Хиджап дауы қайта шықты

Министрден мін іздегендер…

Халқымызда «ескірмеген дау жаман» деген аталы сөз бар. Ал «жер дауы, жесір дауы, құн дауы» дейтін жалғаса беретін дауды былай қойғанда, кейбір даулардың нақты жауабы беріліп, соңғы нүктесін қойылуына талай уақыт кететін түрі бар. Соның бірі хиджап дауы дер едік. Ауық-ауық қоғам назарына түсіп, пікір білдірушілер екіге жарылып шыға келетін бұл даулы тақырып, таяудан бері қоғам назарын қайта аударды. Оған себеп Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтің (бұл ең алғаш ZOOM қосымшасы арқылы онлайн форматта сөйленген сөзден шыққандығын ескертеміз) «Мектептерде хиджаб киюге рұқсат беріле ме?»- деген сұраққа қарата, «Бәріміз білеміз, Конституцияда жазылғандай, біз зайырлы мемлекетпіз. Сондықтан мемлекетте, мектептерде Конституцияға сәйкес өмір сүруі керек деп ойлаймын. Зайырлы мемлекеттік заңды орындауға тиіспіз. Мектепте балалардың білім дағдыларын қалыптастырған кезде ол заң талаптарына сәйкес жүргізілуі керек», – деген жауабы еді.
Қазақ үшін сөз бостандығының ашық алаңындай болған әлеуметтік желілер осы жауаптан кейін толқып кетті. Осы видеоны әлеуметтік желіге жүктеген бір азаматтар «министр мектепте хиджап киюге рұқсат беретін ыңғай танытты…» ,-деп қалып еді, ары қарай іліп әкеткен көпшілік, «министр оқушылардың хиджап киіуіне келісім беретін болды. Біз енді Ауғанстан болатын шығармыз? Бүгін хиджапқа рұқсат берсе, ертең мектептен назмазхана ашатын шығар…» деп тұс-тұстан жамырап кетті. Тіпті өздерін «журналистпіз» деп жүрген біраз адамдар бұрқыратып мақала жазып, «Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтің діни топтардың ықпалына ұшырап, бүгежектеп отырғандығын» сынға алып тастады. Ал онан да асып түскен кейбіреулер «министр орнынан кетсін» дегенді кесіп айтыпты…
Біздің мақсат әлеуметтік желідегі қоқыстардың басын құрап, көпшілікке қайта ұсыну емес екендігін ескерте отырып, желіде желігіп жатқан жұрттың «жанайқайларын» осылайша қысқа қайыруды жөн көрдік.
Сөз төркінін түсінбедік пе?
Жыл сайын төбесін көрсететін осы дау биыл жаңа оқу маусымы басталар қарсаңда тағы да шыға келді. «Бақсам, Бақа екен» демекші, осы тұста наразылық танытып жатқан адамдардың алаөкпе болып тұра шабудан бұрын, айтылған сөздің мағнасын түсінбей тұрып, министрді қаралай жөнелгендігіне таң қалдық. Ғани Бейсембаев өз сөзінде «Бәріміз білеміз, Конституцияда жазылғандай, біз зайырлы мемлекетпіз. Сондықтан мемлекет те, мектептер де Конституцияға сәйкес өмір сүруі керек деп ойлаймын. Зайырлы мемлекеттік заңды орындауға тиіспіз. Мектепте балалардың білім дағдыларын қалыптастырған кезде ол заң талаптарына сәйкес жүргізілуі керек»- дейді. Осына біраз нәрсе қамтылып тұрған жоқ па? Зайырлы мемлекет дегеннің анықтамасы тәуелсіздіктің алғашқы кезінде-ақ түсінікті болды емес пе? Яғни мемлекет заң арқылы басқарылады, оған дін араласпайды! Ал бұдан ары түсінікті болу үшін мамандардың нақты жауабын, ресми мекемелердің ұстанымдарын келтіре кетейік. Мәселен, Ақмола облыстық дін істері басқармасы ресми сайттарында зайырлылық тақырыбына арнайы тоқталыпты.
Зайырлылық — бұл:
1) кез келген дiнге қатысты мемлекеттiң бейтараптығы;
2) мемлекеттiң кез келген дiннен тәуелсiздiгi, сондай-ақ дiннiң мемлекеттен тәуелсiздiгi;
3) ар-ождан және дiни сенiм бостандығы,
4) бiлiмнiң кез келген дiннен азаттығы.
Аталған тармақтарды еске сала отырып «Зайырлы мемлекетте заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, өзiнiң дiни-нанымына сiлтеме жасай отырып, өзiнiң азаматтық мiндеттерiн орындаудан бас тартуға ешкiмнiң құқығы жоқ»- деп түсіндіре келіп, «Бiлiмнiң зайырлылығы» мәселесін былай тарқатады.

