ІЛЬЯСТЫҢ «АҚ ҚАЛАСЫ» АШАРШЫЛЫҚТЫҢ НАҚ БАҒАСЫ!

Марқұм Табыл ағамен жақсы қарым-қатынаста болдым. Өте зерделі кісі еді. Тарихты терең білетін…
Ағамен ертеректе болған, көп айтыла бермейтін дүниені назарларыңызға ұсынып отырмын….
…- Аға, тақырыптан сәл ауытқиын, соңғы уақытта қуғын-сүргін, аштық нәубеті мен Алаш қайраткерлері хақында зерттеу еңбектер жазып жүрсіз. Ресейдің бірнеше қалаларына арнайы барып арыстарымызға қатысты беймәлім құпия деректерді жинақтаған жайыңыз бар? Көргендеріңіз бен көңілге түйгендеріңіз мол. Алаш ақтаңдақтары жайлы не айтар едіңіз?
— Мен кәсіби тарихшы емеспін. Бір білерім Алаштың тамыры тереңде жатқандығы. Өз басым 1995 жылдан архивтерді тінтіп келемін. Еңбегім нәтижесіз емес. Үш том кітап шығардым. «Қан жоса ғасыр», «Қырғын», «Қан кешу» деп аталады ол еңбектер. Үш кітапта архив негізінде жазылған. Сонда деректерге қарап отырсам Алаштың азаматтарының бәрі де қазақты өз алдына ел етуді көксеген. Егер олар мақсатына жеткен болса 1918 жылдан 1932 жылға дейінгі ашаршылықтан қазақ халқы аяусыз қырылмас еді. Голощекин Сталинге жазған хатында қазақ жабайы халық, қолына қасық ұстап ас ішуді білмейді, сондықтан Кіші октябрь қазақ ұлтын социализмге бейімдеп жатыр деген ғой. Осыған орай қазақтың бас көтерер азаматтары Голощекиннің идеясына қарсы шықты. Бірақ Сталинге арқа сүйеген Голощекин қазақ жерін қазақтардан тазартуды тоқтатпады. Ал Мәскеуге қазақтан шыққан озық ойлы азаматтардың пікірі ұнай қоймады. Себебі олардың айқын идеялары мен шын көңілден жазылған мақалалары қазақ ұлтына жол сілтеуден танбады. Кеңес үкіметіне мұндай асқақ идеалардың ұнамауы қолдау білдірмеуінен байқалатын. Елдің жердің байлығын тұтас сақтағысы келді большевиктердің. Ақыр аяғында бас көтерер зиялылардың бәрін көрге тығып тынды ғой. Сондықтан Алаш тақырыбы әлі де кеңінен зертеуді, ізденуді, архивтерді ақтаруды, тіпті шет елдерге кеткен архивтердің өзін түгендеп, сарқылмас қазынаны толықтыруды қажет етеді. Алаш ол кең көлемдегі дүние. Әлемге тарап кеткен даңқын айтсаңшы. Мысалы Ільяс Жансүгіровтың «ақ қала» деген керемет поэмасы болғанын біреу білсе, біреу білмейді. Сол поэмада Жезқазған өңірінде мұздан қала тұрғызылғаны суреттеледі. Әрбір көшеге Сталин, Ворошилов, Калинин деп ат беріледі. Көктем шыға жер күрт еріген кезде әлгі мұз қаланың бәрі адамның қаңқасына айналып шыға келеді. Көріп тұрсың ба, ойдың астарының қайда жатқанын. Ана қаңқалар кімдер екенін ішің сезіп тұр. Айқайлап айтпай-ақ шағын мысалмен жанды жерден ұрады келіп. Қарап тұрсаң Ілястың ойы Алаш қой. Мұндай сөзді тек ұлтын шексіз сүйген ақын ғана айта алады. Ал осы Құлагер ақынның әкесі мен шешесі Мақтаралға жер аударылып, қуғын сүргін көріп, ақыр аяғында аштан өлгенін қазақ жұрты әлі толық білмейді. Бүгінгі ақпарат құралдары осындай деректерді іздеп, тауып жазып жатқанын көре алмай жүрмін. Мұның бәрі келешек ұрпақ үшін қағаз бетіне түсуі керек. Әлі біздің қолымызға тимеген құнды дүниелер үдере көшкен қазақтармен бірге шетел асты-ау деп ойлаймын кейде. Солардың бәрін түгендеу ұрпақ парызы. Бүгінгі тәуелсіздігіміздің бір саласы Алашқа байланысты екенін естен шығармауымыз керек. Өйткені Алаш ұландарының бағдарламасы қазіргі мемлекеттің құрылымында жүр.
— Атап-атап айтып беріңізші?
— Мысалы, парламенттің міндеті, ондағы тәртіппен сайланым бәрі дерлік алаштықтардың айтқан ойларымен сабақтас. Банк, сот жүйесі т.б. мәселелерді Алаш зиялылары жиырмасыншы ғасырдың басында-ақ қағазға түсіріп дайындап қойғаны баршаға мәлім. Мемлекеттің құрылымының іргетасын алғаш алаштықтар қалап кеткенін жоққа шығару тарихты жоққа шығарумен бірдей болмақ. Сондықтан олардың идеясын қаншалықты жүзеге асырып жатырмыз дегенге келсек толық күйінде жеткізіп жатырмыз дегенге ешкім сенбес. Шынын айтқанда жүзеге асыру жағы кемшін.
— Алаш арыстарын зертеу барысында Ресейдің қандай қалаларына жолыңыз түсті?
— Қазан, Орынбор, Орскі, Омбы, Кемеров, Барнаул секілді қалаларында екі-үш айдан отырып қайтқаным бар.
— Алашқа қатысты тың дерек таптыңыз ба осы сапарыңызда?
— Тың дерек демекші, Алашқа қызмет жасаған зиялы қауым жайлы жүрген жерімде тірнектеп жинап келемін. Сөйтіп жүріп Абылайдың қолбасшыларының бірі болған, Байтерек батырдан тараған ұрпақтардың бес-алтауы Санк-Петербургтен білім алғандар екенін анықтадым. Іздей келе олар жайлы біраз мәліметтерге жолықтым. Болжам бойынша, осы оқыған азаматтардың Алаш идеясын қолдаушылардың қатарында болғаны жайлы әңгіме көп. Оны кезінде газет журналдарға жариялағандықтан қайталамай-ақ қояйын. Алашқа олардың сіңірген еңбегін бағаламай кету аруақтарын сыйламау болар еді. Сол Бәйтеректен тараған тұқымның деректері, архив құжаттары өкінішке орай қолға түспей отыр. Егер тауып жатсақ тың деректер болары анық. Солар секілді әлі күнге өз бағасын ала алмай жүргендер қанша.
— Алашты зерттеушілердің айтқандарына сенсек Алаш арыстарының арасында түсінісбеушіліктердің жиі болғанын, пікір сайысында ортақ мәмілеге келе алмай айтыс-тартыстар орын алғанын естіп жатамыз? Осыған сіздің көзқарасыңызды білуге бола ма?
— Бұл жерде мынаны ескерген жөн. Үлкен мақсат жолында сан түрлі пікірлердің талқыға түсіп жатуы заңдылық. Солай болған және солай бола береді. Бір ғана мысал. Жанша Досмұхамедов екінші сьезде автономияны құрып жібереміз деп дауысқа салған ғой. Алайда, дауыс жинай алмай қалды. Неге? Оған дәл сол дәуірдің көзімен қарап, шешім айтылуға тиіс. Бірақ есте ұстайтын нәрсе, мұның бәрі жұмыс жағдайындағы кикілжіңдер. Шынтуайтына келгенде олар адамгершілік тұрғысынан бірін-бірі қорғай білді. Өйткені арман тілектері бір болатын. Тарихи деректерге көз жүгіртсек сол екінші сьезде үлкен айқай болған. Ахмет Байтұрсыновты қолдайтындар «бізде армия жоқ, сондықтан бізге автономияны құруға әлі ерте» деп аңысын аңдаған. Ал Жанша Досмұхамбетов айтқан мен Ленин мен Сталинде болдым олар келісімдерін берді автономияны құрып жіберейік деген ғой. Алайда қайсынікі дұрыс, қайсынікі бұрыс екеніне баға беру өте қиын. Қолымызға ұстап тұрған нақты дерегіміз болмағандықтан шүбәлі ой айтудан аулақ болғанымыз жөн.
— Соңғы уақытта не жазып жүрсіз?
— Қартайған адамның ойдан басқа аңдитыны болмайды екен. Менікі де дәл сондай тіршілік. Қазақтың дүниеге келмеген сәбиге ат қоймайтыны сияқты менде жазып жатқандарымды атамай-ақ қояйын. Дүниеге шырылдап келіп жатса баспасөз құралдарынан аты-жөнімен таныса жатарсыздар.
— Онда қаламыңыздан қуат, жазғандарыңыздан шуақ төгіліп тұрсын аға? Татымды әңгімеңіз үшін үлкен рахмет.
Нағашыбай Қабылбек
Бұл жазушы Табыл Құлияспен болған сұхбат. 2016-жылы «Қазақстан дәуірі» газетінде жарық көрген. Қысқартылып берілді.