Хан Кененің басы қашанғы күлсалғыш болып тұрмақ?
Кейінгі уақытта әлеуметтік желілерде де, қарапайым жұрттың арасында Хан Кененің басын Ресейден алып келсе, қазақтың рухы көтеріліп, абыройы асқақтап, мерейі үстем болады деп қайталай беретін болыпты. Тәуелсіздікті енді алған 1991 жылы Тайқазан туралы да осылай қауесет ел ішінде тараған еді. Елімізге Тайқазанның келгеніне табаны күректей 26 жыл толды. Еңсесі көтерілген бір қазақты көргенім жоқ, сол баяғы жартас, сол жартас.
Осыдан бірнеше жыл бұрын біздің Премьер-министр Кәрім Мәсімов мырза Орынборда Ресейдің Премьер-министрі Дмитрий Медведевпен кездескенде «Кенесары Қасымовтың бас сүйегін» сұраған еді. Медведев уәде бергенімен оны орындамады.
Сатираның сардары жазушы Ғаббас Қабышев ағамыз «1965 жылы «Труд» деген газетте суретімен шыққанын оқығаным бар, Орынбор губернаторы бір топ әскерилерімен темекі шегіп отырғанын, орталарында адамның бас сүйегін күл салғыш етіп алған» сол суреттің астында «вожд киргиз-кайсаков Кенесары Касымов», — деп жазып қойғанын айтып берген. Сол газетті көп жыл сақтадым, уақыт өте келе жоғалтып алдым деді.
Сондықтан Ресей бізге басқа бөтен біреудің бас сүйегін ұсынуы әбден мүмкін. Өткен жылы Кейкі батырдың бас сүйегі елімізге қайтарылғанымен түк өзгерген жоқ. Баяғы бала кезімізде Қызболған әжем «Не істесе де, тірі адамнан қорқу керек, өлген адам ештеңе істей алмайды» дейтұғын.
Кейде істеп жүрген тірлігімізге қарап, ұлттың өзіндік бет-бейнесі жойылып кету қаупі жоқ дей алмаймыз. Адамдық өлшемдер тұрғысынан қарағанда, кісілік келбетіміздің күнгейі мен көлеңкесінің ара-қатынасы алаңдатарлықтай болып тұр. Сөзімізден дауа, ісімізден бәтуа кетіп бара жатқандай, кім екенімізді айыру қиын. Мәселенің мәніне жетіп, түбіне үңілмей, даңғаза даңғыртпен кемшілік атаулының бәрін басқа біреулерге аударып, соларды жазғырып, өзіміз бұғып, сырт қалып, жақсыатты көрінуді мұратты ісімізге айналдырып алғандаймыз.
Батырлықтың бәсін бағалау, найза төніп тұрса да намысын жатқа бермеу, тірі жанға тышқақ лағын босқа жегізбеу — бабаларымыздың мәрттік мінезі, берік ұстанған жолы. Сұлулары сұлулығынан, батырлары қажыр-қайратынан ұялған халық тектіліктің парқын тереңнен өлшеген. Алып күш иелері өзінен төменге, әлсізге, жарлы-жақыбайға тізе батырмаған, алысса да, атысса да, өзімен теңдеспен ғана табан тірескен.
Хакім Абай қайтыс болғанда, «Енді кіммен айтысамын тең қарсыласым деп өкіріп жылаған Оразбайдың» көрінісі соның айғағы.
«Ер шекіспей беріспейді» дейді қанжарға емес, қамшыға жүгінген халқымыз. Бүгінгідей батыр бір оқтық, қулық сауған, айламен бәйге алған заманда қайран бабалардың қадір тұтқан ірілік, серілік, өрлік, мәрттік қасиетін ұстанбақ тұрмақ, ұлықтаудан қалып бара жатқандаймыз. Ардақтыларымыз бір жұдырықпен шешілетін мәселеге бола алпыс бет ақ қағазды арзан сөзбен былғайтын болды. Немқұрайдылық дертінің қазір бойымызды жайлап, ойымызды шырмауықтай шырмап алғаны сондай, ненің ақ, ненің қара екенін ауырудан да қалғандаймыз. Біреулер «ойбай Кенесарының басын Қазақстанға алып келсек, рухымыз көтеріліп, қуатты елге айналады екенбіз», — деген ертегіге сенбеген абзал. Өзіңе, рухыңа, қажыр-қайратыңа, іліміңе, біліміңе сен!
Жұмамұрат Шәмші