Бiлiмнiң зайырлылығы.
Қазақстандағы бiлiм беру мен тәрбиелеудiң мемлекеттiк жүйесi зайырлы сипатқа ие. Ерекшелiктер — тек рухани бiлiм беру мекемелерi: семинариялар мен медреселер.
Бiлiм берудiң зайырлылығы бiлiм берудiң барлық деңгейлерiнде — мектептерде, жоғары оқу орындарында, колледждерде дiндi насихаттауға тыйым салынғанын бiлдiредi. Педагогикалық құрамның белгiлi бiр дiни дүниетанымды насихаттау мен мадақтауға құқығы жоқ. Сондай-ақ, мұғалiмдер оқыту және тәрбиелеу процесiнде студенттерге дiндер туралы тек ғылыми бiлiм беруге мiндеттi.
Бiлiм беру жүйесi патриотизмдi қалыптастыруда және халықтың ұлттық және рухани дәстүрлерiне құрмет көрсетуде маңызды рөл атқарады. Оқу орындарында дiни iс-шаралар мен миссионерлiк қызметтi өткiзуге мүлдем тыйым салынады. Оқушыларға киiм киюдiң де зайырлы формасы тағайындалған».
Ал, жоғарыда тайға таңба басқандай етіп анық көрсетілген мазмұндарға бір рет болса да көз жүгіртіп шығуға еріншектік танытып отырған адамдар, министрге сөгіс айтуға білек сыбана кіріскендерін қалай түсінуге болады?
Жұрттың «қолы жетпей жатыр ма» деген күдікпен заңда көрсетілген біраз мазмұндарды ерінбей отырып дәлел ретінде келтіре кетуді жөн көрдік.
«Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы № 26 бұйрығына толықтыру енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 13 шiлдедегi № 296 бұйрығы. (Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 14 шiлдеде № 20953 болып тіркелді)
Мұнда былай деп көрсетілген.
2. Орта білім беру ұйымдарындағы міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар
5. Орта білім беру ұйымдарының міндетті мектеп формасы (бұдан әрі – мектеп формасы) оқытудың зайырлы сипатына сәйкес келеді. Мектеп формасының үлгісі, түсі классикалық стильде, бірыңғай түс гаммасында жасалады, үшеуден асырмай түстерді араластыруға рұқсат етіледі. Мектеп формасының түсі қалыпты және ашық емес түстерден таңдалады.
6. Мектеп формасы білім алушылардың жас ерекшеліктеріне қарай енгізіледі.
7. Мектеп формасы күнделікті, мерекелік және спорттық болып бөлінеді.
8. Ұлдардың мектеп формасы:
пиджак, жилет, шалбар, мерекелік жейде, күнделікті жейде, не түймелері бар немесе сыдырмалы тоқылған күрте/кардиган, поло жейде немесе тенниска (қысқы мезгілде: трикотаж жилет, водолазка). Ұлдарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұрады.
Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда — ҚР Оқу-ағарту министрінің 30.12.2022 № 534 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
9. Қыздардың мектеп формасы:
Қыздардың мектеп формасы:
пиджак, жилет, юбка, шалбар, классикалық жейде, не түймелері бар немесе сыдырмалы тоқылған күрте/кардиган, поло жейде немесе тенниска (қысқы уақытта: трикотаж жилет, сарафан, водолазка). Қыздарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұрады.
Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда — ҚР Оқу-ағарту министрінің 30.12.2022 № 534 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
10. Алып тасталды — ҚР Оқу-ағарту министрінің 30.12.2022 № 534 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
11. Ұлдар мен қыздарға арналған спорттық форма спорттық костюмнен (спорттық шалбар, куртка, футболка), спорттық аяқ киімнен (крассовка, кеды) тұрады.
12. Алып тасталды — ҚР Оқу-ағарту министрінің 30.12.2022 № 534 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
13. Мектеп формасына түрлі діни конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайды.
Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда — ҚР Білім және ғылым министрінің 04.04.2016 № 248 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
14. Мектеп формасына орта білім беру ұйымының ерекшелік белгілерін (белгілер, тігіспелер, шеврон және т.б.) орналастыруға рұқсат етіледі.
Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда — ҚР Оқу-ағарту министрінің 30.12.2022 № 534 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
15. Мектеп формасына қойылатын талаптар климаттық жағдай, оқу сабақтарының өткізілу орны және оқу ғимаратындағы температуралық режим ескеріліп, іске асырылады.
16. Мектеп формасына қойылатын талаптар бойынша жарақаттайтын фурнитурасы бар киім мен аксессуарлар киюге тыйым салынады.
