Халықтың тұрмысы жақсарса, бірлігіміз бекемделе түседі
Астана қаласында өткен «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезі еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі бетбұрысты оқиғаға айналып отыр. Съезде сөз алған Елбасы ендігі жерде мемлекеттің барлық күш-қуаты халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталатынын айтып, республикалық бюджеттің 45 пайызы әлеуметтік мәселелерге арналатынын атап өтті. Алдағы уақытта мемлекет халықтың әлеуметтік тұрғыда аз қамтамасыз етілетін топтарына қолдауды күшейте түседі. Мәселен, мүгедек балалар асырап отырған ата-аналарға берілетін жәрдемақы мөлшерінің 30 пайызға көбейтілуі соның айғағы.
Мемлекет басшысы билік жүргізіп жатқан реформалардың оң нәтижесін қазақстандықтар бүгіннен бастап сезінуі тиіс екенін атап өтті. Халықтың тұрмыс сапасын жақсартуда маңызды міндеттердің бірі – денсаулық сақтау саласы. Н.Назарбаев отандық медицинаны дамытуға қосымша 120 миллиард теңге жұмсалатынын атап өтті.
Ұлт Көшбасшысы халықтың әл-ауқатын жақсартып, аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасылардың мүддесін қорғауға бағытталған көптеген шараларды көрсетіп берді. Енді жаңадан жасақталған Үкімет пен жергілікті билік осы істердің уақтылы әрі толық орындалуын қамтамасыз етуі тиіс.
Сонда қысқа мерзімде қазақстандықтардың әл-ауқаты өсіп, табыс пен тұрмыс сапасын жақсара түседі. Елбасы алдымызға қойып отырған осынау міндеттердің үдесінен шыға білу үшін бізге ең алдымен халықтың ынтымағы мен бірлігін сақтау қажет.
Шалатай МЫРЗАХМЕТОВ,
еңбек ардагері.