Халық талабы: Жер сатылмасын, жалға да берілмесін!

Өткен аптада Халықаралық «Qazaqstan dauiri» газеті, «Желтоқсан көтерілісі» Қоғамдық бірлестігі, «Ел мен жер» Қозғалысы және ұлт жанашырларының бірлескен онлайн дөңгелек үстелі өтті

 

Ертай Айғалиұлы, «Qazaqstan dauiri» газетінің бас редакторы, модератор: Онлайн түрде дөңгелек үстелді неге ұйымдастырдық?
Соңғы кездері Жер мәселесі бойынша қоғамда пікірталастар өршіп, халықтың билікке талаптары күшейіп, қазандай бұрқ-сарқ қайнап жатыр. Себеп: Жер туралы заңның Парламент мәжілісінде, содан соң сенатта талқыланып жатқандығы, Президенттің іле-шала «Жер сатылмайды, жалға да берілмейді» дегендігі және «Жер реформасы» жөніндегі комиссияның құрылып, жұмыс істей бастағандығы. Бірақ халық зор үміт еткен Жер реформасы жөніндегі комиссиясының отырысында көңілге қонымсыз жайттар, мемлекеттік, ұлттық мүддемізге кереғар мәселелер қылаң берді. Бұл халқымызды ашындырып отыр. Президентіміз Қ.Тоқаевтың: «Жер сатылмайды, жалға да бермейміз!» – деп Парламент мәжілісіне, Жер реформасына берген пәрмені толық орындалмайтын түрі бар. Осы тұрғыда бірнеше өткір мәселе бізді мазалап отыр. Бүгінгі дөңгелек үстелде осы мәселелерді ортаға салып, талқылауға ұсынып отырмыз. Алдағы уақытта «Не істейміз? Не қоямыз? Бұл сауалдардың жауабы қалай болмақ?». Бүгінгі дөңгелек үстелдің көтеретін мәселесі осы. Міне, алдарыңызда 7 сауал тұр. Осы сауалдардың төңірегінде және басқа да жерге қатысты мәселелер тұрғысында сіздерді ашық әңгімеге шақырамын.
1. «Орман шаруашылығы жерлері шетелдіктерге 25 жылға жалға беріледі» деп, мәжіліс қабылдаған жер туралы заң жобасындағы бұл бапқа көзқарасыңыз қандай?»
2. Сондай-ақ, «Ауыл шаруашылығы жерлері жеке меншікке сатылсын, шетелдіктерге жалға беруге болады» деген бірнеше кәсіпкер мен Парламент депутаттарының пікірлеріне не дейсіз?
3. Жер комиссиясы 6 ұсыныс-шешім шығарды. Ол шешімдер көңілге қонымды ма?
4. Қазір елімізде 29 млн гектар жайылымдық жер жетіспейді. Комиссияда бұл да сөз болды. Осы мәселе жайлы не айтасыз?
5. Қазақтың жерінің денін латифундистер иеленген. Олардың саны 1% екен. Осы мәселені қалай шешкен дұрыс?
6. Жерді сату немесе жалға беру идеясы кімдерге тиімді?
7. Жерді сату мен жалға берудің мемлекетіміз бен ұлтымызға келтірер зияны мен қауіпі қандай?

 

