Иләһи сырлар мен берекеге толы ай
Рамазан — Ұлы Мәртебелі Алла Тағаланың шексіз рақымы мен толассыз кеңшілігі төгілетін айлардың сұлтаны.
Исламның әуелгі алтын ғасырларындағы ізашарларымыз жан дүниелерін Рамазанға жарты жыл алдын әзірлейтін, оны иманмен һәм үмітпен атқарып болған соң, Рамазанның әсері оларға жарты жыл қорған болатын.
Құрметті мұсылман бауырым! Бізде сол алдыңғы буынның әсерін өз бойымызда сезгіміз келсе, қасиетті айға кірместен алдын, дәл қазірден бастап маңызды екі мінезді бойымызға қалыптастыруға талпынып үлгерейік. Оның біреуі — Аллаға тақуалық қылуболса, екіншісі — Құранмен шұғылдану.
Ал, Рамазан оразасының мақсаты не деп сұрағыңыз келсе, Раббымыз оны келесі аятта ап-айқын баяндап қойған:
«Ей, иманға келгендер! Сендерден бұрынғыларға да парыз етіліп жазылғандай, тақуалық қыларсыңдар деп, сендерге де ораза парыз етіліп жазылды!»
Әли ибн Әби Талиб: «Тақуалық — ол Ұлы Алладан қорқу әрі Құранмен амал ету әрі азғантай дүниеге қанағат ету әрі қайтатын күнге әзірлену», — деп түсіндірсе.
Әбу әд-Дәрдә: «Тақуалықтың кемелдігі — құлдың Алладан сондай дәрежеде сақтануы, тіпті тозаң салмағындай істен сақтануы, тіпті қорқып кейбір халал көрген істерін харам болуы мүмкін деп атқарусыз қалдыруы. Солай ғана ол өзі мен харам істің арасына перде тұтады. Өйткені Алла құлдарына: «Кім тозаң салмағындай жақсылық істесе, онысын көреді! Әрі кім тозаң салмағындай жамандық істесе, онысын көреді!» — деп баяндап қойған. Сондықтан да жақсылық болып табылатын істердің ең кішкентайын да менсінбей атқарусыз қалдырма! Сондай-ақ жамандық болып табылатын істердің де ең кішкентайын мардымсыз көріп, сақтанбай жүрме!» — деп түсіндірген.
Олай болса, Ұлы айдың соңында Раббымыз бекіткен тақуалық межесіне жетуге бойымыздағы бар күш-жігерімізді салуымыз қажет.
Рамазанның әрбір сәті Иләһи сырлар мен берекеге толы екені даусыз. Бірақ, өкінішке орай ораза ұстаушылардың басым көпшілігі сол берекеден өте аз көлемде ғана үлес алуда. Неге? Себебі, ораза тек қана ас пен сусын ішуден, жұбайымен қарым-қатынастан тыйылу деп ойлап, әр күнін жоспарсыз өткізіп алады. Ал Ардақты Алла елшісі (с.ғ.с.) өзінің мүбарак хадисінде: «Кімде-кім Рамазан айына жолығып, ол айдан күнәлары кешірілмеген күйде шықса, онда ол мұрнымен жер сүзсін», — дейді. Бұл Мейірім пайғамбарының біздерге жанашырлық ескертуі.
Сондай-ақ, бұл айда Құран хатым етілетін Тарауық намаздарымен, мешіттің ауызашарларындағы діни сауалдарға жауап беруіңізбен, айдың соңындағы бір-ақ мәрте жасаған садақаңызбен үлкен істі тындырғандай масаттанбаңыз. Әлемдерге рақым етіліп жіберілген Алланың елшісі (с.ғ.с) Рамазан айы кіргенде салихалы істерде желден де жүйрік болатын. Сол сүннеттерінің барлығын шамамыз келгенше осы Айда бойымызда тірілтейік. Осы тұста, аталмыш сүннеттердің бірнешеуін тізбектеп өтсек:
Алғашқысы, түнгі байланыс. Хадисте: «Рамазан — ол оразасын Алла сендерге парыз етіп жазған ай! Сондай-ақ мен сендерге оның түнгі намазын сүннет еттім. Кім иманмен әрі сауапқа деген үмітпен, оның оразасын ұстап, түнгі намазын тұрып берсе, анасы дүниеге әкелген күндегідей күнәларынан тазарып шығады», — делінген. Демек, түнгі намаздарымыз тарауықпен шектелмеуі қажет екен.
Екіншісі, ауыздың Алланы еске алудан құрғамауы. Нұғман ибн Башир: Алла елшісінің: «Шындап келгенде, Алланы ұлықтауға арналған сендердің субханаллаһи, лә иләһа иллаллаһу, әлхамдулиллаһи секілді зікірлерің Аршының айналасын айналып, аралардың ызылындай ызылдап, өзін айтқан иесін еске түсіреді. Сендердің біреулерің ұнатпай ма, оны еске түсірушінің я оны үздіксіз еске түсіріп тұрушының болуын?!» — деп айтқанын риуаят еткен. Күндіз де, түнде де күллі қажетсіз сөздерден арылып, шын ықыласпен зікір сөздерін айту жүрегіміздің дауасы болмақ.
Үшіншісі, Раббымызға толығымен берілетін мүмкіндігіміз. Айша анамыз: «Рамазанның соңғы он күні кірген кезде Пайғамбар белсеніп етек-жеңін түріп, түнді намазбен тірілтетін һәм отбасын да оятатын», — десе, Абдулла ибн Омар: «Алла елшісі рамазанның соңғы он тәулігін иғтикафта өткізетін», — деп риуаят еткен. Құрметті мұсылман бауырым! Өміріңізде бір мәрте иғтикаф жасадыңыз ба? Егер өзіңіздің мүмкіндігіңіз болмаса, отбасыңыздың мүшелерін қызықтырып көрдіңіз бе?
Міне, біз бұл жерде Пайғамбар сүннеттерінің өте аз бөлігін тілге тиек еттік. Мұнан өзге, қасиетті Құранның мағыналық аудармасын отбасымен бірге отырып талқылау, әр күн сайын бір міскіннің үйін зиярат ету, нәпсімізді күнделікті есепке тарту, әр күн сайын бір көркем мінезге амал етіп отыру, таң мен құптан намаздарын мешітте оқуға жігерлену, отбасымызбен рухани насихаттармен бөлісу, науқасты зиярат ету, көршіге көңіл бөлу секілді ізгілік істерді жасауға барша жігерімізді салар болсақ, қасиетті айдың мақсатын орындаған болуымыз мүмкін.
Құрметті мұсылман бауырым! Осы жазбаны көріп аяқтаған бойдан қолымызға қалам алып, Рамазан айына өз жоспарымызды жасауға кірісейік. Жақсылық ісін ертеңге қалдырмайық.
Алла Тағала баршамызды қасиетті Рамазан айында тозақ отынан құтылған, тағдырлары жәннатқа шешілген, күнәлары кешірілген, рақымына бөленген, дұғаларына жауап берілген, озат салихалылардың қатарына қоссын! Әмин!
Бетті дайындаған —
Жомарт Кершеев,
“Әл-Азим” мешітінің наиб имамы,
“Нұр-Мүбарак” университетінің магистрі