17. Мектеп формасын енгізу барысында мата құрамына назар аударылады.
18. Мектеп формасының матасы ретінде қасиеттері жақсартылған жартылай жүн және мақта, киіске төзімді, антибактериалдық, антимикробтық және антистатикалық қасиеттері бар маталар қолданған жөн.

Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда — ҚР Оқу-ағарту министрінің 30.12.2022 № 534 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
19. Мектеп формасы туралы мәселелерді талқылауға балалардың ата-аналары және өзге де заңды өкілдері, мектептің өзін-өзі басқару мүшелері, қамқоршылар кеңесі мен ата-аналар комитеті қатысады және осы Талаптарға сәйкес ұсыныстар енгізеді.
Мектеп формасының фасонын таңдауды және юбканың ұзындығын орта білім беру ұйымы мен кеңес (қамқоршылық кеңесі, ата-аналар комитеті, мектептегі өзін-өзі басқару) айқындайды, жалпымектептік ата-аналар жиналысының хаттамасымен бекітіледі.
Ескерту. 19-тармақ жаңа редакцияда — ҚР Оқу-ағарту министрінің 30.12.2022 № 534 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
20. Мектеп формасына өзгерістер енгізу туралы шешім кеңеспен (қамқоршылық кеңесі, ата-аналар комитеті, мектептегі өзін-өзі басқару) келісу арқылы қабылданады.

Ескерту. 20-тармақ жаңа редакцияда — ҚР Оқу-ағарту министрінің 30.12.2022 № 534 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
21. Ата-аналар және өзге заңды өкілдер білім алушылардың орта білім беру ұйымында белгіленген мектеп формасын киюіне жауап береді.
Бұдан ары қарай «Орта білім беру ұйымдарында міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды орындау» мәселесі де заң аясында қарастырылғандығын айта кетеміз.
Заңның талаптары баршаға міндет болмақ
Мектеп формасы туралы талай сынды естіп келе жатырмыз. Бір жылдары павлодарлық бір азаматтың пікірі газет беттерінде жүрді. Қынжылғанынан шыққан сөз бе әлде қыжыртқаны ма кім білсін? Есім сойы славян халықтарына ұқсайтын әлгі жігіт өз сөзінде мұғалімдер мен кәмелет жасына жетіп бойжетіп қалған қыздардың қысқа юбка киіп алып, сол жақ омырауын (әжептәуір толысқандығын қадап айтады) басып тұрып әнұран орындаудың әбестігін алға тартыпты. Бұған қоса ересек тартып қалған ұлдарға да мұндай киім үлгісінің кері әсері болатындығын проблема етіп көтеріп еді. Бүгінгідей әлеуметтік желі шыға қоймаған, дәстүрлі БАҚ-тарды дәурені жүріп тұрған кез болатын. Оған қарсы құптаған, немесе қарсы шыққан пікірлер аса талас тудыры кеткен жоқ.
Кейінгі жылдары діндар отбасынан шыққан балалардың әсіресе қыздарына жаулық оратып жіберетін жағдайлар жүз бере бастағаны бері осы мәселе күнтәртібіне көтерлді. «Мектепкке қабылдамай жатыр екен, соңғы қоңыруға қатыстырмай қойыпты…» деген сыбыстар жыл сайын қайталана беретін болды. Соңғы шыққан дау-дамайдан соң да жұрттың пікірі алуантүрлі болып бара жатыр. Осы жерде көп адамдардың мектеп формасын қатаң сақтуды, діни наным-сенімдерге сай киім үлгілеріне жол бермеуді, заңда белгіленген нормаларды сақтауды қатаң жақтайтындығын айта кетеміз. Дегенмен, кейбір желі қолданушыларының «егер хиджапқа түбегейлі қарсы болатын болсаңдар, көтеріліске шығып төңкереміз, хиджап сендерге ойнайтын нәрсе емес, Алланың әмірі…» деген пікірлерін де көзіміз шалды. Міне, мәселенің қаншалықты ушығып бара жатқандығы осында болса керек. Әлдекімдер осы тұста «шешім шығаратын кез келді» деп дабыл қағып жатыр. Шешім баяғыда шығып қойған! Ол жоғарыда көрсетілген заңның тармақтары мен міндеттері болмақ.
Біздің пікір
даудың неден шыққанын, қалай өрбігенін және оған қатысты атазаңның тармақтарын тілге тиек ете отырып, бір кісілік пікірімізді білдіре кетуді жөн көрдік. Өз басым ұзақ жыл білім саласында қызмет еткен педагог ретінде де ақ самайлы ана ретінде де қалыс пікірімізді жеткізуді азаматтық парызым санадым.