Жерді сату – анаңды сату

Сәуле Мешітбайқызы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері: «Тарихта өткен Мөде Қаған бабамыз туралы тағылымы мол аңыз бар. Қытайдың патшасы Қағанның ең жақсы көретін тұлпарына қолқа салыпты дейді. Қаған сөзге келместен тұлпарын беріпті. Келесі жолы көрші елдің патшасы онан да асып түсіп, Қағанның сүйікті әйелін сұратқан екен. Бұл бұйымтайға қатты намыстанған кеңесшілер «соғысу керек» дегенде Қаған оларды тоқтатып, көрші елдің әміршісінің талабын орындап, әйелін «ұзатып жіберіпті». Үшінші жолы көрші елдің билеушісі Мөде қағаннан «біраз жерін өздеріне беруін сұрап» хат жазыпты. Сонда Мөде Қаған «Ат та, әйел де табылар еді. Жер табылмайды, бұл талапты орындай алмаймыз, соғысамыз» деп қаһарына мініпті деседі. Содан бері келе жатқан киелі дәстүр бар. Біздің халық жер мәселесіне келгенде атқа қонады. Ол қазақтың ең нәзік мәселесі.
Кезіндегі Алаш партиясының бірінші ұстанымы да жер мәселесі болатын. Жерсіз Отан жоқ. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов: «Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп, толық игермейінше, жер жекеменшікке де, қоныстанушыларға да берілмейді» деп өсиет қалдырған. Жерді сату – Ананы сату, жерді жалға беру – анаңды жалға берумен бірдей. АНАҢДЫ САТАСЫҢ БА, ЖАЛҒА БЕРЕСІҢ БЕ?! Сондықтан жеріміз шетелдіктерге, елге де сатылмауы, жалға берілмеуі тиіс. Бұл қазақтың ең жанды жері, ең өзекті мәселесі. Бұл мәселеге бей-жай қарауға болмайды».

 

ЖЕРДІ ҚОРҒАУ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ ОРТАҚ МҮДДЕСІ

Балташ Тұрсынбаев, қоғам қайраткері, «Ел мен жер» қозғалысының төрағасы: «Жер мәселесінде көзқарасымды үнемі айтып келе жатырмын. Менің айтарым қазіргі билікте отырған азғантай топ өздерінің қитұрқы саясатын өткізу үшін, жерді жырымдап бөліп, «мынау ауыл шаруашылығына арналған жер, мынау орман шаруашылығына арналған жер, мынау шөл» деп бөліп жатыр. Қазақстанның қандай жері болмасын барлығымызға қымбат. Барлығымызға керек. Жерді қорғау – Ұлтымыздың ортақ мүддесі. Сондықтан құрметті бауырлар, сатқындардың айтқанына ермеңіздер. Ол сатқындар билікпен бірігіп алып, әлеуметтік желілерде әртүрлі қитұрқы әңгімелер таратып жатыр. Бірін-бірі жамандау, бірін-бірін «сатқын» деп күстаналау жүріп жатыр. Нақты мәселелерді ортаға қойып, «жер халықтікі» деген ұстанымдағы азаматтарды аяқтан шалып, жайсыз әңгімелер шығарып жатыр. Менің айтарым, билік бәрібір өзінің қитұрқы саясатын өткізе алмайды. Қазақ халқы аман тұр. Жердің құнын біледі. Сондықтан биліктің алдына қоятын бір ғана талабымыз: «Сатқындар аузын жапсын, Қазақстанның бір сүйем жері сатылмауы, жалға берілмеуі керек». Біздің халық жалқау деген өтірік сөз. Керек болса халық өздері орманды да, басқасын да егіп алады».

 

БІЗГЕ ӘРЕКЕТ КЕРЕК!

