ХҚО мамандары ұлттық киім киіп, наурыз көже таратты

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының халыққа қызмет көрсету орталықтарының мамандары жұмысқа ұлттық киімдермен келіп, азаматтарды мерекелік көңіл-күймен қарсы алды.

«Бүгін біздің фронт-офистерімізгекелген азаматтармемлекеттік қызметтерді алып қана қоймай, Наурыз көже мен түрлі ұлттық тағамдардан дәм татты. Наурыз — күн мен түн теңеліп, жарық пен жақсылық күшін асырған, ырыс пен береке тасыған ұлық мереке. Жаңару мен жасампаздық жаршысына айналған әз Наурыз баршаңызды береке-бақытқа бөлеп, ойға алған арман-мұраттарыңызға жеткізе берсін»,- деді мемлекеттік корпорацияның басқарма төрағасы Абылайхан Оспанов.

«Азаматтарға арналған үкіметтің» ұжымы көрсеткен құрметке риза болған қазақстандықтар да өздерінің игі тілектерін жолдауда.«Бүгін дайын болған құжаттарымды алып кетуге келсем, ХҚО-да мені құшақ жая, мерекелік тілектермен қарсы алды. Үлкен ықыласпен қызмет көрсетіп, сосын түрлі тағамдарға толы дастарқанға шақырды», — дейдіҚостанай облысының тұрғыны Қорлан Қараулова. Ал Ақтөбе қаласының тумасы Нұрсұлтан Ағиса үшін ХҚО-дағы мерекелік іс-шаралар — биылғы мейрамның жаршысындай болыпты. «Расын айтқанда, қарбаласпен жүріп, мерекеге өз деңгейінде мән бермейміз ғой, бірақ мына жастардың ұлық мейрамға, соның ішінде дәстүрімізге деген ықыласы менің көңілімді толқытып, жанымды жадыратты», — дейді ол.

 

«Азаматтарға арналған үкімет»

мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ

Баспасөз қызметі