласындағы қолданыстағы заңнамаларға сәйкес малдәрігер мамандарына жануарларды жұқпалы және жұқпалы емес аурулардан, адам мен жануарларға ортақ індеттерден қорғау, қоршаған ортаны ластайтын  факторларға жол бермеу, жануарларды тасымалдау, өсіру, өткізу барысында қадағалау мен бақылауды жүргізу, мемлекетіміздің аумағын басқа елдерден енетін жұқпалы аурулардан қорғау сынды көптеген міндеттер жүктелген. Ал ол міндеттерді атқару үшін малдәрігері тәжірибе мен білімді ұштастыра отырып, әрдайым өз біліктілігін шыңдап отыруы қажет.

Республика, облыс, аудан деңгейлерінде, ғылым саласында, шалғай ауылдарда көптеген ветеринария мамандары жануарлардың саулығы мен адамдардың денсаулығын сақтау мақсатында өз қызметтерін атқаруда.    Олардың қиын да қызықты мамандықты өз таңдауларымен қалап алып, жоғарғы және орташа оқу орындарынан білім алып, ветеринария саласында талмай қызмет атқарып, зейнет жасына жетіп, құрметті демалысқа шығып жатқандары да қаншама. Олардың  көбісі кеңес дәуірінен қызмет істеп келе жатқан мамандар, олардың орнын басатын жас мамандар тапшылығы шалғай ауылдық елді мекендерде қүрделі мәселе туындататын жағдайлар әлі де кездеседі.

Елімізде кәсіби мерекелердің ішінде көптеген мамандық иелерінің немесе қауымдастықтардың күндері белгіленген. Сол кәсіби мерекелердің қатарына ветеринария қызметкерлері күні енгізілсе, осы салада қызмет атқарған, атқарып жүрген мамандық иелерінің мәртебесі көтеріліп, кейінгі буын жастардың осы мамандықты қалап алуына да бағыт берері сөзсіз.

Қорыта келгенде,  2002 жылы 10 шілдеде Қазақстан Республикасының «Ветеринария туралы» Заңы қабылданды, сол күн мемлекетімізде «Ветеринария қызметкерлері күні» болып бекітілсе  дұрыс болар еді деп ұсыныс береміз.  Республика көлеміндегі басқа аумақтардағы малдәрігер мамандарын да бұл мәселе бей-жай қалдырмайтыны кәміл, қолдайды деген сенімдеміз.

Бұрынырақта Қазақстаның ветеринариялық дәрігерлері қауымдастығы да осы бастаманы көтерген болатын. Бірақ әлі күнге Үкімет бекітетін кәсіби мерекелер тізіліміне енгізілмеген.

Анықтама үшін, дүниежүзілік ветеринарлық дәрігер күні 25 сәуір деп Ресейде 31 тамыз ветеринариялық дәрігер күні болып белгіленген. Ал Қазақстанда Ауылшаруашылығы қызметкерлері күні қараша айының үшінші жексенбісі деп бекітілген. Ветеринариялық дәрігерлер  тек ауылшаруашылығында емес басқа салаларда да және ғылыми мекемелерде де қызмет етуде. Соны ескере отырып, кәсіби мерекелер тізіміне ветеринария қызметкерлері күні енгізілуін құптаймыз.

                        

Ербол Жиенқұлов Жұмабекұлы,

                                                       Жамбыл облысы әкімдігінің  ветеринария басқармасы басшысы

 

         Редакциядан: Бұл мәселені біздің газетіміз бұрын да бірнеше рет көтерген. Соның нәтижесінде бұл саланы мемлекетіміз соңғы жылдары барынша қалыптастыруға күш салып келеді. «Медицина адамды емдесе, ветеринария адамзатты емдейді» (К.Скрябин) деген сөзде зор шындық бар. Иә, автор айтпақшы әлі де кемшін тұстарымыз көп. Соларды жөндеп, күн тәртібіне шұғыл енгізіп отырмасақ ертең опық жейтініміз анық.