Серік Ерғали, журналист, мәдениеттанушы, этнограф: «Жер мәселесі соңғы бес жыл бойы жырға айналып кетті. Бұл жырдың басы 2000 жылдардан басталды. Қазір неғұрлым сөз көп болса, соғұрлым істе нәтиже болмайды деп ойлаймын. Біздің позициямыз қандай, қандай емес оған ештеңе байланысты болмайды. Мұның барлығы әуелде халықтың билікке ықпал ете алмағандығынан болды. Сол күйінде қалады. Әрқашан билік пен халық арасында үйлесім болғанда шешім болады. Ал қазіргі неше түрлі комиссия мен кеңестердің құрылуының барлығы, бұл халық пен билік арасындағы буды шығару, соның арасындағы буфер ғой. Сондықтан бізге, халыққа алдымен әділет керек. Ал билік пен байлыққа бөккендерге әділеттің керегі шамалы. Біз билікке ықпал ету жағын ойластыруымыз керек. Мысалы, осы отырыстың өзі тұйық түрде, бұғып алып сөйлегеннен гөрі әлеуметтік желіге ашық тастаған жөн. Халық кімнің не айтып жатқанын көруі керек. Билікте көріп, халықтың үні екенін тұщынуы тиіс. Әйтпесе, «Мен тарих алдындағы жеке сөзімді айттым, мен қарсымын, жер сатылмауы керек» деп, әрбір адамның айтқан сөзі түкке тұрмайды. Бізге әрекет керек. Сондықтан, кәдімгідей азаматтық құқықты пайдаланып, барлық жерде, ресми түрде митингке болсын, пикетке болсын шығып, билікті толығымен, 180 градусқа бұратындай ықпал керек. Қазіргі комиссияның ықпалы 80 пайыз латифундистердің қолында. Жер комиссиясында жүрген бірен-саран жігіттерді, оның құрамына кіре алмаған жігіттер шаужайынан алып жатыр. Жалпы біздің сөзіміз нақты істің шешілуіне емес, «жеке адамның абыройы қалай, осыдан қалай ұпай алады» деген көкейде тұрған жымысқы ойды тастамайынша, ештеңе шықпайды. Бұл істе жанқиярлық керек, жанұшарлық керек. Егер жердің мәселесін шеше алмасақ, бұдан кейін үн шығармақ түгіл, ешқайда дәрет сындыратын жер қалмайды. Білесіз бе, бұл тырп етудің, тыпырлаудың соңғы жағдайы болуы мүмкін. Алдымызда Тәуелсіздіктің 30 жылдығы келе жатыр. Биыл бір нәрсені халықтың пайдасына шешсек, одан ары қарай халық болып, ұлт болып, мемлекет болу қаупі үлкен сұрақтың астында қалады. Сондықтан ешқандай қорқатын ештеңе жоқ. Ешқандай қантөгіс болмайды, көшеге шығып, билікпен ымыраласатындай жағдайды ұйымдастыру керек. Бірақ, жігіттер саясатта ешқандай батырлық болмайды, батылдық болады. Сенің батырлығың көк тиын. Білесіз бе, арандатып, біреудің тұмсығын бұзып, биліктің адамдарының тұмсығын бұзып, онда мәселе шешілмейді. Мен ондайға үгіттеп отырған жоқпын. Қысқасы жер сатылмауы керек, шешімді бір-екі айда қабылдау керек. Оған қандай кедергі қиындық бар, билікпен кәдімгі ымыраласа отырып шешу керек. Болмаса, басқа жағдай болады. Онда біз шеше алмаған мәселені орыс, қытай оп-оңай шешіп береді. Қалай шешеді белгілі. Біз сөзге емес, іске біріксек қана ұтамыз».

 

ХАЛЫҚ 10 СОТТЫҚ жерге ЗАР

Еркін Рақышев, саясаткер, режиссер: «Қазір Қ.Тоқаевтің тапсырмасы бойынша Парламентте заң қабылданып жатыр. «Қазақстанның жерін Қытайға орман өсіруге 25 жылға жалға беруге болады» деген. Біз бұған түбегейлі қарсымыз! Егерде Қытайға жалға берілетін болса, ол жерлер енді қайтып өзімізге келмейді…. Екінші бір ұстанымым – Қазақстандағы барлық мақсаттағы жерлер сатылмауы керек. Сонымен қоса халықтың баспана тұрғызуына қажетті 10 сотық жер деген әңгіме бар. Бұл мәселе де шешімін таппай келе жатыр. Қазір 1,5 млн адам сол 10 сотық жерге кезекте тұр. Мына жұмыс істеп жатқан комиисия оны қараған жоқ. Ол Парламентте де кейінге қалдырып отыр. Мынау елді мекендердегі, қалалардың айналасындағы жекеге кетіп қалған жерлерді мемлекет мұқтаждығына жатқызып, кері қайтарып алып, оны үйсіз-күйсіз жүрген азаматтарға, көпбалалы аналарға, мүгедектерге үй салу үшін бөліп беру керек».

