ХІХ ғасыр зобалаңы ЖӘНЕ ЕСЕТ КӨТІБАРҰЛЫ (1803 /1807/ – 1889)

«Бөліп ал да, билей бер!» және Ресейге қарсы көтерілістер

Патша отары болған қазақ даласының саяси жағдайы күннен-күнге   шиеленісе    түсті. Ресей әкімшілігі   елдің   ішкі жағдайына   кіріскен  себепті жалпы халық  екі жақты қысымда болды. Патшалық Ресей     тарапына және жергілікті басшылардан  азар   көрген    себепті   кешегі сүттей ұйып отырған ел өзді-өзі қырқыса бастады.

Бұрынғы қазақ елін билеген  хандардың  ұрпақтарын  да патша өкіметі  бір-біріне  айдап салып қырқыстырды. Ел ішінде толқулар пайда болды, ақыры патша өкіметіне қарсы үлкен шайқастарға ұласты.

Қазақ    жерінде  отаршыларға қарсы халық     көтерілістері көп болғаны соншалық,   Батыс Қазақстанда тіпті  дәстүрге  айналып кетті.  Осынау халық  көтерілістерінің  тек ірілерін ғана парақтап  өтсек, алдымен   ауызға аларымыз Сырым би Датұлы  бастаған халық  көтерілісі /1783-97ж.ж./.

Әбілхайырдың немересі  Қаратай Нұралыұлы (1771-1826) Сырым көтерілісін 1805-1814 жылдары жалғастырды.  Көп ұзамай Жоламан Тіленшіұлының  20-30 жылдардағы Ресеймен соғысы болды.

1836-37 жылдарда Бөкей  хандығындағы     Исатай мен Махамбет   басқарған        халық көтерілісі Жайықтың арғы жағында Бөкей ордасының жерінде басталды.

1837-46 жылдарда Кенесары  Қасымұлы басқарған    ұлт-азаттық көтерілісі.

Қырқыншы жылдары басталып, 1858 жылға дейін  созылған  Есет Көтібарұлы басқарған   көтеріліс.

50-жылдарда Сыр бойындағы Жанқожа батыр бастаған халық көтерілісі т.б.

Ал, ешқашан толастамаған  Адайлардың толқуы және олардың отаршылармен соғыста жасаған ерліктерін сөз ететін болсақ, ол өз алдына бір дастан. ХІХ  ғасырдың 70-жылдар ақырында Адайлардың көтерілісімен Ресейге қарсы Батыс Қазақстанның  300 жылдық соғысы аяқталған еді…

Сондай-ақ Орта жүзде және Кіші жүз жерінде Ресей патшасына қарсы хан ұрпақтарының көтерілісі ұзақ уақыт болды. Қазақ халқының көп бөлігі олардың да қозғалыстарын қолдады.

Кіші жүз жерінде патша өкіметіне қарсы соғыс ешқашан толастамады. Кіші жүз ханы Айшуақ (1797-1805 жж.) өлгенде оның орнына баласы Жантөре (1805-1809 жж.) отырды. Патша өкіметі Әбілхайыр ханның (1748 ж. өлген) ұрпақтары арасына іріткі салып үлгерді. Нұралы ханның баласы Қаратай Жантөрені өлтіріп, өзі хан болды және патша әкімшілігіне көп қарсылық жасап, талай соғыстар ашты. Оның беделі өте күшті болған соң, хан өкіметі күшейгелі тұрғанын көріп, патша  әкімшілігі Айшуақтың басқа бір баласы Шерғазыны хан етіп ресми түрде бекітті. Жалпы Қаратай бастаған Кіші жүз қазақтарының патшаға қарсы соғысы халқымыздың тарихында ерекше орын алады. Ол 1823 жылға дейін созылды. Бұл соғыс Сырым Датов бастаған соғыстың шын мәнінде жалғасы еді.

Саяси шиеленісіп тұрған Кіші жүз жерінде 1816 жылы белгілі сұлтан Арынғазы Әбілғазиев бас көтерді. Оның қарқыны күшті болғаны соншалық, бүкіл ел және беделді билер мен ру басы ақсақалдар оны 1816 жылдың апрель айында хан сайлады. Ол қазақ елінің игі жақсыларының қолдауымен бір орталыққа бағынған Қазақ мемлекетін құруға бел байлады. Себебі оны Орта жүздің белгілі адамдары шынымен қолдады.

Патша   белгілеген ресми хан Шерғазының ешқандай беделі қалмады. Кіші жүз   билігі   түгелдей Арынғазы  ханның  қолында болды.  Осыны көріп  қатты қауіптенген  патша өкіметі   қалай болмасын    Арынғазының  көзін құрту  үшін  әдейі бірқанша келісімдерге  келіп, оны алдап келіссөз жүргізу үшін Петербургке шақыртты. 1821 жылы ол Ресей астанасына     өз адамдарымен бара жатқанда шілдеде тұтқындалып, Калуга қаласына жіберілді. Ол сонда 1833   жылы қаза болды.

Қысқасын айтқанда, қазақ жерінде    тәуелсіздік үшін күрес ешқашан толастамады. Оңтүстік Қазақстанда       Қоқан хандығына қарсы  көптеген қантөгістер болып жатты…

Біз енді Есет Көтібарұлы       басқарған халық көтерілісі   туралы негізгі оқиғаларды баяндайық.

ХІХ ғасыр Ресей  отары  болған    қазақ     даласына   қылышын сүйрете     келді. Патша өкіметі Қазақстан жерін түгелдей      қоластына қаратып, Орта Азияға өтуді көздеді. Ал,  қоластындағы қазақ жері мен елін түгелдей билеп-төстеу үшін қызу кірісті. Қазақ қоғамын бөлшектеу үшін хан өкіметі ішінде жаңа хандықтар ашты. Ол негізінен жаппай халықты бір-біріне                    шағыстырумен қатар биліктен дәмесі бар төре ұрпақтарын бір-біріне айдап салу үшін  жасалды.

Мысалы Кіші жүздегі хан өкіметін әлсірету мақсатымен Еділ-Жайық ортасында Ішкі орданы 1801 жылы (Бөкей ордасы деп 1812 жылдан соң аталды) ашқан болса, Орта жүз жерінде Қарқаралыда 1815 жылы және бір хандық ашты. Халықты, қоғамды бөлшектей отырып, іріткі салып, барлық жағдайды патша өкіметі өз қолдарына алу үшін жасады.

Ақыры 1822      жылы       Орта жүзде,   1824 жылы Кіші   жүзде   хан өкіметін ыдыратты. Енді қазақ жері округтерге бөлініп  басқарылатын болды, дегенмен Еділ мен  Жайықта  Бөкей ордасы қала берді…

 

Есет Көтібарұлы – батыр, қолбасшы

Есет Көтібарұлының  190 жылдығын Ақтөбе халқы 1993 жылы Шалқар өңірінде ерекше атап өткен еді. Батыр бабамыздың жатқан жеріне үлкен мавзолей тұрғызып, кең көлемде ас берілген еді. Осындай үлкен шараны аса қиын кезде ұйымдастырған және жақсылап өткізген жігіттердің қыруар еңбегі мен маңдай терін төккенін біз ешқашан ұмытпаймыз. Ерекше айтатынымыз осы халық батырына арналған үлкен шараға өкімет ешқандай көмек бере алмады. Алайда халықтың даңқты бабаларымызға арналған сүйіспеншілігінің арқасында өте жақсы өтіп еді. Ұйымдастыруға қатысқан азаматтардың ішінде Қанатбай Елеусізовты ерекше атап айтамыз…   Осынау тарихи оқиғаның өткеніне де  30 жыл өте шығыпты. Міне енді халқымыз Есет сынды  батырға  Ақтөбе қаласында ескерткіш орнатқалы жатыр. Бұл өте қуанышты жағдай.

Елім деп еңіреген Есет батыр

Есет белгілі батыр, барымташы  Көтібардың үлкен ұлы болатын. Көтібар  өзінің асаулығымен ұлықтарға да, жергілікті басшыларға да бас имеген бірбеткей жан еді… Осындай адуын    белгілі батыр үйінде 1803 әлде 1807 жылы  Есет дүниеге келіпті. Егер алдыңғы көрсеткішпен есептесек, 220 жыл толады екен.

Ол жас кезінен-ақ әкесінің әртүрлі      жорықтарына қатысып, көп жағдайларды  көңіліне  тоқып өсіпті. Себебі, оның әкесі ешқашан бай болмаған, бірақ ешкімге есесін жібермепті. Ұнамаған  байлардың жылқысын барымталап алу, әлде Батыс Қазақстан арқылы   өтетін Ресей керуендерін тонап алу   сияқты әртүрлі қақтығыстарды  Есет қаршадайынан көріп өсіпті.

Он бес жасқа келгенде Есет батырлығымен көзге түседі және атағы жайылады. Бұл оның 1822 жылы Ресейден келе жатқан Бұхара керуенін тонап алуы еді. Осылай жаланған ер, жалындаған сөзуар Есет батыр көп ұзамай әскербасы болады. Өз халқының жоғын жоқтап, елдің ардақтысына айналады.

Нақты мәліметтерге қарағанда, оның 1834 жылы артына ерген әскерінің саны 1200 адам болатын. 1838 жылы патша әскерінің бір бөлігін талқандап, алты солдаты мен бір офицерін тұтқынға алған.

Көп  ұзамай оған Табын руының  сайдың тасындай 1500 жігіті келіп қосылды.1840 жылы Ресей мен Бұхараның   күміс ақшасымен есептегенде  15000 сомдық заты бар  керуеніне шабуыл  жасайды. Бұдан соң ол өзінің көп елімен  Хиуаға өтіп кетіп, үш жылдай /1842-44/ сонда жасайды.  Өз еліне қайтып  келген соң  да тыныш жата алмайды, себебі ел ішіндегі жағдай әбден шиеленіскен еді.

Есет бастаған көтерілісшілер тобының әрекеттері Ресейдің Батыс Қазақстандағы басшылығына, Бұхар және Хиуа хандықтарына талай теперіш көрсетті.

1847 жылдың 18шілдесінде Есет өз сарбаздарымен Ембі ауданында жүрген 200 орыс-казактардан құралған   жазалау отрядқа және сұлтан басқарған 120 қазақ әскеріне шабуыл жасады.

Орынборда генерал-губернатор қалай болса да Есет басқарған көтерілісшілерді  талқандап, өзін тұтқынға алуға қатаң тапсырма алды. Алайда бұл жоспарды орындау оңайға соқпады…

Бұл көтерілістің ең қызған кезі  1855-57  жылдар болды. Көтерілісшілер мен патша әскері арасында /олар жағында  сұлтандар басқарған   кейбір қазақ әскерлері де болды/ қырғын соғыстар болды…      Оқ  дәрісі мол мылтықтармен жақсы қаруланған патша  әскерлерінен 1857 жылы  көтерілісшілер шегінуге мәжбүр болды. Қолға түскен Есеттің 18 адамын  патша әкімшілігі  Сібірге айдап,  үш адамын атуға жарлық берді.

Есет қалың қолымен Ұлы және Кіші Борсық құмына, Үстіртке өтіп кетіп, патша әскеріне  күтпеген жерде шабуыл жасап,  шығынға батырып жатты.1858 жылдың қыркүйегінде Шошқа көл деген жерде ел ақсақалдарының үлкен өтініші    бойынша Есет патша әкімшілігінің      ұсыныстарын  қабылдап, келісімге келуге көнді.

Осынау көп жылғы соғыстан соң  патша әкімшілігімен  келісімге  келу үшін Есет Орынборға баруға  және ресми ақ патшадан кешірім сұрауға тиісті болды.

Есет Орынборға барып, генерал-губернатормен  келісімге келді. Жұрт тынышталды. Ел өз орындарына келіп көп жылғы соғыстан соң  бұрынғы тіршілігін жалғастырды. Бұл келісім аса маңызды болды. Орынбор әкімшілігіне қарасты патша әскері   де Кіші жүз жеріндегі жыл сайын болатын  қақтығыстан әбден запы болып қалжыраған еді. Тек  Есет басқарған Шекті елі ғана емес, Табын, Тама, Жағалбайлы руларында тыныштық орнап, Есет және басқалар бұрынғы иеліктері мен  хұқықтарына қайта ие болды…

Англияда  шыққан басылымдарда 1859 жылы Есет батырдың Петербургке барғандағы және оның қайнаған еңбек пен революция астанасындағы халыққа ерекше әсер еткені айтылады.

 

Шоқан мен Батыс Еуропа Ресей зиялылары батыр жайлы не дейді?

Есет  – қазақ халқының ардақты ұлы, батыр – қолбасшы.  Халқымыздың     басындағы  ең ауыр күндері елді аузына қаратып,  жоғын жоқтап, ізіне ертіп, екі жақтан төніп тұрған ажал   оғына    өз кеудесін тосқан абзал жан. Әрине, тарихқа үңілген сайын бұл күнде Есет батыр туралы айтар тарихи материалдар толып жатыр. Сондай-ақ аңыз-әңгімелер де өте көп…

шоқанның алғашқы сапарлары

Дегенмен біз Есет Көтібарұлының   туған халқы үшін, яғни    «қара қазан, сары баланың қамы үшін» өмір бойы шарқ ұрып қызмет еткені және күрескені туралы Ресей мен Батыс Еуропаның алдыңғы қатарлы адамдары қандай көзқараста болды екен? Соған жалпы шолу жасамақпыз.

Есет сынды қазақтың ардақты ұлы сол кездің өзінде алдыңғы қатарлы Ресей интеллигенциясының назарынан тыс қалған жоқ еді. Алғаш рет Есет Көтібарұлы туралы жазып, Ресей мен Батыс Еуропа  зиялыларына таныстырған Е.П.Ковалевский болатын (1839 ж.).

Егор Петрович Ковалевский (1811-1868) белгілі Шығыстанушы, саяхатшы, әдебиетші 1839 жылы Бұхараға бара жатқан жолда Батыс Қазақстан арқылы өтіп, көптеген қазақ ауылдарында болып, халықтың сүйікті ұлдары Махамбет Өтемісұлы және Есет Көтібарұлымен танысады. Осынау қазақтың ардагер азаматтары Егор Петровичке өте ұнайды, алғаш көрген күннен бастап дос болады. Келесі жылы жазып бітірген өзінің әйгілі кітабы «Странствователь по суше и морям» атты еңбегінің бірінші томында Махамбет туралы: «Во время пребывания нашего в аулах мы встретили казаха, черезвычайно замечательного  в кругу своего народа (81-бет)»,– деп жазған болса, өзіне аса күшті әсер еткен Есет туралы толғана отырып жазып: «… Исет был сложен как Геркулес; его атлетические формы, его дикая красота и приемы, полные отваги, могли поразить европейца и имели сильное влияние в кругу его соотечественников» (155-бет), – деп, оның толық портретін беріпті. Сол айтқандай, оны зерттеуші ғалымдардың айтуына қарағанда, 1859 жылы түсірілген фотосуреттің әлгі Егор Петровичтің бейнелеуімен дәл келетінін көреміз.

Міне, 1839 жылы Есет туралы алғаш рет осылай жазылса, кейінірек ол туралы талай демократтар жазып қалдырды. Егор Петрович оны алғаш рет көргенде Есеттің жасы 30-ға жаңа келген жас жігіт болатын, бірақ ел ішінде аса беделді болды.

Жалпы Есет – батыр,  би ел ішінде өзінің батырлығымен ғана емес, сондай-ақ талай дауды жеңген алғыр сөзуарлығымен жас кезінде-ақ аты шыққан. Мысалы Есеттің сонау жас кезінде-ақ ел көзіне түсіп, аса беделді болғаны туралы Егор Петрович: «…Исету не было еще 20 лет от роду, когда он уже приобрел себе славу в степи и общее уважение между своими, хотя по рождению принадлежал к «черной кости» (152-53 беттер), – деп тебірене отырып жазыпты…

Ал, батыр – қолбасшы әрі би Есет Көтібарұлының жасы 20-ға  жетпей-ақ ел ішінде даңқты әрі құрметті болуы туралы 1865 жылы Лондонда шыққан Ш.Уәлихановтың кітабында: «Есеттің есімі алғаш рет өз елінде даңқты болып құрметке бөленуі 1822 жылы болған еді, себебі ол сол жылы Ресейдің Сібір линиясынан келе жатқан Бұхара керуеніне шабуыл жасаған болатын…» (370-71 беттер), – деп және бір тың тарихи деректі береді. Демек бұл мағлұмат бойынша Есет 15 жасында көп сарбаздардың басын біріктіріп, Ресей мен Бұхара арасындағы сауда-саттық жасаушы керуендерге тиісіп, өз халқының кегін қайтарған. Сол кітаптағы мәліметтерге қарағанда, 1834 жылы Есеттің  1200 адамнан құралған атты әскері  болған   (372-бет).

Есет өз халқының ардақты ұлы, ол ес білгелі   өз елінің тәуелсіздігін   көксеп, соның жолында жолбарысша жанталасып бүкіл өмірін жастық шағымен қоса құрбан етті. Ол кезде қазақ халқының сыртқы жаулары екі жақтан болды. Бірі Ресей патшасының  экспансиясы болса, екіншісі Хиуа хандығы әлде Бұхар хандығы. Бұрын бір орталыққа бағынған Қазақ мемлекеті тұсында  тісі батпайтын көршілер «жау жағадан алғанда бөрі етектен алады» демекші, Ресей  отаршылдарынан қансырап жатқан елдің  оңтүстік бөлігіне бүйідей тиді. Сондықтан қазақ еліне тек Ресейге қарсы күресіп қоймай,    оңтүстіктегі Хиуа шапқыншыларына да қарсы күресу керек болды. Есет секілді қолбасшылар бірде патша әскерімен  соғысса, бірде    Хиуа әлде Бұхар  хандығының жасақтарын   талқандап отырды. Кейде тіпті ортада жүріп, олардың  көмегін ала отырып, бірін-біріне қарсы қойды.

Қазақтың қамын ойлаған ел басылары  Оңтүстіктегі көршілерге: «Өгізге туған күн бұзауға да   туады» – деп, олардан  талай рет көмек сұраған. Кезінде Сырым Датұлы мен Махамбет Өтемісұлы да Хиуадан өз халқының басындағы ауыр жағдайдан құтқару үшін әлденеше рет  көмек сұраған. Әрине, олардан ешқандай көмек болмады, қайта қазақ ауылдарын тонаумен болды. Ақыры Ресейдің қоластына олар да түсті…

Есет Көтібарұлы – қарадан шығып елді аузына қаратқан би, қол бастаған   батыр, қолбасшы, халқының тәуелсіздігі  үшін патшаның әлде Хиуа хандығының шен-шекпеніне де қызықпай өмір бойы   кеудесін оққа тосқан  күрескер. Сондықтан оның әрбір ерлігін Ресейдегі демократ жандар әрқашан аяушылықпен,      жанашырлықпен бақылап отырды, жақсы лебіздер білдірді. Ал, қазақтың өз арасынан шыққан белгілі демократ, оқымысты офицер, ғалым Ахмет Сейдалин сынды азаматтар Есет Көтібаров туралы қаншама лебіз жазып қалдырды десеңізші.

Ресей демократтары революционерлерінің бас штабы болған «Современник» журналы (Петербург) және «Колокол» журналы (Лондон) т.б. баспа орындары Есет бастаған қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісі туралы әлденеше рет жазып, оның ерліктерін  жұртшылыққа кеңінен таныстырған. 1858 жылы Батыс Қазақстандағы Есет басқарған қазақ шаруаларының көтерілісі патша әскерлерімен аяусыз талқандалғанда А.И.Герцен «Колокол» журналында жылы лебіз білдірген өте жақсы мақала жариялады. (1858, №28, 231-бет).

Еуропа жұртшылығына Есет Көтібаров басқарған қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісін таныстыру осымен тоқталған жоқ.

Қазақ халқына шын жаны ашитын Ресей демократтары мен ағылшын ғалымдары 1865 жылы Ш.Ш.Уәлихановтың үлкен кітабын Лондонда ағылшын тілінде басып шығарғанда, осынау қомақты кітаптың ішіне Есет Көтібарұлы басқарған қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісі туралы үлкен мақаланы кіргізіп жіберіпті.

Қазақ халқының ардақты ұлы Ш.Ш.Уәлихановтың көзінің тірі кезінде ағылшын тілінде Лондонда шыққан осынау үлкен кітаптың көлемі 560 беттен тұрады. Ішінде он шақты фото суреттер мен Ш.Ш.Уәлиханов жасаған карталары берілген. Суреттер негізінен: Орынбордағы Башқұрт керуен сарайы, қазақ қызы, Хиуа ханының баласы, қазақ ауылының көрінісі және Есет Көтібарұлы мен Назар Есетұлы Көтібаровтың портреттері және басқалар. Міне біз осы мақаламызда Есет пен Назардың суреттерін беріп отырмыз.  Алайда осы портреттерді салған суретшілер, әрине, бізге белгісіз. Оларды анықтаудың бізге сәті түскен жоқ. Әрине, Есеттің 1859 жылы түсірілген  фотосуреті бұрыннан белгілі. Оның үлкен баласы Назар орыс түрмесінде болды, сондықтан оның суретін сол түрмеде отырған кезде салған болуы мүмкін.

 

Жантуриндер, Ковалевский және орыс патшасының құрығы

Есет Көтібарұлы басқарған қазақтардың ұлт-азаттық көтерілісі кезінде  бір шайқаста 1855 жылы патша әскерін бастап барған сұлтан правитель Арыслан Жантурин  деген кісі болатын.  Ол Кіші жүздің Орталық бөлігінің сұлтан правителі болды. Шығыс бөлігінің сұлтан правителі Ахмет Жантурин болды. Халқымызға көп жақсылық жасаған ардагер азамат  1851 жылы қайтыс болды. Ал Арыслан Жантурин  1855 жылы Есет сарбаздарының  қолынан қаза болған. Аталған қазақ сұлтаны көп құжаттарда тек «А.Жантурин» болып жазылып жүр, ал  кейбір құжаттарда «Арслан Джантурин» болып беріліп  жүр.    (Көп зерттеушілер осы екі тарихи адамды  шатыстырады). Сол кезде Торғай  қазақтарының /ол кезде Орынбор   ведомствасына қарайтын/ сұлтан-правителі болған Ахмет Жантурин деген білімді офицер болған еді. Ол бұл қызметті сонау 40-жылдардың басынан 1851 жылы қаза болғанға дейін атқарған еді. Ол қаза болған соң,    оның орнына  сұлтан-правитель болып туысы Мұқан Жантурин істеген еді. Ш.Ш.Уәлихановтың әке-шешесі осы Ахмет Жантуриндер үйімен тығыз байланыста болған.

Мұқан Жантурин  1860 жылы Орынбор  делегациясын басқарып Петербургке      барғанда Шоқанмен  кездеседі.  Оның үстіне  олар бірін-бірі  бұрыннан  танитын себепті  Шоқанға ауылдан   сәлемдемелер әкелген еді. Осы  делегацияның ішінде штабс ротмистр аса білімді қазақ офицері белгілі А.Сейдалин де болған еді.

Біз тоқталып отырған Ахмет Жантурин мен Арыслан Джантурин екеуі екі адам…. алайда туысқан емес сияқты… Торғай қазақтарының сұлтан-правителі А.Жантуринмен көрші Құсмұрын округінің    аға сұлтаны Шыңғыс Уәлиханов үйінің көптеген достық қатынасы бар еді. Мысалы Шоқанның орыс тіліне аударып зерттеген Едіге жырының бір нұсқасын Шыңғыс Уәлиханов Ахмет Жантуринге жаздырып алған еді (1841). Кейін олар туыстасып, яғни құда болып Ахмет Жантуриннің қызын Шоқанға айттырып қойған болатын. Қазақтың  ұлы ғалымы, ержүрек саяхатшы Петербургтен келе сала 1861 жылы  А.Жантуриннің қызына үйленуге тиісті  еді, бірақ ол одан бас тартты. Оның  ақыры әке-шешесімен Шоқан арасындағы ұзақ жанжалға ұласты. Қыздан не себепті бас тартқаны туралы Шоқан Петербургтегі достарына жазған хаттарында әртүрлі сылтау айтыпты. Алайда оның үзілді-кесілді қыздан бас тартуының себебі әлгі қыз Шоқанның інілерінің біріне ғашық екен. Осы мәселені Шоқан 1862  жылы желтоқсанда А.Н.Майковқа жазған хатында сол қыз туралы: «Надо сказать, что предназначенная  мне невеста была влюблена в брата моего и писала к нему в это самое время часто нежные послания. Я, разумеется, отказался от женитьбы, особенно при таких обстоятельствах, и выразил мой взгяд на супружество…» деп жазған. Алайда А.Жантурин мен Башкен ханымның қызынан бас тартуына тағы бір себеп болды. Потанин мен Ш.Ибрагимовтың естелігіне қарағанда, өз ауылында Шоқан ғашық болған қыз ерекше жаратылған сұлу жан  екен.

Біздің бұл жерде айтпағымыз қазақ ғалымы Ш.Уәлиханов еңбектерінің ғана емес, Есет Көтібарұлы көтерілісіне өзінің жеке басындағы жәйттердің де қатысты болғаны.

Жалпы А.Жантурин өз заманының алдыңғы қатарлы адамы, білімді офицері. Ол да кезінде қазақтың әдет-ғұрпын, юридикалық заңдарын және қарапайым құқтарын көп зерттеген ғалым. Ол қазақ өмірін көп білгендігі соншалық, белгілі ғалымдар Бонч Осмоловский, Андре т.б. өз еңбектерінде А.Жантурин зерттеулерін кеңінен пайдаланған.

Енді Есет батыр туралы алғаш жазған Е.П.Ковалевский туралы бірер сөз айтатын болсақ, осынау Ресей ғылымында ерекше орын алатын, демократ жан шын мәнінде біздің халықтың жанашыры еді. Ол сонау Батыс Қазақстан жерінде алғаш болғанда (1839 ж.) Махамбет пен Есетке кездейсоқ көңіл аударған жоқ. Олар туралы жазып, бүкіл Еуропаға танытуы біздің халыққа деген жанашырлықтың арқасы еді. Егор Петрович кейінірек қазақтың және бір баласы Шоқан Уәлихановқа көп көмек көрсетті…

Ш.Уәлиханов үшін Омбыда   К.К.Гутковскийдің орны қандай болса, Петербургтегі Е.П.Ковалевскийдің    орны   дәл солай болатын. Шоқанға осынау әкелік қамқорлық жасаған кісілер поляк  халқының ұлдары болатын…

Е.П.Ковалевский генерал шенінде 1856-1861 жылдары Сыртқы  істер министрлігіне қарасты Азия Департаментінің директоры болып қызмет істеген заман Шоқанның ғылым шыңына түлеп ұшып, яғни  оның таланты  мен шығармашылығының гүлденген кезі болатын.

Шоқанды бүкіл Еуропаға танытқан әйгілі Қашғария сапарын ұйымдастырғандар Ковалевский мен Гутковский (екеуі де поляк халқының перзенті еді) болатын.

Оның пікірлес достарын байыптап қарасақ, «Современник» журналы /Чернышевский, Добролюбов, Михайлов/, «Колокол» журналы /Герцен және Лондондағы басқа қайраткерлер/, Ш.Уәлиханов, К.К.Гутковский, С.Ф. Дуров және басқа петрашевшілдер екен. Осының әсерінен ол 1861 жылы Азия Департаменті  директоры қызметінен және Орыс Географиялық қоғамындағы қызметінен қуылды. Ал Гутковский Омбыдағы қызметінен қуылды. 1861 жылы Добролюбов қайтыс болды, 1862 жылы Чернышевский, Михайлов т.б. Сібірге айдалды. 1865 жылы Ш.Уәлиханов қайтыс болды. Тек патша құрығынан аман қалғандар Лондонда жүрген Герцен тобы ғана еді. Сондықтан олар Ш.Уәлиханов сынды ғалымдардың еңбектерін жарыққа шығарып, ал Есет сынды патша режіміне қарсы күрескен елдің ардақты ұлдары туралы мақалаларды да баспасөз бетінде тартынбастан жариялап жатты.

 

Би  Есет  Көтібарұлы және қазақ хандығы

Қазақ ауыз әдебиетінен, тарихынан, аңыз-әңгімелерінен қомақты орын алатын, сондай-ақ Петербургтің зиялы қауымын  өзіне еріксіз назар аудартқан, яғни Ресей мен  Батыс Еуропа баспасөзінен үлкен орын алған Есет Көтібарұлы тек батыр әлде қолбасшы ғана емес, сондай-ақ  ол  қазақ еліндегі аса құрметті атақ «би» дейтін болсақ, сол атақтың да иесі болғанын білеміз. Ол көптеген тарихи мәліметтерде «Би Есет Көтібарұлы» деп аса құрметпен аталады. Есет бидің өзіне тоқталмас бұрын жалпы қазақ қоғамындағы билер институтына жалпы шолу жасайық:

Қазақ елі адамзат тарихында сирек болатын халық… Осынша ұлан-ғайыр территорияда, яғни Томскден Еділге дейінгі жалпақ далада өмір сүрген халықтың тілі мен әдет-ғұрпының бірдей болуы және осы уақытқа дейін тілінде басқа туысқан халықтар сияқты диалектінің болмауы әрқашан зерттеуші ғалымдарды таң қалдырып келеді. Алақандай территорияда тұрса да, кейбір халықтардың тілі мен әдет-ғұрпы 3-4 бөліктерге бөлінеді… Оның үстіне қазақ елінің әдет-ғұрпы мен тұрмыс салтында басқа туысқан халықтардың ешқайсысында болмайтын салт пен әдет-ғұрыптар жеткілікті. Мысалы өз руынан қыз алмау, жылқы етін жеп, сүтін ішу, киіз үйді асқан шеберлікпен жасап пайдалану, құмалақ ашу өнері, мал сүйектерінің кейбіреуін қасиет тұту болса, кейбіреуін жоруға пайдалану т.б. Осындай әдет-ғұрыптың асыл үлгілерімен шын мәнінде қазақтар басқа халықтардан алыстап, ерекшеленіп оқшаулана  береді.

Әрине, қазақ елінің осынша ерекшеліктері мен артықшылықтары күні кеше 3 ғасыр өмір сүрген Қазақ мемлекетінің арқасында қалыптасқан болатын. Мемлекетті хан билегені рас, ал сол ханды сайлап бекітетін халық билері еді. Қандай хан болса да ел ішіндегі атақты билер мен рубасыларына тәуелді болатын. Ол тек билік жағынан ғана емес, экономикалық және отан қорғау, яғни әскери жағынан да тәуелді болатын. Себебі ханның өз әскері болған жоқ, әскерді беретін – халық, халық болса билер мен рубасыларға бағынады. Сондықтан қандай хан болса да билер алдында құрақ ұшып қызмет көрсеткен, яғни сәлемі түзу болған… Қысқаша айтқанда, қазақ қоғамын, қазақ елін және мемлекетін Билер институты биледі. Ешқандай хан қазақ елінде билер сотынсыз өлім жазасын іске асыра алмаған./1.Ш.Уәлиханов/. Демек, хан ақсұңқар болса, алтын тұғыры халық арасынан шыққан билер еді. /2.А.Леонтьев/

Жалпы қазақ елі, яғни Қазақ мемлекеті осы территорияда болған бұрынғы іргелі мемлекеттерді мұрагерінің бірі болса, ел билеу мәселесі және Билер институты өз бастауын Түрік қағанаттарынан да арыда Хун империясы дәуірінен алатын еді. Демек біз енді осынау күрделі процестердің қайнар бұлағы болған хундар мен қазақ елі арасындағы жан-жақты байланыстарға тоқталайық.

Хундар және олардың мәдениеті осыдан екі мың жыл бұрын өмір сүрсе де, осы күндегі қазақ елі арасында тығыз   байланыстар бар. Хундардың тілі қазіргі замандағы барлық түркі халықтарының түбі және төркіні екеніне ешкімнің дауы жоқ… Ал әдет-ғұрпы мен тұрмыс салты, яғни хундардан қалған  этнографиялық элементтерді түгелдей қазақ халқының сақтап отырғаны адамзат тарихындағы ерекше құбылыс.

Ресей отаршылары қазақ еліндегі билерді құртпай, қазақ елін түгелдей билеп-төстеуге болмайтынын жақсы түсінді. Сондықтан олар округтарға қарайтын волостное управлениелерде «би» деген қызмет, (яғни должность) шығарып іске қосты. Оған қазақтың нағыз билері алынбай, патша өкіметіне ұнайтын итаршы адамдарды қойды…

Осылай бұрынғы би деген құрметті атақ «болыс, билер» деп, болыс пен яғни патша әкімшілігінің ел ішіндегі нақ сүйері болған адамдармен қатар «болыс, би» деп аталатын болды. Ал бұрынғы халық таланттары және олардың ел ішіндегі ізбасарлары,     яғни нағыз билер өкімет тепкісімен шын мәнінде шет қақпай болды. Би деген ғасырлардан келе   жатқан құрметті атақ сол кезде кері мағынада айтыла бастады. Би    қызметіндегі патша өкіметінің итаршыларын халық жан-жақты сынағаны соншалық, тіпті ел арасында оларды сынап-мінеген жаңа мақал-мәтелдер пайда болды.

Мына бір мақалдар  мен қанатты сөздерге зер салайық:

1. «Жеті атасы би болған – жеті жұрттың қамын жер, кенеттен би болған құлақ-миын шағып жер».

2. «Мал бақпаған мал бақса, жайламаған тай қоймас,   Би болмаған би болса, билемеген ел қоймас»…

3. «Соқырдан қарауыл қойсаң, еліңді жауға алдырар, Білмес наданды би қойсаң, жұртыңды дауға алдырар»…

4. Жаңа биден билік сұрама, жаңа байығаннан қарыз сұрама…» /М.Ысқақов, «Қазақ мақалдары», Қазан, 1914./.

Сонымен ХІХ  ғасырдың екінші жартысында  қазақ билерінің  екі түрі  болды. Біріншісі – ертеден келе жатқан дәстүрді жалғастырушы,  яғни халық таңдаулылары.     Екіншісі – патша өкіметінің нақсүйері, халыққа жекөрінішті болса да пышағы май үстінде жүрген қызметкер би, өкіметтен – жалақы, ал халықтан пара алушы.  Алайда, халық өздерінің атақты билерін және сол дәстүрді жалғастырушыларды әлі күнге дейін  жоғары дәрежеде құрметтейді. Әрине, қазақ тарихындағы барлық бидің аты осы күнгі ұрпақтарына жете қойған жоқ. Кейбір аты-жөні сақталған /Қазыбек, Төле  Әйтеке сияқты/ билерді халық ерекше құрметтейді… Сондықтан олар туралы аңыз-әңгімелер хронологиялық және географиялық  жағынан бір-біріне қайшы келіп жатады.

Жалпы ата-бабамыз тарихындағы билер және би институты туралы проблемалар әлі көптеген терең зерттеулерді қажет етеді.

Осынау  қысқаша түсініктемемізден соң біз енді негізгі тақырыбымыз Есет биге оралайық.

 

Әрі қолбасшы, әрі батыр, сегіз қырлы, бір сырлы ұл

Жасынан, яғни  15 жасынан батырлығымен әлде ерлігімен көзге түскен Есет, өзінің сөзуарлығымен және шешендігімен де жұрт алғысына ие болып, Есет би атанған еді. Ел аузында ол туралы көптеген аңыз-әңгімелер сақталған.

Ал тарихи деректерді ақтарсақ, Есет туралы оның жаулары да, жанашыр достары да бірауыздан оның қарапайым би емес, аса беделді, аса құрметті би болғаны туралы айтылады.

«Би» деген осынау құрметті атаққа ол, әрине, өзінің халық алдындағы қыруар еңбегімен, жастайынан батыр әкенің жанына еріп жүріп, елдің дау-жанжалын көп көріп және табиғи таланты мен дарынының арқасында жеткен еді. Сондықтан  ол барлық тарихи және архивтік құжаттарда  «влиятельнейший бий»,  яғни аса беделді би болғаны айтылады.

Мысалы қазақ қоғамындағы би институтын, яғни қазақ топырағындағы би орнын өте жақсы білетін өзімізден шыққан офицер, ғалым, өз заманының алдыңғы қатарлы азаматы, сұлтан  Ахмет Сейдалин 1863 жылы Есет би туралы қысқаша былай деп баяндама жазыпты.

«…Бий Исет Кутебаров – влиятельнейший бий в целом чиклинском роде, в последние годы преследовался за мятеж, произведенный между казахами, но в 1858 г. по высочайшей благости прощен. Он получал награды:

А) 1857  г. от генерал-адьютанта Катенина – бархатный кафтан с позументом

Б) в 1859  г. от него же – 300 руб.сер.

В) в 1860 г. от него же – серебрянный поднос и золотые часы.

Кроме того, при представлении  в 1859 г. в числе прочих ордынцев к   высочайшему  двору,  Кутебаров избавлен лично от взноса кибиточной подати.

В настоящее время Кутебаров управляет кабаковым отделением чиклинского рода…» – деп жазылған баяндама хаттағы материалдарды А.Сейдалин генерал-губернатордың кеңесіндегі жазылған жерінен алған. Шын мәнінде осында айтылғандай Есет  Көтібарұлы сонша сыйлық алғаны рас па? Әрине, жоқ! Ол замандағы ұлықтар өздерінің     қалтасына салу үшін, қазынадан алған талай күміс ақшаларды, алтын сағаттарды қазақ арасындағы белгілі бір адамға берілді деп құжаттер толтырып отырған. Шын мәнінде осынша сыйлықтың ешқайсысы көрсетілген қазаққа тимейтін еді.

Шекті руындағы және бір-екі белгілі билерді А.Сейдалин жазған баяндамалар арқылы қарайық.

Хорунжий би Нияз Отаралиев Шекті руының қабақ  бөліміне бастық болып 1854 жылы бекітіліпті. 1861 жылы халықтан біраз шағым түскен себепті бұл қызметтен босатылып, орнына би Есет Көтібарұлы тағайындалған. Оның патша әкімшілігінен алған сыйлықтары тізім бойынша мынандай, ал шындығында нендей сыйлық алғаны белгісіз:

— 1853 жылы 5 сәуірде – сукно кафтан және қымыз құюға арналған күміс шөміш;

— 1855 жылы 16 сәуірде өкіметке адал қызметі үшін, өкіметтің ауыр заттарын тасу үшін түйе жинауға белсенділік көрсеткені үшін – зауряд хорунжий шені берілген;

— 1857 жылы генерал-губернатор Катенин қолынан қызыл түсті сукно кафтан (позументімен) алған;

— 1858 жылы темекі салатын күміс сауыт (рожок) сыйлыққа берілген.

— 1860 жылы полковник Баймұхамедов (Кіші жүздің Орталық бөлігінің бастығы, Махамбет пен Есеттің белгілі жауы сұлтан Баймағамбеттің баласы) оны  алтын медальға ұсынады.

Осынау үлкен марапатқа ұсыну үшін мынандай себептерді сылтау етеді. Біраз қазақтардың көліктері, көптеген түйелері мен аттары ұрланған болатын. Олар өкіметке шағым жасағанда, солардың тілін тауып, ырза қылғаны үшін Нияз Отаралиевке ұлықтар ырза болады.  Сондай-ақ жағалбайлы, табын, тама, төртқара руларының 1856 жылы көп малдарын көтерілісшілер алған болатын. Мал иелерін ырза қылып, сабасына түсіру үшін тағы да сол сияқты шекті руындағы қызметтері үшін  Баймұхамедов Отаралиевті мақтап алтын медальға ұсынған еді. Алайда сол кездегі облыстық басқарманың бастығы Григорьев оған алтын медальді бергізбейді, себебі белгісіз.

Ш.Уәлихановтың досы, белгілі     шығыстанушы Григорьевке Отаралиевтің қызметі  көп ұнамайтыны бұрыннан белгілі жағдай.

Енді  Шекті еліндегі және бір белгілі би Әзберген Мұңайтпасов туралы А.Сейделин жазбаларын қарайық:

Шекті руының, Қабақ бөлімінен шыққан би Әзберген Мұңайтпасов. Өмір бойы қазақтардың көтерілісшілер жағында болып, соңғы жылдары, яғни 1855-57 жылдардан Есет Көтібарұлы басқарған қозғалыстың белсенді мүшесі болғандықтан, патша өкіметінен қуғын көріп, Хиуа территориясына қашады. Алайда 1858 жылы Есет және басқалармен бірге патшадан кешірім алған себепті, Арал маңын зерттеген Бутаков экспедициясына қызмет етіп жәрдем жасаған. Сөйтіп еліне қайтып оралған, өзімен бірге Хиуаға қашып кеткен бірнеше жүз қазақтардың ауылын Жайық бойына қайтарып алып келуге көп еңбек сіңірген. Оның патша әкімшілігінен алған сыйлықтары құжат бойынша мынандай:

— 1859 жылы сукно кафтан (галунды) және 300 сом күміс ақша;

— 1860 жылы зиялы қазақтармен патша сарайына барған себепті 150 сом күміс ақша берілген және түтін салығынан босатылған.;

— 1861 жылы генерал-губернатордан күміс табақ сыйлыққа  берілген;

— 1862 жылдың 20 шілдесінде генерал-губернатордан тапанша (револвер) сыйлыққа алған.

Осынау белгілі би патша өкіметінен көрсетілген сыйлықтарды алған деп жазылса да, шын мәнінде не алғаны белгісіз…

Әрине, сол заманда шекті елінде Есеттен беделді би болған жоқ. Әрбір  азамат атадан үш түрлі болып туылады. 1. Атасына ұқсап – жете туады. 2. Атаға ұқсамай – кете туады.. 3. Атадан да өтіп, халқымыздың дарыны мен талантын өз бойына жинап – өте туады. Міне Есет батыр, қолбасшы, би, атасынан да өтіп – өте туылған халқымыздың ардақты ұлы еді.

Өз әкесі Көтібар ел ішінде тек батыр ғана болып еді. Ал, оның бәйбішесі, Адай елінің қызы Айсарадан туған ұлы – Есет, әкесі секілді батыр болып қана қойған жоқ, қалың әскерді басқарған үлкен қолбасшы болды. Бұл екеуі ел ішінде аз дәреже емес, алайда ол халық алдындағы аса үлкен дәреже, жұртты аузына қаратқан би, яғни аса құрметті атаққа да ие болды. Тек шекті елі ғана емес, көршілес табын, тама, жағалбайлы руларының алдында да аса құрметті болды. Сондықтан патша өкіметі – батыр, қолбасы, би Есет Көтібарұлын       мойындауға, сыйлауға мәжбүр болды.

Жалпы Есеттің батырлығы, қолбасшылығы, қиын дау-жанжал кезіндегі көреген би болғандығы туралы өлең-жырлар, аңыз-әңгімелер өте көп. Оның балалық шағы «Айман-Шолпан» жырында әдемі бейнеленген.

Батырлық пен ерлікке толы махаббат пен сүйіспеншіліктің шыңы болған Қыз-Жібек елі Шектіні өз аузына қаратып, ізіне ерткен батыр, қолбасшы, би Есет Көтібарұлы осындай халықтың сегіз қырлы, бір сырлы ұлы еді.

САМАТ ӨТЕНИЯЗОВ, т.ғ.к. Мадрид және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры