Қант зауытының құрылысы басталады

Соңғы жылдары нарықтағы сұраныстың өсуіне байланысты аудандардағы қант қызылшасы алқаптарын ұлғайту қажеттілігі де туындап отыр. Осыған байланысты, облыс әкімі Асқар Мырзахметов өңірімізге қарасты бірқатар аудандарға белгіленген арнайы меже қойған болатын. Мәселен, облыс орталығынан шалғай орналасқан Шу ауданы биылғы жылы 1500 гектар жерге балтамыр егуді тапсырған Алайда Шу ауданының агросаладағы әлеуеті әжептеуір болғанымен, мұндағы қант қызылшасы алқаптары жыл сайын төмендеп келеді. Мәселен, 2017 жылы аудан шаруалары 2200 гектар жерге тәтті түбір егуді көздесе, былтыр бұл көрсеткіш 2000 гектарға төмендеді. Шулық шенділер дәл осы стратегиялық маңызы бар дақылға салғырт қарады ма, әлде, қызылша егуге қарапайым шаруалар құлық танытпады ма, әйтеуір берілген меженің жартысы да орындалмай қалды.. Ал биыл ше?

Ресми мәліметке сүйенсек, ағымдағы жылы Шу ауданына 1500 гектар алқапқа тәтті түбір егу тапсырылыпты. Шындығында, қызылшадан қыруар пайда тапқысы келетін шаруаларда мәселе шаш етектен. Арнайы техниканың тапшылығы да диқандарға қолбайлау болып келген. Одан қала берді, еңбекші ағайын өсірген өнімін көршілес Меркі ауданындағы қант зауытына тасымалдауға мәжбүр. Оның үстіне, соңғы жылдары тасымалдау құнының шарықтауы салдарынан шаруалардың арасында еккен егінін малға азық етумен шектеліп қалғандарды да көрдік.

Біреу білсе, біреуі білмес, кезінде Шудағы қант зауыты жұмыс жасап тұрған кезеңде аудандағы агросаладағы қызылшашылардың беделі жоғары болды. Аудандағы Шу қант зауыты өз жұмысын тоқтатпай тұрып, бір ғана «Белбасар» кеңшары 1200 гектарға дейін қызылша егіп, гектарына 340-360 центнерден тәтті түбір жинап, мол ырысқа кенелгені бар. Қарап отырсақ, бүгінде ауданға берілген межені сол кездегі бір ғана кеңшар игеріп отырған. Соның арқасында қазіргі Ескі-Шу округіндегі Белбасар ауылы «миллионер колхоз» атанып, балтамырдың бабын тапқандар Үкіметтің жоғарғы наградаларына ие болып, белсенділері кеуделеріне «Алтын Жұлдыз» бен «Ленин» ордендерін қатар таққанын әлі күнге естіп келеміз. Тіпті, сол кездегі Партия съездеріне делегат болғандары да бар. Сондай-ақ табысы көл-көсір қызылшашы шаруалармен қатар, майталман механизаторлар да, саңлақ сушылар да ұдайы ел құрметіне бөленіп, мерейі асқақтап тұрған. Берекесі белден асқан осындай шаруалардың еңбегін елеп, атақ-даңқын алысқа тарату мақсатында ауданда «Шусовхозводстрой» тресі құрылып, ұзындығы елу шақырымнан аса магистралды канал қазылып, ел игілігіне берілген. Сыйымдылығы 600 миллион текше метрге жуық Тасөткел су қоймасы салынып, ағын суға тірелген мәселе түбегейлі өз шешімін тапты. Оған қоса, сол треске қарасты бірнеше жылжымалы механикаландырылған колонналар бұрын-соңды ешқандай дақыл егілмеген жер телімдерін тегістеп, егін

алқабына қосты. Осындай игі істер күн санап арта берді, арта берді. Нәтижесінде, суармалы танаптардың көлемі де ұлғайды. Алайда, 1998 жылы Шу қант зауыты өз жұмысын тоқтатқан соң, аудандағы қызылша егетін шаруалардың тәтті түбірге деген ықыласы күрт төмендеп кетті. Міне, содан бүгінгі күнге дейін шулық шаруалар қызылша егуге құлық танытпай, көбіне-көп бақша өнімдеріне бет бұра бастады. Стратегиялық маңызы бар дақылды қанша жерден насихаттағанымызбен шаруалар өнімін ат арылтып алысқа тасымалдағысы келмейді немесе бағасына наразы. Ал, тұтастай алғанда қант қызылшасы алқаптарын молайту мен тәтті түбірді молынан себу үшін аудандағы жер жағдайының жеткілікті екенін айтқымыз келеді. Қызылшаның тамыры суды көп қажет ететін дақылдарға жататындықтан, өңірдегі су ресурсы да жеткілікті екенін айта кету керек. Оның үстіне егіс алқабына бұрынғыдай суды жайып жіберіп, ысырап қылудың да еш қажеті жоқ. Қазіргі кезде тамшылатып, жаңбырлатып суару технологиялары арқылы суды үнемдеп пайдалануға әбден болады.

Кейінгі жылдары аудан атқамінерлері өңірде шағын қант зауыты салынатынын айтқан-ды. Одан бері де екі жыл өте шығыпты. Енді, міне, жуырда аудандағы қант зауытына байланысты жақсы жаңалықты құлағымыз шалып қалды. Сұрастыра келе, биыл аудан аумағындағы «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағында қант зауытының құрылысы басталатынын білдік. Бүгінде «Қызылша» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылысқа дейінгі жұмыстарға білек-сыбана кірісіп те кеткен көрінеді. Айта кету керек, аудан аумағынан үлкен қант зауытын соғуды көздеп отырған серіктестік шикізат мәселесін оңтайлы шешу үшін өздері де тәтті түбір егумен айналысуда. «Ауданға қант қызылшасын егу үшін былтыр күзде 300 гектар жерді дайындадық. Бүгінгі таңда 40-қа жуық инженер, оператор, агрономдар мен ауылшаруашылығы мақсатындағы 20 техника тынымсыз еңбек етуде. Бұның бәрі құрылыс жұмыстары биыл басталатын қант зауытын шикізатпен қамтудың қамы. Ал, зауыт пайдалануға берілгенге дейін шикізатты Меркі ауданындағы қант зауытына өткеретін боламыз. Әлбетте, өз кәсіпорнымыз іске қосылғанда егілетін тәтті түбір көлемін 2-3 есеге көбейтпекпіз» — дейді «Қызылша» ЖШС-нің өндірістік директоры Бағдат Белгібаев.

Қант қызылшасын егу жұмыстарын сәуір айының басында бастаған серіктестік бүгінгі күні 306 гектар жерді толығымен игерген. Олар 300 гектарға немістің «акация» және «виорика» сынды тұқымын егіп, қалған 6 гектар аумаққа өздерінің зертханасы үшін өзге де тұқымдарды егіпті. Аталмыш серіктестіктің құрылғанына көп уақыт болмаса да олардың материалдық-техникалық әлеуеттері үлкен екендігіне шаруашылықпен танысу барысында көз жеткіздік. Өйткені, жергілікті жердегі 40-қа жуық тұрғынды тұрақты жұмыспен қамту кез келген серіктестіктің қолынан келе бермейтін іс екені белгілі. Оның үстіне, мұндағы ауылшаруашылығы мақсатындағы техникалары да ең соңғы қондырғылармен жабдықталған. Серіктестіктің бас агрономы Фрунзебек Алатаевтың айтуынша, тұқымды егу жұмыстары аяқталды. Қазір тамшылатып суару технологияларын

орналастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тағы бір айта кететін жайт, аталмыш серіктестік жерге картограмма жасату арқылы тыңайтқыштың қанша мөлшерде керектігін анықтап алған. Сәйкесінше, тыңайтқышты соған сәйкес қолданады. Жалпы, қант қызылшасы – бабы мен күтімі келіссе мол өнім беретін өсімтал дақыл. Сондықтан да, серіктестік мамандары тәтті түбір егудің агротехникалық шараларын барынша жүйелі етіп жасауға тырысуда. Сонымен қатар, бас агроном Ф.Алатаев биылғы егін бітік шықса, келесі жылы 300 гектар алқапты 2000 гектарға дейін ұлғайтуды көздеп отырғандарын айтады. Ол үшін бір гектарға егілген 150 мың түп балтамырдың 140 мыңы шықса болғаны. Бұл – себілген тұқымның 95 пайызы өнім береді дегенді білдіреді. Оның үстіне, өткен жылға қарағанда қант қызылшасының бағасы да өскен. Мысалы былтыр қызылшаның 1 келісі 20 теңге болған болса, биыл 22 теңге болып отыр. Оның 10 теңгесін қант зауыты, ал қалған 12 теңгесін мемлекет субсидиялайды екен. Ол үшін балтамырдың бабын тауып, оның күтіміне үлкен мән беру керек.

Реті келгенде айта кету керек, жуырда Шу қаласындағы бұрынғы қант зауыты аумағынан тәтті түбір қабылдайтын пункттің құрылысы басталмақ. Аудан әкімінің орынбасары Әлихан Балқыбековтың сөзіне сенсек, бұл жер қызылшаны қабылдауға, әрі тасымалдауға өте қолайлы. Тіпті, бұрынғы шойын жол да әлі күнге жарамды күйінде тұрған көрінеді. Бұл да өз кезегінде, диқандардың бас ауруына айналған тасымал мәселесіне сәл де болса жеңіл болмақ. Жоғарыда атап өткеніміздей, биыл қант қызылшасын қабылдау бағасы да өскен. Бүгін-ертең зауыт құрылысы басталып, пайдалануға берілген соң шулық шаруалардың тынысы кеңи түспек. Өйткені, өнімін қайда апарамын деп бас қатырмай, қасындағы қант зауытына өткізетін болады. Жуырда ғана ауданға әкім болып тағайындалған Жарылқасын Айтақов та осы мәселеге барынша мән беріп, тәтті түбірге қатысты түйткілдерді өз назарында ұстаса екен дейміз. Әйтпесе, шенділердің арасында жеке бастың қамымен жүріп, ертеңгі күннің еншісін екінші орынға ысырып тастайтындары да бар. Аудандағы қант қызылшасы алқаптарының жыл өткен сайын кеміп бара жатқаны да сондай салғырттықтан болса керек-ті. Қалай дегенде де биылғы жылы Шу ауданына берілген 1500 гектар алқап толығымен игерілді. Ал, қант зауыты іске қосылғанда тәтті түбірден табыс табуды көздейтін шаруалардың саны едәуір артатынына біз бек сенімдіміз.