 

4-5 ЖЫЛДА БІР МОНИТОРИНГ ЖАСАЛУЫ ТИІС

Сайын Борбасов, саясаткер: «Мемлекеттігімізді сақтап қаламыз, ары қарай дамимыз десек барлық мақсаттағы жерімізді ешқандай шетелдіктерге сатуға да, жалға беруге де болмайды. Бүкіл халық осы позицияда деп ойлаймын. Мысалы Семей қаласына қарасты бұрынғы Абыралы ауданы мен Жаңа Семей аудандарының жерлері Семейге қарап қалды. Ал енді біз ауыл шаруашылығына арналған жерлерді ғана сатпаймыз десек, анау екі ауданның қалаға қарасты болып тұрған қыруар жерлерін сатуға болатын болғаны ма? Ал халықтың тұрғын үй салуына арналған 10 сотык жер мәселесін дұрыстап шешу керек. Ал ауыл шаруашылығына пайдаланатын жерлерді тек қана Қазақстан азаматтарына белгілі мерзімге, мысалы, 20 жылға жалға беруге болады деп ойлаймын. Алайда оны аудандық, ауылдық жерлерден комиссия құрып, қатаң бақылауда ұстау керек. Яғни, халық өз жерін өздері бақылауы тиіс. Олар жалға алынған жерлер қандай мақсатта, қалай пайдаланылып жатқандығын қатаң бақылап отыруы керек. Және 4-5 жылда бір рет мониторинг жасап отыруы тиіс. Біздің еліміз керек десеңіз, көрші елдердің жағдайын ескере отырып, жер мәселесінде геосаяси жағдайларды негізге ала отырып, жер саясатын жүргізуі керек деп ойлаймын».

 

ҚАЗІР АУЫЛДА БОС ЖЕР ЖОҚ…

Мырзағұл Әбдіқұлов, «Желтоқсан көтерілісі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы: «Қазақстанның жері ешқашан сатылмауы керек. Жерді сатқаның – анаңды сатқаның деген сөз. Екіншіден айтатыным, басшылықта отырған азаматтардың арасында жерді өздері иеленіп алып, сонан соны өзгелерге сатып отырған жағдайлар бар. Мұның арасында көптеген өзге ұлт адамдары да жүр. Қазір ауылдық жерлердегі бұрынғы жерлердің барлығын жекешелендіріп алды. Осының кесірінен жайылымдық жер қалмай барады. Ауылдағы адамдар мал ұстай алмайтын күйге жетті. Мал ұстамаса, ауылда не үшін тұрады? Зауыт-фабрикаларды құртып базарға айналдырды. Анау Қостанайдың бұрыңғы бір әкімінде 80 мың гектар жер бар екен. Бұл не деген масқара? Ол оның әкесінен қалған жер емес қой. Қазақтар қаңғып жүр. Осындағы өзге ұлттың өкілдері жерлерді сатып алып, қайтадан қазақтың өзіне қымбатқа сатып жүр. Ар-намыс қайда?».

 

БОЛАШАҚ ҰРПАҚТЫҢ АЛДЫНДА ҰЯТТЫМЫЗ!

Бақыт Байниязов, «Желтоқсан көтерілісі» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары: «Шын мәнінде біз тәуелсіздік алған жоқпыз. Себебі елді құрайтын халықтың 80 пайызының тіл мәселесі, ұлттық мәселелері, жер мәселелері әлі шешілген жоқ. Жер мәселесіне келгенде қайта-қайта комиссия құрып жатыр. Ол комиссиямен шешілмейді.Себебі мынау комиссияның құрамына көңілім толмайды. Көпшілігі «кеңседе туып-өскен азаматтар екен». Олардың табаны туған жердің топырағына күймеген. Маңдайларын «күн шалмаған» азаматтар болса, жердің мәселесін қайдан түсіне алады? Біз 30 жыл тәуелсіздік кезінде барлығын құрттық. Қалаларды шикізатпен, азық-түлікпен қамтамасыз етіп отыруға тиісті ауылдарды құрттық. Болашақ ұрпақтардың алдында біздер ұяттымыз. Кейбір азаматтардың ойынша жерлерімізді шетелдіктерге жалға беруге болатын сияқты. Бұл қате! Жерді сатуға болады, жалға беруге болады деп жүрген азаматтар өздерінің туған анасын сата ма, жалға бере ме? Бұған Президент қатаң тыйым салу керек».

