ХХІ ғасырдың имамы білімді де білікті болуы шарт

ИМАМДАРДЫҢ МӘРТЕБЕСІ АЙҚЫНДАЛҒАН ФОРУМ

Жуырда ғана Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын жариялады. Қазақ жұртын жаңашыл ойлап, қоғам үшін игі іс жасауға үндеген мақалада Елбасы: «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек», — деп, ерекше тоқталуы бекер емес. Бұл мақаланың тереңіне үңілсек, ата дініміз исламға да қатысы бар…

Еліміздің тұрғындарының 70 пайыздан астамы мұсылман қауымы. Олардың әрқайсысының өз дәстүрі, діни тұрғыда өз ұстанымдары бар. Өткен аптада еліміздегі күллі мұсылман жамағатының қара шаңырағы болған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен ІІ республикалық имамдар форумы болып өтті. Форумда Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолияның дін қайраткерлері, Ресейдің Омбы, Алтай аймағының Бас мүфтилері, еліміздің зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, дінтанушылар, әр аймақта қызмет жасайтын 500 білікті имам бас қосты.

be64c581c09011fd6361947c8572a6c8

Форумда көтерілген мәселелер өзектілігімен құнды. Әсіресе дін қызметкерлерінің беделін асқақтату жолындағы шешімдері көңілге қонымды шықты. Форумда айтылғандай, жастайынан дін мен дәстүрімізді, тағылымды тарихымызды оқып, руханиятқа сусындап өскен ұрпақ теріс ағымдар мен жат мәдениеттің жетегінде кетпейді. Салтдәстүрі мен тарихына ерекше мән берген елдің тұғыры биік, іргесі берік болмақ қашанда. Аталмыш форум хақында, онда қаузалған мәселелер төңірегінде наиб мүфти, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Серікбай қажы Оразбен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

— Ассалаумағалейкүм! Құрметті Серікбай қажы Сатыбалдыұлы, форум жайлы, ондағы мақсаттар мен мұраттар жайлы айта отырсаңыз.

— Уағалейкүмассалам! Ерекше мейірімді, аса қамқор Алла Тағаланың атымен бастаймын! Бүгінгі өтіп жатқан ІІ республикалық имамдар форумы біздің діни тарихымызда ерекше мәнмағынаға ие. Олай деуге себеп: біз тұңғыш рет имамдар форумын 2015 жылы діни басқарманың бастамасымен өткізген болатынбыз. Онда біз төрт тарихи құжатты қабылдадық. Сол жолы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұстанымы және платформасы, имамдардың алдына қойып отырған үлкен мақсаттар айқындалды. Сондайақ, имамдардың беделі мен дін қызметкерлерінің кодексі де бекітілді.

Бұл форумда да біз екі маңызды құжатты талқылауға шығарып отырмыз. Біріншісі — Діни басқармамен арнайы әзірленген «ХХІ ғасырдың үздік зияткер имамы» тұжырымдамасы. Екіншісі — «Ханафи мазхабы және Матуриди сенім мектебі — Қазақстандағы Исламның дәстүрлі жолы» ұстанымы. Айта кеткім келетіні, құжаттар Қазақстан Республикасының Конституциясына, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы», «Еңбек туралы» Заңдарына, ҚМДБ-ның Жарғысына, сондай-ақ, «Қазақстан — 2050» стратегиясына, Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауына және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласына сәйкес әзірленді.

— Кешіріңіз, сөзіңізді бөлейін, әрегідік болса да мешітке келетін түрлі жамағаттар арасында Имам Матуриди жайында талас бар. Сіздер осы құжат негізінде Қазақиядағы Діни басқарманың ұстанымын айқындап отырсыздар ма?

— Біз қашаннан бері бір мәзһабта болуды, талас-тартысты доғаруды айтып келеміз. «Бөлінгенді бөрі жейді». Қайталап айтамын, Діни басқарманың ұстанымы — дәстүрлі ислами бағыт. Жолымыз — имам ағзам Әбу Ханифа, Имам Матуриди. Орта Азияда қалыптасқан мектеп бұл. Біз осыны жастардың санасына, халықтың көкірегіне құюымыз керек.

— Форум барысында көңілге түйгенім: сіздер жаңарған заманға сай имам-молдаларды даярлау жұмыстарын жеделдете түскен секілдісіздер. Бұл бағыттағы жұмыстар дін қызметкерлерінің жауапкершілігін арттырып қана қоймай, оларға үлкен міндет жүктеп отырған секілді.

— Жақсы бағамдап отырсыз. Өздеріңіз білесіздер, заман деген тоқтамай зырғып өтуде. Осыған орай, ислам құндылықтары да үнемі дамып келеді. Бүгінгідей ақпараттың ауысуы өте жедел болып отырған заманда имамдар мен молдалар заман бейімдеген талаптардың бәріне білімі мен білігі сай болғаны абзал. Олардың бойындағы тәжірибесі, Алла берген қабілеті де маңызға ие. Мәселен, «ХХІ ғасырдың үздік зияткер имамы» тұжырымдамасында қамтылған мәселелер өте өзекті. Дін саласындағы мамандардың сатылы діни қызметтегі жоғарылап өсуі нақты белгіленген. Бұл тұжырымдамада аудан, қала, облыс имамдарының міндетті түрде діни де, дүнияуи да әмбебап болуын көздейтін тармақтар бар. Тек діни мәселеде ғана емес, олар біздің кешегі болмысымызды, тарихымызды, әдебиетімізді, мәдениетімізді, сондай-ақ, әлем халықтарының өркениетін, дінін зерделеп білуі тиіс.

«XXI ғасырдың үздік зияткер имамы» Тұжырымдамасының көздеген мақсаттарының бірі — лауазымдық мiндеттерiн үлгiлi, айрықша ықыласпен орындаған, ерекше маңызды тапсырмаларды ұқыпты атқарған имамдарды көтермелеу, олардың жұмысын бағалау. Мұндай санаттағы имамдарға алғыс жариялау, бағалы сыйлықтармен марапаттау, грамота табыстау сынды көтермелеудің түрлері қарастырылған.

— Сөздің орайы келгенде сұрай кетейін, «ХХІ ғасырдың үздік зияткер имамына» қойылатын талаптар қандай? Олардың бойынан елге үлгі болатын, иманды күшейтетін қандай ізгі қасиеттер көруге болады?

— Біз қабылдап отырған құжатта ХХІ ғасырдың имамы:

1. Шариғатты жетік меңгерген және Құран Кәрімді тәжуидпен оқуы;

2. Діни және зайырлы білімді болуы;

3. Мемлекеттің зайырлы ұстанымын құрметтеп, отаншыл болуы;

4. Ұлтаралық және дінаралық татулықты сақтай білуі;

5. Мемлекеттік тілмен қатар, бірнеше тілді меңгеруі (орыс, араб, ағылшын т.б.);

6. Шешендік өнерді жетік меңгеруі;

7. Діни тақырыптарда тартымды уағыз-насихат жүргізе алуы;

8. Ақпарат құралдары мен баспасөз беттеріне діни-танымдық, ғылыми-ағартушылық тақырыптарда мақалалар жариялауы;

9. Жасампаз және жаңашыл, креативті және мәмілегер бола білуі тиіс.

— Форумға жетекшілік жасап отырғаныңызда имамдардың айлығы туралы айтып қалдыңыз. Бірақ түбегейлі ештеңе демедіңіз. Шынында да бүгінгі, әсіресе ауылаймақта тұратын имам-молдалардың айлығы көңіл көншітпейді. Бұл мәселені шешудің тетігін табуға болмас па?

— Расында, бұл — өзекті мәселе. Осы форум аясында бізге көптеген ұсыныстар мен талаптілектер түсті, алыс ауылдар мен шалғай елді мекендегі мүлдем айлық жалақы алмайтын мешіттер жайында. Мен ештеңені жасырмаймын, 2500 мешіт болса (қазіргі таңда еліміз бойынша 3 642 дін қызметкері жұмыс істейді), соның 500ге жуығы өз жалақысын өздері қамтамасыз етіп отыр. Қалған 2000 мешіт имамдарымызға жалақы бере алмайды. Оған қоса мешіттердің жылуы бар, суы бар дегендей. Кіріс жоқ қой. Рамазан айында бір рет қана түсетін пітір садақа келесі Рамазанға дейін мешітті ұстап тұру шығындарына ғана жетеді. Кейбір аудан имамдарының жалақысын қарап отырсаңыз, 15 мың мен 30 мың теңге аралығында. Бұл ақшаға қазіргі заманда жанұя асырау мүмкін бе? Сондықтан бұл сауалыңыз — күн тәртібіндегі кезек күттірмейтін мәселе. Бұл жөнінде болашақта «Алла жолындағы мүлік Алла ризалығы үшін жасалады» атты қор құрылайын деп отыр. Осы қорға көптеген кәсіпкерлер мен меценаттар тартылып, оның жарғысы, негізгі ұстанымдары жасалмақ. Қор кеңесі қанша адамнан тұрады, бұл қор қанша мерзімде жұмыс жасайды, осы қордың айналымындағы қаржы қандай көздер арқылы тартылады деген сауалдарға жауап іздеп жатырмыз. Иншалла, қор мәселесі осы жылдың соңына дейін шешіледі деп ойлаймын. Алдын ала аттандап, көпшілікті қуанта да алмаймыз. Дегенмен, үлкен үміт бар.

— Түбі бір түркі елімен саяси қарымқатынасымыз, діни тұрғыдан ұстанымымыз бір. Ол мемлекеттегі дін қызметкерлерінің жағдайы жақсы. Неге бізде сондай жүйе құрмасқа?

— Біздің республикамыздың конституциясында «Діни ұйымдар, бірлестіктер мемлекеттік қазынадан, мемлекеттік ұйымдардан т.б. бөлек» деп анық әрі айқын жазылған. Алайда бұл мемлекеттен бөлек өмір сүру деген сөз емес қой. Тағы айта кетейін, біздің елде 17 конфессия бар. Барлық діндер емін-еркін өмір сүріп жатыр. Ешқайсысына басымдық беруге болмайды. Егер негізгі заңнамаларды қайта қарап, кейбір баптарға рұқсат ететін болса, біздің ортақ қазынамызды бюджеттен де қаржыландыруға мүмкіндік туар деген сенімдемін.

— Уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге Алла разы болсын!

Сұхбаттасқан НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК