Халыққа рух берді
Қазақстан Республикасы Президентінің биылғы халыққа Жолдауы еліміздің пандемия салдарынан түңіліп, шаршаған тұрғындарына рух берді.
«Елімізде жер-жаһанға зор қауіп төндірген пандемияға қарсы күрес әлі де жалғасуда. Біз азаматтардың өмірін және денсаулығын қорғау үшін бар күш-жігерімізді біріктірдік. Осындай сын сағатта ынтымағы жарасқан халқымыз жұдырықтай жұмылды» деп елімізді бірлігіміз бен ынтымақтастығымызды әлі де сақтауға шақырды. Індетпен күресу – дана халқымызға тән асыл қасиеттердің арқасында жүзеге асты. Өзгеге қолұшын созып, тілеулес болу, тосыннан келген кеселге қарсы тұру маңызды екені анық байқалды. Президент дәрігерлерге, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, әскери қызметшілерге, еріктілерге, кәсіпкерлерге және осындай шақта бей—жай қалмаған барша азаматтарға шын жүректен алғыс білдірді.Бұл – ел азаматтарына деген сыйластықтың асқақ үлгісі, Отанға деген шынайы сүйіспеншіліктің көрінісі деп санаймын.
Қазіргі күрделі жағдайда алдымызда тұрған басты міндет – әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты, жұмыс орындарын және халықтың табысын сақтап қалу деген Мемлекет басшысы халықтың табыс табу көзін басты назарға алды. 2018-2021 жылдары ең төменгі жалақы 42 500теңгені құраса, нарықтың бағасы өсуіне байланысты бұл бағалау төмен екенін назарға ала отырып, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап төменгі жалақы мөлшерін 60 000 теңгегедейін көтеру керек деп шешім қабылдады. Алдағы уақытта күш-жігерімізді барынша жұмылдыра жұмыс істеп, соған дайын болу керектігін жеткізді. Мәселе туындаған кезде ғана шұғыл қимылдамай, алдын ала шаралар қабылдап, барлығын жан-жақты ойластырып жұмыс істеуіміз қажеттігін, барлық шешімдер мұқият тексерілген болжамдарға негізделуі тиіс деп нақты тапсырмалар берді.
Бұл маңызды құжат еліміздің экономикасын реттеп, халыққа үміт сыйлаған сәуледей болды. Еңбек нарығының реттелуіне, экожүйенің қалыптасуына, еліміздің әл-ауқатын арттыруға септігі мол боларына сенеміз.
Абзал Молдағалиев
Орал қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің зейнеткерлер мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету аумақтық орталығының директоры