 

ПАЛЕСТИНАНЫҢ КЕБІН КИІП ҚАЛМАСАҚ ЖАРАР ЕДІ…

Құрманғали Дәркенов, Еуразия университетінің профессоры, тарихшы: Біздің биліктің позициясы жалпы халыққа ғана емес осындай мәселенің қасіретін білеміз деген бізге де түсініксіз болып барады. Жер сату деген мәселе тағы көтерілді. Неге көтеріліп отыр, кім тұр оның артында? Қытайдың ба, Ресейдің бе әлде басқа елдерден бе, қай мемлекеттің лоббистері қазақ жерін сатуға мүдделі болып отыр. Президент: «Қазақ жері сатылмайды» деп айтты. Енді оған нүкте қойылуы керек қой. Әлде президенттің ықпалын, абырой-беделін түсіру үшін жұмыс істеп отырған күштер бар ма? Әлде жер иеленген латифундистер елдің келешегін ойламай, мол ақшаға сатқалы отыр ма? Жерді шетелдіктер ғана емес, Қазақстан азаматына да сатуға болмайды. Неге дейсіздер ме? Себебі, Қазақстан азаматтығын алған шетелдіктер аз емес. Ертең солар немесе солардың атынан шетелдік қаржы топтары, қаржылы күштер сатып алады да қазақ жерінің иесі солар болып шыға келеді. Сонда не істейсің? Жерді сатуға келісім берген өзіміз. Бітті, Жерден айырылып шыға келеміз. Кезінде Ресей Алясканы АҚШ-қа 100 жылға жалға берді. Кейін ол жерден біржола айрылды. Ал, Күрдістан ше? Кезінде экономикалық дағдарысқа түскен соң жерін кепілдікке қойып қаржы алды. Қарызды қайтара алмай, Күрдістан жерін үш мемлекет Ұлыбритания, Франция, Түркия бөліп алды. Қазір 40 млн үстінде халқы бар, бірақ мемлекеті жоқ, азып-тозып, әлемге тарыдай шашырап кеткен осы күрдтер. Ал, Палестина ше? Олар парламентте жер сату туралы мәселені қойды. Шетелдіктерге жер сату туралы заң шығарды. Сол жерлер әлемнің бай еврейлері сатып алды да, кейін сол жерде Израиль мемлекеті құрылды. Палестина оның зардабын түсініп жанталасқанда бәрі кеш еді. Жердің көпшілігі сатылып кетті. Міне, осыларды біліп отырғанда, жер сатуды қолдап отырғандарды кім деп айтуға болады? Ертең келесі ұрпақтың қарғысына қалып жүрмеңіздер! Сіздерге, төменде әр жылдардағы Палестина мен Израиль территориясына қатысты картаны ұсынып отырмын. Осыдан-ақ, Палестина қалай жерінен айрылғанын көре аласыздар. Ешбір жағдайда жерді сатуға және банктерге кепілдікке қоюға болмайды. Бұл мәселеде Мұхтар Тайжан позициясын қолдаған дұрыс.

 

БҰЛ МӘСЕЛЕ ҚАТЕЛІКТІ КЕШІРМЕЙДІ

Мұхтар Тайжан, экономика ғылымдарының кандидаты, саясаткер: «Жер мәселесі туралы ешқашан қателескен жоқпын. Өз пікірлерімді әлеуметтік желілерде, өзге де БАҚ-тарда үнемі ашық айтып келе жатырмын. Жалпы пікірлерімді, ұстанымымды халық біледі деп ойлаймын. Екіншіден, мына жұмыс істеп жатқан жер комиссиясының құрамына көңілім толмайды. Жұмыста қитұрқылықтар болып жатыр. Телефон арқылы дауыс беру деген не ол? Біздің регламентте ол жоқ болатын. Үшіншіден, біз дауыс бермеген мәселелер протоколдың ішінен табылды. Ол да «шарик-мариктің тәсілдері»… Ол да протоколдан алынып тасталды. Төртінші мәселе, осы аптада жеке меншікке жол ашатын протоколдар жоба ретінде таралып жатыр. Мен оны да жарияладым. Комииисияда он шақты адам бұған қарсы шықтық. Егер комиссия жеке меншікке жол ашатын болса, онда біз халықты 7 мамырда жалпы ұлттық митингке шақырамыз!

