«Хан ордалы Сарайшықта» «Көрісу» мейрамы тойланды
Ағымдағы жылдың 13 наурыз күні Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Бүкіләлемдік қазақтар Қауымдастығы Атырау облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Хан ордасы Сарайшық» қалашығында «Амал күні-көрісу» атты үлкен дәстүрлі мерекелік шарасы өтті.
Шараға «Хан ордасы Сарайшық» қалашығының қариялары, зиялы қауымдары, Махамбет ауданы әкімінің орынбасары Ұ.Тналиев, облыстық этномәдени бірлестік басшылары, «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы және қызметкерлері, мектеп оқушылары, БАҚ өкілдері қатысты.
Шараның мақсаты: жастарға қазағымыздың салт — дәстүрлерінің бірі «Амал» мерекесінің ерекшелігімен таныстыру және үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету мен сыйластыққа баулу.
Мерекелік іс-шараның алғашқы сөз кезегі Бүкіләлемдік қазақтар Қауымдастығының Атырау облыстық филиалының төрағасы Ө.Әлімгереевке және Атырау облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Ж.Доскалиеваға берілді.
— «Ұлыстың ұлы күні-Наурыз мерекесінің қарсаңындағы дәстүрлі мерекелердің бірі – «Көрісу» күніне арналған мерекелік шараны ашып берген қос басшы — бұл Елбасының «Рухан жаңғыру» мақаласы аясында жастарға ұлттық құндылықтарды ұлықтауға, тәрбиелеу бағытындағы өткізіліп жатқан шара екендігін айтып, ауылдың ақсақалдары мен ақ жаулықты аналарына және жастарына қош келдіңіздер деген», ақ ниетті жылы лебіздерін білдірді.
Осы орайда ауылдың жас буын балалары есіктен төрге ұмтылып, үлкендерге басын иіп, қос қолдарын алысып көрісті.
Сондай-ақ, өз кезегінде сөз алған «Хан ордасы Сарайшықтың» бас имамы Ж.Кенжеғалиев қазақтың көрісу күні мен мәнінің тәрбиелік орны туралы түсіндіріп өтті. Осындай мерекені ұйымдастыруды ойға алып, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен келіп жатқан аяулы жандарға алғысын білдірді. Жеті хан жерленген жердегі хан ордалық мемориалдық кесенесінде келгендерге құран оқып, жастарға ақ батасын берді.
Мерекелек іс-шара барысында қатысушы жастар ортаға шақырылып, қазақтың ұлттық ойындары: асық ойнау, ләңгі тебу, арқан тарту, жаңылтпаш айту, наурыз туралы өлеңдер оқу сынды сайыстарға қатысты. Бұл жерде барша қатысушылар белсенділік танытып, өз өнерлерімен, көрермен қауымды қуанышты күйге бөледі.
Жалпы ұлттық мерекелерінің бірі 14 наурыз — Көрісу мейрамы. Көрісу күнінде халық қыстан аман-есен шыққанына қуанып, бір-бірімен қол алысады. Көрісу мерекесін асыға күтіп отырған әрбір отбасы алдын ала дайындалып, дастарханын жаяды. Міндетті түрде бауырсақ пісіріп, дастарханды тәттілерге толтырып, кең жаяды. Отбасының кішілері үлкендеріне қос қолын беріп, көрісіп шығады. Бір–біріне «Бір жасыңмен!» дейді. Ол «Бір жасқа есеюіңмен» дегенді білдіреді.
Осы ретте Ұлыстың ұлы күнінің қарсаңындағы тұспа-тұс келген көрісу мерекесіне арналған ақ дастархандағы бауырсақтар мен жеті түрлі дәм қосқан наурыз көжеден барша жамағат ауыз тиіп, бастарын біріктіріп, жайылған дастарханнан дәм татты. Бұдан әрі ауылдың ең үлкен қариясы жастарға батасын береді.
Дастархан басында өлкетанушы, Сарайшық музейінің директоры, мәдениет қайраткері М.Бердімұратов қонақтар мен ұйымдастырушыларға үлкен ризашылығын білдірді.
Сонымен қатар, дастархан төріндегі басқа ұлт өкілдері, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы З.Зубариев пен «Светоч» славян этномәдени бірлестігінің төрайымы Р.Битковаға сөз кезегі ұсынылды.
Мерекелік шара соңында қоғамдық істерде белсенділігімен танылып жүрген тұлғалар Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық басшысы Г.Шәкірованың «Алғыс хатымен» марапатталды.
Атырау облысы әкімі аппаратының
«Қоғамдық келісім» КММ
баспасөз қызметі