Хиджаб астындағы «жын»
Отау көтергендеріне жыл тола қоймаған жап-жас өндірдей ерлі-зайыптылар көлік базарына асығыпаптыға жетті. Мақсаттары тойдан түскені бар, өздерінің жиған-тергендері бар дегендей, жеңіл көлік алмақшы. Жинаған долларлары әрі барса «Гольф» деген шетел көлігіне жетіп жығылатынын олар жақсы біледі. Сырым, шынын айтқанда, гүлдей құлпырған әсем келіншегінің көңілін қимады. Әйтпесе оның асып-тасып жатқаны шамалы. Жүз мыңға жетержетпес айлығының жартысына жуығын несие деген қызыл көз пәле ай сайын қақшып алады. Өздері бір бөлмелі ескі жатақханада тұрады. Жаяужалпылап жұмыс пен үйдің ара
сында тіршілік жасап жүрген жас отбасыға бұл кәдімгідей шығын.
Әсия бірінен-бірі өткен мәшинелердің қайсысына тоқтарын білмегендей құныға қарайды. Қарақат көздері жайнаңдаған келіншектің қос беті шырайланып, нәзік саусақтарымен «мені ал, мені ал» дегендей жұтынып, жарқырап тұрған темір тұлпарлардың сауырларын аялай сипаудан жалығар емес.
— Е-е, мінеки, мына «Гольфке» көз қырыңды салшы. Тамаша емес пе? — деді Сырым қыпқызыл нарттай жанып тұрған көліктің жанына тоқтай қалып. — Жаман емес екен. Әрі қарай тағы да көре түсейікші. — Әсия қызыл мәшиненің қасына көп аялдамай тез өте шықты. Ол әйелін гүлден-гүлге қонып, байыз таппайтын көбелекке ұқсатып келеді. Сырым әбден шаршады. Содан жай сөзге тоқтата алмаған соң, қатаң ескерту жасауға тура келді.
— Әсия, біздің «Гольфке» жететін ғана ақшамыз бар. Байқап келемін, сен оларға бұрылмақ түгілі, көзіңді де салмайсың. Кәне, тоқта! Алатын болсақ, саудаласайық. Әйтпесе мен кетемін! Әсия селк ете шырт ұйқыдан оянып кеткендей болды да, қалт тоқтады. Әпсәтте аспанды бұлт жапқандай бұған түсі әлем-тапырақ болып өзгере жат көзқараспен қарады.
— Мен ойымды өзгерттім. «Гольф» мен мінетін мәшине ме, айтшы өзің? Ертең қымбат-қымбат мәшине мініп жүрген достарым күлетінін біле тұра қайдағы бір жаман мәшинені ал дегенің не? Бұл сенің қай мазағың? Мен алатын болсам, құрығанда «Мерседес» аламын. Точка! Өл-тіріл, әкешеше, бауырларыңнан сұра, ақша тап! Әйтпесе мынаны аборт жасатып, төркініме кетемін! Сырым жаңа ғана гүл-гүл жайнап тұрған келіншегінің шәңкілдей шыққан түрпідей сөздерін жаны түршіге тұрып тыңдағанмен, ішкі жан дүниесі наныңқырамай абдырап, жөпелдемеде аузына сөз түсе қоймады. Әрине, үйленгелі бері келіншегінің осындай сызды мінездеріне куә болғанмен, «Әй, түзеледі ғой» деп онша мән бермейтін. Бірақ ол сызды мінездер көбейген сайын екеуінің арасы бұрынғыдай емес, ашылып, ыстық қарым-қатынас салқын тарта бастағанын сезеді. Кейде сабыры таусылып, біразға дейін қызбаланып уәж айтқанмен, бәрібір тіліне тұсау салатын. Себебі келіншегі екіқабат. Тәжікелесе берсе, кім білсін?..
Долданған келіншегінің қаны көтеріліп, іштегі мұның нәрестесіне қауіп төнуі әбден ықтимал ғой. Нәзік
жүректі жігітіміз өте балажан еді. Болашақ баласы үшін Сырым жарының қандай бір ұсақ-түйек мінездеріне төзуге бартын. Ал мына айтқан соңғы сөзі оның жүрегіне ине сұғып алғандай әсер етті.
— Аборт… Есің дұрыс па, қайдағы бір мәшине үшін сондай қатыгез әрекетке бара аласың ба? — деді ол күйіп кетіп. — Мен мұндай шарананы кез келген уақытта табамын. Ал әдемі мәшине — менің арманым. Білесің бе, ол менің арманым!