Тәуелсіз Қазақстанның білім саласы қазірге дейін тәжірибе алаңына айналып болғандығын жасыра алмаймыз. Әр жылдары білім министрлігін басқарған басшылар өздерінің жөнді немесе жөнсіз ойлары мен біздің нақты жағдайымызға сәйкес келетін, келмейтіндігін толық анықтамастан шетелдік тәжірибелерді күштеп енгізуге кірісті. Соның кесіріне біілм саласы қазірге дейін былықтан көз ашпай келе жатыр. Негізінде саусақпен санайтын мәселелер жетерлік. Алайда бүгінгі тақырып мектеп формасы төңірегінде болғандықтан тақырыптан ауытқамай отырып, ойларымызды ортаға салмақшымыз.
Сөзге тоқтаған, бір ауыз сөзден қуат алып, бір ауыз сөзден жанымыз жараланған ел едік қой, ендеше осындай кезде «шымшық сойса да қасапшы сойсын» деп мамандардың пікіріне неге құлақ аспай жатырмыз? Неге ата заңымыздың баптарының салтанат құрғанын қаламай отырмыз? Пікірде талас жоқ, дегенмен пікір де сын да жөнімен болса қанеки? Бізге қазір ұлттық идеология керек. Сапалы білім керек. Ұрпаққа дұрыс тәрбие керек. Өйткені келешек үшін бәріміз де жауаптымыз! Ендеше барлық салада барлығына ортақ заң мен тәртіп, мемлекет бекіткен стандарт сақталуы қажет! Елдің дамуы мектептегі дұрыс тәрбие мен білімнен бастау алады!!
Өз басым ұлттық мәселелер мен елдік ұстанымдарға бейжай қарай алмайтын адам ретінде 2015 жылдары мектептегі форма мәселесін көтеріп бірнеше мақалалар жазған едім. Мұғалімдердің де бірыңғай формаларын ел аралап мектепке кіргенде көріп жазып жүрміз. Бірыңғай мектеп формасын барлық мектепте сақталуы керек.
Барды бар, делік. Ия ұлттық идиологияның жұтаңданғаны рас. Зайырлы мемлекетпіз оның қандай мемлекет екенін көзі ашық азаматтар білетіні сөзсіз.
Бүгінгі күні баланы біліммен қаруландару керекпіз. Барлығымыз Кеңес одағы кезінде форма киіп оқып шықтық, білімнен де, ата-баба дәстүрінен де кем болған жоқпыз. Қатаң талапты орындап тәртіпке бағынудың пайдасы осындай болса керек. Ендеше заңмен белгіленген бірыңғай мектеп формасы деген стандарт толық сақталуы керек!
Белгілі дінтанушы Мұртаза Бұлұтай мырза әлеуметтік желідегі парақшасында адамды ойландыратын пікір қалдырыпты.
«Мұсылман елдердегі тәжірибе, мысалға Түркияны алсақ, діни ағымдар мен жамағаттар, тариқаттар ең бірінші білім беру жүйесіне ауыз салған. Мектептерге өз мұғалімдерін тағайындатып, білім басқармаларына өз адамдарын қойды. Сонсоң жекеменшік мектеп ашу, дайындық курстарын ашу, балабақшаға өтті. Біздегі ағымдар осы әдісті қолданбайды дей аламыз ба?! Осы фейсбуктың өзінде жарнамаланып жатқан мектептердің құрылтайшылары кімдер? Кім тексеріп жатыр оларды?»- дейді көргені де түйгені де мол ғалым азамат.
PS: Біз білім саласын ендігі жерде тәжрибе алаңына айналдыруға жол бермеуіміз керек. Сапасыз оқулықтар мен шетел тілдеріне деген басымдықтан құтқаратын кез келді. Онан да маңыздысы мектептегі идеология саласы. Жоғарыдағы Мұртаза мырза айтқан мәселені министрлеріміз қаперге алса дейміз. Қазір екінін бірі жекеменшік мектеп ашып, екінің бірі қосымша білім беру орталықтарына адам жинап әуреленіп жатыр. Ендігі жерде діни түс алған білім ордалары бой көтеріп жатса таң қалмаңыз.
Мен бұл жерде ата-баба дінін, исламның жолын тәрік етуді насихаттап отырған жоқпын. Алайда барлық жұмыс- заңның аясына болуы тиіс дейтін ұстанымды сақатуымыз керек! Мектеп формасы заңда белгіленген, басы ашық нәрсе екендігін тағы да бір мәрте еске саламыз. Сондықтан кез-келген жел сөзге ере жөнелу, кез-келген нәрседен ілік іздеу, бізді ұшпаққа шығармайды ағайын!
Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері