ХҚКО-дағы «Тілектер шыршасы» акциясы аясында тағы бір топ бала сыйлықтарға ие болды
Аяз атаның көмекшілері бүгін тағы да Астана қаласындағы Республика даңғылында орналасқан халыққа қызмет көрсету орталығына барып, жағдайы төмен отбасылардың балаларына сыйлықтар таратты.
Бұл жолы 11 баланың арманы орындалды. Өзінің құрбыларының роликтеріне қызығып жүрген Аружанда енді тамаша қызғылт ролик бар, ал оның сіңілісі Әйгерім Барби қуыршағына арналған үлкен үйге қол жеткізді. Ханшайым болуды армандайтын Айару керемет көйлекті көргенде, қуана қол шапалақтап, ал оған қоса Lego ойыншығын алғанда, тіпті қуанды. 4 жасар Мұхаммед енді жаяу жүрмейді, оның өз көлігі – шанасы бар.
Бүгін балаларға Аяз атаның сыйлықтарын «Азаматтарға арналған үкіметтің» төраға орынбасары Әсемгүл Балташева мен басқарушы директор Шоқан Әбділманов жеткізді. Сиқыршыларға риза болған бүлдіршіндер, алғыстарын жаудырды. Арнайы шақыртылған ертегі кейіпкерлері балалардың мерекелік көңіл-күйін шарықтата түсті.
Естеріңізге сала кетсек, балалардың тілек хаттары ілінген шырша Алматы қаласы Марков көшесі, 44 мекен-жайындағы Медеу аудандық №1 ХҚКО бөлімінде және Астана қаласы Республика даңғылы, 43 мекен-жайындағы №8 ХҚКО бөлімінде орналастырылған.
«Тілектер шыршасы» акциясы 27 желтоқсанға дейін жалғасады. Осы уақытқа дейін кез-келген азамат аталған ХҚКО-ның біріне келіп, балалардың ізгі арманын орындай алады.