Хош иісті өлік (Әңгіме)

Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі Ертай Айғалиұлының өмірбаяны қызық. Ол Өзбекстан республикасында дүниеге келсе, алтыншы сыныпқа дейін Оңтүстік Қазақстанда оқиды. Содан кейін орта мектепті Қызылорда облысында бітіріп, аудандық газетте екі жылдай еңбек жолын бастайды. ҚазМҰУ-дың журналистика факультетін бітірген соң «Лениншіл жаста» (қазіргі «Жас Алаш» газеті), «Қазақ әдебиетінде», содан кейін «Ана тілі» газетінде қызмет істеді. 2005 жылдан бері халықаралық «Қазақстан-Zaman» газетінде бас редактор.

    Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ертай Айғалиұлы балаларға арналған халықаралық, республикалық байқаулардың бірнеше мәрте жеңімпазы атанған. Оның бірнеше кітабы жарық көрген. «Қара жапырақтар», «Сарайшық ханшасы және Иван Грозный», «Мен Саған ғашықпын!» романдары, «Мен сені сағындым, әпке!», «Ақбарыс, американ және Аспантау үңгіріндегі қазына», «Қара бала, адам-қасқырлар және мұз сарай», «Алтын сандықтың құпиясы», «Шиебөрілері жылаған Сахарадағы жекпе-жек» хикаяттары және көптеген әңгімелері қалың оқырманның ыстық ықыласына бөленген. Сондай-ақ 2013 жылы қажылық сапарына барып қайтты. Жазушы Ертай Айғалиұлы ҚР Мәдениет қайраткері, «Ақпарат үздігі» төс белгісінің иегері.

Сіздерге ұсынылып отырған Ертай Айғалиұлының «Хош иісті өлік» атты әңгімесі өте қызық әрі тәрбиелік мәні зор. Қазіргі таңда адамдардың тасжүрек, зұлым болып бара жатқаны бәрімізге аян. Әңгіме кейіпкері Қанат тура жолдан тайып, теріс жолға түсіп кете жаздайды. Сіздер оның ібілістің азғыруына мойынсынбай, қалай құтылғаны туралы оқи аласыздар. Әңгіме көпшілік қауымға арналған.

                                                                              

 

                                  Хош иісті өлік

                                                (Әңгіме)

 

    Самат пен Гүлжамалдың қуанышында шек жоқ. Он бес жасар ұлы Қанатжаны қасиетті Құран-кәримде түгел жаттап қари атанды. Әрине, бұл жетістік тек қана Алланың қалауымен болатыны анық. Жаратушы ием өзінің сүйікті құлдарына ғана Құран-кәримнің қасиетті есігін ашады. Әйтпесе кез келген мұсылман мұндай зор құрметке ие бола бермей ме?

− Аллаға шүкір! – деді Самат шын жүрегімен тебіреніп. – Кішкентай қара балама құдай берді. Енді сен үлкен имам боласың, балам! Менің арманым орындалды. Айналайын, жәмән баласынан!

Баласының күн исі аңқыған кекілінен емірене иіскеп, арқасынан қағып-қағып қойды. Қанатжан әлденеге тұнжыраңқы отыр.

− Құлыным-ау, сен неге көңілсіз отырсың? Шынында да «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» демекші жүз мыңдаған адамның ішінде біреуіне ғана осындай бақыт бұйырады. Әкең желпінгенде сен де көңілді отыруың тиіс қой, − деді анасы Гүлжамал да баласына емірене қарап. Содан соң:

− Шайыңды іш. Қазы-қартаны опырып же. Қарашы, боп-боз болып кетіпсің. Кампөтердің алдынан күні-түні шықпайсың. Сабақта қарның ашып қалмасын, көкем. – деп қазы-қарта салынған тарелканы ол баласының алдына қарай ысырып қойды. Әкесі мен анасы екі жақтан қаумалап, жүректерін жарып шыққан ып-ыстық сөздерін, пейілдерін қаншама төксе де Қанатжан тұнжыраңқы, көңілсіз қалпынан танбады. Қаншама қазбаласа да он алтыға енді аяқ басқан ұлдарының ішкі жан сырын аша алмаған ата-ана әрине, уайымдап қалысты. Оның сыры келесі күндері біртіндеп ашылып, олар да сарыуайым тұманына біржола сүңги берді.

Қанатжан да алғаш еліктірген көршінің баласы Сағатбек болатын. Ол Қанатжаннан екі жас үлкен еді. Кейде сол досы басына әдемі тақия киіп әкесі екеуі әлдебір жаққа кетіп бара жатады. Алғашқыда оған Қанатжан мән бермеген. Әншейінде жалаңбас бірге ойнайтын досы жұма күні неге тақия киетініне кейін көңіл аудара бастады.

− Әкем екеуміз ылғи жұма намазға барамыз. Қасиетті мешітке таза, әдемі киіммен және тақия кию керек. Үстіңе мұсылман әтірін сеуіп, сол күні ғұсыл дәретін аласың. Мешітке барған кезде рахаттанғаның соншама қанат байлап ұшқандай өзіңді өзің жеп-жеңіл сезінесің. Әрине, қасиетті дұға-сүрелерді жаттап, намазға құласаң тіптен жақсы, − деді Сағатбек баппен сөйлеп. Мұның жан дүниесіне досының сол бір әңгімесі қатты әсер етті.

− Ал жұма барғанда намаз оқуды үйреніп барған дұрыс па? – деп бұл ойындағы көмескі дүниенің есігін аша түскісі келіп.

− Алғашқыда барып жанындағы намазханның қимылдарын қайталауға болады. Бірақ намаз оқудың жөнін үйреніп алғаның дұрыс.

− Оны мен қайдан үйренемін?

− Мен саған намаз оқуды үйрететін кітапша сыйлаймын. Соны ыждаһатпен оқы, дұғаларды жатта, намаз оқуды үйрен! Ал мен медреседе оқып кәдімгідей білім алып шықтым. Әкең рұқсат етсе сол медресеге барсаң нағыз имани білімді сол жерден аласың…

Қызық! Қанатжан медресеге барардан бір күн бұрын ғажайып түс көрді. Түн екен дейді. Табақтай ай жан-жақтың бәрін нұрымен күндізгідей жап-жарық етіп тұр. Алқара аспанда жұлдыздар тамып кететіндей дір-дір етіседі. Кенет әлгі табақтай ай жымиған күйі аспаннан төмен қарай жайлап түсіп келе жатқанын ол көріп қалды. Бір жағынан таң қалып, бір жағынан кеудесін үрей билегендей. Ай жақындаған сайын үлкейе береді. Тура жанына келді.

− Әй, балақай! Менің үстімде текшелене жиналған қасиетті құран кітаптарының біреуін алып, кеудеңе бас! Ол саған нұр береді. Кәне, тез, менің уақытым аз, жұмысым көп. Мені бүкіл әлем күтеді, − деп Ай сұлу сөйлеп кетсін. Айдың үстіне секіріп мінді. Шынында да жан-жағына нұр шашқан кө-өп құран кітаптары жалт-жұлт еткен алтын тұғырларда жинаулы тұр екен. Айдың үсті ұлпадай жұп-жұмсақ. Аяғының ұшы тисе болды серіппе сияқты биікке көтеріп, қайта ай бетіне түсіреді. Денесі жеп-жеңіл. Бір-екі аттаған соң-ақ қасиетті құрандардың жанына тез жетті. Қолын соза беріп еді, алақандарына әдемі, кішкентай құран түсе қалды. «Рахаттанғаның соншама қанат байлап ұшқандай өзіңді-өзің жеп-жеңіл сезінесің» деген Сағатбек досының әңгімесі есіне түсе қалды. Нұр шашқан құранды кеудесіне басқанда алпыс екі тамыры иіп, бүкіл денесі қорғасындай балқып бара жатты.

Бұл түсі жайлы әке-шешесіне айтып бергенде олар балаша қуанды. Әкесі оны құшағына ала, басынан сипап бұлай деп әңгіме тиегін ағытты.

− Айналайын, ақ ботам, енді сен Алланың қасиетті жолына түсесің. Оған кім көрінген түсе бермейді. Бұл саған деген Раббымыздың зор сыйлығы. Құтты болсын! Тек балам, абай бол! Қазір неше түрлі ағымдар бар. Олар балаларды, жастарды азғырып өз жолдарына түсіріп алады. Мәселен «мұсылман мемлекетін құрамыз» деп алдап-сулап өз қатарларына тартып, бейбіт адамдарды, аналарды, балаларды қырғызатын маньяктарға айналдырып жатыр. Терроризмді жасап жатқан да солар. Ал біздің дәстүрлі дініміз ондай зұлымдықты қаламайды. Ата-бабаларымыз осыдан мың жыл бұрын Ислам дінін қабылдап, Алланың жолына түскен. Ертең медреседе оқығанда балам, осыған ден қойғайсың. Анаң екеуміз Кеңес өкіметінің атеистік тәрбиесін көрдік. Сенімен бірге біз де намаз оқуға дайындалсақ па деп отырмыз. Жолың болсын, Аллам сені қолдасын! – Әкесі мен шешесінің батасын алған Қанатжан сабақтан соң медресеге баратын болды. Көп ұзамай ұстаздарының батасын алып намазға құлады. Әкесі де баласын ұстаз тұтты. Тура Сағатбек досындай тақия киіп, әтір сеуіп, айналасына хош иіс аңқытып әкесі екеуі жұма күні мешітке бара жататын. Бала өте бақытты еді. Бірақ оның бақытты шағын көзге көрінбейтін зұлым күштер көре алмады. Қалай болғанда да оны осы ақ жолынан тайдырып, өз дегендеріне жүргізіп, бақытын тартып алғысы келді.

 

***

 

Иә, Қанатжан даңқ тұғырының биік шыңына көтерілді. Қари болған оған тек балалар ғана емес, үлкен де атақты адамдардың өздері құрметпен қарайтын болды. Біздің кейіпкеріміздің басын бұл даңқ буы айналдырды ма сонда? Аллаға деген махаббатына селкеу түсірген кім? Қанатжан да көп баланың бірі. Ойнайды, секіреді, қуанады, мұңаяды, балалығы жеңіп кететін жеңілтек шақтары да болады. Ал бозбалалық жасқа жеткенде табиғат заңынан ол да аттап кете алмады. Өзінің сыныптасы Құралайды жақсы көріп қалды. Қанатжан балалардың арасында тек діни жағынан ғана ерекшеленбейтін. Жақсы спортшы болатын. Таэквандомен айналысып, жарыстарға қатысып жұлдызы жанды. Домбырамен де ән айтатын. Өзі де сұңғақ бойлы болып өсті. Аққұба келбетті, қыр мұрынды, мұрты енді тебіндеп өсіп келе жатқан көркем бозбаланың жанынан қыздар үйірсектеп шықпайтын.

Құралай да сыныптағы бозбалалардың көз сұғын қадауға тұратындай сұлу қыз болып бойжетіп келе жатты. Қыздың аққайындай сылаңдаған сұлулығы, мінсіз аққу мойыны, жалтылдаған қара шашы, тұп-тұнық қара көздері, жұқа ерін, мәрмәр тістері, келте мұрыны… бәрі-бәрі үйлесім тауып бір қарағанда-ақ жан дүниеңді бір қопарып тастайтын. Қанатжанның жүрегі де сол сұлуды таңдап, махаббат торына түскенін аңдамай қалды. Көз алдыңызға өрмекшінің торына түсіп жанталаса бұлқынған қарапайым ғана шыбынды елестетіңіз. Байғұс бозбаланың жағдайы да сол шыбынның тағдырына ұқсас еді. Бірақ керісінше шыбын тордан бостандыққа шыққысы келсе, ал Қанатжан бостандыққа шығуды қалаған жоқ. Оның жүрегінде бүр жарған махаббат гүлі Құралай күн-қызға бейне сиқырланып қалғандай үнемі көз алмай қарағысы келіп тұратын. Ұялшақ бозбаланың өзіне деген ғашықтық сезімін сұңғыла Құралай бірден білді. Әрине, сыныптағы қыздардың бәрі жақсы көретін Қанатжанды бұл да ұнатты. Жеңілтектеу мінезі бар еркетотай қыз бозбаланың өзіне деген ғашықтық сезімін қасақана сезбегенсіді. Фейсбуктегі сөздерін жауапсыз қалдырды. Қыздың бұлай бұлдануы, жанына жолатпауы Қанатжанды тығырыққа тіреп, түн бойына ұйқысын қашырып, дөңбекшітті.

Ақыры ол да өзінше қызды қаратудың амалын қарастырды. Қанатжан қыздың әдісіне салып қарамағансып, Құралайдың досымен қарым-қатынас жасай бастады. Бұл әрине, қызғаншақ, өзімшіл Құралайға ұнаған жоқ. Дереу ол ұятты ысырып қойып Қанатжанның фейсбугына хат жазды. «Кездесейік!» деді бір-ақ ауыз сөз жазып. Әрине, уақытын, кездесетін жерін де жазуды ұмытқан жоқ. Сол күнгі Қанатжанның қуанышында шек болсашы! Қыздың әлгі жақсы сөзін қайта-қайта оқи берді. Дайындалды. Үстіне ең әдемі киімдерін киді. Әсіресе оны қызға қандай жағымды да әсерлі, сезімтал сөздерді айту керегі толғандырды. Кездесетін уақыт жақындаған сайын бозбаламыздың дегбірі қашты. Жүрегі лүп-лүп соғып, жанын қоярға жер таппады. Ал кездесу уақыты жақындаған кезде сағаттың тілі де жылжымай оның тағатын тауысты.

«Аққу»  кафесін қыз босқа таңдамаған сықылды. Айналасы ақ қайың, шырша, қарағайлар. Кафе алдында оймақтай ғана көл бар. Сол көлде ылғи қос аққу жүзіп жүреді. Ғашықтарды осы жер магниттей тартатын. Бұл жерге келгенде олар сыбырлай сөйлесіп, бұлықсыған асау сезімдерін шідерлеп ерекше көп көңіл күйге бөленеді. Мамыр айы. Ауа райы бүгін тамылжып тұр. Мұнда адамдар екен. Дені екеу-екеу болып қолтықтасқан жастар. Бозбаламыз бүгін әппақ костюм-шалбар киген. Ақ жейдесінің кеудесі сәл ашық. Көзінде қара әшкей. Енді-енді тебіндеп келе жатқан мұрты аққұба келбетімен астасып Қанатжанның көркін ажарландыра түскен. Қыздың айтқан уақытына әлі біршама минуттар бар. Оны тағы бір толғандырғаны жайт көлдің айналасына қойылған үстелдерге тапсырыс берсе қайтеді деген ой. Қыз оны ұнатпаса ше? Қанатжан тәуекелге бел буды да, қағаберістегі бос үстелді меншіктеп қойды.

Енді міне, сенделіп күтіп жүр. Көлді айнала аяңдады. Ағаш-ағаштың арасымен сенделді. Қос аққуға қарап ұзақ тұрды. Дәл-дәл сол сәтте ғой бір нәзік жан сүйріктей саусақтарымен мұның көздерін басты. Кім екенін бірден білді. Бірақ танымағансыды…

− Әй, жігітім! Жібер, әйтпесе… – деді ызбарлана үн қатып. Көзін жабушының денесі дір ете түсті.

− Оның не? Мен ғой. – Құралай қарақат көзі үрейге тола бұған үңіле қарады.

− Сен де ойнадың, Құралай,

Мен де ойнадым, Құралай.

Кешірші, құрбым, кешірші,

Кетпеші маған қарамай.

Қанатжанның ойнақы айтқан әзіл өлеңі арадағы толқынысты лезде сейілтті де, екеуі күліп жіберді.

− Саған рақмет, Құралай. Біздің қаламызда бұдан да күшті, сұлу жерлер бар. Бірақ мына бір кішкентай махаббат әлемін таңдағаның маған қатты ұнады. Сен өзің де әсем, сұлу аққуға ұқсап тұрсың, − деді үстелге жайғасқан соң Қанатжан бірден алғысын жаудырып.

− Ал мен қатты қорықтым, саған ұнамай қала ма деп. Көп ойланып осы жерді таңдадым. Мен бұл жерге жиі келемін. Жаңа сен сияқты аққуларға қарап ұза-ақ тұрамын. Менің де махаббатым сол аққулардың махаббатындай болса деп армандаймын… Адам өз сыңарын таппаса бақытты болмайды деп айтады ғой. Мен сол сыңарымды тауып бақытты болғым келеді. Ал сен сол бақытымды ұрлап жоқ қылғың келеді. Мен саған қатты өкпеледім, − деп Құралай өкпегеленсіп ернін жымқыра бір қырын отырды.

− Құралай, мен қашан сені өкпелеттім? – Қанатжан қызға қарай еңкейе ұмсынып қолдарын жайды. Құралай сәл үнсіз отырды да, жалт ете қарап:

− Сен менің досыммен неге жүресің? – деді салқын сөйлеп. Қанатжан күлді.

− Өзің ғой, менің сауалдарыма жауап бермеген. Содан соң үмітімді үзіп, ең болмаса мен сүйген қыздың досымен жүрейін деп шештім.

− О-о, қарай гөр, қуын! Сен не дедің? Мен сүйген қыз дедің бе? – Құралайдың көздері жалт-жұлт ете айқайлап жіберді.

− Иә, иә, ол сен, сенсің!

Осы жып-жылы сөз арадағы шымылдықты ашты. Құралай раушан гүліндей нұр шашты. Қанатжан көзі ашылған бұлақтай ақтарылды. Бұла сезімнің шуағына малынған екеу шексіз бақытты еді сол шақ. Айтылмаған әңгіме, шертілмеген сыр қалмады. Олар қалай кеш болып қалғанын білмей қалды. Аққулар ұйықтаған іңір кезінде дір-дір еткен ерін ерінге тиді. Алғаш рет олар құшырлана сүйісті…

 

***

 

Уақыт сынаптай сырғыды. Қанатжандар биыл мектеп бітіреді. Арман атты тұлпарларына мінген олар болашақта қай оқу орнына түсу қажеттігін де өзара ақылдасатын. Сондай бір кездесудің бірінде Құралай Қанатжанға тосын шарт қойды. Әке-шешелері олардың бір-бірін жанындай жақсы көретінін жақсы білді. Құралайдың әке-шешесі лауазымды қызметтерде жұмыс істейтін. Орташа, қарапайым отбасыдан шыққан Қанатжанды қыздарының маңына жолатпауға тырысты. Бірақ қайсар қыз айтқанынан қайтпады. «Әйтпесе өз-өзіме қол саламын» деген қыздарының соңғы қатал шешімін естігенде әке-шешесі шошып кетті. Олар ойласа келе басқа бір әдіске көшті. Қанатжанды бүкіл Құранды жатқа білетінін, бес уақыт намазын тастамайтынын білген олар осы жағынан оған тыйым салғысы келді. Олардың сасық қулығы сол бес уақыт намазын Қанатжан өлсе де тоқтатпайды. Яғни Құралаймен қинала-қинала қоштасады да, ол өз жөніне кетеді. Екінші талап Америкаға оқуға бірге баруды ұсыну. Аса бай емес отбасыға бұл оңай шығын емес.

− Қызым, − деді әкесі Тимур кешкі бір оңашада, − Мына мамаң екеуміз ақылдаса келіп Қанатжан екеуіңнің бірге болуларыңа қарсылық жасамайық деп шештік. Бірақ саған қояр екі талабымыз бар.

− Қандай талап? – деп қуанып кеткен Құралай жұлып алғандай сөйлеп. Папасы мамасына қарап еді, ол басын изеді де, даусын сәл қырнай талаптарын айта бастады.

− Бізге мәмбет күйеу бала қажет емес. Осы заманға лайық болғанда ғана оны отбасымызға қабылдаймыз. Мәселен намазын тоқтатсын. Екіншіден екеуің Америкада бірге оқисыңдар. Қазір білесің батыстың оқуы мен тәрбиесі озып тұр. Біздің талаптарымыз осы. Егер бұлар орындалмаса онда біз саған батамызды бермейміз.

Құралай шынын айту керек Қанатжанның уағызын алғашқы кезде онша жақтырмайтын. Кейін келе оның ғибратты әңгімелерін айтқанда жан дүниесі рахаттанатынды шығарды. Әке-шешесінің мына талаптары оған ұнамады. Десе де басқа істейтін амалы жоқ еді. Ақыры жаны қиналса да мұны ғашығына жеткізді. Мұны естігенде Қанатжан шошып кетті.

− Онысы несі ол кісілердің. Бұл құдайға қарсы келу ғой.

Қанатжан басын қайта-қайта шайқады. «Астапыралла! Астапыралла!» деп бірнеше рет қайталады. Жүзінен қатты қиналғаны көрініп тұрды. Құралай қарақат көздерінен жас тамшылап:

− Мені аяшы! Мені тастамашы, жаным! Қанатым! – деп сүйгенін құшақтап, оның бетінен, ыстық еріндерімен қайта-қайта өпті. Бұл сәт Қанатжан да жылап отыр еді…

 

***

 

Қанатжанның қарашаның аспанындай тұнжырап жүргенін әке-шешесі байқағанын, олардың балаларының бұл күрт өзгерісіне қатты алаңдағанын жоғарыда айттық. Әрине, одан бұлай неге қиналып жүргені туралы қаншама сұрағанмен Қанатжан тіс жарып ештеңе айтпады. Не істерлерін білмей жүргенде Қанатжан аяқ астынан сорақы мінез шығарды. Алдымен таң намазын, содан соң өзге намаздарды оқуды тоқтатты. «Неге бұлай еттің, балам-ау?» дегенде, «көңілім соқпайды» деп ол сүлесоқ жауап беретін. Күндердің күнінде ол намаз оқуды мүлдем қойды. Бұл немқұрайлылық, жалқаулық дейін десе балаларының ояу жатып немесе сергек жүріп-ақ қасақана оқымайтыны көрініп тұр. «Баламызға көз тиді ме?» деп күдіктенудің де ешқандай реті жоқ. Самат пен Гүлжамал бір-біріне «Енді біздің баламызға не көрінді? Әлде жын-шайтан ба шалығы тиген? Әлде біреулер оны бұл жолдан тайдыру үшін қорқытып үркітте ме?» деген сықылды сан сауалдарды қойып жандары тыным таппады. Бірақ көңілдерін көншітетін жауап таба алмады. Қанатжан бұлардың сұрақтарына төмен қарап томсырайып, үндемей құтылатын. Ол ол ма, мектеп бітіруге жақындағанда ұлдары олардың шарадай болған бастарын қатырып тағы бір ұйғарымын топ еткізе бұлардың алдына көкпарша тастай салды. Сүйікті балалары өздерін шапалақпен ұрғандай одан сайын есеңгіреп қалды. Ол қандай ұйғарым дейсіз ғой. Қанатжан Америкаға оқуға барғысы келеді екен! Және ол шешімі қалай болғанда да орындалуы тиіс. Кесімді талабын осылай қойған Қанатжанның бұл ойын тоқтату үшін әке-шешесі не істемеді десейші! Алдымен қаржы жоқтығын көлденең тартты. Бала «өзім табамын» деді. Сөйтсе ол «Болашақ» бағдарламасымен несие алуға келісіп қойыпты. Ең соңында тіптен анасы «Біз сені сағынамыз ғой. Өзіңсіз қалай өмір сүреміз?» деп көз жасын төкті.

− Анашым-ау, қыранды бұғаулап үйде ұстағаннан ертең көрмідік болып қалады ғой. Оның үстіне ғаламтор арқылы жиі-жиі жүзбе-жүз сөйлесіп отырамыз. Сонда сағынышымызды басамыз. Бар болғаны төрт-бес жылда оқуымды бітіріп, елге ораламын. Каникулда келіп тұратын боламын, − деді Қанатжан әке-шешесін жұбатып.

− Ой, балам-ау, ғаламтор-саламтор дегенің сенің басыңнан бір иіскегенге жетпейді ғой, − деп қамықты анасы.

Қанатжан осылай алға қойған мақсатынан айнымады. Намазын мүлдем оқымайтын болды. Әке-шешесінің бір жұбанғаны ұлымен бірге болашақ келіні де барады екен. Оның әке-шешесі өте бай кісілер деп естіді. Байғұс балаларының махаббат-сахаббатпен шырмалғанын, енді тоқтату мүмкін еместігін бағамдағандай еді әке-шеше.

 

***

 

Қызыққа толы АҚШ-тағы студенттік өмір де сынаптай сырғып соңына жақындады. Осы күнге дейін Қанатжан мен Құралай жұбын жазған жоқ. Мұндағы еркіндік, бір-біріне деген сүйіспеншілік екеуін одан сайын жақындата түсті. Қыздың бай әке-шешесі оған Нью-Йорктің қақ ортасынан пәтер жалдап берді. Ал Қанатжан жатақханада өмір сүріп жатты. Күндердің күнінде жалындаған жастық, бір үйде жеке қалу оларды төсекте табыстырды. Енді екеуі бір-бірін жұбатып «азаматтық некеде» тұрып жатырмыз десті. Мұнда ешкім ондай жұпқа қарсылық танытпайды екен. Екеуі де оқу бітірген соң ерлі-зайыпты болып өмір сүретініне сенімді болатын. Бірақ неге екені белгісіз бұл жақындық, бірге тұру екеуін жалықтырғандай болды ма, ұсақ-түйекке ұрыса беретінді шығарды. Бірде таңертең әлденеге екеуі қатты ұрысты. Иә, иә, Құралай отбасылық, асханалық жұмыстарға шорқақ екен. Ұрыс та осыдан шығатын. Жұбайы болған соң Қанатжан киім үтіктеу, үй жинау, тамақ пісіру тәрізді жұмыстарды талап ететін. Әу баста Құралай қолынан келгенше бірдеңе істеуге тырысатын. Кейін бұртиып «Өзің істе! Мен сенің күңің емеспін» деп отыра кететін. Қанатжан қай жұмысқа да икемді еді. Білгенін сүйгеніне үйреткісі келетін. Байдың ерке қызы ғой, бірнәрсені істеуге кежегесі кейін тартып, өзінше намыстанатын. Әрине, Құралайдың қырсық, кертартпа мінезі қанша сабырлы болғанмен Қанатжанды ызаландырды. Мінеки, өзара ұрыстың ұшқындары кейінгі кездері өртке ұласып жатты.

Сол бір қырсық шалған күні Құралай кешке үйге келмеді. Қанатжан қайта-қайта қоңырау шалып қатты дегбірсізденді. «Қап! Неге ғана ұрыстым екен?» деп өзін-өзі күстаналады. Түн ортасы ауа диванда отырып қалғып кетіпті. Есіктің қоңырауы шылдырлады. Шошып оянды. Кім? Құралай, Құралай ғой. Есікті ашып еді, қос негр жігіт Құралайды бұған итеріп жіберді де, өздері теріс бұрылып кете барды. Құралай мас, аяғында әзер тұр. Ыржалаңдап күле береді. Виски сасыған ол Қанатжанның құшағына құлай кетті…

Таңертең Құралай сабаққа бармады. Қатты ренжіген Қанат та сабақта әрі-сәрі күйде жүрді. Болашақ жарының бұл істеген қылығына қанша ойланса да түсіне алмады. Қай жерде, кіммен болды? Неге соншама азғындады? Бұл оқиғадан кейін онымен тұра ала ма? Бұл сатқындық па, әлде басыну ма? Сан сұрақтар шақшадай басын қаусырмалаған. Қанатжаң сабақтың соңына дейін әрең шыдады. Екі Қанат пайда бола қалып өзара айтысып, тартысып келеді. Ол екеуінің алдындағы күнәһәрі – Құралай. Бір Қанат тым қатал. Ұрып, сабап, жер жебіріне жете ұрсып біржола кету керектігін кесіп айтса, екіншісі жұмсақтау. «Жо-жоқ, өйтіп бірден ат құйрығын кесіп кетуге болмайды. Екеуің бір-біріңді сүйесіңдер. Онымен сөйлес. Бәлкім мұндайға жеткізген өзің кінәлі шығарсың. Құралайдың да уәжін тыңда, себебін аш. Ашу дұшпан, ақыл дос. Ертең өкініп қалма!» деп ана қызба Қанатты сабырға шақырды. Екінші Қанат жеңді.

Үйге келсе Құралай ештеңе болмағандай жайраңдай қарсы алды. Әдемі гүлді халат киген. Үй іші көңірсіп тұр. Өзінші тамақ пісіріп дастархан жайған. Есіктен кіргеннен мұны құшақтай алды. Содаң соң бірден кешірім сұрап, басынан өткенін баяндай жөнелді.

− Кешір, Кано! Саған өкпелеп шыққаннан кейін бүгін қас қылғанда бір американ азаматы мені тауып алды. Киноға түсуге шақырды. Қатты қуанып кеттім. Маған сол сәтте саған ерегесіп бір жаққа кеткім келген. Ол кісі мені мейрамханаға шақырды. Бірден келістім. Әлгі кісі «Сен болашақ киножұлдызға айналасың. Себебі сен ғажайып сұлусың» деді мені мақтап. Ашқарынға ішкен соң ба, мен тез масайып қалдым. Есімді жинағанда бір үйге кіріп келе жатыр екенмін. Бірден кілт тоқтадым. Тоқтадым да айқайға бастым. «Үйге! Үйіме кетемін!» дедім айқайлап. Ол қарсылық жасамады. Қызметкерлеріне «Үйіне апарып салыңдар!» деді сыпайы түрде. Солай, Кано! Сенің алдыңда болашақ кино жұлдызы тұр, − деді Құралай сақылдай күліп. Іштей түйіліп, ашуланып келген Қанат Құралайға я ұрсарын, я ұрыспасын білмей дағдарып қалды. Құралай құшақтағанда да сыр бермей салқындау, сүлесоқ тұрды. Осы салқындығымен Құралайға деген ренішін білдіргісі келді.

− Кано, айтшы, кешірдім деп. Бұлай мұз болып тұрсаң менің жүрегім жарылып кетуі мүмкін ғой. Ата-бабамыз кешірімді бол деп айтып кеткен жоқ па? Иілген басты қылыш кеспейді ғой. Мен енді бұл тентектігімді қайталамаймын. Шын сөзім. – Құралай шегініп барып басын иіп тұра қалды.

− Құралай, мұның дұрыс болмады, − деді Қанат саусағын шошайта ызғарлы дауыспен. – Мен сатқындықты ешқашан кешірмеймін. Бір кешірем. Ал екінші рет мұндай келеңсіз жағдай болса онда біржола кетемін.

− Жарайды, келістік. Киіміңді шеш, қолыңды жу, отағасым. Тамақ ішейік, − Құралай күлімдеген күйі қуана Қанатты құшақтап бетінен сүйіп-сүйіп алды…

Бәлкім бұл кесірлі оқиға қаншама Қанаттың жанын ауыртқанмен ұмытылып кетуі мүмкін еді. Алайда келер күнгі таңертең келген аса қымбат жеңіл көлік жараның аузын қайта ашқандай болды. Ол Құралайға арнайы жіберілген көлік-тін.

− Жібермей-ақ қойыңыз дегенмін. Қарашы бұларды. Сірә, болашақ кино жұлдыздан айрылып қаламыз деп қауіптенген болуы керек. – Құралай әзілдегенсіп Қанатқа қарады. Қанатқа бұл әзіл өте ауыр соққанын оның түнерген жүзінен аңғаруға әбден болатын.

− Жүр, Кано! Мына машинамен берге сабаққа баралық. Кешке мен бірақ киностудияға соғамын да тез қайтамын. Мұндай ғажап мүмкіндікті жіберуге болмайды ғой, Кано. Оның үстіне уәде де беріп қойдым.

− Жоқ! – деді кесімді жауап қатып Қанат. – Қайда барсаң онда бар. Бүгін үйге ерте келмесең онда мен біржола кетемін.

− Кано-о! Кано! – деп ұмтылған Құралайды қолымен жасқап Қанат құйын тәрізді есікке бір-ақ жетті де, тез шығып кетті. Бірақ қанша ашуланғанмен сүйіктісін ешкімге қия алмайтынын, кешке үйге асыға жететінін ол жақсы білді.

Кешке Құралай үйге келген жоқ. Қанат түнімен жұмбақ та тылсым қала Нью-Йорктің түнін ұйқысыз өткізді. Құралайының әлдекімдердің тұзағына мықтап түскенін, енді одан ешқашан шыға алмайтынын Қанат іштей сезді. Ең жаманы өзінің соншалықты қауқарсыз екенін сезінгенде ол қатты қорланып жылап жіберді. Тағы бір сорақысы түнде ғана «Мен енді бұл тентектігімді қайталамаймын. Шын сөзім» деп ант-су ішіп уәде берген сүйіктісінің мұнысы несі? «Мен сені қалай құтқарамын? Ең болмаса қоңырау соқшы, Құралайым! Қалай болғанда да сені құтқарамын. Қоңырау соқшы!» деп күбірлей сөйлей жынды адамдай үй ішінде сенделіп жүрді де қойды. Көшеге де мың шығып, мың кірген шығар. Таң алдында ғана диванда отырып көзі ілініп кетіпті… Құралай екеуі орман ішінде қыдырып жүр екен. Айнала неше түрлі гүлдер. Құралай сол гүлдер сияқты құлпырып, одан сайын сұлуланып кеткен. Сыңғырлаған күлкісі орман ішін ерекше бір көңілді сазға толтырғандай бейне. Кенет шуағын молынан төккен күннің бетін жалба-жұлба қара бұлт жаба бастады. Жан-жақ лезде қараңғыланып, бар табиғат, сұлулық әлемі, алып ағаштар көзден ғайып болды. Көзге түрткісіз түнектің тез болғаны соншама жаңа әзірде ғана қасында тұрған Құралайдан көз жазып қалды. Соқыр адамша қарманып Құралайын іздесін!

− Құралай! Құралай, қайдасың?

− Кано-о! Мені біреулер әкетіп барады. Құтқаршы-ы! – деген Құралайдың жанұшырған, көмекке шақырған үнін тастүнек лезде тұншықтырып тастады.

− Құралай! Құрала-ай!

…Өзінің қатты айқайынан Қанат селк ете шошып оянды. Диванда жападан-жалғыз отыр. Бұл түсі екенін біліп қуанғанымен Құралайдың шынымен ізім-қайым жоқ екендігі бірден ойына түскенде жаны құлазып сала берді. Түсін өзінше жорып, қаншама жақсылыққа балағысы келсе де еш қиюы келмеді. Құралайдың «Құтқаршы!» деген жалынышты шырылдаған үні үнемі есінен кетпей қойды. Мұндай сәтте ол жанын қоярға жер таппайтын.

Құралай үйге үш күннен соң келді. Үш күн! Үш түн! Қанат үшін бұл тұтамдай уақыт ғасырларға созылғандай еді. Төплиінің таныс тықылдаған үні естілді әуелі. Ол тықылдаған үнді жігітіміз бірден таныды. Сол! Сол ғой. Құралайы келеді, Құралайы келеді! Жүгіріп есікке барды. Жүгіріп бала тәрізді оның алдынан шыққысы келді. Бірақ біреу тақтаймен маңдайына бір бергендей есік алдына келіп кілт тоқтады. «Әй, тоқта! Намысың, еркектігің қайда?» деп біреу ескерту жасағандай болды. Іші алай-дүлей болса да Қанат сабыр сақтап, түк болмағандай үстеліне кітаптарын, дәптерлерін лезде жайып салып отыра кетті. Әнеки, ол есік алдына тоқтады. Енді сөмкісін ақтарып жатқан болу керек. Иә, иә, кілттері сылдырлады. Қолдары дірілдеген шығар, кілтті тесігіне тыға алмай біршама әуреленгені білінді. Есік сарт етіп ашылды. Бұрын Құралай «Кано-о!» деп айқайлап кіретін. Үнсіз кіріп шешінгені байқалды. Кібіртіктеп тұрды, тұрды да, бір батыл шешімге келді-ау, бұл отырған бөлменің есігінің алдына келді. Жақындап келе жатқан лебі, әтірдің хош иісі бөлмеге бірден жайылды. Осы бір хош иісті қалай сағынды десеңші! Бұл бұрылмады. Сабақ оқып отырғандай кейіп танытты. Құралай қол созым жерге келіп тұрды. Жөткірінді. Бұнысы «Маған қарашы! Бірдеңе айтам» дегендегісі. Бәрібір бұрылған жоқ. Өйткені өкпесі қара қазандай, реніші қара таудай.

− Қанат! Қанатжан! – Құралай қаншама жылы сөйлейін дегенмен сөзінде салқындық сезіліп тұрды. Салқындық деген әншейін сөз, ол мүлдем жат үн. Мұның Құралайының әрбір сөзі бұрын қанша ұрысса да мұның жүрегін бірден жылылыққа орайтын. Қанатжан тырс етіп үндемеді. Бейне барлық денесі өкпе, реніштен қаратасқа айналып кеткендей.

− Мен… мен… сенің алдыңда зор кінәлімін. Ол кінәмді ешнәрсемен ақтай да алмаймын. Тіптен ақталғым да келмейді. Мен бұрынғы сенің Құралайың емеспін. Мен жүзіқарамын! Мен зұлыммын!

Соңғы сөздерін қатты айтты. Жылап айтты ол осы сөздерді. Бұл ызғырыққа толы сөздер қанжардай жалаңдап мұның соңғы үміт жіптерін аямай қиып-қиып тастады. Үнсіздік орнады. Қаны сорғалаған ауыр үнсіздік. Екеуі де жып-жылы бөлмеде күзгі жапырақтай бүрісіп қалтырап тонғандай еді. Қанаттан жауап болмаған соң Құралай сөзін қайта жалғастырды.

− Қанатжан, менің мұндай саған деген зұлымдыққа барғаным кешірілмейтінін білемін. Мен бәрібір сенен кешірім өтінгелі келдім. Сенің орның Қанатжан, мен үшін ерекше. Сол ерекше күйінде өмірімде мәңгілік қаласың. Мен сені өлердей сүйдім. Оны да сен жақсы білесің. Сенің де мені сүйгеніңді жақсы білемін. Мен үшін бәрін құрбандыққа шалып осында келдің. Тіптен әке-шешеңді де менің тілегім үшін айырбастап жібердің. Намазыңды да солай. Кешір! Мен оңбай қателестім. Бірақ мен бұл қателігіме өкінбеймін. Өнердегі өз жолымды таптым. Менен заңгер шықпайтынын әу бастан білгенмін. Мен тамаша адамды жолықтырдым. Голливуд, яғни кино өнері маған көмектесіп жатыр. Егер мен осындай мүмкіндікті жіберсем ертең қатты өкінемін ғой. Әлгі адам маған талап қойды. «Менің жұбайым боласың. Есесіне мен сені әлемнің кино жұлдызы етемін» деді…

− Сен оны сүймейсің ғой, − деді Құралайдың сөзін бөліп Қанат сол бұрылмаған күйі. Қанат бұл сөздердің қалай аузынан ытқып шыққанын сезбей қалды.

− Сүймейтінім рас. Мәселе махаббатта емес қой. Мен кино жұлдыз болғым келеді. Ол менің арманым. Арманым үшін сен екеуміздің махаббатымызды құрбандыққа шалдым. Мен осы екеуміздің махаббатымызды ұмыту үшін үш күн ішіп жаттым. Бірақ ұмыта алмадым. Есесіне әлгі кісі менің мастығымды пайдаланып ойын жүзеге асырды. Мен оның қазір заңды әйелімін. Мен АҚШ-тың заңды азаматшасымын. Міне, паспортым. Қанат, кешірші жаным! Сен менің мәңгі жүрегімдесің. Кешірші! – Құралай солқылдап жылаған күйі Қанатты құшақтайын деп ұмсынды. Қанат оның қолдарын қағып жіберді.

− Сатқын! Сен тек мені ғана, менің махаббатымды ғана емес, ұлтыңды, мемлекетіңді, әке-шешеңді саттың. Кет, сатқын! Өмірімнен біржола жоғал! – Ұшып тұрған Қанат Құралайға жиіркене қарады. Жан-дүниесі алай-дүлей Қанат есін жинап, көздері от жайнап қатайып алған еді.

 

***

 

…Уақыт бәрін де емдегендей болғанмен Қанат көпке дейін өзіне-өзі келе алмады. Оқуын бітірді. Дәрігер болды. Бір жағынан «Болашақ» бағдарламасынан, екінші жағынан әлемдегі атақты оқу бітірген соң ба Қанатты үлкен аурухана бірден жұмысқа қабылдады. Ол өзі жедел жәрдемді қалады. «Келін әкеледі» деп күтініп отырған Самат пен Гүлжамал баласының соқталдай болып жалғыз келгеніне таң қалды. Олар әрі-бері сыр суыртпақтағысы келген, алайда баласы бұл тақырыпта әңгіме қозғағысы келмеді.

Шынын айтқанда сонау мұхит аржағынан Қанат қатты өзгеріп келді. Махаббат дауылының соққысы оны көп сөйлемейтін, тұйық мінезді етіп тастағандай еді. Жұмысқа барады, келеді. Содан ермегі компьютер. Еш жаққа бармайды, еш жерге қыдырмайды. Бір жақсысы ішімдікке әуес емес. Келін мәселесін сөз етсе тыжырынып тыңдағысы келмейді. Әке-шешесі бұл мәселе жөнінде беттері қайтып қалды. Күрсініп бір-біріне қарайды. Әсіресе, олардың жүректерін ауыртқаны балаларының намазға қайта құламағаны. Есесіне екеуі бес уақыт намаздарын қаза етпейді. Алайда Қанаттың өмірін бұрынғы арнасына түсірген, бірінен соң бірі болған қос оқиғаны айтпаса-ақ біздің де, оқырманның да көңілі көншімес.

− Қанат, қаланың сыртында машина апаты болыпты. Экипажыңмен сонда тарт! – Бұлардың жұмысының қасында әскери өмір тыныш та мамыражай есебі. Олар адамға өлім «сыйлайды», ал бұлар өмір сыйлайды. Өмір мен өлім ортасындағы майданның ең алдындағы сапында жүреді бұлар. Неше түрлі адамдар, неше қилы аурулар. Күні мен түні астасып жатқан мынау ықылым дүниеде адамның тағдырынан артық нәрсе бар ма екен? Науқас саған сенеді, сені құтқаратын құдайындай көреді. Ешкім еріккеннен жедел көмекті шақырмайды ғой. Жаны көзіне көрінген кезде ғана ышқынып байғұс науқас бір шыбын жанына дауа іздейді. Үзілгелі тұрған бір тал шашты көргеніңіз бар ма? Адамның жаны да сол. Тек жанды алатын бір Алла. Ал дәрігер себепкер ғана. Қанат неге екенін кім білсін қала шетіндегі апатқа ұшырағандарға асығып бара жатқанда осы бір белгілі жайттар көлбеңдеді. Иә-ә, бұлардың жұмысы өте жауапты. Мүлт кеттің бе, құрыдың. Сондықтан мүлт кетуге сенің хақың жоқ! Адам тағдыры… адам тағдыры… Үмітпен қарайды олар… үмітпен. Көзі ілініп кетіпті.

− Келдік! – деген жүргізушісінің жанайқайы мұны шошытып жіберді. Басы кекжең етіп төбеге соғылып кете жаздаған ол тез есін жиып, терезеден жедел сыртқа көз салды. Күре жолда он шақты машина иінтіресіп тұр. Төменгі жақта бір машина төңкеріліп жатыр. Полициялар… оның машиналары… ығы-жығы адамдар. Әлгі төңкерілген машинаны жан-жақтан қаумалап бастырылып қалған әлдекімді суырып ала алмай жатқан тәрізді. Сырмалы есік ашылды. Сандықшасын арқалап Қанат алдымен өзі түсті. Содан соң киіктің лағындай қызды демеп түсірем деп еді, ол да өзі секірді. Төмендегі біреулер бұларға әлдене деп айқайлады. Дүрілдеген машиналардың үні ештеңе естіртпеді. Көкжиекті қанқызыл шапағымен бояған күн енді ғана кірпігін ашып келеді… Манаураған таңғы мезгілдің шырқы бұзылған. Аспандағы шарбы бұлттар төмендегі мына көрініске таңдана қарап тұрғандай қатып-қатып қалған. Медбикенің қолтығынан демеп Қанат қиыршық тастарды сылдырлата төменге әзер түсіп келеді. Машина қалың шөптің арасында аяқтары аспаннан келген. Топ адам ақ халатты екеуге жапырыла жол ашты. Машинадан ағылшын тілінде құтырған музыка ойнайды. Мылжаланған, үсті-басы қан-қан жас жігіт шөп үстінде шалқасынан жатыр. Жақындағанда Қанаттың мұрнын арақтың сасық иісі жарып жібере жаздады. Ол осы сәтте бір ғажайыпты көріп таң қалды. Музыканың ырғағымен селкілдеген жігіттің аузы біртін бірге көз алдында бір жағына қисайып, жүзі құбыжыққа айналып бара жатты. Бұл сандықшасын жерге қоюға үлгермеді, жігіт сол құбыжыққа айналған күйі денесі өзінен-өзі ырши секіріп содан соң тыншу тапты. Жалма-жан аппаратымен кеудесін тыңдады. Жан тапсырыпты…

Бұл көрініс Қанаттың ойынан көпке дейін кетпеді. Арақтың, есірткінің, жынданған музыканың кесепатынан бес бірдей жас қыршын қиылды. Жын-шайтан арбаған әрбір адам осылай шайтан-құбыжыққа айналатынына Қанаттың көзі жетті. Мұның бәрі имансыздықтан басталған. Он шақты жылдай мұзға айналғандай болған жүрегі қайта тірілгендей, тамырларындағы қатып қалған мұз еріп қан жүре бастағандай ма, қалай… Бала кезіндегі тақиясын алып ұза-ақ иіскеді. Көкірек сарайында имани сағыныш оянғандай. Дәретін алып, құранға саусақтары дір-дір ете қолын созды. Бірақ ұстауға батылы жетпеді. Тасбиғын қолына алды. «Аллау әкпар! Аллау әкпар…» деп саусақтарына жылылық дарытқан тастарды санамалады. Жаны жадырады. Жайнамазын алақандарымен сыйпап өтті. Жұп-жұмсақ ұлпадай. Әлденеге асықты, әлденеге талпынды. Көлігіне мініп қасиетті мешіттің жанына келді. «Мен… мен… мен де шайтанның арбауына ұшыраппын-ау. Кешірші, кешірші, я, жаратқан ием!» Күмбездері ай нұрына малынған Алла үйіне көзі тоймай қарап, қолдарын кеудесіне басып күбірлеп тұр Қанат… Бірақ мешітке де кіруге батылы жетпеді. Үсті-басын кір басқан құбыжықтай сезінді өзін…

Бір апта Қанат не істерін білмей сенделіп жүрді де қойды әрі-бері. Кім білсін, жүрегі дауаламай осылай жүре берер ме еді, Алланың қалауымен болған таңғажайып тағы бір оқиға оның бойындағы қалған-құтқан мұзды тас-талқан етіп біржола ерітіп жіберді.

…Алып қаланың бүгінгі түні де әдеттегідей мазасыз өтіп жатты. Тіптен мамыражай отырып тасбих тартуға да уақыт жоқ. Жедел жәрдемнің қызыл қоңыз тәрізді көлігі қолды-аяққа тұрмай безілдеп келе жатқаны сол. Ауыр темір сандықшаны әрі-бері көтергендіктен бе иығы салдырап қалыпты. Қаланың қараңғы бұрыштарын тіміскілеп науқастың үйін табудың өзі бір азап. «Неге уақытында келмейсіңдер? Ылғи ұйықтап жүресіңдер түгі. Сендерге адам тағдыры деген беш тиын. Ақшақұмарсыңдар шеттеріңнен. Гипократқа берген анттарың қайда?» деп қабаған итімен жағаласып кейбіреулер арс-арс етіп қарсы алғанда әлгі темір қобдишаңды лақтырып тастап безіп кеткің келеді. Қарсы сөз айтып ұрсайын десең ол этикаға жатпайды. Сабыр сақтап үндемей құтыласың. Қаның басыңа теуіп, қанасына сыймай бара жатқанын байқайсың. Шыдайсың, тістеніп шыдайсың келіп!

Міне, тағы да қызыл қоңыз мәшине қолды аяққа тұрмай зымырап келеді. Қаланың шетінде тағы да машина апаты. Есіне аузы қисайып кеткен құбыжық жігіт елестеді. Қаншама мәрте оны ойынан шығарып тастағысы келсе де бұл қауқарсыз. Апат орнына да жетті-ау. Полицияның машиналары. Жайбарақат келе жатқан бір көлікті жын қуғандай айдаған екінші біреу оңдырмай соққан. Екі мәшине де быт-шыт. Бейкүнә жігіт соның кесірінен маңдайын рулге қатты соққан. Әрі екі ортада қысылып қалған. Оны әзер шығарыпты. Әлі де жаны шықпаған. Кірпігі әзер қимылдап жатыр. Отыздың о жақ бұ жағындағы жігіттің денесі жып-жылы. Ал оны соққан тағы да ішіп алған екі жас. Олардың денелері қанға боялған. Екеуі де бірден жан тәсілім етіпті. Өкініштісі мына жігіттің апатқа ұшырағаны. Машинасы да ескі. Сірә, таксилетіп жүрген болуы керек. Олар оны дереу зембілге салып алып, безілдеп ауруханаға қайта тартты.

Орта жолда жігіттің қан қысымы төмендеп, ықылық ата бастады. Қанат барлық амалды жасағанмен болмады. Байғұстың жаны үзіліп кетті. Сол-ақ екен машина ішін хош иіс алып кетті. Мұны алдымен Анар атты медбике қыз аңғарды.

− Ағатай, мына хош иіс қайдан шығып жатыр? – деді таңданып. Әбден сілікпесі шығып қалжыраған, бір жағынан жаңа ғана қарапайым бір жанның о дүниелік болғанына іштей назаланған Қанат ол хош иіске көңіл де аударған жоқ. Сезімтал жігіт адамның өзі жасаған техникалары талайды ажал құштырып жатқанын ойлап отырған. Серіктесінің мына сөзіне алғашқыда мән бермеген. Енді таң қалып отыр. Иә, иә, ғажайып хош иіс!

− Мен мұндай хош иісті өмірімде кездестірмеппін. Француздың хош иісті әтірі бұған жетпейді. Әлде сіз әтір сеуіп алдыңыз ба? Айтыңызшы, қай жердің әтірі ол. Сізді Америкада оқыды дейді ғой. Бәлкім сол елдікі ме?

Анар көзі жәудіреп бұған үңіле жақындап, иіскеп-иіскеп қойды.

− Қайдағы Америка? Қайдағы әтір? Оны сеуіп отыратын менің уақытым қайда? Қыздар сендер ғой, осындай әтірге құмар. Мен де байқап отырмын бұл ерекше хош иіс.

Қанат осылай деп айта беріп еді, жүргізушінің дауысы да естілді.

− Бұл не хош иіс? Анар сенен шығып жатыр ма? Бүгін қандай әтір сеуіп едің?

Қанат пен Анар бір-біріне елеңдей қарады. Машинада бар болғаны үшеу. Үшеуінен бұл хош иіс шықпай тұрғаны анық. Енді төртінші кім? Төртінші… төртінші… Қанат кенет тұмшалана орап тастаған жігіттің мәйітіне көз тікті. Сонда бұл хош иіс өліктен шығып жатыр ма?!

− Анар, бұл хош иіс өліктен шығып жатқан жоқ па?

− Ойбай, өйтіп айтпаңызшы. Өліктен керісінше сасық иіс шығады ғой. Оныңыз не, қайдағыны айтып… − Қыз өлік енді есіне түскендей оған үрейлене қарады. − Бәлкім, бәлкім ол тіріліп кеткен шығар…

− Бұл жас өлік. Әлі саси қойған жоқ, − деп Қанат сөзін сәл үзді де мәйітке ойлана қарап. – Әтірді тірі кезінде осы жігіт сепкен сияқты. Кәнеки, жақындап иіскеп көрейікші.

− Жо-жоқ, ағатай, мен иіскемеймін. Өзіңіз иіскеңіз, мен қорқамын.

− Тірілерден қорқу керек. Өліктен несіне қорқасың? – Қанат машинаның ұстағыштарынан қалбалақтап ұстап еңкейе өлікке жақындады.

− Анар! Хош иіс осы өліктен шығып жатыр. Міне, ғажайып! Бұл әтірдің иісі емес, басқа иіс. Сәбидің хош иісі ме, әлде… Әйтеуір мына хош иісті иіскеген сайын рахаттанасың. – Қанаттың таңдана айқайлай сөйлегені жүргізушіге де жетіп, ол да таң қалғаны соншама рулінен айрылып қала жаздады. Машина теңселіп кетіп, әзер түзелді.

− Сонда бұл қалай? Өліктен хош иіс шыға ма? – Таңданған медбике қыз басын шайқап, мәйітке тесіле қарады. Қанат өлікке қолын салған күйі иығын қусырды…

Өлікті зембілмен көтеріп бара жатқандар да хош иістің бұрқырап шығып тұрғанын бірден аңғарды. Егде жастағы дәрігер аға өлікті қайта-қайта тексерді.

− Мұндай ғажайыпты өмірімде көрмеппін. Мына хош иіс бүкіл аурухананы алып барады. Мәйітханада сол хош иісті иіскеп отыра бергің келеді екен, − деді аға дәрігер де бұл ғажайыпты мойындап. Бірнеше сағаттан соң бүкіл ауруханадағылар дүрлігіп, айтылған ғажайыпқа сенбей мәйітханаға арнайы ағылып келіп таң қалып жатты.

Кезекшіліктен соң шаршаған, қалжыраған Қанат асығыс-үсігіс үйіне кетіп қалатын. Бұл жолы асықпады. Өлген жігіттің кім екенін анықтап білгісі келді. Хош иістің қалай өліктен шығып жатқандығы оны таңғажайып күйге бөледі. Бұл хош иістің шығу себебін де білетін сияқты. Бірақ ол тек болжам-ой ғана. Егер ол болжам-ой ақиқатқа айналса онда… онда…

Жігіттің әке-шешесі, бауырлары бар екен. Лезде жетіп келіп жылап-сықтап жатыр. Сәл басылған соң бас дәрігердің өзі оның әке-шешесінен жігіттің кім, қандай адам екенін сұрады. Ол көптен бері намаз оқитын болып шықты. Отызға келсе де мінезі бала сияқты. Тіптен балалардың әзіл қулығына алданып қала береді.Содан соң ол күніне бір жақсылық істеуге тырысады. Әке-шешесінің айтуынша басқа балалары бір төбе, осы баласы өзінше бір төбе. Олардың алдында әрдайым перзенттік парызын адал өтеп тұратын жоғары адами қасиеті бар екен. Ата-анасының беттеріне жел болып тимейтін. Ол қанша адамдарға жақсылық жасады десеңші! Жетімдер үйіне үнемі тапқан-таянғанын апарып береді. Мұқтаж мүгедек адамдарға барып үнемі көмектесіп тұрады. Тек қана қаржылай жағынан емес, барып тамағын пісіріп береді, үйлерін жинайды, огородтарын тазалайды, жерін қазады. Қысқасы риясыз таза, пәк, аңқылдаған ақкөңіл, жайсаң, көркем мінезді азаматтың жаны жақсылық жасағысы келіп тұратын еді және оның бүкіл жан дүниесі сабырдан, темір төзімнен жаралғандай еді. Біреулер қанша мазақтаса да оларды жымиып күліп жеңетін…

Болжам-ойы расқа шыққан Қанатқа бұл оқиға қатты әсер етті. Әсіресе әке-шешесінің балаларына деген аста-төк ризалықтары Қанатты қатты ұялтты. Өзінің жеке басының жағдайы үшін оларды қаншама ренжітіп, қорлағаны, тіптен айтқандарын істемей шетелге кетіп қалған тәкаппарлығы, астамшылығы, көрсеқызарлығы бірінен соң бірі көз алдынан кино лентасындай өтіп жатты. Ең жаманы намазын тастап өз-өзіне зұлымдық жасағаны есіне түскенде ол жынданып кете жаздады. «Мен не істегенмін? Қандай ауыр күнә жасағанмын? Маған Аллам ғажайып сый беріп еді ғой. Ал мен не істедім? Алламның үйіп-төгіп берген бақытына, жақсылығына нендей игі істер жасадым?» Үстемеленген сұрақтардың көптігі соншама ол ауырлықты көтере алмаған Қанат өзін-өзі қаралап, жерлеп етпетінен жатып қалды. Өзінің он жылдай уақыт соншалықты соқыр және тас керең болып қалғанына таң қалып, шайтани іске беріліп кеткенін мойындаған сәт көз жасына ерік беріп жыласын балаша келіп! Жүректегі мұз еріп көзінен жас болып ағыл-тегіл төгілді.

Бірақ Жаратқан иесі бұған қаншама кеңшілік жасағаны, сөйтіп өзіне оралуын сабырмен күткендігі және құлының тура жолға түсуіне жұмақтың хош иісі арқылы ықпал еткеніне Қанат одан сайын таң қалды. Иә, өліктен жұмақтың хош иісі аңқып шығып тұрғанын ол жақсы білді. Аллам өзіне шынайы берілген ол пендесіне жұмақты сүйіншілегені деп ұқты Қанат. Бүкіл ауруханадағылар шеше алмаған жұмбақты ол өзінше осылай ұйғарды.

Бір тәуліктен аса тұрмаған Қанат қайта серпілген кезде денесі кәдімгідей жеңілдеп қалыпты. Осы уақытта біздің кейіпкеріміз іштей нық шешімге келді. Ол шешім Қанатты енді құдайы қаласа адастырмас. Алдымен әке-шешесінен кешірім сұрады. Екі әзиз жанның баласы үшін шығарда жаны бөлек еді. Ұлы жылап келіп аяқтарына жығылғанда олардың өздері де сасып қалды. Өздері де жылады. Баласының өздеріне, дініне қайта оралғанына олар қатты қуанды…

 

***

 

Қанатты адастырған кім? Әрине, ол шайтан. Тұп-тура жолға түскен, енді айнымастай көл-көсір діни білім жинаған бозбаланы махаббатпен мас қылып шайтан өзінің алдамшы әсіре есігіне кіргізіп алды. Кіргізіп алды да көз алданатын сан қилы дүниауи қызықтарымен жетектеп одан қалайда шығармай, біржола шайтан-адамға айналдырғысы келді. Тура жол… бұлай қарасаң еш қиындығы жоқ тәрізді. Осы жолға түс те тек алға тарта бер. Қанат та солай ойлады. Оның миында, жүрегінде, көңілінде адасу деген ұғым болған жоқ. Бірақ ол қатты қателескен еді. Тура жолдың бойында көз қызықтыратын, көңілді бұратын есіктер көп болатын. Оның әрқайсысында шайтандар отырады. Өрмекшідей торын құрып, олар небір айлалар жасап адамдарды қызықтыратын. Уақытша қызыққа алданғандар ойыншыққа қызыққан балалар сияқты-тын. Есікке бас сұқтың ба, бәрі бітті. Сан алуан алдамшы алтын болып жалт-жұлт етіп, байлық болып бойыңды балқытып еріп жүре бергеніңді байқамайсың. Бұл сиқыр есіктерге бұрылма, ей, пенде! Бұрылсаң ахиретте жалындатқан тозақ оты күтеді сені. Қайсысы жақсы? Мәңгілік өмірде жұмақ па, әлде тозақ па? Оны өзің таңда! Ал біздің Қанатымыз біріншісін таңдады.

Ертай Айғалиұлы