Әсия кішкентай жұдырығын түйіп, кеудесін соққылады. Жаңа әзірдегі сұлулық зым-зия. Көздері шыны тәрізді. Жүзінде қан-сөл жоқ. Шәңкілдей шыққан әйел даусына жақын маңдағы адамдар да қарап қалыпты. Сырым бұл жолы айылын жимады. Бірақ дауысын көтермей зілдене тіл қатты.
— Адамдардың басты арманы — ұрпақ көбейту. Бір балаға зар болып жүрген адамдар қаншама? Сондықтан менің арманым — сәби сүю, Әсия. Сен соны біліп қой!
— Тоқтат ондай былшылыңды! Сенің осындай философияңнан тойып біттім! Сен маған одан да мынаны айт. «Мерседес» сатып әпересің бе, жоқ па? Әйтпесе мен тап осы жерден біржола кетемін. Сенің сасық жатақханаңа енді бармаймын!
Әсия жұдырығын жазып, бұған саусағын кезей тістене сөйледі. Сөздері ызғарлы. Ойы да пышақпен кескендей кесек-кесек.
— Жоқ! Мен саған ондай мәшинені сатып әпере алмаймын. Оған шамам да жоқ. Кетсең кете бер! Әсия шалт бұрылды да, туфлиімен жерді тесіп жіберердей нық-нық басып бұдан ұзай берді. Артына бұрылып та қараған жоқ. Жүрегі білінер-білінбес шым ете қалған Сырым болашақ сәбиімен біржола қоштасқандай ерні жыбырлап өзінен-өзі сөйлеп тұрғанын көпке дейін сезбеді.
— Өкінесің, өкінесің, Әсия! Сенің бұл қатең — түзелмейтін қате. Олай етсең, Алла сені кешірмейді…
— Астапыралла! Әйелің не деген шайпау, долы, қатыгез еді, а? — Тура жанынан табылған орта жастағы әйелдің сөзіне Сырымның қарсы айтар дауы жоқ еді. Ішкі дүниесі қара шәйнектің суындай бұрқ-сарқ қайнап, не істерін білмей күйініп тұрған жігітке, қайдан сап ете қалған белгісіз, әйел басу айтты.
— Сабыр, сабыр, інім! Ақылды әйел қанша ашуланса да ашуын басып, ошағына оралады. Мен манадан бермен мына мәшинеде отырғанмын. Келіннің қатыгездікке толы жаңағы сөздеріне жігіттің жігіті ғана шыдайды. Орысша мектеп бітіріп, орысша тәрбие көргендер сондай болады. Өйте қоймас. Ашумен, жастықпен айтылған сөз болар. Ал өйтсе, шынында да, Алла кешірмес… Жаңа танысқан тәтесі басалқылы сөздер айтып, мұның ашуын тежеп, жұбатты. Телефонын берді. Сырым үміт пен күдікке алма-кезек берілген күйде үйіне асығып жетті. Не деген жылдам еді десеңші Әсия, өзіне тиесілі заттарын жылан жалағандай сыпырып алып кетіпті. Көңілі құлазып сала берді.
*********
Қанша хабарласса да, келіншегі жауап бермеді. Мүмкін жүз, мүмкін мың рет хабарласқан болар. Бұл осылай әбден мезі еткен болуы керек, келіншегі бұған соңғы әрі ызғарлы хабарлама жіберді. «Мен саған қажет емес болармын. Өз шешіміммен аборт жасаттым. Енді мен жаңа өмір бастаймын, жайыма қой!» Біреу маңдайынан ауыр темір білікпен ұрып жібергендей есеңгіреп, жалп ете отырып қалды. Көпке дейін есін жинай алмай жүрді. Болашақ сәбиін өзі өлтіргендей күй кешті. Әйелін түсінде көретін. Жезтырнақты мыстанға айналып, мұның кішкентай сәбиін тұншықтырып өлтіріп жататын. Барып көмектесейін десе, аяқтары тас болып қатып желімделіп, орнынан қозғала алмайды. Жылап жібереді. Талай рет осындай ауыр түстер көріп, жылағанына тек Алла ғана куә. Бәлкім, жынданып кетер ме еді, баяғы танысқан тәтесіне хабарласып жаны қалды. Алланың қалауымен намазға құлады. Көкірегіне сабыр ұялады сөйтіп. Сырымның екінші өмірі басталды…
(Жалғасы бар)
Ертай Айғалиұлы