 

ҚАЗАҚ ЖЕРІ ТАУАРҒА АЙНАЛМАСЫН!

Бекжан Тұрыс, актер: «Жерге деген сезім – ұлтқа деген сезім. Екеуін бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Жер деген кезде тыныш отыра алмаймыз. Бір кездері «жер сатылады» дегенде өнер адамдарын бастап, қарсылығымызды білдіріп, атойлап алаңға шыққандардың бірі мен едім. Жер – ұлы даланың мұрасы. Бір ғасырдың ішінде осы даламыздың асты мен үстіндегі байлықтары түгелдей сатылып, тоналып бітті. Енді қасиетті жерімізді сататындай басымызға не күн туды? Менің ұстанымым – барлық бағыттағы жерлер шетелдіктерді қойып, Қазақстан азаматтарына да сатылмауы керек. Қазақтың жері тауарға айналмасын.

 

ХАЛЫҚ БІРІГУІ КЕРЕК…

Жәнібек Қожық, Жер комиссиясының мүшесі, саясаткер: «Қасиетті қазақ даласының әр түкпіріне бабаларымыздың қаны төгілген. Әр төбесінде бабаларымыздың сүйегі жатыр. Олардың барлығы қасиетті даламызды қорғау үшін жандарын құрбан етті. Сөйтіп біздерге аманат етіп қалдырды. Біздер аманатқа қиянат жасасақ, аруаққа қиянат еткен боламыз. Жердің киесі атады. Келесі ұрпақтың лағынеті атады.Сондықтан қазақтың бір сүйем жері де сатылмауы керек. Екіншіден, қазіргі жер комиссиясының құрамында бармын. Жер сатылмауы керек деген ұстанымымды әр жолғы отырыстарда айтып келе жатырмын. Біз тек қана жердің сатылу, сатылмауы мәселесін ғана қарамауымыз керек. 1990 жылдардан бері қарай сатылып кеткен жерлерді сот арқылы қайта тартып алу керек. Сонымен бірге 49 жылға жалға беру деген де тым ұзақ мерзім. 25 жыл бір адамның жұмыс жасайтын уақыты. Сонда келесі адамға берсін. Егер жерді жалға алып, оны лайықты пайдаланбаса, оны қайтарып алу керек. Жер халықтікі. Сонымен қоса Ресейдің полигондарына да «кет» дейтін уақыт жетті. Бұл әлемнің бірде бір елінде жоқ. Ресейдің 8 әскери полигоны біздің елдің аумағында тұр. Біз мұны шығаруымыз керек. Бұл ешқандай комиисияда немесе Парламентте шешілмейді. Мұны шешетін халық. Халықта ауызбіршілік болсын десек, ел бастап жүрген азаматтарда ауызбіршілік болуы тиіс. Егерде бірін бір күндеп, аяқтан шалып, күстаналап жататын болса, халық кімге сенеді? Халық жерін аламын дегенде атқа қонады. Сондықта жер мәселесіне келгенде азаматта қандай да бір амбицияны тоқтатып, бірігуі керек. Сонда ғана жерге де, тілге де ие боламыз».

 

ЕЛ ТАҒДЫРЫ ҚЫЛ ҮСТІНДЕ…

Нұржан Ошанбеков, «Ел мен жер» қозғалысының мүшесі: «Жер комиссиясының сонау 2016 жылдан бері келе жатқан Мұхтар Тайжан, Жәнібек Қожық секілді сексен мүшесі халық тағдырының қыл үстінде тұрғанын көріп отыр. Қаншама олқылықтар болып жатыр, халық шырылдап жатыр неге мінберден сөйлемейсіңдер? Солақай, құйтұрқы әрекеттердің бәріне не қарсылық білдірмейсіңдер. Таза болсаңдар неге түбейгейлі қарсылық білдірмейсіңдер? Саналарың болса, ілімдерің болса, елге деген жанашырлықтарың болса, жерге деген берік ұстанымдарың болса, халық мүддесінен шығатын көп сөзді қойып, «Ел мен жердің» ұстанымын қолдаңдар!».

 

КОДЕКСТІҢ 6-шы БАБЫН АЛЫП ТАСТАУ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ

Талғат Ғатауоллаұлы, Тәуелсіз кәсіподақ ұйымының төрағасы: «Жер кодексіне қарасақ, жер комиссиясының заңдық мәртебесі жоқ. Сол себепті жер комиссиясы ештеңе шешпейді. Парламент бәрін жер комиссиясына жауып отыр. Негізі Президент шешу керек. Латифундистер билікке жағымпазданып, халықты алдап отыр. Жер санаты жетіге бөлінеді. Яғни алты тарап шетелдіктерге беріледі деген сөз. Ең маңыздысы, біз қарсымыз деп жүрген Қытайдың 56 зауытын әуеге салмайды, олар өнеркәсіп мақсаттағы жерге салады. Біздің жеріміз шетелдіктерге берілді деген сөз. Ал орман шаруашылығындағы жерлерді беруді кейбір комиссия мүшелері қолдап отыр. 25 жыл бойы қытайлар елімізде не істеп отырғанын білмейміз, ешкім қадағаламайды да, қарамайды да. Сондықтан Қытайлар өз білгенін істейді. Жалпы жер кодексіне Қазақстан Республикасының аумағының барлық мақсаттағы жерлері сатылмауы және жалға берілмеуі керек. Жер кодексінің 6-бабын алып тастау керек.

ЖЕР МӘСЕЛЕСІН ХАЛЫҚ БЕЙБІТ ТҮРДЕ ШЕШКІСІ КЕЛЕДІ

Нұрлыбек Қуаңбаев, «Ел мен жер» қозғалысының мүшесі: «Жер мәселесі өте ұзаққа созылып кетті. Мен ең алғашқы комиссияда мүше болғанмын. Жер ешкімге сатылмасын, жалға берілмесін деп үнемі айтып келемін. Әлі ештеңе шешілген жоқ. Бұл өте қасіретті жағдай: Қазақстанның қасіретті жағдайы жемқорлық. Бәрін сатып бітті. Сатпаған ештеңе жоқ, баланы да сатты. Енді сатылмаған жер қалып еді, оны да сатамыз деп жатыр. Әлемде туын тігетін бір метр жерге зар болып жүрген ұлттар бар. Біз болсақ, кең байтақ, дархан даламыздың қадірін білмей, бөлшектеп сыртқа сатпақшымыз. Билік 2016 жылы 1.7 миллион гектарды міне, сатылымға қойдық деп теледидардан ашық айтты. Халық көтерілгеннен кейін тоқтатты. Қазіргі орманды, таулы, бетпақ дала, шөл деген сияқты ауыл шаруашылығына жатпайтын жерлерге қауіп төніп тұр. Шетелдіктер орман егіп, жақсартады, гүлдендіреді деген өтірік әңгіме. Яғни ешқандай жерді ешкімге жалға беруге де, сатуға да болмайды. Ал қазақстандықтарға 10 сотық жер беру үшін ол жерде инфраструктура болуы керек дейді. Ол жол, су, жарық. Билік соны істей алмай ма? Халық қантөгіс арқылы емес, бейбіт түрде мәселесін шешкісі келеді. Сондықтан билік халыққа тиімді шешім қабылдаса дейміз.

 

Дайындағандар:
Ерғазы Сейтқали, Тілеккүл Есдәулет,
Нағашыбай Қабылбек

P.S: Бұл дөңгелек үстел жерге мораторий жарияланған сәттен бір күн бұрын өтті. Алайда жер мәселесін түбегейлі шешуге деген біршама толғақты пікірлер ортаға салынды. Енді соның орындалуы қажет болмақ. Шындығында бұл не деген таусылмайтын мораторий? 10 минутта шешетін мәселені неге тағы да 5 жылға ысырды? Халық бұған күмәнмен қарайды? Ал күмәнді кім сейілтеді?

Халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетінен